Балалар кітабы: биылғы әдеби бәйгенің әттеген-айлары

Балалар кітабы: биылғы әдеби бәйгенің әттеген-айлары

Балалар кітабы: биылғы әдеби бәйгенің әттеген-айлары
ашық дереккөзі
 

Осы жылды көп күттік. Шынымен-ақ көп күттік... Ең алдымен, өткен 2015 жылы жүлдегер атанған авторлар шығармаларының жинағы – дәстүрлі «Кәусар бұлақ» кітабын күттік. Содан кейін, 2016 жылы өтетін Халықаралық «Дарабоз» бәйгесінің шарттары туралы хабарламаны күттік. Бәйге мерзімі аяқталып, мәреге жеткенде, жеңімпаздарды марапаттайтын салтанатты сәтті күттік. Осы жолы, өкінішке қарай, мұның барлығы дәстүрлі мерзімдерін өткізіп барып жетті. Бірақ «игіліктің ерте-кеші жоқ» деген үмітіміз ақталып, кешіксе де күткеніміздің бәрі болды. Үмітіміз ақталып дейміз, расымен сол үміт толығымен ақталды ма? Олай дейтініміз, дәстүрлі бәйгенің қалыптасқан дәстүрден өткен жылдан бері ауытқып-аунап жүргені осы сала – балалар әдебиетін жанына жақын тұтатын адамдарға айқын байқалып келе жатқаны жасырын жай емес.

«Дарабоз» бастау алғалы бері жеңімпаздарды марапаттау салтанаты дәстүрлі түрде қазақ әдебиетінің қара шаңырағы – Қазақстан Жазушылар одағы ғимаратындағы Әдебиетшілер үйінде өткізілуші еді. Өткен жылы аяқастынан Астанаға қоныс аударды. «Еліміздегі санаулы ғана балалар жазушыларының басым көпшілігі Алматыда бола тұра онысы несі екен?» – дегенбіз де қойғанбыз. Биылғы салтанат қайтадан Алматыға ауыстырылғанымен, Ұлттық кітапханада өтті. Ол жөнінде бұқаралық ақпарат құралдарында әдеттегідей құлақтандырулар да берілген жоқ. Қаламгерлер үйінен неліктен ат-тондарын ала қашып жүргендері түсініксіз. Жиын басталар алдында жыл басында жарық көрген «Кәусар бұлақ» жинағының бір-бір кітабы қолымызға тиді. Бұдан бұрынғы кітаптар баспаханадан шыға салысымен-ақ балалар жазушыларының баршасына баспадан қоңырау шалынатын. Ал бұл жолғы «Кәусар бұлақты» күткен жарты жыл аралығында «ұзынқұлақ» арқылы жинақ туралы талай қауесет тарап үлгерген де еді. Кітапты үйге апарып, асықпай қарармыз деп ойласақ та, ол туралы алып-қашпа әңгімелердің шындыққа жанасатынына марапаттау салтанаты барысында-ақ көзіміз жете бастаған сияқты. Өйткені сахнаға шығып, жиын шарасын жүргізіп тұрған ұлдар мен қыздар бір қателіктен соң келесісін қайталаумен болды. Мысалы, Қазақстандағы ұйғыр әдебиетінің ақсақалы Ахметжан Ашириді сахнаға «Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі» деп шақырды. Шын мәнінде ол кісі Одаққа мүше ғана емес, жеңімпаздарды марапаттауға Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы ретінде келген болатын. Ал Төраға орынбасары Маралтай Райымбековті Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы деп хабарлап, Айды аспанға бір-ақ шығарды. Әрине, бұл жерде балалардың еш кінәсі жоқ екенін елдің бәрі түсінеді. Олар сценарий мәтінінде не жазылса, соны оқиды. Ал әлгі мәтінді дайындағандар мен ұйымдастырушылар қайда қараған? Олар үшін Одақ мүшесі