Дәрігер тапшы, дәрі қат
Дәрігер тапшы, дәрі қат
Коронавирус әл бермей барады. Қатерлі вирустың кесірінен өрши түскен пневмония дерті де талайды қыспаққа алды. Қабынған өкпесіне дауа таба алмай, келместің кемесіне мініп кеткендер күрт көбейді. Ауруханаларда орын, дәріханаларда дәрі қат. Ұшақтар, қалааралық таксилер осы күні жолаушы емес, дәрі тасымалдап жүр. Жақынының жанына араша болу үшін дәрі-дәрмек іздеп сенделгендер шарықтаған бағаға шамырқанар күйде емес. Тапқанына қуанады. Таппағандар дәріханаларды қойып, қоймаларды жағалап жүр. Ел ішінде эпидемиологиялық ахуалдың ушыққанына сырттағылар да қанығып үлгерді. The New York Times соңғы екі аптада Қазақстан коронавирус инфекциясының таралуы бойынша әлемде көш бастап тұрғанын хабарлады.
Ресми һәм бейресми статистика
Еліміздің індет жұқтырғандар санының өсімі жөнінен әлемде алдыңғы орынға шығу себебін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой түсіндірді. Министрдің айтуынша, статистиканың күрт көбеюіне науқастарды тіркеу әдісінің өзгеруі себеп. «Иә, мұндай мониторингті түрлі ұйымдар жүргізеді. Өзім де таныстарымнан Қазақстан қызыл таңбамен белгіленіп, «елімізде өсім жоғары» делінген шамамен 100 сурет алдым. Мұқият оқысаңыздар, ең алдымен ағылшын тілінде жарияланған бұл ақпаратта соңғы 2 аптадағы өсім жайында айтылған. Өздеріңіз білесіздер, біз қазіргі уақытта симптомы бар және симптомсыз науқастарды қосып, бәрін бірге санайтын болдық. Өйткені симптомсыз екеніне қарамастан, ол пациент вирус таратушы саналады және олар айрықша назар аударуды қажет етеді. Сондықтан аталған әдісті өзгертудің нәтижесінде вирус жұқтырған пациенттердің саны статистикаға салғанда цифрлық тұрғыда өзгеріске ұшырады», – деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында. Алексей Цойдың сөзінше, қазіргі уақытта елімізде күн сайын орта есеппен 1,5 мыңнан астам адамнан коронавирус анықталып, тұрақты статистика сақталып тұр. Яғни, министр соңғы екі аптаның ішінде елімізде індет жұқтырғандар санының күрт артып кеткенін жоққа шығарып отыр. Алайда дәрігерлер қатерлі індетке шалдыққандар саны ресми статистикадан 4-5 есе көп деген пікірде. Медицина ғылымдарының кандидаты, невролог-дәрігер Қайырғали Көнеев ауруханаға бармай, өз бетінше емделіп жатқандардың тым көп екенін алға тартады. «Ауырғандар саны өте көп. Көбі сынама жасатпай-ақ, үйде бір немесе екі апта жатып, өз бетінше емделді. Олар ресми статистикаға кірмеген. Сондықтан мен симптомды, симптомсыз ауырған адамдардың санын 150-170 мыңға жетті деп санаймын. Коронавирус емін-еркін тарап кетті», – дейді дәрігер. Қайырғали Көнеевтің айтуынша, соңғы уақытта пневмонияға шалдыққандардың тест нәтижесінен коронавирус анықтала бермейді. Министрлік ресми статистикаға ПТР-тестілеу растаған жағдайларды ғана енгізетіні белгілі. Алайда дәрігер дәл қазіргі уақытта COVID-19-дан басқа өкпенің қабынуына апарып соғатын инфекция жоқ деген пікірде. Мұны еліміздің бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова да мойындады. «ПТР-тестілеу кезінде пневмониямен ауырған адамдардың нәтижесі соңғы уақытта коронавирус жоқ деп көрсетіп жүр. Бұл заңды, себебі коронавирус инфекциясы адамның жоғарғы тыныс алу жолдарынан төменгі тыныс алу жолына өтіп кеткен кезде тест вирусты таба алмайды», – дейді А.Есмағамбетова. Қазақстанда өткен жылдың алғашқы жартыжылдығында пневмониядан 1 780 адам, ал 2020 жылдың алты айында 1 772 адам қаза тапқан. Бір қарағанда, коронавирус пандемиясы тіркелмеген уақыт пен пандемия басталған уақытта көз жұмған адамдардың статистикасында айтарлықтай айырмашылық жоқ. Алайда дәрігерлердің алаңдаушылығын тудырып отырған жайт – биылғы 1 772 өлімнің 628-і маусым айында тіркелген. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 2020 жылы пневмониямен ауырғандар саны өткен жылмен салыстырғанда 55 пайызға артып, 98 646-ға жетті. Өткен айда өкпе дертіне шалдығудың 32 724 жағдайы тіркелген. Өткен жылдың дәл осы уақытында бұл көрсеткіш 7 964 адамды құраған. Пневмониямен ауырғандар күрт артқандықтан, министрлік өткен аптада өз хаттамасына «коронавирус болуы мүмкін» деген түсінік енгізді. Бұдан былай пневмонияға шалдыққандарға COVID-19-ға қарсы ем жүргізіледі.Дәрі-дәрмек тапшылығын тудырған кім?
