4 Шілде 2016, 12:53 6504 0 Әлеумет Túrkistan Gazeti

Желілік маркетинг жеңіл жолмен ақша табу емес - мақалаға жауап

Мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков мырзаның желілік маркетинг туралы мәлімдемесінен соң журналистер осы тақырыпта бірнеше мақала жазып үлгерді. Әрине, олар бұл жүйенің мәнін ұға қоймағандығы себепті ұнамсыз пікірлер айтылып жүр.

Осы саламен айналысқаныма тоғыз жылдан асып барады екен. Осы уақытта біршама тәжірибе жинақтадым, бұл туралы түсінігім де кеңейді. Сондықтан депутат мырзаның «Елімізде желілік маркетинг жұмысын тоқтату қажет» деген пікіріне таң-тамаша қалдым. Себебі бұл сөздің мағынасы «Елімізде базар, дүкен сияқты сауда орындарының жұмысын тоқтату қажет» дегенмен бірдей. Өйткені желілік маркетингтің де, базардың да мақсаты қандай да бір затты сату ғой. Бірақ, екеуінің сату тәсілі ғана екі түрлі.

Адал табыстан теріс айналмайық

«Түркістан» газетінің 2016 жылғы 9 маусымдағы №23 санында Әсел Әнуарбектің «Депутаттар жақтырмайтын желілік маркетинг» атты мақаласы жарияланды.

Бұдан оншақты жыл бұрын, желілік маркетинг туралы түсінігім аз кезде мен де Әсел сіңілім секілді ойлайтын едім. «Әлдебір шетелдік компанияның тауарын насихаттап, сатуды ұйымдастыру арқылы қаншама ақша шетел асып жатыр» – деп отаншылдығым қозып, желілік маркетинг десе жиреніп тұратынмын.

Сөйтіп жүргенде қатты науқастандым. Ауруханада төрт омыртқама ота жасалды. Үйге 3-топтағы мүгедек болып оралдым. Төсегіме өздігімнен жата алмайтын, өздігімнен тұра алмайтын ауыр хал кештім. «Үш баланың анасы атанғанда отыз сегіз жасымда көрмек болған қызығым осы ма?», –деп тағдырыма налып, жанарымды жас шылаған шақтарым көп болды. Дертіме дауа табам ба деген үмітпен ай сайын емі қымбат болса да, атақты дәрігерлерге қаралып тұрдым. Дәрі-дәрмектің ең қымбатын алуға мәжбүр болдым. Реті келгенде айта кетейін, ол дәрілердің барлығы дерлік шетелдікі, ең берісі Ресейдікі еді. Осылай бір жыл өтті. Еш нәтиже болмады.

Бір күні мектепте қызметтес болған бір әріптесім (бұрын мен мектепте биология пәнінен оқытушы болғанмын) келіп: «Сіз туралы естідім, беліңізге шипа болар бір өнім бар, соны пайдаланып көрсеңізші, мүмкін пайдасы тиіп қалар», – деді.

Оның ұсынғаны мәңгі жаз болып тұратын ыстық өңірде өсетін, аты жер жаһанға мәлім емдік қасиеті мол бір шөптің сөлі екен. Ол туралы түсінік жазбаларын да қоса әкелді. Оқыдым. Құрамында пәлен дәрумен, пәлен минерал, пәлен амин қышқылы бар көрінеді. Оның үстіне бұзылған буын жұмысын барынша қалпына келтіретін нәрлі компоненттер үстеп қосылыпты. Биолог болғандықтан бұл өнімнің маған өте қажет екенін түсіндім. Сөйте тұра күдіктеніп, емдеуші дәрігеріммен (ол кезде мүгедек ретінде медициналық есепте тұратынмын) кеңесіп барып қабылдай бастадым.

Ескертпе бойынша, бір лек емі тоқсан күн екен. Аш қарынға күніне үш рет ішу керек. Тоқсан күнде төсектен өздігімнен тұрып, өздігімнен жата алатын жағдайға жеттім. Осыған дейін орындыққа мүлдем отыра алмайтын болсам, енді екі тізем мен белім икемге келейін деді. Ота жасалған соң тұла бойым ісініп, салмағым тоқсан келіге дейін жеткен еді. Ісік те қайта бастады. Сауығып кетуге деген үміт пайда болды.