мен басқарма хатшысы кім, басқарма төрағасы мен оның орынбасары кім, айырмашылығы болмағаны ма? Бұл қателіктер әсіресе, өзге емес, қаламгерлердің өздері бас қосқан жиын жағдайында ұят-ақ болды. Олай дейтініміз, «Кәусар бұлақтың» осы жолғы басылымынан біраз нәрсені аңғарғандай болдық. Ендеше 10-ыншы кітап деп ен тағылған «Кәусар бұлақты» парақтап көрейік. Кітап «Жұмбақтар мен тақпақтар» деп аталған авторсыз (неге?) өлеңдер топтамасымен (4-бет) басталады. Ал бұл топтама кітап мазмұнында (269-бет) Әли Ысқабайдың «Хайуанаттар қорығы» деген атаумен берілген. Ал 10-беттегі өлеңдер топтамасын көргенде бала оқырман былай тұрсын, ересектердің өзі ештеңе түсінбей, есеңгіреп қалады. Онда «СІЗ ЖӘНЕ СЕН» тақырыбының астында Ақылбек ШАЯХМЕТ деп, автордың аты-жөні жазылған. Тақырып толығымен үлкен әріптермен терілген, сосын әрі қарай үш шумақ өлең кетеді. Енді, келесі «Жаға және жең» мен «Еңбекқор бал арасы» өлеңдерінің тақырыптары бас әріптермен басталып, қалған жағы кіші әріппен берілген. Сонда қалай болғаны, «СІЗ ЖӘНЕ СЕН» Ақылбектің бірінші өлеңінің тақырыбы ма, әлде жалпы топтаманың атауы ма? Мүлдем түсініксіз. Бір ғажабы, танымал балалар ақыны А.Шаяхмет өлең жазған парақтарын ысырып қойып, жалма-жан «Маймақ қаз» деген әңгімеге (12-23- беттер) ауыса салады. Әлде бұл прозалық шығарманың авторы өзге біреу болды ма екен? Оны енді кітапты баспаға дайындаған «әмбебап жандардың» өздері ғана біледі. Ал Ақылбектің өзі «Маймақ қазға» ешқандай қатысы жоқ екенін айтып, азар да безер болып жүр.    КӨКБОЯУ  Мұрат Алмасбекұлы (әңгіме) Бұл қиынсыздық, көзіқарақты баспагердің назарына бірден шалынады. Шын мәнінде қалыптасқан дәстүрлі тәртіпке сүйенсек, бұл жердегі «Көкбояу» – шығарма авторы, автордың аты-жөні – шығарма атауы, ал енді әңгіме деген сөз – сол Мұрат Алмасбекұлының жанры болып тұр емес пе?! (23-бет). Кітапты шығарушы жауапсыз редакторлар мен бет қаттаушылардың дәл осындай сауатсыздықтары басылымның басынан аяғына дейін қайталанады. «Кәусар бұлақтың» 2015 немесе 2016 жылы шыққанын да түсіну қиын. Себебі жарыққа шыққан мерзімі титулдық бетте 2016 (1-бет), ал екінші бетте 2015, соңында «басуға қол қойылған уақыты 20. 11. 2015 ж.» деп көрсетілген. Кітапты баспа ісі мен полиграфиядан мүлдем бейхабар адамдардың атқарғандығы Айзере Бердібай деген автордың өлеңдер топтамасына (34-35 беттер) қатысты техникалық безендіруден де бірден көзге ұрады. Алғашқы «ҚАЗАҚСТАН – ОТАНЫМ!» өлеңінің тақырыбы дәл осылай, бірыңғай бас әріптермен берілген. Одан кейінгі он өлең тақырыптары біртектес кегльмен беріліп келе жатады да, ең соңғы «Менің балабақшам» деген өлеңнің тақырыбы ай мен күннің аманында оқыс үркіп, өзге – әлгіндегі он өлеңдегідей ірірек кегльге кілт өзгереді. Сөйтіп, өлең тақырыбы қайтадан бірінші шумақтың (бес жол жасап) бірінші жолы болып қайталанады. Осыдан кейін Айзере Бердібай өлеңнен көңілі қалғандай, өзі де жанрлық