Қайталама тұрғын үй нарығында қалыпты жағдай

 

Баспана бағасы 2017 жылға дейін арзандауы мүмкін

Елімізде баға саясатының өзгеріске ұшырауына қарамастан, жылжымайтын тұрғын үй құнының арзандауы жыл соңына дейін жалғаса бермек. Мұндай болжамды Homsters.kz компаниясының сарапшылары ұсынып отыр.

Жылжымайтын мүлік сатуға арналған онлайн-алаңқай сарапшыларының пікіріне сүйенсек, жыл басынан бері төмендеп келе жатқан тұрғын үй бағасы екінші жартыжылдықта да арзандай түседі. Нәтижесінде жаңа үйлер нарығындағы мүлік құнының арзандауы қайталама тұрғын үй нарығына қарағанда баяуырақ жүретін болады. Мұндай жағдай девелоперлер шығынының ауқымды және жаңа пәтер сатып алушылар жағдайының салыстырмалы түрде жоғары болуымен байланысты. Жаңадан үй салып, саудаға шығаратындар үшін түрлі акциялар мен жеңілдіктердің, сонымен қатар жалпы халыққа қолжетімді ипотекалық несиелендіру жүйесіне балама ұсыныс ретінде клиенттерге арналған бөліп төлеу бағдарламаларының арқасында сұраныс деңгейін арттыру қарастырылып отыр.

Алайда алдағы алты ай ішінде жаңа үйлер нарығында да, қайталама тұрғын үй бағытында да жылжымайтын мүлік бағасы күрт төмендеп кетеді деп үміттенудің қажеті жоқ. Бұл жөнінде «Homsters.kz» қазақстандық өкілдігінің басшысы Олеся Мельникова: «Жыл соңына дейін тұрғын үй бағасы тұрақты түрде арзандап отырады деп санаймыз. Тек жаз кезіндегі белсенділіктің төмендеуінен кейін күзде қайта «тірілетін» нарықта қыркүйек-қараша аралығында қалыптан тыс өзгерістер орын алуы мүмкін. Бұл аталған сегментте бағаның арзандауына себеп болып отырған макроэкономикалық тенденцияларға қарсы тұра алатын факторлардың жоқтығымен байланысты. Қайталама тұрғын үй нарығындағы бағаларға бұрынғыша доллар бойынша алғандағы халық табысының азаюы, ипотекалық несиелендіруге қол жеткізу мүмкіндігінің шектелуі, тұрғын үй бағасының арзандау динамикасының төмендеп отыруы секілді девальвациядан кейін қалыптасқан факторлар ықпал ететін болады», деп атап өтті. Сарапшының сөзіне қарағанда, қайталама тұрғын үй нарығындағы сатушылардың бір бөлігі доллармен көрсетілгендегі үй бағасын арзандатпау үшін қолдарындағы бар объектілерін сатпай, уысында ұстап отыр.

2016 жылдың қаңтар айынан бері ҚР-дағы тұрғын үй бағасы тұрақты түрде арзандады. Тек ақпан айында, сатылатын объектілер құнын шетелдік валютада көрсетуге қатысты тыйым шыққанда ғана теңгемен белгіленген үй бағасы айтарлықтай қымбаттады. Көктемнің келуімен бағалар қайта түсе бастады. Наурыз айында оңтүстік астананың қайталама нарығындағы бір шаршы метрдің құны шамамен 16 пайызға, сәуір айында 4 пайызға, ал мамырда 2 пайызға арзандады. Маусым айының қорытындысы бойынша, Homsters.kz сарапшылары аталған көрсеткіш тағы 1-2 пайызға төмендейді деп болжап отыр.

Компания сарапшылары бір шаршы метр құнының төмендеуіне ықпал етіп отырған үш негізгі факторды атады. Біріншісі – халық табысының азаюына байланысты тұрғын үй сатып алуға деген сұраныстың кемуі. Екіншісі – саудаға шығарылған объектілер санының артуы. Homsters.kz сарапшыларының есебі бойынша, жыл басынан бері қайталама тұрғын үй нарығындағы жылжымайтын мүлік бойынша ұсыныстар саны 49 пайызға артқан. Жаңа үйлер нарығындағы ұсыныс көлемі де өскен: 2016 жылдың қаңтар және сәуір айлары аралығында девелоперлер 2015 жылдың балама кезеңімен салыстырғанда 23 пайызға артық тұрғын үйді саудаға шығарыпты. Үшінші фактор – жаз кезіндегі жылжымайтын мүлік нарығындағы белсенділіктің төмендеуі. Бұл да тұрғын бағасының арзандауына себеп бола алады.

«Макроэкономикалық жағдай өзгермесе, осы жылдың соңына қарай Қазақстандағы үй бағасы тұрақталады деп күтеміз. Нарық тепе-теңдікке ұмтылады. Біз қайталама тұрғын үй нарығындағы жүзеге асқан мәмілелер бағасы мен әу баста сатушылар қойған құн арасындағы айырмашылықтың азайып келе жатқанын байқап отырмыз. Қаңтар айында бұл айырмашылық 40 пайызды көрсетсе, қазір 20-25 пайыз деңгейінде сақталуда. Сатушылардың объектілер құнының бастапқы бағасын бәрібір 5-10 пайыз көтеріп көрсететінін ескерсек, көрсеткіштің бұлай азаюы нарықтың тұрақтылыққа бет алғанын көрсетеді», – дейді «Homsters» компаниясының негізін қалаушылардың бірі және ұйымның жаһандық бизнес-дамуы жөніндегі директоры Мария Рен ханым.

 

Динара

Мыңжасарқызы

Back to top button