Еуропамен ағылшынша қоштасу әлемдік экономикаға елеулі әсерін тигізуде

Еуропамен ағылшынша қоштасу әлемдік экономикаға елеулі әсерін тигізуде

Еуропамен ағылшынша қоштасу әлемдік экономикаға елеулі әсерін тигізуде
ашық дереккөзі
  «Елу жылда – ел жаңа» деген рас. Қырық үш жыл бұрын Еуропа одағына мүшелікке өткен кезде алақайлаған ағылшындар енді мүлде басқаша таңдау жасады. 23 маусымда өткен тарихи референдумның нәтижесі сол – алдағы екі жылда Ұлыбритания Еуропа одағынан біржола ажырап тынбақ. Британдық саясаткер Найджел Фарадж айтпақшы, бұл – «Ұлыбритания үшін тәуелсіздік алған күн». Жалпы саны 46,5 миллион британдық азамат дауыс берген референдумның ғаламдық, аймақтық және геосаяси салдарлары елеулі болмақ. Саяси әріптестіктегі, экономикалық қарым-қа­тынастағы, халықаралық қауіпсіздік саласындағы, көші-қонды реттеу, әлеу­мет­тік бағдарламаларды жүзеге асыру сияқты түрлі бағыттағы салдарлары бір бөлек. Рас, британдықтар өз жерінде отырып, өз мемлекетінің болашақ бағдарына қатысты шешім қабылдады. Бірақ бұл шешімнің салқыны тұтас Еуропаның тағдырына әсер етеді десек, артық айтқандық емес. Брексит Еуропа одағы үшін ауыр сын болғалы тұр. Біріншіден, Ұлыбритания – Еуропа одағының 28 мүшесінің ішіндегі ықпалды әріптес әрі экономикалық қуаты бойынша екінші орында тұрған іргелі ел еді. Бұған Лондонның халықаралық саясаттағы және ғаламдық қаржылық саладағы салмағын қосыңыз. Брюссель кәрі құрлықтағы іштен бас көтере бастаған қарсылықтар мен сырттан ағылған мигранттар тасқынымен күресуде енді Ұлыбританияның қолдауына жүгіне алмайды. Оңаша аралда отырған мемлекет «қазан-ошағы бөлектігін» танытып, кәрі құрлықтан теріс айналды. Әлбетте, экономикалық тұрғыдағы әріптестік, қауіпсіздік пен қорғаныс саласындағы сабақтастық жалғаса береді, бірақ саяси бірлікке ұмтылу, ортақ мүддеге ұмтылу қағидалары көзден бұл-бұл ұшты. Екіншіден, Брексит – ыдыраудың басы ғана болуы ғажап емес. Осыдан екі жыл бұрын Грекия Еуропа одағынан шығуға талпынғанда, еуроинтеграцияның жақтастары мұндай идеяның өзіне үрке қарағаны рас. Еуропалық құндылықтар, еуропалық мүдде мен еуропалық дүниетанымның керегесі сөгілетіндей көрінген. Сол кезде Германия канцлері Ангела Меркель бастаған еуропалық көшбасшылар Афинымен қайта-қайта келіссөздер жүргізіп, қаржылай көмек көрсетіп, Грекияны қатардан шығармады. Тізеден басқандай етіп, тырп еткізбеді. «Грексит» аталған бұл дауыл көтерілмей жатып басылғаны сол еді, Ұлыбританияның премьер-министрі Дэвид Кэмерон «Брекситтің» жалауын желбіретіп, Брюссельмен саудаласуға көшті. Рас, үш жыл бұрын Еуропалық одақтан шығу ықтималдығын айта бастағанда, Дэвид Кэмерон қарапайым британдықтар Брекситті қолдамайды деп сенді. Ол үшін Брексит Брюссельмен арадағы келіспеушіліктерді шешуге қажетті «құрал» еді. Саяси даудағы «көзір» ғана болатын. Бірақ үш жылдан бері аралдағы көңіл ауаны басқа арнаға бұрылып, түрлі пікірлер мен соңғы жылдардағы оқиғалардың ықпалынан күрт өзгерді. Былтырдан бері Еуропада ушыққан мигранттар дағдарысы мен Ұлыбританияның өзі ішіндегі жұмыссыздық артып, ал табыс көлемі азая бастағаны шешуші факторлардың бірі болар. Оңаша аралдың тұрғындары ойлана бастады: кәрі құрлық Солтүстік Африка мен Таяу Шығыстан ағылған миллиондаған мигранттарды не сыйдыра, не тойдыра алмай, тынышы кетті. Бұған Париж бен Брюссельде болған жарылыстарды қосыңыз. Кәрі құрлық үшін бұрынғы бақуаттылығы мен қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заманнан көз жазып қалу қаупі туды. Ал британдықтардың арасында бұған дейін Шығыс Еуропадан тоқтаусыз келіп жатқан еңбек мигранттарына наразылығы өрши түскен. Себебі еңбек мигранттары Еуропа одағына мүше мемлекеттердің азаматтары ретінде Ұлыбританияға еркін кіріп-шығып, жұмысқа орналасып, әлеуметтік баспана алып, тіпті үкіметтен жәрдемақы сұрауға құқылы және олар өз құқықтарын тиімді пайдалана білді. Кәрі құрлықтан аралға қарай ағылған мигранттар кесірінен денсаулық сақтау мекемелерінде кезек саны артты, бала бақша мен мектептерде бала саны көбейіп, орын жетіспеуге айналды. Осының бәрі көңілде кірбің болып жиналып, британдықтардың кейбірі келімсектердің алдынан қақпаны тарс жапқан дұрыс деген ойға ойыса бастаған. Кэмеронның референдум шақырып жүрген себебі – ел ішінде осындай пікірдің белең ала бастауы еді.

