Тіліңде күш болмаса, еліңде сұс болар ма?!
Тіліңде күш болмаса, еліңде сұс болар ма?!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында «Ана тілі» апталығында берген сұхбатында еліміздегі қазақ тіліне қатысты мемлекеттік ұстаным жөнінде айта келіп, былай деді: «Мемлекеттік тілді дамыту ісінде қызбалыққа салынып, оның қолдану аясын күшпен кеңейтуге ұмтылудың кері әсері болары анық... Бірақ бұл мемлекеттік тілге қатысты жұмыстарды тоқтатып қою керек дегенді білдірмейді. Қайта оны ың-шыңсыз, айғайламай, қызбалыққа салынбай, бірақ табанды түрде жалғастыра беру қажет». Шынында, тіл саясаты өте нәзік мәселе, әсіресе ұзақ уақыт өзгенің тілі үстемдік еткен, соның себебінен өз тілі еркін қолданыс аясынан тарлық көрген біздің елде.
Жасыратын несі бар, «Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады демекші», өркениет көшінде тұтас бір ғасырдан аса уақыт теперіш көрген қазақ тілінің бойына дендеп енген дертті сол ғасырдың үштен біріне жетпейтін уақытта тұғырына жөндеп қондыра алмасақ, оның сан себептері бар. Сондықтан мәселеге жан-жақты қарау керек.
Өткен ғасырдың соңғы он жылдығында, әлі тәуелсіз елге айнала қоймаған Қазақстанның сол кездегі ең батыл шешімінің бірегейі − 1989 жылғы 11 қыркүйекте қабылдаған «Тіл туралы» заңы еді. Бұл ғасырлар бойы ұлттық тіліміздің қордаланып қалған күрделі мәселелерін толық көлемде шешуге арналған ең алғашқы талпыныс болатын. Осы заңда тұңғыш рет «Қазақ тілі − мемлекеттік тіл» деп белгіленді. Ал Қазақстанның «Тіл туралы заңы» қабылданған соң көп ұзамай, 1989 жылғы 21-22 қазанда өткен тұңғыш құрылтайда «Қазақ тілі» қоғамы құрылды. Отыз бір жылдай уақыт бұрын, КСРО-ның қылышынан қан тамып тұрғанда жасалған осы маңызды екі қадам кейінгі дәуірдегі қазақ тілінің дамуына, Мемлекеттік тіл статусын алып, өз тұғырына нық қонуға септігін тигізгені сөзсіз.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының бастамасымен 1990 жылғы 22 наурызда республикалық «Ана тілі» апталығы ашылып, онда тұрақты түрде қазақ тілінің қордаланып қалған мәселелері көтерілді. Оған көптеген ғалымдар араласып қазақ тілін дамытудың түрлі жолдары туралы батыл да өткір ойларын айтып отырды. Аз уақыттың ішінде газет дүниежүзі қазақтарына кең танылып, таралымы 120 мыңнан асты. Сондай-ақ жер-жерлерде Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының бөлімшелері ашылып, қоғамның жергілікті бөлімшелерінің мүшелері өздері тұрған жердегі елді мекендердің тарихи атауларының қайтарылуына, мектептер мен көшелердің аттарының қазақшалануына көп еңбек сіңірді.
«Қазақ тілі» қоғамын басқарушылар мен ірі қалалардағы жетекшілері қазақтың тіл білімі саласындағы ірі ғалымдар болғандықтан, олар тарапынан қазақ тілін жан-жақты дамыту жолында нақты қадамдар жасалды.
Шынын айту керек, сол тұста тіл, әдебиет, тарих, журналистика секілді гуманитарлық салалардан басқаларында орыс тілі үстем еді. Берілетін дәрістер де, пайдаланатын кітаптар да орыс тілінде болатын. Міне, осы олқылықтың орнын толтырудың қажеттілігін түсінген түрлі салалардағы қазақ ғалымдары өз салаларында қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мақсатында терминологиялық сөздіктер жасап, кітаптар шығарды. Бұл да өз кезегінде қазақ тілінің барлық салаға дендеп енуіне көп көмегін тигізді.
Әрине, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қоғамдық негізде құрылған ұйым болатын. Сондықтан тіл мәселесінде олқылықтар жіберген мемлекеттік және жеке сектордағы мекемелерді қандай да бір әкімшілік жазаға тартатын құзыреті болмады. Дегенмен олардың Мемлекеттік тілдің қолданылуын бақылайтын орган құру жөніндегі ұсыныс-тілектері аяқсыз қалған жоқ, Қазақстан Президентінің 1993 жылғы 5 сәуірдегі №1166 Жарлығымен Қазақстан Министрлер Кабинетінің жанында Тiл комитетi құрылды. Содан бері мемлекеттік тіл саясатын жүргізетін бұл мекеме Мәдениет министрлігінің Тіл комитеті, Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті, Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті т.б. болып бірнеше рет аты өзгергенмен, заты өзгере қойған жоқ. Өз құзыреті шегінде іске асыру және бақылау-қадағалау қызметтерін, өз құзыретіне жатқызылған қызмет саласында салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын бұл мекеменің қызметі үнемі көпшілік тарапынан сыналып келеді. Неге?
