Құндыз ішік кимейтін шенеуніктер - мемлекеттік қызметкерлердің жаңа этикалық кодексі

Құндыз ішік кимейтін шенеуніктер - мемлекеттік қызметкерлердің жаңа этикалық кодексі

Құндыз ішік кимейтін шенеуніктер - мемлекеттік қызметкерлердің жаңа этикалық кодексі
ашық дереккөзі
  Қазақстанның 2050 жылға дейiнгi даму стратегиясында белгіленген ұзақ мерзiмдi басымдықтардың бiрi – кәсiби мемлекет құру. Мемлекет алдында тұрған осынау маңызды міндеттің орындалуы ең әуелі мемлекеттік қызметкердің кәсібилігіне тәуелді. Президент Нұрсұлтан Назарбаев елдi тиiмдi басқаруы үшiн мемлекеттiк қызметшiде болуға тиiстi негiзгi қасиеттердi атап көрсеттi: моралдық жоғары жауапкершiлiк, кәсiптiк бiлiм, бiлiмiн тәжiрибеде қолдана бiлу, адалдық, ақ ниеттiлiк, белсендi өмiршең ұстаным. Мемлекеттік қызметтегі маманға қойылар талап та аз емес. Этикалық кодекстің қағидалары жуырда жаңа ережелермен толықтырылды: шенеуніктерге ішімдік ішуге, жұмыс уақытында смартфон қолдануға тыйым салынды. Ал өткен аптада тағы бір талап күшіне енді. Бұдан былай мемлекеттік қызметкердің қымбат киім киюіне болмайтынын естігенде, бас ал десе, шаш алып жіберген жоқпыз ба деген ойға қалдық. Сол қағидалар сөз жүзінде қалып қойған жоқ па? Ережелерді ескермегендер жазаланып жүр ме?