бағытынан жалт бұрылып, шығармашылығын «Күртеше» деген әңгімемен (46-бет) жалғастырып кетеді. Бұған дейінгі прозалық шығармалардың тақырыптары бірыңғай бас әріптермен беріліп келе жатқан еді, 74-беттегі Айнұр ТОЛЕУ-дің (Төлеу емес) «Еркекшора» деп аталатын әңгімесінің тақырыбы бас әріппен басталып, аяқ астынан кіші әріптермен беріле қалыпты. Айнұр Толеудің әңгімесіне дейін авторлардың есімдері бірінші, ал тектері соңынан жазылып келе жатқан еді, 78-бетке келгенде кітап шығарушылар ол әрекеттерінен де айнып қалып, «Тәуелсіздік бәйтерегі» деген сахналық қойылымның авторын Ақанбаев АНАРБЕК деп ерекшелепті. Назар аударыңыз, тегі кіші, есімі бас әріптермен берілген. 238-беттегі «Жүректегі жылымық» хикаятының авторы Омарова Л. көрінеді. Л-дың толық аты кім болды екен? Бұл жай ғана қағаз емес, кітап, кітап болғанда да, балаларға арналған кітап. Ал баланың кітабын балдыр-батпақ етуге болмайды! Ол аз десеңіз, 101-беттегі «ЖАҚСЫНЫ ОЙЛА ӘРҚАШАН, БАЛАПАНЫМ.» деп басталатын өлеңдерді қарасақ, өлең тақырыптары аяқталған соң бірде нүкте қойып отыруды, бірде қоймауды кітаптың жауапты редакторлары мұқият «ұстанған». Ал енді осы шығармалардың авторы кім дейсіз ғой? Жүпаркүл Маукеновна (Мәукенқызы емес) АСЫЛОВА! Ең қызығы – Ұстазымды сыйлаймын, Ұлағатын тыңдаймын. Данышпан болып өсемін, Биіктерге самғаймын, – деген секілді шумақтардан құралған 16 өлеңі кітаптың 10 бетін алып жатқанына қарағанда, әсілі, Жүпаркүл Мәукеновна да «тегін» адам болмаса керек! «Бабалар тәлімі» шығармасын (112-бет) ұсынған автордың кітап шығарушыларға не жазып қалғанын кім білсін, балаларға ұлағаттан өзге сөз айтпайтын көрнекті ақын Көмек ЫБЫРАЙУЛЫ болып шыға келіпті. Жүлделі орынға ие болған шығармалардың көлемі әдетте 20 баспа табаққа жуықтайтын кітаптың ауқымын толтыруға шамалары жетпей діңкелеген бәйге ұйымдастырушылары «үздіксіз балаларға арналған шығармаларды іздестіру» (астын сызған біз – Қ.Қ.Кітап аннотациясынан, 2-бет) барысында қоржындарына түскен жүздеген туындының ішінен бәйгеге қол жеткізе алмаған авторларды да таңдап, талғамай кітапқа тоғытқан. Айзере Бердібай деген автор өзінің туындыларында: Бекет полициясы сөзге келмей, Анықтап хабар айтты, тез, бөгелмей. Айдар ағай ести сап, келіп жетті, Балалардың «сорына» кез келгендей, (41-бет) немесе: Сендерге түзу тәрбие бере алмаған, Қисық мінездеріңді жеңе алмаған, Біздер жеуге тиіспіз бұл таяқты, Ісінен еш нәтиже көре алмаған, (43- бет) немесе: Қайта-қайта кешірім өтінеді, Енді қайталамауға бекінеді. Себебі, басшы ағайдың әлгі сөзі, Еттен өтіп, сүйекке жетіп еді, (44-бет) – деп күңірене толғанса да, дәл осы автор келесі кезектегі (авторы басқа біреу болуы әбден мүмкін) «Күртеше» деген әңгімесінде: «Өзі де суретті әдемі салғандықтан ба, әсемдікке өте құмар апай баланың меселін қайтармайтын» (47-бет) немесе «Өмірлік демалыс алған жалқаулары бас ауыртып жатпай-ақ, ішіп кетті» (50-бет) деп