Бүгін – Қадір түні

Бүгін – Қадір түні

Бүгін – Қадір түні
ашық дереккөзі
  Рамазан айы да бітуге таяу. Күллі мұсылман халқы асыға күтетін қасиетті Қадір түні де келіп қалды. Оның қасиеттілігі сол бұл түнде жасалған құлшылықты Жаратушы Иеміз мың айда жасалған ғибадаттан артық деп қабылдайды. Кейбір ғалымдар мың деген санды араб халқы негізінен «өте көп» деген мағынада қолданады. Сондықтан Құранның: «Қадір түні мың айдан қайырлы» деген аятындағы «мың» сөзі де «өте көп» деген мағынаны береді деп есептейді. Бұл жағдайда ол сан одан да өсуі мүмкін. Түннің «Қадір түні» деп аталуын ғалымдар бұл түнде Алла тағала адамдардың келесі жылғы тағдырын, яғни өмірі мен өлімін, рызық-несібесін, бақытты немесе бақытсыз болуын т.б. жазатындығымен байланыстырады. «Қадір» және «тағдыр» сөздерінің түбірлестігінен де осыны аңғаруға болады. Бұл түнде қадірлі үмметке қадірлі Кітабымыз түскен. Үмметтің қадірлі болатындығы Пайғамбарымыз (с.а.с.) мәңгі сапарға аттанарда, Жәбірейіл періштеден өз үмметі туралы сұрағанда, ол Алла елшісін (с.а.с) екі нәрсемен сүйіншілеген болатын. Жәбірейіл періште: «Алла Тағаланың жәннатына Сен кірмейінше ешбір пайғамбар кірмейді және сенің үмметің кірмейінше ешбір үммет жұмаққа кірмейді» деп сүйіншілеген еді. Олай болса, бұл түнде қадірлі үмметтің қадірлі пайғамбарына қасиетті Құран түсті. Қадір түнінің нақты уақыты анық белгілі емес. Бірақ Пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадис шәріптері Қадір түні Рамазан айының соңғы он күнінің бірі екендігіне әсіресе, тақ түндерін іздеу керектігін нұсқайды. Ғалымдардың көзқарастары бойынша, бұл түн Рамазан айының тақ түндерінің біріне, әсіресе, 27-ші түніне сәйкес келеді. (Қараңыз: Бұхари, Қадір, 3; Мүслим, Сиям, 216) Айша анамыз Пайғамбарымыздан (с.а.с.): «Уа, Алланың елшісі, Қадір түнінде қандай дұға жасайын» деп сұрағанда, Расулуллаһ (с.а.с.): «Алаһуммә иннәкә афуун, түхиббүл афуа, фағфу анни (Алла Тағалам, Сен кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің, менің күнәларымды кешіре гөр!)» деп дұға етуге кеңес берді. Кез келген мұсылман Жаратушыға құлшылық жасауы үшін жаратылған. Қадір түнінде дұға-тілектеріміз бен білген сүре-аяттарды қайталап, діни сауатымызды арттыратын әдебиеттер оқуға болады.