Алтын кенішіндегі атыс неден шықты?

Алтын кенішіндегі атыс неден шықты?

Алтын кенішіндегі атыс неден шықты?
ашық дереккөзі
  Осыдан біраз уақыт бұрын «Бестөбе» кентіндегі алтын өндіретін шахтаның жұмысшылары мен күзетшілері арасында туған кикілжіңнің соңы жаппай төбелеске ұласқан. Оқ атылып, он адам жарақаттанатындай «Қаз­ақ­алтын» акционерлік қоғамының шахтершілері нені бөлісе алмаған? «Қазақалтын» акционерлік қоғамына қарасты «Бестөбе» кентіндегі шахтада жұмысшылардың жанжалдасып, бір-біріне қару жұмсағаны белгілі болды. Оқиға орнында 300-ге тарта жұмысшы жиналып, бейберекетсіздіктің салдарынан жарақат алған 22 адам ауруханаға түседі. Алайда мұның астарында нендей түйткіл жатқаны әзірге белгісіз. Дегенмен, арагідік дүрлігіп тұратын «алтын қазушылар» арасындағы кикілжіңнің басталғаны күні кеше емес. Қолда бар дерек көздеріне сүйенсек, күзетшілер жер астынан кезекті ауысымнан шыққан жұмысшылардың үсті-басын тексермекші болған. Оған келіспеген жұмысшылар қарсылық танытады. Осыдан кейін жағдай ушығып, соңы жанжалға ұласқан көрінеді. Ал аптаның басында оқиғаға байланысты ресми мәлімдеме жасалды. «Қазақалтын» кәсіпорнының шахтасында болған қақтығыста 14 шахтердің тапанша оғынан жарақат алғаны расталды. Ақмола облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Ержан Сәденовтің айтуынша, аталмыш нысандағы күзет фирмасының жұмысшылары жер астынан көтерілген шахтерлерді тексеруге кіріскен. Себебі олардың ішінде шахтаға заңсыз түскендері бар көрінеді. «Екі тараптың келіспеушілігі салдарынан әп-сәтте төбелес басталған. 8 күзетші мен 20-дан астам шахтер өзара жұдырықтасыпты. Ал оқ атқандар көмекке жеткен күзетшілер екен. Тапаншалар күзетшілердің жеке қарулары болып шықты. Фирмаға тиесілі емес. Оқиға орнына жеткен 2 учаскелік полицей де сол жерде дене жарақаттарын алған», – дейді Ақмола облысы ІІД бастығы. Бүгінде ұсталғандар оқ атқанын мойындаған. Қамауға алынған екі адамның әрқайсысына 1 миллион 600 мың теңге кепілдік төленіп, босатылды. Бұдан бөлек кеншілерге қатысты да бұзақылық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Төбелеске қатысқан 20 шақты адамның ішінде белсенділік танытқан 3 адам 128-бапқа сәйкес ұсталды. Қазір олар да кепілдікпен босатылып, үстерінен қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. Осыдан екі жыл бұрын да Бестөбеде жер астындағы жұмысшылардың қақтығысы орын алған еді. Сол кезде тексерушілер мен баспасөз өкілдері арнайы барып, мән-жайға қаныққан болатын. Кеңестік кезеңде аты дүркіреп тұрған кенттен бүгінде береке қашқан. Айналаның бәрі кішігірім төбе. Шахтаның астынан шыққан кеннің қалдығынан көз сүрінеді. Есесіне, алтын іздеушілердің саны артпаса, кеміген емес. Шын мәнінде, шахтаға кім түспей жатыр десеңізші?! Бескент ауылының халқы өмірінің көбін тастанды шахталарда, «жер астында» өткізеді екен. Бір кездері, елімізде жұмыссыздық белең алған тұста «шахтадан ат басындай алтын тауып, қазынаға кенеліпті» деген әңгіменің желдей ескені есімізде. Қазір де елді мекен халқы «Бізде жердің үстіндегі адамнан, астындағы адам көп» деп әңгімеге қосады екен. «Алтын шыққан жерді белден қаз» демекші, бұл кеніштің алтын қоры азая бастаса да, жер астына апталап, айлап түскен алтын іздеушілерде есеп жоқ көрінеді. Бұған не себеп? Не түрткі болуда? Бәріне әлеуметтік жағдай итермелейтіні сөзсіз. Тіпті, әлгі кеншілер қаншама уақытын жер астында өткізіп, әлеуетін түзей алмағанына кейитін болар? Бәлкім, бармақтай алтын тауып, оны байқатпай шығарғысы келген шығар? Мардымсыз жалақы, шиеттей бала-шаға, мәні кеткен күйбең тіршілік. Бәрі де қажытады, әрине. Сондай сәтте кім кімнің сөзін көтерген? Алайда, заң бәріне ортақ. Заң және құқық бұзушылыққа жол берген адамға жаза дайын.

