Түркияда тағы жарылыс

Түркияда тағы жарылыс

Түркияда тағы жарылыс
ашық дереккөзі
Ыстамбұлдағы Ататүрік атындағы  әуежайда 2 бірдей жарылыс болды. Түрлі деректерге сенсек, 36 адам қаза тауып, соңғы мәлімет бойынша 150-ге жуық адам зардап шеккен. Түркия Президенті Реджеп Тайип Ердоған мұны теракт деп атап, қасиетті Рамазан айында бейкүнә адамдарды өлтірген қаскөйлердің іс-әрекетін сынға алды. Ердоған халықаралық қоғамдастықты терроризммен күресуді күшейтуге шақырды. Ал Түркияның Премьер-министрі Бинали Йылдырым: «Мұның барлығын ДАИШ-тың  ұйымдастырғаны байқалады, тексеру жалғасып жатыр»,  – деді. Өзге мәліметтерге қарағанда, шабуылшылар автоматтармен оқ жаудырып, кейін өз өзін жарған. Куәгерлердің сөзіне қарағанда, қаскөйлердің бірі әуежайдың кіреберісінде орналасқан металл іздейтін жабдықтың қасында шоғырланған адамдардың арасында тұрып жарылғыш затын іске қосқан. Бейбіт тұрғындар терминал ғимаратынан қаруланған төрт адамның қашып бара жатқанын байқап қалған. Жарылыс әуежайдың кіреберісінде, шығатын жолда және көлік тұрағында болыпты. Ыстамбұл халықаралық әуежайындағы барлық рейстер кейінге шегерілді. Жолаушылар қонақ үйлерге жайғасты. Қайғылы оқиғаға байланысты Қазақстан президенті Түркия басшысына көңіл айту жеделхатын жолдады. Жеделхатта Ыстамбұл қаласы әуежайындағы жантүршігерлік оқиға салдарынан көптеген жазықсыз адамдардың қаза болғаны және зардап шеккені туралы хабарды Қазақстан Президенті зор күйзеліспен қабылдағаны аталып өткен. Нұрсұлтан Назарбаев күллі мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айында террорлық акт жасалғаны ешкімді бей-жай қалдырмағанын айтты. «Қазақстан әлемдік қауіпсіздікке қатер төндіретін халықаралық экстремизм мен терроризм әрекеттерін қатаң айыптайды. Ыстамбұлдағы жантүршігерлік оқиға қандыбалақ радикалды топтар мен олардың идеологиясына өркениетті қоғамда орын жоқ екенін тағы да растады», – делінген жеделхатта. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев қаза болғандардың жақындары мен туыстарына, сондай-ақ бүкіл Түркия халқына Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестігін білдірді.