Шенеуніктің әр қадамы бақылауда

2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік қызметкерлердің жаңа этикалық кодексі күшіне енген болатын. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 12-ші қадамына сәйкес әзірленген құжатта мемлекеттік қызметшінің жұмыс барысындағы іс-қимылының қағидасы, көпшілік алдында өзін-өзі ұстау ережесі, тіпті жұмыстан тыс уақыттағы жүріс-тұрысына дейін қарастырылған. Кодексте мемлекеттік органдарда жемқорлықтың алдын алу шараларына басымдық берілген. Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметкерлерінің ар-намыс кодексі деп аталатын құжатты, әсіресе, жұмысын жаңа бастап жатқан азаматтар жатқа білуі тиіс: қызметке кірер кезде әр қызметкер қатаң тестілеуден бөлек, үш күн ішінде этика кодексімен танысып, соған қол қойып, ондағы ереже-заңдарды қызметте қатаң ұстануы шарт. Кодекстің жаңа редакциясы бұрынғысынан аса көп ерекшеленбейді. Мемлекеттік қызметкерлер бұрынғыдай сыпайы болуы, өзінің лауазымдық артықшылықтарын алға тартпайтын және жеке басына қолданбайтын адал болуы тиіс. Тұрған тұрысымен-ақ шенеунік мемлекеттік аппараттың беделін нығайтуға атсалысып, баршаға ортақ қабылданған іскери стильге сай өзін ресми түрде ұстап, сабырлы, салмақты, ұқыпты болуы қажет. Құжатта заң шығарушылар мемлекеттік қызметкерлердің қызметте жүрген кезде және қызметтен тыс уақытта өзін-өзі қалай ұстап, қалай жүріп-тұру керек екенін нақты белгілеген. Мысалы, жұмыста шенеуніктер сыбайлас жемқорлықтың қандай болсын түрінің алдын алып, тіпті аты аталуына жол бермеуі, қоластындағыларды кемсітпей, салқынқандылық, әділдік, адалдық, тұлғаның ары мен намысына құрметпен қарау үлгісін танытуы тиіс. Ар-намыс кодексі мемлекеттік қызметкердің жеке өміріне де біраз шектеулер қойды. Ендігі жерде ол қоғамдық орындарда ішімдік ішіп, мас бола алмайды. Айналасындағы адамдарды балағаттап жіберуден тіпті тыйылғаны жөн. Сәйкес тармақта солай деп жазылған да: мемлекеттік қызметкерлер қоғамда қабылданған ар-намыс нормаларын қатаң ұстануы, қоғамға жат мінез-құлық танытпауы, оның ішінде қоғамдық орындарда мас күйде адамның ар-намысы мен қоғамдық әдептілікке нұқсан келтіретін әрекеттерге жол бермеуі тиіс. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметкерлерге көрінген жерде лауазымдық куәлігін алға тартуға, қоғамдағы ар-ұждан нормаларын, тәртіп пен қауіпсіздік ережелерін бұзуға, өзге азаматтарды заңға қайшы, қоғамға жат әрекеттер жасауға итермелеуге тыйым салынды. Жыл басында енгізілген тағы бір жаңалық – Ар-намыс кодексімен бірге Этика жөніндегі өкілетті тұлға туралы ереже қабылданды. Бұған дейін Қазақстанның мемлекеттік органдарында мұндай қызмет болмаған. Енді осындай штат бірлігі барлық ұйымдарда болуы шарт. Ол қызметті атқаратын адам ұжымда ар-намыс кодексінің қатаң сақталуын қадағалап қана қоймайды, сонымен қатар әріптестерінің құқықтарын да қорғайды. Мысалы, этика жөніндегі өкілетті тұлғаға бастығыңыздың шектен тыс қатал екенін айтып шағымдануға, жұмысқа деген қатынасыңыз қандай екенін бүкпесіз ашық айтып беруге болады. Этика жөніндегі өкілетті тұлға қызметіне кез келген адам тағайындалмайды. Ережеде бұл аса жауапты қызметті «ұжымда абыройы асып, құрметке ие болған адам» ғана атқара алады делінген. Мемлекеттік қызмет істері министрлігі осы өзгерістерге орай арнайы брифинг өткізіп, журналистерге жаңа ережелерді түсіндірген еді. Вице-министр Айгүл Шайымова мемлекеттік органдарда ауқымды сауалнама жүргізілетінін айтты. Сол сауалнаманың нәтижелері қызмет ахуалын жақсартып, барлық деңгейлердегі мемлекеттік қызметкерлер жұмысының тиімділігін арттыруы тиіс екен. Шайымованың айтуынша, кодекс қағидаларын бұзып, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке нұқсан келтіргендер үшін қатаң сөгістен жұмыстан шығаруға дейінгі тәртіптік жауапкершілік қарастырылған. Вице-министр қызметтегі және одан тыс уақыттағы теріс қылығы үшін жұмыстан шеттетілген шенеуніктерді мысалға келтірді. Олардың ішінде түрлі деңгейдегі жетекшілер де бар. Бұл деректер Маңғыстау, Ақмола облыстарында тіркелген, мұнда аудандық жетекшілер мас күйде көлік жүргізгені үшін жазаланды. Шайымова жыл басынан бері 152 мемлекеттік қызметкердің тәртіптік жазаға тартылғанын айтып өтті. Мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысы бұдан былай тәртіп жазаларының болу-болмауына тікелей тәуелді екенін де айта кеткен жөн. Егер мемлекеттік орган қызметкері Ар-намыс кодексінің қағидаларын бұзып, сол үшін тәртіптік жазаға тартылған болса, еңбекақыға қосылатын үстемақыдан қағылады. «Тәртіп жазаларының бар болуы еңбекақы деңгейіне әсер етеді. Біз енді базалық төлем және бонустық бөлік бойынша еңбекақы төлеу жүйесіне көшеміз. Бонустық бөлік қызметкер үстемақы ала ма, жоқ па соған тікелей байланысты болады. Ол тәртіптік жазасына қарай белгіленеді. Егер мемлекеттік қызметкер жауапкершілікке тартылатын болса, оған бонустар төленбейді». Бұл да Мемлекеттік қызмет істері вице-министрінің сөзі.

Құпия ақпараттар желіге қалай тап болды?