Ел ауруханаларында орын қат болғандықтан, инфекциялық төсек-орындарға тек сырқаты ауырлар ғана жатқызылатындықтан, коронавирус белгісі бар науқастар осы күні тест тапсыруға да, емхана жағалауға да құлықсыз. Бірі таныс дәрігерінің, енді бірі індеттен айыққан туған-туысының ақыл-кеңесіне құлақ түріп, өзін-өзі емдеуде. Алайда соңғы апталарда дәріханалардан басқаны былай қойғанда, дене қызуын түсіретін дәрілердің өзін табу қиын. Бұрындары кез келген дәріханадан табылатын парацетамол, аспирин секілді дәрілер қазір қасқалдақтың қанындай қат. Вирусқа қарсы препараттар іздеп сабылған жұрт сағаттап дәріхана алдында кезек күтуде. Табылған күннің өзінде бағасы әдеттегіден 2-3, кейбір жерде тіпті 10 есе шарықтап кеткен. Елімізде індет алғаш тарала бастаған шақта жұртты бетперденің тапшылығы мен қымбаттығы қалай сенделтсе, кесірлі кесел өршіген бүгінгі күні дәрінің жетіспеушілігі һәм бағасының шарықтауы жығылғанға жұдырық болып тұр. Бұл мәселе Мемлекет басшысының құлағына жетіп, өткен аптаның соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке дәрі-дәрмектердің негізсіз қымбаттауына жол бергендерді жазалауды тапсырды. «Азаматтарымыздың дәріханалардағы аса қажетті дәрі-дәрмектердің негізсіз қымбаттауына байланысты шағымдары орынды. Пандемия кезінде бұған жол беруге болмайды. Үкімет пен құқық қорғау органдарына аталған мәселені реттеу тапсырылды. Кінәлілер жауапқа тартылады», – деді Президент. Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін баспасөз мәслихатын өткізген вице-премьер Ералы Тоғжанов дәрі-дәрмек тапшылығының тууына не себеп болғанын түсіндірді. «Бүгінде халықты толғандырған маңызды мәселе – дәріханаларды дәр-дәрмекпен қамтамасыз ету. Қазіргі уақытта бірқатар себепке байланысты дәріханаларда дәрі тапшылығы шынымен байқалып отыр. Біріншіден, адамдар дәрі-дәрмекті жаппай сатып алуынан халық тарапынан сұраныс жоғары болып тұр. Кей азаматтарымыз ондап, тіпті одан да көп орама парацетамол мен өзге де дәрілерді бірден сатып алады», – деді Е.Тоғжанов. Үкімет басшысы орынбасарының дерегінше, Алматы қаласында мамыр айында 1 айдың ішінде небары 50 мың парацетамол орамасы сатылса, қазіргі уақытта 1 тәуліктің ішінде ғана 100 мың парацетамол орамасы сатылып кеткен. Дәл осындай жағдай дене қызуын өлшейтін аспапқа да қатысты болып отыр. Айталық, Алматыда 1 жылдың ішінде 100 мың қызу өлшегіш сатылатын болса, қазіргі уақытта дәл осындай көлем бір аптаның ішінде сатылған. «Екіншіден, алақол бәсекелестік бар. Яғни, алыпсатарлар дәрі-дәрмекті көтерме сатып алған. Осыған байланысты құзыретті құқық қорғау органдарына дәрі-дәрмек препараттарының шекті бағасының өсуіне жол бермеу жөнінде тапсырма берілді. Анықталған барлық фактілер бойынша заңнамамен бекітілген тәртіппен жауапкершіліке тарту шаралары қабылданады», – деді вице-премьер. Апта басында Ішкі істер министрлігі дәрі-дәрмектердің бағасын қымбаттату фактілерін анықтау бойынша рейдтер өткізді. Рейд барысында дәрі-дәрмектерді жаппай сатып алуды ұйымдастырған адамдар анықталды. Олар дәрі-дәрмектің жасанды тапшылығын тудырып, кейін дәрілерді нақты құнынан бірнеше есе қымбат бағаға қайта