Демократия деген осы

Ең бастысы Кэмерон Брюссельді өз шарттарына көндіріп, ел тұрғындарын Еуропа одағында қалуға дауыс беруге ұйыстыра алатынына сенімді еді. 2017 жылы өтуі тиіс референдумды биыл ұйымдастырғаны да содан болар. Бұдан әрі созса, еуропалық одаққа деген наразылық күшейіп, қоғамдық пікір мүлде өзгеріп кетер деп сескенген болуы керек. Бірақ онсыз да кеш қалыпты: британдықтардың 51,9 пайызы Брекситті қолдап дауыс берген, ал 48,1 пайызы Еуропа одағында қалуды таңдаған. Бір жағынан, бұл – таза демократияның жеңісі. Төрт пайыз тұтас ұлттың, ұлттың ғана емес, тұтас континенттегі ұлттардың тағдырын шешуге ықпал етті. Авторитарлық елдердегідей әкімшілік ресурсты қолданса, төрт пайызды теңізге тамған тамшыдай етіп, із-түссіз жоғалтып жберуге болар еді. Бірақ Ұлыбританиядағы ашық қоғамның жөні де, салты да басқа. Көзбен көріп, өзіміз куә болған жайттарды баяндасақ, референдум таңғы 8-00-де басталып, 22-00-де аяқталды. Дауыс беру учаскелері аяқталысымен, бюллетеньдер салынған жәшіктер ел аумағындағы 382 орталыққа жеткізілді. Мөрленіп жабылған жәшіктерді қолдан-қолға өткізіп, тасу жұмысына қатысқан волонтерлардың дені – жастар. Дауыс беру жәшіктері аймақтық орталыққа жиналған соң, сол жердегі ұзыннан-ұзын қойылған үстел басында топ-топқа бөлінген комиссия мүшелері әуелі бюллетеньдерді санап, түгендеп шықты. Одан соң ғана «Иә» немесе «Жоқ» деген таңдау белгіленген бюллетеньдерді айырып, дауыс санау жұмысы басталды. Бұл жұмыстардың бәрі түнгі сағат оннан бастап, таңға дейін BBC және Skу News телеарналары арқылы тікелей эфирде көрсетілді. Бірде-бір адамда артық қимыл жоқ, барлық жұмыс алдын ала жоспарланып, бекітілген кестеге сай, заң аясында орындалды. Шындығын айтқанда, дауыстарды санап біткенше, Ұлыбританияда бірде-бір адам референдумның нәтижесі қандай боларын білген жоқ. Әдетте, сайлаулар кезінде бұқаралық ақпарат құралдары экзит-пул ұйымдастырып, дауыс берудің нәтижесі туралы өз бетінше долбар айтып жататын. Бұл жолы экзит-пулға рұқсат берілмеді, себебі ұлттың тағдыры шешіліп жатқан тұста, саяси ойын не болжам жасап, елдің наразын басқаға аударудың қажеті жоқ деп шешкен. Сонымен, таңғы сағат төртте BBC мен Sky News телеарналары референдумның алғашқы қорытындысын жариялаған кезде, Ұлыбритания екіұдай күйге түсті. Әйелі ұл тапқандай есі шыға қуанғандар да бар, сан соғып, өкінішке бой алдырғандар да бар. 24 маусымда таңғы сағат 8-15-те Дэвид Кэмерон референдумның ресми қорытындысын жариялап, Ұлыбританияның Еуропа одағынан шығуға шешім қабылдағанын айтты. Тарихи таңдау жасалды. Енді қайтуға жол жоқ.

