Жаңалықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев Тұңғыш Президентке арналған монументтің ашылуына қатысты

ашық дереккөзі

Қасым-Жомарт Тоқаев Тұңғыш Президентке арналған монументтің ашылуына қатысты

Қасым-Жомарт Тоқаев онлайн режимде Ұлттық қорғаныс университетіндегі Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа арналған монументтің ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Ақорда.  Президент өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаевтың қазіргі Қазақстанның негізін қалағанын, егемен еліміздің стратегиялық даму жолын айқындап, халқымызды ортақ мақсатқа жұмылдырғанын атап өтті. – Тұрақтылық пен татулық, береке мен бірлік – Елбасының сарабдал саясатының нәтижесі. Кез келген мемлекеттің тарихында өшпес із қалдырған бірегей тұлғалар бар. Олардың сіңірген еңбегін бағалай білу және жан-жақты дәріптеу – өскелең ұрпақтың парызы, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстанның Қарулы Күштері Тұңғыш Президенттің Жарлығымен құрылғандықтан, бұл монументтің Ұлттық қорғаныс университетінде орнатылуының символдық мәні зор. Елбасы еліміздің қорғаныс қабілетін арттыруға ерекше көңіл бөлді. Мемлекет ең қиын кезеңдердің өзінде де заманауи қару-жарақ алу, отандық қорғаныс өнеркәсібі кешенінің қуатын арттыру, әскери қызметшілерді баспанамен қамтамасыз ету, жалақыларын уақытылы беру, жоғары зейнетақы төлеу міндеттерін оңтайлы шеше білді. – Халқымызда «Ел ерлерімен еңселі» деген қанатты сөз бар. Шын мәнінде, Қарулы Күштері қуатты мемлекеттің бірлігі бекем, абыройы асқақ болады. Сондықтан біз армиямыздың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қашанда баса мән береміз. Бұл ретте білім мен ғылымның алатын орны ерекше. Ұлттық қорғаныс университеті алдағы уақытта да білікті мамандар дайындау ісіне мол үлес қосады деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.