жазады. Ал енді дәл осы сияқты «шығармалардың» тіл байлығы, көркемдік деңгейі, композициялық құрылымы, сюжеттік желісі, идеялық ұстанымы турасында жұмған ауызды ашпай-ақ қойғанның өзі абзал. Оған тағы бір дәлелді Қайырбек Семейғазыұлының «СИҚЫРЛЫ КІТАП ШАҒЫР НЕМЕСЕ ТАРИХҚА САЯХАТ» поэмасынан келтіруге болады. Негізінде, техникалық тұрғыдан дұрыс орындалған кез келген кітапқа мәтінде берілетін кейбір түсініктемесі сол сөз кездесетін беттің төменгі жағына ұсақтау қаріппен сілтеме ретінде берілуші еді. Бұл поэмаға қатысты түсініктемелерді жиып-теріп, туынды соңына қоя салған. Бұған не дейсіз? Жаңалық па, жоқ шалағайлық па? Келесі қисынсыздықты отандық баспагерлерді таң-тамаша қалдыратын ең жаңа «өнертапқыштық» деп атаса да болар: ЕСЕН-САУ ЖҮРІҢІЗШІ, АСЫЛ АТА! Пернебай ДҮЙСЕНБИН КӨЛБАҚА ОҚИҒАСЫ НЕМЕСЕ АТАМНЫҢ АШУЫ (повесть) (127-бет)   СИҚЫРЛЫ КІТАП ШАҒЫР НЕМЕСЕ ТАРИХҚА САЯХАТ Қайырбек СЕМЕЙҒАЗЫҰЛЫ поэма (Қазақ хандығының 550 жылдығына арналады) (165-бет)   САЯҚ Әділбек Ыбырайымұлы Алпысбай (181-бет)   МӘҢГІЛІК ФОРМУЛАСЫ Әділбек Ыбырайымұлы Алпысбай (хикаят) (202-бет)   ЖҮРЕКТЕГІ ЖЫЛЫМЫҚ Омарова Л. (хикаят) (238-бет)   Байқаған шығарсыз, бір кітаптың ішінен жанр атауын қос тілде беруді де (повесть, хикаят), авторлардың аты-жөндерін түрлендіріп ұсынуды да, болмаса оның тегін (Шағыр Қайырбектің атасының аты) тақырыпқа айналдыра салуды да, тақырыптағы әріп кегльдерін ойнатуды да, тіпті заманауи өмірден алынып жазылған шығармаларға салынған суреттерден оқушылардың үстіне киген өткен ғасырдың алпысыншы жылдарындағы киім үлгілерінің небір түрлерін де (мысалы, 249, 261-ші беттер) көре аласыздар. Ең өкініштісі, титулдық бет айналымындағы (2-бет) және шығу мағлұматтарында берілген шаласауатты мәліметтерге қарап отырып-ақ кітапқа баға беруіңізге болады. Мысалы: Кәусар бұлақ: Хикаяттар, өлеңдер, әңгімелер мен ертегілер. К 26 Жауапты ред. С.Қалиұлы, - Алматы: «Алмабаспасы», 2015. 10-шы кітап. Тағы да осы титулдық бет айналымындағы аңдатпаға АННОТАЦИЯ деп бадырайтып тұрып тақырып қойылған. Аңдатпадағы «Кәусар бұлақ» мейірімділік пен жақсылыққа тәрбиелеп» деген сөйлемдегі алғашқы қателіктің өзі оқырманын ары қарай бұдан да сорақысын көруге алдын ала даярлау ниеті іспетті. Енді кітаптың соңғы 271, 272-беттеріндегі шығу мәліметтеріне көз жүгіртейік: Жауапты редакторлар Сұлтан Қалиұлы Жұлдыз Омарбекова (2-бетте редактор бір ғана адам сияқты еді?!)   Корректорлар Арайлым Ботанқызы Сверидова Галина (Аты-жөндерді жазу да бір жердің өзінде ешқандай тәртіпке бағынбайды. Және бастан-аяқ қазақ тілінде шығатын кітапқа Свиридова Галина қалайша корректор болып жүр?) Суретші Әдемі Етекбаева Компьютерде беттеген және өңдеген Жеңіс Тасболатов (Мәтіндерді ме, суреттерді ме, нені өңдеген?) http: //aikyn. kz/ сайтында Серікбол Хасан: «...