Ең алдымен, осы мемлекеттік тіл комитетінің ұсынысымен жыл сайын еліміздегі мемлекеттік тілді білмейтін азаматтарға тіл үйрету үшін көп мөлшерде қаржы бөлінеді. Бірақ басқаны былай қойғанда, билікте жүрген көптеген лауазымды тұлғалар (қарапайым қызметкерден министрлерге дейін) қазақ тілін меңгермей-ақ, қызметтерін атқарып жүре береді. Баяндамаларын «ресми тілде» оқиды, «ресми тілде» сұхбат береді. Сынға пысқырмайды. Кейбіреулері ұялғанынан «тез арада мемлекеттік тілді меңгеріп алатынын» айтып уәде береді, бірақ айтылған сөз айтылған жерде қала береді. Кейбір лауазымды тұлғалар өздері шала білетін мемлекеттік тілде сөйлеймін деп ыңғайсыз жағдайға қалып жатады. Бірақ одан сабақ алып, нәтиже шығарғандарын көрмейміз...
Жасыратын несі бар, бізде қызмет көрсету саласынан басқа салада қазақ тілінде қызмет алу қиын. Сауда орындары, тамақтану орындарынан басқа жерлерде (оның да біразында әлі де ала-құла) қазақ тілінде тапсырыс алу, тапсырысты орындау мүмкіндігі жоқ десе де болады. Халықпен тығыз байланыста деп саналатын банктер де қазақ тіліне байланысты жиі дау туындап жататыны белгілі. Кейбір банктер клиенттеріне қазақ тілінде қызмет көрсетуге құлықты емес деп жатады. (Бірақ кейінгі кезде банк секторында мемлекеттік тілді қолдауда аздап ілгерілеушілік бары байқалады).
Шынына келгенде, мемлекеттің тіл үйрету мақсатында бөлінген қаржысын пайдаланбай-ақ, өз бетінше қазақша үйреніп, еркін сөйлеп, жаза білетін азаматтарға қарап, тіл үйрену үшін сонша қаражат бөлудің де қажеті жоқ па деп қаласың. Қарап көріңіз: Оксана Лоскутова, Игорь Сахар, Майя Веронская, Ирина Тен, Оксана Петерс, Максим Рожин секілді телевидение саласында танылған өзге ұлт өкілдері ешқандай мемлекеттік тіл үйрету орталықтарына бармай-ақ қазақ тілін үйренгендер. Тізімді созу керек болса, Марина Вольнова, Ислам Байрамуков, Александр Зайчиков, Геннадий Шиповских, т.б. деп кете беруге болады. Бұндай азаматтардың саны ондап емес, жүздеп саналады.
Марқұм, саясаттанушы Нұрлан Ерімбетов өзінің қазақ тілін қалай үйренгені туралы былай деп еді: «Институтты тамамдап, елге оралған соң, партияның жас маманы ретінде аймақтарды аралап, баяндамалар жасап жүрдім. Кезекті бір лекциямды аяқтаған соң, маған бір ақсақал келіп: «Сенің ақылды, білімді екеніңді көріп тұрмыз, Мәскеуде оқып келіпсің, бірақ сен өз тіліңді үйреніп, осыны қазақша айтсаңшы», – деді. Мен сол кезде ұялып кеттім. Үйге оралған соң, бірден сөздіктерді ақтарып, мақал жаттап, тіл үйрендім. Ол үшін маған қыруар қаржының керегі болған жоқ қой. Демек, мемлекеттің қаржысына масыл болмай-ақ тіл үйренуге болады». Яғни, тілді үйренуге қаражат аудару соншалықты қажет болмаса, тіл үйрену үшін де мемлекеттің мойнына түсе беру ыңғайсыз. Тағы бір айтпаса болмайтын жайт, жыл сайын журналистер арасында Мемлекеттік тіл және БАҚ деген байқау ұйымдастырылады. Биыл да Нұр-Сұлтан қаласында ұйымдастырылған сол байқаудың жүлдегерге берілетін жүлденің өзіне 5 миллион теңге ажыратылған. Соншалық көп ақша да емес шығар, бірақ мемлекеттік тілді насихаттады деп, қазақтілді журналистер үшін байқау ұйымдастыруда қандай логика бар? Ол байқаудың қазақ тілін кең қолданысқа енгізуге қандай пайдасы тиіп жатыр? Әлде қаражатты игерудің бір тәсілі ме бұл? Жалпы, қазақ тілінің мәселесін қазақша білмейтін аудиторияда қозғаған абзал-ау. Әрі қозғап қана қоймай, қазақ тілін білуге қажеттілік тудыратын, онсыз күнің қараң болатынын ұғындыратын кез әлдеқашан жетті ғой. Неден, кімнен жасқанамыз?!