сатқан. Мұндай деректер еліміздің барлық өңірінде анықталды. Мәселен, ІІМ мәліметінше, Нұр-Сұлтан қаласында полицейлер қорғаныс құралдарын заңсыз сатудың жолын кесті. Жергілікті тұрғыннан медициналық маскалар, комбинезондар, термометрлер, медициналық көзілдіріктер мен антисептикалық құралдар тәркіленді. Сондай-ақ интернет арқылы хабарландыру беріп, парацетамол, ингавирин», цефтриаксон», азитромицин сияқты аса қажетті дәрі-дәрмектерді заңсыз сатқан әйел адам ұсталды. Елордадағы сауда, ойын-сауық орталықтарының бірінің тұрағында оның автокөлігінен аталған дәрілік препараттары бар екі қорап табылды. Ал Шымкент қаласында «Левомак» медициналық препаратын 12 000 теңгеге сатқан жергілікті тұрғын полицияға жеткізілді. Ол дәрі бағасын өз бағасынан 6 есе қымбатқа сатқан. Дәріханада провизор болып жұмыс істейтін Шымкент қаласының тағы бір тұрғыны «Дексаметазон-Аджио» препаратының әр ампуласын 5 000 теңгеден сатқан, негізгі бағасы – 600 теңге. Ал Түркістан облысында ер адам аскорбин қышқылын 5 000 теңгеден сатқан, оның негізгі бағасы – 250 теңге. Осыған ұқсас фактілер Алматы қаласында, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан облыстарында анықталып отыр. Рейдтің алғашқы күнінде полиция учаскелеріне 21 адам жеткізілген. Бұдан былай көтерме сауда қоймаларындағы дәрі-дәрмек қоры, бағасы тексеріліп, препарат бағасының көтерілуіне жол бермеу үшін дәріханаларды аралап тексеретін арнайы мониторинг топтары жұмыс істейтін болады. Үкімет халықты қажетті дәрі-дәрмекпен уақытылы қамтамасыз етуге уәде берді. «Қазақстанда 8 мыңнан астам дәріхана бар. Отандық өндіріс есебінен олардың барлығын 30 пайыз деңгейінде қамтамасыз етіп отырмыз. Қалғаны сырттан импорт есебінен әкелінеді. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, нарықты қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін Үкімет тарапынан бірқатар шаралар қабылданады. Атап айтқанда, бір тәулік ішінде дәрілік заттарды әкелуге біржолғы рұқсат беруге өтінім қаралуда. Дәрі-дәрмекті сертификаттау және сертификат берудің жеделдетілген рәсімдері қолданылды», – деді Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов. Сондай-ақ вице-премьер Қазақстан ауруханалары коронавирус инфекциясын емдеу үшін қажетті дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етілгенін атап өтті. «Қазіргі уақытта мекемелерде 17 700 адамның жатқанын ескере отырып, болашақта кепілдік болуы үшін 27 мың пациентке дейін дәрілік затпен қамтамасыз етілді. Мұнымен тоқталып отырған жоқпыз. Ары қарай да нақты шаралар қабылданып отыр. Дәрі-дәрмекті қосымша сатып алу 59 мың пациентке дейін ұлғайтылады», – деді ол.Қажыған дәрігер, деміккен медицина