Келесі жылы салмағым бұрынғыдай алпыс келіге түсті. Медициналық әлеуметтік сараптама комиссиясы мені мүгедектіктен мүлде алып тастады. Оқытушылық қызметіме қайта кірістім. Науқасымнан қалай жазылғаным туралы маңайымдағы адамдарға әңгімелеп, әлгі гелдің кереметін еріксіз айтып жүрдім. Небір профессор дәрігер ауруымнан айықтыра алмағанда, небір күшті, қымбат дәрілер шойырылып жатқан орнымнан тұрғыза алмағанда жаныма шипа болған өнім туралы қалай айтпай қаламын? Сөйтіп, олар да сатып алмақшы болды. Алайда ол өнім дүкендегідей қолма қол сатылмайды. Компаниямен келісім шартқа отыру қажет. Ол келісім шартта сіз туралы мәліметтер мен сізге түсінік берген адамның (ол да осы компанияның тұтынушысы болмағы шарт) аты-жөні, жеке нөмірі көрсетіледі. Сөйтіп, белгілі бір сомаға зат сатып алған адамды компьютерге тіркеп, жеке нөмір береді. Сол нөмір бойынша компания қоймасынан тікелей өнім сатып алмақ болған адамға жеңілдетілген баға ұсынылады. Салығы төленген сол табысыңызды заңды жолмен бухгалтерия арқылы банк карточкасына салады. Мен де бір күні компаниядан әжептәуір ақша алдым. «Алтын шыққан жерді белден қаз» демеуші ме еді, енді ақша табу мақсатында әлгі гель туралы маңайымдағы адамдарға тынбай айтатын болдым. Биолог ретінде тереңірек зерттей бастадым. Сөйтсем, ғалымдар оны «ғажайып өсімдік» деп атайды екен. Құрамында адам ағзасына аса қажетті үш жүзден астам нәрлі заттек бар көрінеді. Ал енді осындай өнімді насихаттасам, бұл ісім адамға жақсылық жасағандық бола ма, әлде алдап-арбағандық бола ма? Ол жағын әркім өзінің талғам таразысына сала жатар. Ал мен алғашқыда қосымша қаржы табуды ғана ойлайтынмын. Бара-бара бұл табысым мектеп төлейтін жалақыдан әлденеше есеге асып түсті.

Кейін білдім, компания қоймасында өзім пайдаланған өсімдік гелінен басқа екі жүзге тарта өнім бар екен. Олар туралы да бірте-бірте мағлұмат алдым. Олардың бір бөлігі денсаулыққа арналған болса, енді бір тобы тері, шаш, үй күтіміне арналған. Жеке гигиена мен косметика топтамалары бар. Осыған ұқсас, бірақ сапасы күмәнді, химия араласқан заттардың бірқатарын үнемі дүкендерден де алып жүрміз ғой. Енді мен ол заттарды дүкендерден емес, компания қоймасынан тікелей алатын болдым. Әрине, бұл заттар жүз пайыз табиғи таза өнім болғандықтан, дүкенге қарағанда бағасы да қымбатырақ. Егер шойырылып жатқан кезімде дәрілік өсімдіктің сөлін әкелген әріптесіме сенбеген болсам, бүгінім не болар еді? Немесе, ол өнімді сатып алуға жұмсалар ақша шетелге кетеді екен деп аяп қалсам ше? Егер ақшаның шетел асуы туралы айтатын болсақ, оған дейін неше түрлі шетелдік дәрілерді келілеп сатып алып жүрдім ғой. Оған жұмсалған ақша шетелге кетпегенде, қайда кетті?

Бір ескерте кетерлік нәрсе, компанияның денсаулыққа арналған өнімдерін медициналық дәрі-дәрмектің бәсекелесі деп ұқпағанымыз жөн. Денсаулық сақтау саласында медицинаның өз мәртебесі бар, оны ешкім де жоққа шығара алмайды. Ал сөз етіп отырған өнімдер болса, күнделікті тағамнан ала алмаған дәрумендер мен минералдардың орнын толықтырып тұратын азықтық үстемелер. Егер дәрумендер мен минералдар ағзада тапшы болса, адам ауыра бастайды. Иммунитеті нашарлап, ауруға қарсы тұрар қабілеті кеміп кетеді. Адам өмірі үшін аса қажетті дәрумендер мен минералдарды ауырған соң емес, науқасқа шалдықпай тұрып, сырқаттың алдын алу мақсатында үнемі қабылдаған жөн. Бірақ, біз бұған мән бере бермейміз.

