Елбасы Н.Назарбаев: «Қазақстанның ДСҰ-ға мүше екенін ұмыта бастадық»

Елбасы Н.Назарбаев: «Қазақстанның ДСҰ-ға мүше екенін ұмыта бастадық»

Елбасы Н.Назарбаев:  «Қазақстанның ДСҰ-ға мүше екенін ұмыта бастадық»
ашық дереккөзі
  Еліміз Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіруді талай жылдан бері мақсат етіп келді. Бұл арманға да әупірімдеп қол жеткіздік. Бірақ біздің шетелге экспорттайтын қандай тауарымыз бар? Жалпы, Қазақстан сырт елдер тұрмақ, ішкі сұранысты қамтамасыз ететіндей не өндіріп жатыр? Жыл сайын Елбасының қатысуымен телекөпір ұйымдастырылып, қаншама өндіріс ошақтары тұсауын кеседі. Алайда, оның көбі жұмыс істемей, қаңтарылып тұрғандығы ешкімге жасырын емес. Тіпті, құрылыс жұмысына қомақты қаржы бөлінген аты дардай зауыттардың да өндіріске ешқандай үлес қоспай-ақ, жабылып қалғанын бүкіл ел біледі. Ал, осы жағдайға қанық Елбасы Н.Назарбаев Астанада 2016 жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша индустриализация бағдарламасын жүзеге асыру қорытындысы бойынша өткен жиында үкіметке қазақстандық тауарды шетел нарығына шығару жолдарын іздеу үшін кешенді шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды. Ол: «Былтырдан бері Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі атанды. Оны ұмыта бастағанға ұқсаймыз. Ал бұл дегеніміз  Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше 160 елдің үлкен нарығына есік ашылды деген сөз. Әсіресе, көршілес елдердің нарығы. Осы нарықтардың барлығы  біз үшін енді ашық. Тауар тасу үшін ең жақсы жағдай жасадық. Енді біз осы нарықтарды қалай «жаулап аламыз» деген мәселеге назар аударымыз керек»,– деді. «Сондықтан, үкімет қазақстандық тауарлардың шетелдік нарыққа шығуын қамтуға қажетті шаралар кешенін әзірлеуі керек. Бұл – үкіметтің ғана емес,  облыс, қала, аудан әкімдерінің де міндеті. Әрбір әкім өз өңірінің тауарын сата білу керек. Ал сіздер (әкімдер) өзіңізге көрші жатқан облыстармен жұмыс істеуді әлі үйрене алмай жүрсіздер...», – деді Елбасы Н.Назарбаев. «Әрбір азаматтың жұмысы болуы керек, отбасын асырайтын жағдайы болуы керек. Осы мәселеде біз көмектесуіміз керек. Мемлекеттің бере салатын қаражаты жоқ. Өзбектің бір мақалы бар: Жәй отырғанша, жәй жұмыс істеген артық. Осыны біз де үйренейік. Қазақтар жалқау деген анекдоттардан арылуымыз керек. Қазақстанда әрбір адам өзіне жұмыс тауып, отбасын асырауына барлық жағдай жасалған. Барлық жағдайды әкімдер мен министрлер жасауы керек», – деп мәлімдеді Н.Назарбаев. Айта кету керек, телекөпір барысында тағы да 8 өндіріс ошағы іске қосылды.