2 Шілде, 12:32 1629 0 Атажұрт Анар ЛЕПЕСОВА

Франциядағы қазақ қызы: Атажұрттың қолдауына қатты риза болдым

Соңғы екі-үш күнде Фран­­цияның солтүстігінде орналасқан Крейл қаласы әкі­мінің орынбасары лауазымына та­ғайын­дал­ған қазақ қызы Иесин Махмұтқызы Саваш туралы шетел­дік және қазақ­стан­дық БАҚ жарыса жазуда. Өз ортасында жас та болса, бас болып жүрген жиырма тоғыз жастағы Иесин ХIХ ға­сырдың соңы мен ХХ ға­сыр­дың басында Қытай­да­ғы ұлт-азаттық көтерілістің бас­шысы, қайсар тұлға Сә­битұлы Зуқа батырдың шө­бересі. Әкім орынбасары қыз­метіне сайланғанына небәрі бір-ақ күн болған даңқты тұлғаның ұрпағы Ие­син қан­дасымызбен ар­найы хабарласып, сұхбат­тас­қан едік.

– Иесин, жаңа қызметіңіз құт­ты болсын! Соңғы күндері әлеу­мет­­­тік желі арқылы айтылған құт­­тық­таулар легін оқып тауыса ал­­май жатқан боларсыз. Қазақ­стан­дағы бауырластарыңыздан мұндай қолдауды күтпеген се­кіл­дісіз?

– Рақмет! Шыны керек, мұндай қол­дауды күтпедім. Сонау Қазақстаннан сіз осылай хабарласып, сұхбаттасады деп те ойламадым. Әлеуметтік желі, сонымен қатар қазақстандық БАҚ мені елеп-ескеріп, жаңалық қылып жазғанына қуанамын. Кешелі бері Қазақстаннан, Түркіменстан, Моң­ғолиядан толассыз қоңырау шалып, тани­тыны бар, танымайтыны бар, көп­теген хабарлама жіберіп жатыр. Мүм­кін­дігін­ше барлығына жауап беруге тыры­суда­мын. Шынымды айтсам, бұл маған ерекше серпін берді. Атажұрттағы елдің ма­ған осылай ерекше қолдау білдіріп жат­қаны мені қанаттандырады, бойыма қуат береді. Өте риза болдым.

– Көпшілік сізді енді танып жа­тыр. Десек те, өзіңіз және отба­сыңыз туралы мәліметті өз ау­зыңыз­дан естісек.

– Мен 1991 жылы 21 қазанда Париж қа­ласында дүниеге келгенмін. Отбасында бес адамбыз. Әкемнің есімі – Махмұт. Ол кісі Франциядағы қазақтар қауым­дас­ты­ғының президенті. Анамның есімі – Әми­на. Кондитерлік салада қызмет етеді. Өзім­нен кейін інім Ясин мен сіңлім Дилара бар. Өзіме келсем, жергілікті мемлекеттік бас­қару бойынша бакалавриат, сонымен қа­тар, білім беру ісі бойынша магистратура бө­лімін аяқтадым. 2017 жылдан бастап Крейл қаласында орта мектепте сабақ бере­мін.

– Қытай қазақтарының азат­ты­ғы үшін күрескен атақты Зуқа ба­тыр­дың шөбересі екенсіз. Жалпы, атаңыз жайлы не білесіз?

– Иә, мен аты аңызға айналған Зуқа ба­тырдың шөбересімін әрі ол кісінің ұрпағы екенімді мақтан тұтамын. Ол мен үшін нағыз батыр! Әкемнің айтуынша аз-маз білемін, десек те алдағы уақытта ол кісі ту­ралы егжей-тегжей мәлімет білу мақса­тында Алтай өңіріне арнайы барғым ке­леді. Жергілікті ағайыннан ата-бабаларым­ның өмір жолы мен тұрмыс-тіршілігі туралы сұрастырғым келеді. Сонымен қ­а­тар Алтайдан кейін Қазақстанға сапар шек­кім келеді. Әлі күнге дейін  Қазақстанда болмағанмын, сол себепті бұл елмен бай­ланыстының барлығы қызықты. Қа­зақстан­ның топырағын басып, жергілікті тұрғындармен көзбе-көз танысу мен үшін үлкен құрмет болар еді.

– Мектепте сабақ бере жүріп, мем­лекеттік қызметке араласу идея­сы неден туындады?

– Негізі мен бұл салаға мектепке ор­наласқанға дейін қызыққанмын. 2012 жы­лы жастар арасындағы халықаралық іс-шараларға қатысудан бастадым. Сосын Крейл қаласындағы Жастар кеңесінің мү­ше­сі болып сайландым. 2014 жылы партия­мыз іріктеуден өтіп, сайлауда жеңіске жет­тік. Мен мұнда 2014-2020 жылдар ара­­лығында халықаралық қатынастарға жауапты маман қызметін атқардым. Сосын осыдан үш күн бұрын біздің партия тағы да жеңіске жетіп, нәтижесінде мен қала әкімінің орынбасары қызметіне та­ғайын­далдым. Бұл қызметімде мен мәде­ниет саласына баса көңіл бөлетін боламын. Осы ретте айта кететін жайт, Крейл мен Қазақ­станның бір қаласының арасында  мәде­ниет­ке қатысты арнайы бір жоба неге бас­тамасқа? Талқыдан өткізіліп, іске асыру­ға болатын ұсыныстар табылады деп ой­лай­мын.

– Десек те, қыз балаға басқару­шы­лық қызметі оңайға түспейтіні анық. Гендерлік теңсіздік те орын ала­тын жайттар көп кездеседі. Сіз жақ­та қалай? Мұндай реакцияны бай­қамадыңыз ба?