Міне, мен Әсел сіңілімнің жазғанындай, «желілік маркетинг деп желіккендер» қатарына осылай тап болдым. Бағыма қарай жұмысын әділ жүргізетін, өнімдері де айтуға тұратындай компанияға кезігіппін. Денсаулығымды түзедім, табысты болдым, сол табысыма сай салық төлеп, жинақтаушы зейнетақы қорына ақша аударып тұрдым, компанияның ынталандыру шараларының бірі – шетелдерді тегін араладым. Ең бастысы, жұмыс жоқ деп біреуге жәутеңдемей, өзімше тіршілік жасауды үйрендім.

Желілік маркетинг кейбіреулердің түсінгеніндей, жеңіл жолмен ақша табу емес. Бұл адамдармен қарым-қатынас жасай отырып іске асатын бизнес. Сол себепті де бұл салада әркім өзінің қабілеті мен табандылығына қарай түрлі деңгейде табыс тауып жатады. Жалпы желілік маркетинг компанияларының жұмыс істеу ұстанымы бірдей болғанымен, шарттары (маркетинг жоспары) әртүрлі. Тауарлары да әрқилы. Біз әрқайсымыз сауатты тұтынушы ретінде мұның барлығын өзіміз саралай білуіміз қажет.

«...Адал сауданың атын жамылып, сатушысын да, тұтынушысын да тақырға отырғызып кететін компаниялар да жоқ емес», – дейді Әсел сіңілім. Өзі жұмыс істеп жатқан мемлекеттің тіркеуінен өткен, кеңсесі, қоймасы бар компаниялардың сан соқтырып кететіні болмайды. Мәселе компаниялардың ел аумағында жұмыс істеуге мемлекеттік құзырлы орындардан рұқсат алмауында жатыр. Контрабандалық жолмен сауда жасайтын жүгенсіз компаниялардың ресми кеңсесі де, белгілі бір жерде қоймасы да болмайды. Олардың кеңсесі мен қоймасы өзге мемлекетте орналасқаны себепті әлгіндей компаниямен әріптес болған қазақстандықтардың тақырға отырып қалуы әбден мүмкін. Сонымен қатар, мемлекеттік есепте жоқ компаниялардың саудасынан қазынаға бір тиын да салық түспейді. Ал, ресми рұқсаты, кеңсесі, ең бастысы қоймасы бар компания өз табысын салық орындары алдында еш жасыра алмайды. Өйткені сатылған әрбір тауар құжатталады, әрбіріне чек берілді. Тауардың құжатталуын сатып алушының өзі қатаң қадағалайды. Себебі тауар айналымының деңгейіне қарай компания тарапынан тағы да қосымша жеңілдіктер, сыйлықтар тарту қарастырылған. Дәстүрлі бизнесте табысының көп бөлігін салық есептерінде көрсетпей, жасырып қалу, сөйтіп салықты барынша аз төлеу орын алатынын көбіміз білеміз, ал тіркеуден өткен желілік маркетиг компанияларында бұл жағынан күмәнге орын жоқ.

Мемлекеттік тіркеуде тұрған компаниялардың бір тәуір жері, әркім өзіне қажетті затын ғана жекелеп сатып ала алады. Оның үстіне, біздің елдің заңы бойынша, сатып алған затты белгілі бір уақыт ішінде кері қайтаруға тұтынушының құқы бар.

Шындығында, желілік маркетинг мәдениеті бізде әлі қалыптаса қойған жоқ. Оны Әсел сіңілім де дұрыс аңғарыпты. Дегенмен, «Егер желілік маркетингті дамытуға тым құмар болсақ, неге біз өз өнімдерімізді желілік маркетингке шығармаймыз?», – деп албырттыққа ұрынады. Ниеті дұрыс-ақ, шынында да осындай қазақстандық компаниялар жұмыс істеп тұрса, экономикамызға дем берер тамаша тетік болар еді. Ол үшін ең әуелі тың идея, мықты технология, ол технологияны жасайтын күшті ғылым, табанды жандар және бұның бәрінің басын қосып, істі жүргізетін қомақты қаржы керек.

Дегенмен, алғашқы қарлығаштар да жоқ емес. Болашақта осы технологияға сүйенген қазақстандық компаниялардың көбірек пайда болатынына, олардың да әлемдік нарықтан өз орнын алатынына сенемін.

 

Алтын КАНИЕВА,

«Форевер ливинг продактс Казахстан»

 компаниясының сапфир менеджері

Соңғы жаңалықтар