Алайда қойылған талап пен салынған тыйымды мемлекеттік қызметкерлердің бәрі бірдей орындап жүр дей алмаймыз. Іс жүзінде орындалған ережелерден қабылданған күйі қағаз жүзінде қалып қойған қағидалар көп. Мәселен, 1 сәуірден бастап мемлекеттік мекемелерде смартфон, планшет пен смарт-сағаттарды қолдануға тыйым салынғаны белгілі. Министрлер мен әкімдер бастаған мемлекеттік қызметкерлер суретке, видеоға түсіру, дыбыс жазу функциялары мен ғаламторға қосылу мүмкіндігі бар гаджеттерді жұмыс барысында пайдаланған болса, тәртіптік жазаға тартылуы тиіс. Тек қоңырау шалып, хат-хабар алмасуға мүмкіндік беретін қарапайым функциялы ұялы телефондарды қолдануға рұқсат. Бұл – қызметтік ақпараттардың әлеуметтік желілер арқылы таралып кетуіне тосқауыл қоюдың амалы. Заманауи құрылғы күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналған уақытта мемлекеттік қызметкерлер бұл ережені орындауға енжарлық танытпас па екен деген екіұшты сауал әуелден-ақ көлденең шықты алдымыздан. Ел күдігін сейілткісі келген шенеуніктер жаңа мүмкіндіктермен жабдықталған қымбат телефондарын қарапайым байланыс құрылғыларына ауыстырғандарын жарыса жариялады. Мәселен, алғашқылардың бірі болып ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысы Қайыржан Тоқышев қымбат смартфонын тастап, қарапайым қалта телефонын ұстап жүргенін айтты. Екі нөмір салынатын байланыс құралын 2700 теңгеге сатып алғанын да жасырған жоқ. Сол департаменттің баспасөз қызметкері Қуанышбек Серікжанов 4500 теңгенің ұялы телефонын қолданып жүргенін де білдік. Әйтсе де, қызметтік ақпараттардың құпиялылығын сақтау үшін енгізілген тыйымға жүрдім-бардым қараған мекемелер де көп. Өкінішке қарай, құпия ақпараттардың әлеуметтік желіде жариялануына әлі де тоқтам болмай тұр. Жуырда NUR.KZ порталы бір бума қызметтік ақпараттың «ВКонтакте» желісіндегі жұрттың көзайымына айналғанын анықтады. Кез келген адамға қолжетімді файлда гепатиттің ауыр түріне шалдыққан науқастар жайлы құпия деректер жинақталған. Құжаттың маңдайшасында бұл тізімнің Астана қалалық №10 емханада дайындалғаны көрсетілген. Науқастардың аты-жөні, жеке құжат нөмірлері, диагноздарына дейін мұқият қатталған тізімге 111 адам еніпті: 18 жастағы жігіттен 80-дегі қарияға дейін бар. Портал тілшілері аталмыш емхана әкімшілігіне телефон шалып, мән-жайды білмек болған. Алайда бас дәрігердің ұзақмерзімді іссапарда екенін айтқан қызметкерлер басшының рұқсатынсыз қандай да бір түсініктеме беруден бас тартыпты. Бір сөзбен айтсақ, бас дәрігер жұмыс сапарынан оралып, қызметіне кіріскенше емхана науқастары жайлы құпия мәліметтердің желіге қалай тап болғанын, қызметтік ақпаратты кім таратқанын білу мүмкін болмай тұр. NUR.KZ қызметкерлерінің қолына түскен екінші бір құжатта мыңнан астам елордалық зейнеткерлердің тізімі қатталған. Тізімде зейнеткерлердің аты-жөні, туған жылы, жұмыс істеген мекемелерінің атауы, еңбек өтілі, тұрғылықты мекен-жайы, жеке басын куәландыратын құжат деректері толық көрсетілген. Бұл құжаттың ғаламтор қолданушыларының назарына қалай іліккені тіпті түсініксіз. Тізімді зейнеткерлермен қоян-қолтық жұмыс істейтін Астана қалалық ведомстволардың бірі жасаған болуы керек. Бұл қызметтік ақпараттар құпия құжаттарды бас пайдасы үшін пайдаланудың жолын білетін алаяқтардың қолына тап болса, не болатынын болжау қиын. Айта кетерлік жайт, оның ішінде қарапайым зейнеткерлерден бөлек, кезінде жоғары лауазымды қызметтер атқарған азаматтар туралы ақпарат та бар. Мәселен, тізімде президент әкімшілігінің кеңесшісі мен Мемлекет басшысы канцеляриясы бастығының есімі де аталған. Желі қолданушыларының еркін қолданылылуына ұсынылған келесі құжат – емтихан тапсырмалары. С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті студенттерінен қабылданатын сынақ сұрақтары мен дұрыс жауаптары ғаламторда тарап кеткен. «Балалар неврологиясы» пәні бойынша емтихан тапсырмаларын желіге кім жүктегені анықталған жоқ. Құлыптаулы сөреде сақталуы тиіс құжат уақытының басым бөлігін әлеуметтік желіде өткізетін жастардың назарына ілікпеді дегенге сену қиын. Пысықайлар соның көмегімен емтиханнан жоғары баға алып шығуы мүмкін екенін жоққа шығара алмаймыз. Белгілі заңгер Сергей Уткиннің айтуынша, азаматтардың аты-жөні мен жеке құжатындағы деректер құпия ақпаратқа жатпайды. Алайда медициналық диагноздар, сырқаттар туралы мәліметтер, үй мен жұмыс орнының мекен-жайы құпия мәліметтер санатына кіреді. Оларды таратқаны үшін бас бостандығынан айыру жазасы берілуі мүмкін. ҚР Қылмыстық кодексінің 147-бабында құпия мәліметтерді, қызметтік ақпараттарды таратқан адамның үш жылға дейін темір торға қамалуы мүмкін екені жазылған. Демек, мемлекеттік қызметте смартфон қолдануға салынған тыйым – жүрдім бардым қарайтын талап емес. Оны бұзғандар тәртіптік жауапкершілік былай тұрсын, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы ықтимал екенін ескеру қажет.