«Ақбақай» халқын тентіреткен жұмыссыздық

«Алтын көрсе, періште жолдан таяды» деген сөз бекер емес. Оған алтын қазушылар арасында жиі болып тұратын кикілжіңдер дәлел. Еске сала кетсек, 2009 жылы Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Ақбақай кентінде де шу шыққан еді.

Ақбақай ауылында 420 түтін бар. Тұрғындардың жалпы саны 1600-ден асады. Олардың өткен өмірі мен күткен болашағы алтын өндіру комбинатымен тікелей байланысты. Көбі кезінде осы өндіріс орнында жұмыс істеп, зейнетке шыққан. Олар бүгінде бала-шағалы, келін-кепшікті, қысқасы, немере-шөбере сүйіп отырған отбасылар. Бірақ, өкінішке қарай, осы ошарлы жандардың ішінде ата-анасының зейнетақысымен күнкөріп отырғандар да бар. Өйткені алыстағы ауылда жұмыс жоқ. Комбинат басшысы жұмысқа жарамды адамдарды әртүрлі себептермен жұмысқа қабылдамай қойған. Ал екі қолға бір кетпен таба алмай дал болғандар осы маңайдың кен тастары мен топырағын жинап, өз бетінше алтын “өндірмек” болады. Бұл кәсіптерінің соңы ұрлық-қарлыққа ұласып, істі болып жатқандар көбейген. Нақты мысал. Ауылдың үш баласы ашық-шашық жатқан шахта аймағына жақын маңайдан сиыр айдап келе жатады. Міне, осы әрекетті ұрлыққа жорыған кеніш күзетшілері жасөспірімдерді көлікпен қуып, мылтық кезеніп, оқ атады. Атылған оқтан бір бала ауыр жараланып, Мойынқұм ауылындағы ауруханаға жеткізілген. Күзетшілерден таяқ жеген тағы бір бала ауруханаға түседі. Осыдан кейін Алматыдан келіп-кетіп жұмыс істейтін күзетшілерге ашынған ауыл жастары қарымта қайтарып, кек алуға шығады. Бірақ күзетшілер оқиғаны ушықтырмай, ашуды ақылмен басудың орнына, тағы да қаруға жүгінеді. Тыныш жатқан ауылда тағы мылтықтың даусы естілген соң, ауыл болып тұтас бой көтерген. Мәселенің мәні қайда жатыр десек, тағы да экономикалық-әлеуметтік жағдайға келіп тіреледі. Соңғы жылдары «Ақбақай» кен байыту комбинатында өнім өндіру төмендеп кетіпті. Жұмысшылардың жалақысы уақытында берілмейді. Бұдан соң білікті мамандар тұрақтамай, жан-жаққа кетіп қалған. Ал ауыл тұрғындарының айтуынша, комбинатқа жұмысқа тұру мүмкін емес көрінеді. Комбинат басшысы жергілікті ауыл тұрғындарын маңайына жолатпайды екен. Содан ба екен, бүгінде жастар жағы ашу-ызаға булығып кеткен. Айта кету керек, комбинатта жұмыс істейтіндер «бірінші» және «екінші» бригадаға бөлінсе, бұдан басқа «жабайы бригада» деген де бар екен. Жергілікті адамдар «арқарлар» деп атаған бұл «бригаданың» кәсібі – шахтаға түсіп, алтын ұрлау. Бұл топ күзетшілерді ақшаға сатып алатын көрінеді. Ақша жүрген жерде – дау бар. Оның соңы әлгіндей қақтығыс пен төбелеске әкелетіні айтпаса да түсінікті. Ал «Арқарлар» деген атаққа ие болған ауыл ұрылары алтынды қайда, кімге өткізеді? Алтын өндірілетін шахталарда қақтығыстар жиі тіркелетіні заңдылық. Заңсыз «алтын іздеушілер» де кен орындарынан құрықталып жатады. Біраз уақыт бұрын «Ақбақай» кен-металлургиялық комбинатынан құрамында алтыны бар 1,5 келі концентратты ұрламақ болған суыққолдылар құрыққа ілінген болатын. Әрине, ұрының алыстан келмейтіні белгілі. Олардың бірі – күзетші, екеуі – комбинат жұмысшылары. ... Қытай қазақтары түсірген фильм бар еді. Онда тұтас бір ауылдың тұрғындары, оның ішінде кәрісі де, жасы да алтын кенін іздеуге жолға шығады. Әуелде бір-бірімен тату жүрген олар алтын көзін тапқан кезде қызғаныштан қырық пышақ бола бастайды. Ақыры соңында бауырдай болған ауылдастарын өлімге қиып, қастандық жасайтыны бар. Міне, алтын көріп, жолдан тайғандардың өмірі осы. Ал мұның жанында адалдық, адамгершілік туралы әңгіме әдірем қалып тұр.

Динара Мыңжасарқызы