Бізде үлкен жиындар орыс тілінде өтіп, Мәжілісте болсын, Сенатта болсын спикерлер бір-екі ауыз қазақша сөйлейді де, соңын орыс тілінде жалғастырып кете баратын бір дәстүр қалыптасқан. Бұл нені білдіреді? Қазақстанның қос палаталы Парламентіне депутат болғандар қазақ тілін білмей ме, әлде білсе де сөйлегісі келмей ме?
Парламент Сенатының депутаттары М.Бақтиярұлы, Л.Сүлеймен, Н.Жүсіп, Н.Төреғалиев, Д.Нұржігітова, Д.Нөкетаеваның 2019 жылғы 23 желтоқсандағы мемлекеттік тілді дамыту мәселесіне қатысты депутаттық сауалына осы жылдың басында Премьер-министр Асқар Маминнің берген жауабында мынадай сөздер бар: «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың нәтижесінде 2011 – 2018 жылдар аралығында мемлекеттік тілді меңгерген азаматтардың үлесі 25% өсіп, бүгін 86%-ды құрап отыр. Аталған кезеңде мемлекеттік БАҚ-тағы қазақ тіліндегі контенттің үлесі 56%-дан 73%-ға дейін, ал мемлекеттік органдарда қазақ тілінде құжат айналымының үлесі 88%-дан 93%-ға дейін өсті». Егер расымен ел азаматтарының 86 пайызы мемлекеттік тілді игерген болса, құжат айналымы 100 пайызға жуық қазақ тілінде жүргізілетін болса, онда неге түрлі салада қазақ тілінде қызмет ала алмай жүргендер көп, неге тіл дауы өрши береді? Неге құжат мәселесінде қазақтілді азаматтарға орыс тілінде қызмет ұсынылып жатады?
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясы кеңейіп жатыр дегенге сенбейін десең, Үкімет басшысы нақты сандарды келтіріп дәлелдеп отыр, сенейін десең шулап жүрген халық...
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 3-отырысында: «Мемлекеттік тілді оқытудың тиімділігін барынша арттыруымыз керек. Бұл мәселеде Еуропа елдерінің тәжірибесіне назар аудару қажет. Олар тіл үйрету барысында негізінен оқу орындарындағы жастарға көбірек мән береді. Сондықтан Тіл комитетін 2021 жылдан бастап Білім және ғылым министрлігінің қарамағына беру керек. Бұл қазақ тілін оқыту әдістемесін әзірлеу және оны үйрету ісіне қатысты әлеуетімізді бір орталыққа шоғырландыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ мұндай қадам қолданысқа енгізілетін оқу бағдарламаларының тиімділігін талдау және мониторинг жүргізу жүйесін жасауға септігін тигізеді», − деп Тіл комитетін 2021 жылдан бастап Білім және ғылым министрлігінің қарамағына өткізген дұрыс екенін айтқан болатын. Алайда онсыз да білім саласындағы түрлі проблемаларды шешумен басы қатып жүрген сала басшысының мемлекеттік тілді дамыту жолында да тер төгіп, жақсы нәтижеге жетуі мүмкін бола қояр ма екен? Білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі оқыту-тәрбиелеу мекемелері мен орта мектептер, орта арнаулы оқу орындары мен жоғары оқу орындарында білім берудің тиімді әдістерін жасау, қолданысқа енгізу, түрлі оқулықтар жасау секілді қыруар шаруа сала басшысын мемлекеттік тілді дамыту ісіне уақытын қалдыра қояр ма екен?..
Егер шындыққа тіке қарасақ, мемлекеттік тілдің бесігі саналатын мектептерден бастап тіл мәселесі ақсап тұр десек болады. Мектептегі бастауыш сыныптарға арналған тіл, әдебиет үйрететін оқулықтарды жасауға методист мұғалімдер қатыспағасын балалардың тілді игеруі қиынға соғып жатыр. Оны мектеп мұғалімдерінен сұрасаң аһылап-уһілеп отырып айтып береді. Бірақ айтқандарының баспасөзге жариялануынан қорқады. Себебі нанынан айырылып қалуы мүмкін.