бұл жолғы «Кәусар бұлақты» «Алмабаспасы» деген баспа шығарыпты. Мынау «Алмабаспасы» дегенді Google-дің өзі таба алмады. Осы «Алмабаспасының» қателігі ме, әлде кітапқа жауапты адамдардың жауапсыздығы ма, «Кәусар бұлақ» бастан-аяқ қате шыққан. Аннотация жазылған бетте жауапты редактор ретінде Сұлтан Қалиұлының аты жазылыпты. Алайда, Сұлтан ағаның өзіне хабарласқанымызда өзін сыртынан қосып жібергенін, бұл кітапқа қатысы жоғын айтты. Сонда қалай? Біреуді өз рұқсатынсыз сыртынан кітапқа жауапты редактор ретінде тіркеп жіберуге бола ма?» – деп жазады. Иә, баяғыда бір Мырқымбай қисынсыз бір шаруаны қолға алғалы тұрып, «болмайтын нәрсе болмайды, бәрі де болады» дейтін көрінеді. Сосын, ол шаруасы іске аспай қалса, «солай енді, болмайтын нәрсе бәрібір болмайды» дейді екен. Бұл жолғы «Кәусар бұлақты» қолға алған жандар да беделді адамдарды бетке ұстауға бейім тұратындықтарын дәлелдеп-ақ баққан сияқты. Кітаптың 3-бетіндегі бас демеуші атынан берілген алғы сөзге үңіліп қараңыз: «Кітапта әдебиеттің ең тұнық, ең мөлдір бұлағы саналатын балалар шығармалары жинақталған,» – деп қойып қалады. Біздің көріп отырғанымыз балалар шығармалары емес, балаларға арналған шығармалар емес пе? Осы мақаланың соңына: Бауыржан Оспанов «2015 жылғы Қазақстанның 50 бай адамы Forbes тізімі бойынша» деп қол қойғызыпты. Мұнымен не айтқысы келген, не түсіндіңіз? Әрине, біз бұл жерде Бауыржан Оспановты кінәлайық деген ойдан мүлдем аулақпыз. Ауқымды шаруалармен айналысып жүрген әрбір адамның мақала жазып отыруға мүмкіндігі бола бермейтіні бесенеден белгілі жәйт. Әр алуан саладағы атқарылатын шаруаларға жауапты адамдар тағайындалады. Және де басшы адам оларға орасан зор сенім артады да, өзінің ұстанған бағыт-бағдарын, негізгі ойлары мен идеяларын ауызша айтуы мүмкін. Ал енді басшысының сенімінен шығып, абырой әперу де, оны жерге қаратып, ұятқа қалдыру да тапсырма берілген адамның кәсіби біліктілігі мен ар-ожданына байланысты болмақ. Енді осы жинақтың құрылымдық жүйесін саралап көрелік. Халықаралық «Дарабоз» бәйгесі жарияланғаннан кейінгі екінші жылдан бастап қазақ тіліндегі «Кәусар бұлақ» кітабының 8-кітабы (кейінгі 4 кітап орыс тіліне аударылып, «Чистый родник» деген атаумен) шыққан болатын. 2015 жылғы бәйге қорытындысы бойынша шығарылған осы жолғы «Кәусар бұлақтың» неліктен оныншы кітап болып кеткеніне «апам да аң-таң, мен де аң-таң!» Сонда тоғызыншы кітап қайда кеткен?!. «10-шы кітап» деп рет саны берілген осы «Кәусар бұлаққа» дейінгі кітаптарға тоқталайық. Бас бәйгеден басталып, барша орындарға ие болған авторлардың фотосуреттері, аты-жөндері, қысқаша өмірбаяндарынан соң бәйге алған шығарма мәтіндері орналасатын. Тіпті, шығарманың қандай орынға ие болғаны да анық көрсетілетін. Барлығы тайға таңба басқандай еді. 2015 жылғы бәйге қорытындысы бойынша біз білетін жүлдегерлер саны 7 адам еді. Солардың үшеуінің ғана шығармалары кітапқа енген. Төртінші жүлдегердің аты бар да, заты жоқ. Олай болса, екінші орын жүлдегері болған Мейіржан Жылқыбайдың