Жарайды, дәрі мәселесі шешілді делік. Жаны қысылып, дертіне дауа іздегендерге сол дәрілерді тағайындайтын мамандардың тапшылығы қалай шешілмек? Онсыз да ақ халаттыларға зәру болып отырған ел ауруханалары кесірлі кесел өршігелі тіпті тығырыққа тірелді. Медицина мамандарының көбі індет жұқтырған. Республика бойынша коронавирусқа шалдыққандардың 11,5 пайызы – медицина қызметкерлері. Олардың 492-сінен пневмония анықталған. Індет таралғалы Қазақстанда қатерлі вирустан 18 дәрігер көз жұмған. Ал қаншама айдан бері алғы шепте жүргендер шамадан тыс жүктемеден, жақыны үшін жағадан алуға даяр тұратын тұрғындардың қысымынан қажыған. Өңірлерде жұмысқа шығудан бас тартқан ақ халаттылардың қатары артып, олардың орнын толтыру үшін денсаулық сақтау басқармалары медицина университеттерінің студенттерін даярлықтан өткізіп, індетті емдеу ісіне жұмылдыруға мәжбүр. Алматыда да коронавируспен күресуге дәрігерлер жетіспей жатыр. Бұл туралы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров мәлімдеді. Ол өзінің Facebook парақшасына ақ халаты абзал жандарға үндеу тастап, індетпен күресу үшін дәрігерлер мен еріктілерді ауруханалар мен call-орталықтарда жұмыс істеуге шақырды. «Бүгінде медицина қызметкерлерінің санын арттыру, кадрлық құрамды көбейту мәселелері бірінші орында тұр. Қазіргі уақытта дәрігерлерге, провизорлы және жұқпалы аурулар ауруханасында қызмет ететін орта және кіші медицина қызметкерлеріне, зертхана мамандары мен еріктілерге зәру болып отырмыз. Барша ақ халатты абзал жандарды пандемияны жеңіп шығуға атсалысуға, індетке қарсы тұруға шақырамыз», – деді басқарма басшысы. 1,5 мың тұрғыны індет жұқтырған Ақмола облысында да медицина мамандарының тапшылығы ең өзекті мәселеге айналды. Облыста қауіпті індет тарағанға дейін де 500-ге жуық дәрігер тапшы болған. Ал емдеу мекемелеріндегі дәрігерлердің бірінен соң бірі коронавирус инфекциясын жұқтыруы тағы 120 медицина қызметкерінің жетіспеушілігін туындатып отыр. Ақмола облыстық Денсаулық сақтау басқармасы осылай деп мәлімдеме жасады. Ведомствоның мәліметінше, соңғы уақытта қос өкпесі бірдей қабынған ақ халаттылардың қатары артқан. Дәрігер тапшылығы сезілгені соншалық, өткен аптада WhatsАpp әлеуметтік желісінде «Көкшетау қалалық көпсалалы ауруханасына дәрігерлер қажет» деген мәтінде хабарлама тараған. «Коронавирус инфекциясымен барынша күресетін уақыт жетті. Біздің ауруханаға дәрігерлер шұғыл түрде қажет болып жатыр. Әсіресе эпидемиолог, анестезиолог, реаниматолог және жұқпалы аурулар дәрігерлеріне аса мұқтажбыз. Бізге кез келген мамандықтағы дәрігерлер қажет», – дейді Көкшетау қалалық көпсалалы ауруханасының бас дәрігері Нариман Сыздықов. Әзірге көңілге медеу қыларымыз – еліміздегі коронавируспен күрес жұмыстарына көмектесу үшін Ресейден арнайы келген 32 маман. Олардың арасында вирусологтар, эпидемиологтар, анестезиологтар, ревматологтар мен пульмонолог және басқа да бейінді бағыттардағы дәрігерлер бар. Рсейлік мамандар қазақстандық дәрігерлерге індетпен күресуде консультациялық және практикалық көмек көрсетпек. Алайда олардың шектеулі ғана уақытқа келгені түсінікті. Өздеріне жүктелген міндетті атқарып, жөндеріне кетеді. Кесірлі кеселден тынысы тарылып, діңкесі құрыған отандық медицинаны аяқтан тік тұрғызу, ұлтты сауықтыру өзге емес, өз мамандарымыздың ерік-жігеріне, күш-қуатына, білім-білігіне тәуелді екені талассыз. Жаһанның жарты миллионнан астам тұрғынын қынадай қырған індет қазаққа ауыз салғанда ғана қауіпті сезіндік. Етек-жеңімізді ертерек жинап, бар-жоғымызды мезгілінде түгендесек, бүгінгідей сергелдеңге түспес пе едік, кім білсін?!.