Газеттер мен журналдар біршама тәуір, ал телевидение мен радиода тікелей эфир кезінде сөйлейтін жүргізушілер жіберетін стилистикалық қателерді санап тауыса алмайсың. Ең жаманы, кейбір қазақ дыбыстарына тілі келмейтін жүргізушілерді сөйлетіп қоятын теле-радио басшылары көп...
Бүгінгі тіл мәселесінің қайнаған орта-сы − әлеуметтік желілер. Өйткені онда миллиондаған халық отырады. Ал олардың жиі қаузайтын тақырыптары болады. Соның бірі − мемлекеттік тіл мәселесі. Бірі мемлекеттің тіл саясатын сынап отырса, екінші біреулері өзі естімеген қазақ сөздерін жоққа шығарып, бір-бірімен қызылшеке болып, айтысып жатады. Өкініштісі сол, осының бәрі қазақ тілін өз ана тілім деп санайтындардың арасында жиі болатын жағдай. Кейбіреулері тіпті мемлекеттік тіл саясатын радикалдандыруды қолдайды. Жалпы, тіліміз өсіп-өркендесін десек, ең алдымен оған өзіміз жанашыр болуымыз керек. Әлеуметтік желілерде тіл үшін жұртпен жағаласып, өзіміздің ұлтшыл екенімізді бет қаратпай дәлелдеп бағып, одан шыға сала теледидарымызды орыстілді арнаға бұрып, ресми тілдегі киноларды не бағдарламаларды тамашалап отыратын болсақ, ешкім келіп біздің тілімізді дамытып бермейді. Сол сияқты «қазақ басылымдарында ештеңе жоқ» деп аузымызды қу шөппен сүртіп, өзге тілде газет-журнал парақтап отырсақ, ол да біздің патриоттығымыздың, білімділігіміздің не мәдениеттілігіміздің көрсеткіші емес.
Жоғарыда айтып кеткен «Ана тілі» апталығына берген сұхбатында Мемлекет басшысы қазақ тілін дамытудың мынадай төрт жолын айтқан: «Біріншіден, қазақ тілінде сөйлеу мақтаныш болуы үшін қоғамда оған деген қажеттілікті арттырған жөн. Мемлекеттік қызметке, оның ішінде, халықпен тығыз жұмыс істейтін лауазымға тағайындау кезінде кәсіби біліктілігіне қоса, қазақ тілін жақсы білетін азаматтарға басымдық беру керек. Парламентте немесе баспасөз мәслихаттарында мемлекеттік тілде сөйлеп, пікір алмаса алмайтын мемлекеттік қызметкер ұғымы, ең алдымен, қазақ азаматтарының арасында анахронизмге айналуға тиіс.
Екіншіден, біз қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдауымыз керек. Оларды Парламентке, өкілетті органдарға сайлап, мемлекеттік қызмет жүйесіндегі жоғары лауазымдарға тағайындап, мемлекеттік наградалармен марапаттап отырғанымыз дұрыс. Мұндай азаматтар қазақ тілінің деңгейін ұлтаралық қолданыс дәрежесіне көтеруге көмектеседі.
Үшіншіден, қазақ тілін қолдану барысында фонетикалық және орфографиялық қателер жіберіп алатын отандастарымызға түсіністікпен қарап, толеранттылық танытуымыз керек. Мұндай азаматтар жастарымыздың арасында да аз емес. Олардың талпынысын мазақ етпей, қайта қолдай түскеніміз жөн.
Төртіншіден, телевизиялық және радио хабарларының сапасын арттыру қажет. Бұл ақпарат өнімдері Ресей бағдарламаларының көшірмесіне емес, қайта қоғамдық ойдың қайнар көзіне айналуға тиіс. Арзан ойын-күлкіден гөрі, ұлттық идеяға қызмет ететін топырағымыздан тамыр алған төл бағдарламаларды молайту қажет».
Қазақстан Президенті бұл сөздерді тектен-текке айтып отырған жоқ. Мемлекеттік тілді дамыту үшін не істеу керек екенін тиісті орындардың қаперіне салып отыр. Сондай-ақ ол үдерістің дұрыс жүруі үшін халықтың қандай әсері болатынын да ишаралап жеткізген.
Ұзын сөздің қысқасы, қазақ тілін дамыту үшін ең алдымен қоғамның бірлігі керек. Билік тарапы тілді дамыту мәселесін шешу үшін мемлекет қаражатын босқа шашпайтын жол тауып, тіл саясатын пәрменді іске асыруға бейілді болса, халық та оны қолдап, мемлекеттік тіл Қазақстан қоғамын біріктіретін мызғымас күшке айналар еді.