Кэмеронның өзі кетсе де, тарихта аты қалды

Дэвид Кэмерон референдум қоры­тын­дысы белгілі бола салысымен-ақ қызметтен кететінін мәлімдеді. Шындығында, дауыс беру аяқталған соң Британ Парламентінің сек­сеннен аса мүшесі Кэмеронның премьерлік қызметте қалуын сұрап, ашық хат жариялаған болатын. Бұл депутаттар Брекситті қолдаған топтан еді, соған қарамастан, референдумды өткізудегі премьер-министрдің еңбегіне ризашылық білдіріп, «дауыс берудің нәтижесі қандай болса да, Кэмерон одан әрі қызметін жалғастыра беруі керек» деген еді. Бірақ Кэмерон қала алмады. Оның ішкі толқынысын түсіну қиын емес: Брексит оның саяси ұстанымына қайшы, ал премьер-министр қызметінде қалса, ол өз пікіріне қарсы шыққан болып сана­лады; Еуропа одағымен іргені ажыратуға қа­тысты келіссөзер жүргізуге мәжбүр болатын еді. Сондықтан ол алдағы қазан айында Консерваторлар партиясының конференциясында жаңа көшбасшы таңдау керек деп жариялады, оған дейін Брексит туралы келіссөздер кейінге шегеріле тұрмақ. Екінші жағынан, Кэмерон халықтың таңдау жасауына мүмкіндік берді әрі елдің мүддесін жүзеге асырды. Халықтың шешімі жүзеге асуы үшін ол өз қызметінен бас тартуға дайын. Ал саясаткер ретінде ол: «Мен Ұлыбри­та­ния Еуропа одағының құрамында болғанда ғана әлдеқайда күшті әрі болашағы жарқын деп санаймын» деп өз пікірінен тайған жоқ. «Мен сіздің пікіріңізбен келіспеймін, бірақ сіз өз пікіріңізді айтуыңыз үшін басымды бәйгеге тігуге дайынмын» дейтін шынайы демократтық ұстаным. Кэмерон – Ұлыбританияны Еуроодақтан шығу процесін бастап берген премьер-министр ретінде тарихта қалды. Бұған қоса, ХХ ғасырда халықтың еркін жүзеге асырған шын демократ саясаткер. Қазірдің өзінде Кэмерон айтулы саясаткерлердің қатарында атала бастады. Ұлыбританияның аңызға айналған мемлекет басшыларының ішінде Дэвид Кэмерон өзіне ойып тұрып орын алды деп қорытуға болар.

Бұдан соң не болар?

