Жаңалықтар

Президент: «Астана» ХҚО-ның мүмкіндіктерін экономикалық өсімді қалпына келтіруге барынша жұмылдыру керек

ашық дереккөзі

Президент: «Астана» ХҚО-ның мүмкіндіктерін экономикалық өсімді қалпына келтіруге барынша жұмылдыру керек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана» халықаралық қаржы орталығы Басқару кеңесінің кеңейтілген отырысын өткізді, деп хабарлайды Ақорда.  Онлайн форматта өткен жиында қаралған негізгі мәселелердің бірі - Қазақстанның экономикалық өсімін қайта қалпына келтіру және аталған үдерістегі «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) рөлі. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде АХҚО биржасына былтыр Полиметалл, «Қазатомөнеркәсібі» ҰАК» АҚ және Halyk Bank секілді ірі корпоративтік компаниялардың акцияларының сәтті орналастырылғанын атап өтті. Қазақстан Президенті пандемия мен мұнай бағасының құлдырауынан туындаған жаһандық дағдарыс жағдайында және дамушы елдердің нарығынан капиталдың кетуі кезінде ұлттық экономиканы әртараптандыру үшін жаңа реформаларды жүзеге асыру қажет екенін айтты. Мемлекет басшысының пікірінше, АХҚО ел дамуының орта мерзімді перспективаға арналған стратегиялық бағытын айқындау аясында экономикалық бастамаларды жүзеге асыруға белсенді атсалысуы керек. – Ірі инвесторларды бір ғана ел аса қызықтырмауы мүмкін, ал сауда және өнеркәсіптік салалар бойынша байланысы мығым Еуразиялық одақ пен Орталық Азияның бүкіл аймағын елемеу қиын. Қазіргі жағдайда өңірдегі елдер арасындағы кез келген бәсеке өзара күш біріктіру және дамуға ынталандыру тұрғысынан қарастырылуы қажет деп санаймын. Инвесторлар осы елдердің біріне қызығушылық танытса, бұл өзге мемлекеттерге де табыс әкеледі деген сөз. Осыған орай АХҚО өзінің бірегей мүмкіндіктері арқылы өңірдегі елдерді байланыстыратын әмбебап платформа ретінде қызмет атқара алады, – деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржы орталығы шетелден тікелей инвестиция тарту үшін өзінің әлеуетін толық пайдаланатынына сенім білдірді. АХҚО-ның мүмкіндіктері экономикалық өсімді қайта қалпына келтіру үшін барынша жұмылдырылуы керек.