әлеуметтік желідегі әңгімесіне құлақ түрелік: «Тышқан сойса да қасапшы сою керек. Әдебиетке ешқандай қатысы жоқ Жұлдыз Омарбекованың ұйымдастырған «Дарабоз -2015» байқауы о басынан былықтан басталып еді. Жүлде қоры екіге бөлінетінін және байқаудың сол жылы екі тілде өткенін соңынан білдік. Кітаптың шыққанын да ешкім хабарлап айтпады, интернеттен көріп қалып, өзім барып алдым. Алсам, менің атым жоқ, бірақ «Саяқ» атты шығармам бар. Әділбек Ыбырайымұлы Алпысбайдың атымен шығыпты. Ештеңе демей шығып кеттім. Артынша Жұлдыз Омарбековаға хабарласып, қатені дұрыстауларын өтініп, дұрысталмаған жағдайда сотқа жүгінетінімді айттым. Алған жауабым мынау...» «Жұлдыз Дарабоз онлайн Подавай куда хочешь, мы скажем как есть это ошибка дизайнера. Мы просто тебя из книги сейчас вообще уберем и все. С этим мы согласны Твой рассказ не может идти под другим именем. Типография это может сказала сделать. Скандальный бала Деп озиннин атын Калады. Как раз Бауыржан Кеңесбекович спрашивал, кто возмущался прошлый раз, что деньги разделили и мало дали. Девочки сказали это был ты. Но если хоть одна статья в соц сетях или где нибудь будет порочить фонд, конкурс или имя Бауыржана Кесенбековича. Тебя ждет встречный иск» (Автордың стилистикасы толығымен сақталған. Қ.Қ.). Әні мәселе! Қоқан-лоқының небір түрі болады екен. Ең алдымен мәселені дұрыс бағамдайтын адам өзіне тапсырма бергеннен өзге еш кінәсі жоқ басшысының аты-жөнін әлеуметтік желіге салмайды. Екіншіден, дизайнер деген маманның кітапта берілген мәтін қатесіне еш қатысы болмайды. Содан кейін, Жұлдыз ханым, бұл сіздің авторға алғаш рет қысым көрсетуіңіз болмаса керек. Сіз жекелеген автор емес, бүкіл қаламгерлер қауымына заңсыз билік жүргізгіңіз келеді. Мысал керек пе? http: //daraboz. org/ru/position/ сайтынан   ПОЛОЖЕНИЕ МЕЖДУНАРОДНОГО КОНКУРСА ДЕТСКИХ ПИСАТЕЛЕЙ «ДАРАБОЗ - 2015» ИСПОЛЬЗОВАНИЕ ПРОИЗВЕДЕНИЙ Автор, подавая свое произведение на конкурс, соглашается с тем, что оно может быть опубликовано по усмотрению организационного комитета и членов жюри в разных городах Республики Казахстан и автор не претендует на выплату авторского гонорара. Айды аспанға шығарды демей, не дейсіз! Бәйге алғандарға билігіңіз жүрсін дейік. Басқалар сізге не себепті бағынуы керек? Менің туындым – менің жекеменшігім. Ал біреудің меншігіне қол сұғу – қылмыс. Балалар әдебиетіне жасалған қиянат. Жалпы, қандай да бір құқықтық құжат жұртшылыққа ұсынылар алдында заңгерлердің мақұлдауынсыз жария етілмейтіндігін оң мен солын ажырата алатын әрбір адам білуге тиіс деп ойлаймыз. Әлқисса, «Кәусар бұлақтың» 10-шы кітабына оралайық. Кітапта 16 автордың аты-жөні аталып, 48 шығарма енгізілген. Жинақтағы Көмек Ыбрайұлы, Ақылбек Шаяхмет, Темір Мыңжас сияқты әлмисақтан бері тұшымды дүниелер жазып жүрген аты-жөндері мәшһүр қаламгерлердің шығармаларымен қатар өзге де белгілі балалар жазушыларының көпшілігінің осы бәйгеге атсалысқандарын біліп отырмыз.   ...Директор бұған шындап барған еді, Басқадай амалы да қалмап еді. Балалардың көрген соң еңірегенін, Райдан қайтып, жұмсарып қалған еді, (44-бет) – деп гөй-гөйлейтін Айзере Бердібайдың немесе Нұрбек Нұржанұлының «Тентек еді» (115-бет) деген шығармасының, «Әншейінде құйрығы бұлғаңдап жүгіре шығатын әдемі ақала күшігі де бүгін жым-жырт» (239-бет) деп келетін сөйлемін абзац сайын қайталап отыратын Омарова Л-ның «Жүректегі жылымық» хикаятының орнына, бәйгеге ілінбей қалған (жүздеген шығарма келіп жатқанда, бәрінің бірдей жүлдегер болуы мүмкін емес, әрине) есімдері елге танымал, балалар әдебиетінің отымен кіріп, суымен шығып жүрген кез келген қаламгердің туындыларын кіргізсе, кітап та, оқырман да ұтпаса, ұтылмаған болар еді. Он жылға жуық бүкіл әлеумет пен барша қаламгерді қуанышқа бөлеп, қазақ балалар әдебиетінің дамуына зор үлес қосып келе жатқан Халықаралық «Дарабоз» әдеби бәйгесінің тізгіні баспа ісінен, әдебиеттен бейхабарлау жандардың қолына тиген соңғы екі жыл ішіндегі мұндай өрескелдіктер көңілге көпе-көрнеу кірбің ұялата бастады. Осыдан біршама жылдар бұрын балалар әдебиетіне қолдау көрсететін Мәдениет министрлігінің «Астана – Бәйтерек», «Қазақмыс» корпорациясы ұйымдастырған «Балауса» деген әдеби бәйгелері болып еді. Екеуінің де ғұмырлары екі-үш жылдан аспай, «жалт етті де, жоқ болды». Себебі ол конкурстардың да тағдырлары «келдім-кеттімдердің» қолында болған еді. Ал енді «Дарабоздың» жөні бір басқа. Себебі? Себебі «Дарабоз» науқаншылық қуған немесе атақ-абырой алу үшін ұйымдастырылмаған шара емес екені әу бастан-ақ белгілі болатын. Бұл бәйгенің бастаушысы да, қолдаушысы да ұрпақ болашағына үлкен үмітпен қарайтын, әдебиетке жаны жақын Бауыржан Кеңесбекұлы Оспанов екені қазақ қаламгерлерінің баршасына мәлім. Өзгесін былай қойғанда, Бауыржан Оспанов «Дарабоз» жеңімпаздары марапатталатын салтанаттың бірде-біреуіне қатыспай қалған емес. Әрдайым ақын-жазушылармен жылы сұхбаттасып, бәйге жеңімпаздарына шығармашылық табыстар тілеп, ізгі ниетін жеткізіп жүреді. «Дарабоз» жасай беретініне бәріміз де кәміл сенімдіміз. Бұл – азды-көпті тарихы бар, қаншама жаңа есімдерді ашқан, балаларға арнап шығармалар жазып жүрген қаламгерлерге шалқар шабыт беретін дәстүрлі бәйге. Дәстүрді кетілдірмеу керек, жыл өткен сайын жетілдіру керек, мәртебесін көтеру керек, өсіру керек, асқақтату керек. Қазақ «қой көрмеген қуалап жүріп өлтіреді» дейді. Біздің ойымыз – «Дарабоз» тізгіні біліксіз «білгіштердің» қолына түсіп, шылбыры шұбатылып, оқыстан шалынып құламаса деген ниет. «Дарабоз» жарқын болашағымыз – жас ұрпаққа да, сол ұрпаққа рухани байлық сыйлайтын қаламгерлерге де аса қажет жоба. Бұл – дау-дамайға бағынбайтын, талқылауды қажетсінбейтін айқын аксиома. «Дарабоздың» Жұлдызы жана берсін!    Қанат Қайым, баспагер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Ол-Жас» баспасының директоры