Италияның костюмін, Францияның көйлегін кигендер жазаланады

Бір ереженің орындалуын қадағалау оңайға соқпай тұрғанда мемлекеттік қызметшілерге арналған қағидалар қатары тағы біреуімен толықты. Бұдан былай елімізде шенеуніктердің сыртқы келбеті қатаң қадағаланбақ. Жұмысқа қымбат киім киіп келген мемлекеттік қызметкерлер жазаланады. Мемлекеттік орган қызметкерінің киген киімін бақылауда ұстап отыру үшін Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің жанынан арнайы институт құрылмақшы. Әзірге белгілі бір брендке қатысты нақты тыйым жоқ. Алайда жаңа ереже мемлекеттік қызметкерді барынша қарапайым киінуге міндеттейді. Жаңадан құрылған институт шенеуніктердің киімін ғана емес, жүріс-тұрысы, ортада өзін ұстау мен этикасын да бақылайтын болады. Егер мекеме басшысы, әкім немесе оның орынбасарлары ескертуге құлақ аспаса, тәртіптік жауапқа тартылуы немесе бұдан да қатал жаза қолданылуы мүмкін. Демек, бұдан былай костюм-шалбарларын арнайы тапсырыспен Италия немесе Франция сынды сән державаларынан алдыратын, швейцар сағаты мен араб әшекейлерін таққанды ұнататын шенеуніктерге киім сөрелерін жаңалауға тура келеді. Жөн делік. Сонда олардың киімдерін бақылап отыру үшін құрылатын институт шенеунік үстіндегі әр шүберекке шұқшиып отырмақ па? Киімнің қымбат немесе арзан екені қандай көрсеткіштер бойынша анықталмақ? Әлде костюмінің қымбат емес екенін дәлелдеу үшін мемлекеттік қызметкерлер дүкеннен сатып алған кезде берілетін түбіртекті өзімен бірге алып жүруіне тура келе ме? Олай бас қатырғанша мектеп формасы сияқты мемлекеттік қызметкерлерге де бірыңғай киім үлгісін енгізген жеңілірек емес пе? Бұл ұсынысымызды естісе, базарға бас сұғып көрмеген, тек өзіне арналған бірегей үлгідегі киім киіп үйренген кей шенеуніктер не айтып тұрсың деуі мүмкін. Бұл ойымыз қаншалықты қисынсыз болса, мемлекеттік қызметшіге қымбат киім киме деу де көкейге қонымсыз сияқты. Мүмкіндігі жетіп тұрса, талғамы мен көңілі қалап тұрса, италиялық костюм, француздың белдемшесінен оңайлықпен бас тарта қойсын ба? Оның үстіне, киімнің тауар белгісіне үңілмесең, оның түрік немесе қытай тіккенін, сапасының жоғары яки төмен екенін кәсіби мамандардың өзі бірден айыра алмайды. Әлде әлгі институттың мамандары мекеменің кіреберісіне жайғасып алып, жұмысқа келген шенеуніктердің бәрін шетінен шешіндіріп, киіміндегі тауар таңбасын тексеріп отырмақ па? Қысқасы, жаңа ереженің біз түсінбеген тұсы көп. Талап бекітушілер бұл қағида арқылы мемлекеттік қызметте негізгі назарды киімге емес, қызметке аударуды ойға алғаны, ел алдында жүрген шенеуніктерді барынша қарапайым болуға шақырғаны түсінікті. Алайда бұған дейін енгізілген ережелердің нәтижесін ескерсек, жаңа талаптың орындала қоярына сенімнен гөрі күмән басым. P.S: Көрші елдерде де мемлекеттік қызметкерлерге қатысты көкейге қонымсыз ережелер бар. Мәселен, жуырда Қытай коммунистеріне ауыз бекітуге тыйым салынды. Елдің Синьцзян-Ұйғыр автономды ауданында мұсылман халықтың 58 пайызы жыл сайын ораза ұстайтынына қарамастан, ел билігі бұл талап ешкімнің діни сеніміне зиян тигізбейтініне сенімді. Мемлекеттік қызметкерлерге жұма намазға баруға тыйым салған Тәжікстан үкіметіне де наразы болғандар көп. Жұма күні түскі үзіліс кезінде мешітке баруды дағдыға айналдырғандар биліктің бұл талабына келіспесе де, көндігуге мәжбүр болды. Өйткені намаз тәмамдалып, жұмыс орнына жетемін дегенше еңбек уақыты басталып кетеді. Қызмет жауапты, талап күшті болған соң, емін-еркін жүріске жол жоқ.  

Анар ЛЕПЕСОВА