Президент «Астана» ХҚО Соты төрағасының ант беру рәсіміне қатысты
Президент «Астана» ХҚО Соты төрағасының ант беру рәсіміне қатысты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) Сотының жаңадан тағайындалған Төрағасы Лорд Манстың ресми ант беру рәсіміне онлайн форматта қатысты, деп хабарлайды Ақорда.
Мемлекет басшысы өз сөзінде, Қазақстан халықаралық стандарттарға сай келетін заманауи, кәсіби және тәуелсіз сот жүйесін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті. Осы орайда Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Астана» халықаралық қаржы орталығының Сотын құру арқылы еліміз сот жүйесіндегі құрылымдық реформаларға бейілді екенін тағы бір мәрте анық айқындап отыр.
– «Астана» халықаралық қаржы орталығының Соты Қазақстанда жұмыс істеп жатқан немесе елімізге келуді жоспарлап отырған инвесторларға әлемдегі барлық ірі қаржы орталықтарындағыдай лайықты соттармен, сот процесстерімен, тәжірибесімен және стандарттарымен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Жалпы құқық бойынша тәжірибелі соттар өздерінің бейтараптылығымен, әділдігімен және бармақ басты, көз қыстыға көнбейтіндігімен танымал. Сондай-ақ олар сот жүйесінің тұрақтылығы мен құқық бұзылмауының кепілі, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, пандемия мен мұнай бағасының құлдырауынан туындаған қазіргідей дағдарыс кезінде ел экономикасын қайта қалпына келтіру жұмысында, инвестиция тарту барысында «Астана» халықаралық қаржы орталығының маңызы арта түскен.
– АХҚО сенімді қаржылық платформа ұғымының синониміне айналып, шетелдік инвесторлардың Қазақстанға деген сенімін арттыруы керек. Өз кезегінде «Астана» халықаралық қаржы орталығының маңызды бөлігі ретінде Қаржы орталығының тәуелсіз сот жүйесінің жалпы құқық бойынша Сотына АХҚО-ның қызметінде ерекше рөл атқарады. Соған сәйкес Қазақстанның инвестициялық бағдарламасының тиімді жүзеге асуына атсалысады, – деді Мемлекет басшысы.
Шара соңында Қазақстан Президенті Лорд Вульфке Қаржы орталығының сот жүйесін құру барысында сіңірген еңбегі үшін алғыс айтып, Лорд Мансқа АХҚО Сотының Төрағасы ретіндегі жұмысына табыс тіледі.