– Өкінішке қарай, гендерлік теңсіздік әлі де бар. Жалпы, Францияның мемлекет­тік басқару ісінде 50 пайыз әйел,  50 пайыз ер адамдар болуы қажет. Негізінен, Фран­циядағы әкімдердің көпшілігі ер адамдар. Бұл үрдісті өскелең ұрпақ өзгертіп, әйел­дердің де тең құқылы екенін дәлелдейді деп күтемін. Оның үстіне менің оқиғам бас­қару ісінде паритеттің бар екенінің ай­қын мысалы, десек те алдағы уақытта сая­сат әлемінде гендерлік теңсіздіктің күші жойылу керек.

– Әкеңіз Франциядағы қазақ­тар қауым­дастығының президен­ті. Қауым­дас­тықтың іс-шара­лары­на көз қырын сала жүріп, біздің мә­де­ниеттен ажырай қоймаған бо­ларсыз?

– Әкем – менің мақтанышым, мен үшін үлгі тұтарлық тұлға. Мен сізге мынаны ай­та кетейін, өзге елден  екінші бір мемле­кет­ке көшіп келіп, мұнда жан-жаққа шашыл­ған бір ұлттың адамдарын жинау оңай шаруа емес. Сол себепті де әкемнің атқарып жүр­ген ісіне сүйсінемін. Мәдениетті сұра­саңыз, әкемдей насихаттаушы тұрғанда қалай ұмытайын? Франция қазақтары жиі жиналып тұрамыз, кездесе қалғанда қазақша сөйлесіп, тілімізді, мәдениетімізді, өне­рімізді жоғалтпауға тырысамыз. Фран­цияда жүрсек те, осы құндылықтарымызды үлкенімізден кішімізге дейін сақтап жүруге талпынып жүрміз.

– Франция қазақтары демекші, сөз арасында сайлау барысында сол елдегі қандастарымыз бір қауым ел болып жиналып, ерекше қол­дағанын айтып қалдыңыз...

– Иә, осыны ерекше атап айтқым ке­леді. Менің үлкен жанұямнан бөлек, Фран­циядағы қазақ достарым маған ерекше қол­дау көрсетті. Біз барлығымыз бір-бірі­мізді жақсы танимыз. Тіпті, көршілес жат­қан өзге еуропалық елдерде тұратын қа­зақтарды да танимыз, дастарқандас бол­ғанбыз. Сол себепті Франция ішінде де, сырт­тан да қолдау көп болды. Алдағы уа­қыт­та қолым қалт еткенде жақын маңда тұра­тын қазақ бауырларыммен жеңісімді бір­ге тойлаймын деп үміттенемін.

– Ата-бабаңыздың жүріп өт­кен жолымен танысу үшін Қа­зақ­стан мен Алтай өлкесіне  келу­ден бөлек, тағы қандай діт­­теген мақсаттарыңыз бар?

– Басты мақсатым – жоғарыда сөз ет­кен гендерлік теңсіздікпен күресу және әйел­дер құқығының бұзылмауына жол бер­меу, әділеттілікті дәріптеу. Сонымен қа­тар  жастардың мүддесін қорғауды көз­деймін. Жалпы айтқанда, әйелдер мен жас­тардың қоғамдағы рөлін нығайтқым ке­леді. Болашақта осыған тікелей құ­зыретті бола алатын үлкен қызмет атқар­ғым келетінін жасырмаймын. Осы қар­қын­мен бұдан да маңызды лауазымдарға ақы­­рындап шығамын деп ниеттеніп отыр­мын. Менің саяси қызметім баяу қарқын­мен дамып келе жатса да, басқан қадамым нық, болашағым айқын. Саясаттағы өз жо­лымды осыдан бірнеше жыл бұрын Жас­тар кеңесінің жас мүшесі болып бастасам, бүгінде қала әкімінің орынбасары қыз­ме­тіне дейін жеттім. Әрмен қарай әкім болу бақыты да бұйырып қалар. Бастысы – өзіме деген сенімділігім жоғалмаса бол­ғаны!

– Өзіңіз секілді басқару ісіне қы­­зығып жүрген жандарға қан­дай ақыл-кеңес айтасыз?

– Мұндай амбицияға толы әрі жас, әрі бі­лімді қазақ қыздарына бар айтарым – тек қана алға! Біздің, соның ішінде қазақ қыз­­дарының кейбір ұлттармен салыстыр­ғанда мемлекеттік басқару ісіне араласуға үлкен мүмкіндігі бар. Себебі қай жағынан болсын, теңдікті қолдайтын ұлт екенімізді күллі әлем біледі. Әлдеқандай әділетсіздікті жақ­тырмай, әсіресе әйел затын ерекше құрметтейтінімізді де көпшілік жақсы біледі. Қазақтар білім беру ісі, саясат, ден­сау­лық сақтау және тағы басқа салаларда ше­шім қабылдауда әйелдерді ерекше қолдайды, олардың айтқанына құлақ түретінін білемін, естимін және көріп те жүрмін. Бұл біздің халыққа тән керемет ерекшелік, өзіндік сипат, сол үшін де әйелі мен ерін теңдей сыйлаған қазақ қызы бол­ғанымды мақтан тұтамын. Бастысы, біздің халыққа тән қасиет батыл мінезден арыл­мауы керек. Әсірелеп айтсам, өмірде ас­пандағы айға қол жеткізуді армандау ке­рек, сол кезде барып қана жұлдыздардың ара­сына орнығып, көкте жарқырап, жан-жа­ғыңа жарық шашып жүресің.

Әңгімелескен

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Соңғы жаңалықтар