Брексит – қар тасқыны сияқты өзінен соң тағы референдумдар, келіссөздер, пікірталастар мен толқулар туындатуы мүмкін. Осы аптада Шотландияның бірінші министрі Никола Стерджен референдум қорытындысымен келіспейтінін ашық айтты. Шотландия тұрғындарының 62 пайызы Еуроодақта қалуды таңдаған. Шындығында, ел аумағы бойынша Брекситке қарсылар саны 48 пайыз, яғни, дауыс берушілердің тең жарымына жуық. Референдумның қорытындысына наразылардың көптігі соншалық, олар Лондондағы Вестминстер алдында наразылық шеруін ұйымдастырды. Бірақ Кэмерон айтпақшы, кері қайтуға жол жоқ – Еуроодақтың есігі жабылды. Мұндай жағдайда, Шотландия Еуро­одақ­та қалу үшін өз тәуелсіздігін жария­лау мәселесін қайта көтереді. Осыдан екі жыл бұрын өткен референдумда шот­ландықтардың 44,7 пайызы ғана қолдаған бастама аяқсыз қалған еді. Ал енді Еуроодақтан мәжбүрлі түрде айрылу қаупі алдында шотландықтар ыза-реншітің күшімен тәуелсіздік алу мәселесін ел болып қолдап кетуі әбден ықтимал. Бұл Біріккен Корольдіктің бірлігіне сына қағылады деген сөз. Британдықтарға өкпелеген еуропа­лық­тар енді Лондонда орналасқан Еуропа қайта құру және даму банкінің кеңсесін кәрі құрлыққа көшіріп әкетуі мүмкін. Еуропаның жоғары лауызым иелері «Ұлыбритания Еуроодақтан шығу туралы келіссөздерге дереу кірісуі тиіс» – деп, ашық мәлімдеме жасап жатыр. Бірақ Британ үкіметі референдум қорытындысын Парламентте мақұлдап, Брюссельге Одақ құрамынан шығу туралы ресми хат жазбайынша, Брексит механизмі іске қосылмайды. Ұлыбританияның өз ішінде Брексит­ті­ тоқтатуға талпыныстар қолға алын­ды. Мысалы, https://petition.parliament.uk/petitions/131215/ сайтында Британ Парламентке ашық хат жазып, референдумды қайтадан өткізуді талап етіп жатыр. Бұл петицияға қазірдің өзінде 4 миллионнан аса адам қол қойған. Қолдаушылар саны сағат сайын, минут сайын көбеюде. Заңға сәйкес, он мың адам қол қойған ашық хаттағы мәселеге үкімет жауап беріп, ал жүз мың адам қолдаған мәселе Британ парламентінде талқылануы тиіс. Ендеше, бұл мәселе депутаттар мен саясаткерлердің назарынан тыс қалмас. Бұған қоса, Британ Парламентіндегі 129 орынның 63-іне ие шотландықтар Брекситке қатысты келіссөздерге вето қоюға құқылы. Тәуелсіздікке қатысты референдум өткізбес бұрын, Никола Стерджен үкіметі осы құқықты пайдалануы бек мүмкін. Аралдағы елдің жағдайы осы бол­ған­­да, кәрі құрлықтың күйі де мәз емес. Афины Одақ құрамынан шығу ту­ралы әңгімесін қайта қозғай бастады. Франция, Нидерланды елдеріндегі оңшыл көз­қарастағы қозғалыстар Брюссельдің бюро­кра­тиясынан құтылудың жолын іздеуге кетәрі емес. Бірақ мұның бәрі Брекситтің жа­қын болашақтағы әрі көзге көрінетін сал­дар­лары болмақ. Көзге көрінбес әрі елдің келешегі үшін маңызды салдары – Ұлыбритания демократияға адалдығын та­нытты, халықтың еркі жүзеге асты. Мұны аз десеңіз, британдықтар ешкімге жал­тақ­та­майтын, ұлттық мүддесін сатпайтын ел екенін тағы бір рет дәлелдеді.  

Ұлыбритания