Елбасы және ел руханияты

Елбасы және ел руханияты

Елбасы және ел руханияты
ашық дереккөзі
Мемлекеттің мықтылығы елге рухани тірек болатын құн­ды­лықтарға мән беріп, мемлекет құраушы ұлттың мәдени мұраларын ел игілігіне жаратуынан көрінеді. Әлем картасына өзгеріс енгізіп, тәуелсіз мемлекетке айналған жаңа дәуірдегі жаңа Қазақстанның үлкен жетістігінің бірі − ел көлемінде тарихи-мәдени ескерткіштерді жаңғыртып, қазақ ұлтының өте бай мәдениетке ие халық екенін танытуы болды. Әрине, қазақ даласында кезінде өркениеті дамыған қалалардың болғаны және қазақ халқының телегей теңіз әдеби, мәдени мұраларға ие екені бұрыннан белгілі еді. Бірақ соның бәрін түгендеп, жүйелеп, жинап, толықтырып біртұтас дүниеге айналдыру ісі ХХІ ғасырда ғана жүзеге асты. Әрбір үлкен істі бастамас бұрын оның тетіктерін тауып, жүзеге асыру үшін алғышарттар жасалатыны белгілі. Бұл тұрғыдан алғанда, рухани жағынан мықты, идеологиялық тұрғыдан біртұтас күшті мемлекет болу үшін ең алдымен мықты демография керек екені белгілі. Осыны жақсы түсінген Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев күллі әлемдегі қазақ азаматтарын атажұртына жинауды ойлады. Осылайша, Елбасының бастамасымен 1992 жылғы 28 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Қазақстанның сол кездегі астанасы Алматы қаласында

Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы

өткізілді. Құрылтайға Қытай, Ресей, Моңғолия, Түркия, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан, т.б. елдерде өмір сүріп жатқан қазақтар қатысты. Құрылтай қарсаңында  әлемдегі қазақтың саны 10 млн 537 мыңға жеткен еді. Алғашқы құрылтайға ТМД елдерінен 350 адам және  шет елдерден делегаттар қатысты. Құрылтай делегаттары Түркістан, Жезқазған, Ұлытау сияқты еліміздің ежелгі саяси-әлеуметтік, мәдени орталықтарында болды. Құрылтай жұмысын елуден аса телерадиокомпаниялар екі жүзден аса журналистер насихаттады. Құрылтай күндері «Қазақтар: кеше, бүгін және ертең» деген тақырыпта ғылыми конференция өтіп, онда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев «Құшағымыз бауырларға айқара ашық» деген тақырыпта баяндама жасады. Міне, содан бері Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы бірнеше рет өтіп, шетелдердегі қазақты тарихи Отанына көшіріп алу жұмыстары белсенді насихатталып келеді. Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайында

Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы

құрылып, оның төрағасы болып Нұрсұлтан сайланды. Бұл орта­лыққа дүние­жүзіндегі қазақтардың өмірін жан-жақты зерттеп, олардың әлеуметтік-экономика, мәдени, рухани тыныс-тірші­лі­гіндегі мәселелерді шешу міндеттері жүктелді. Осылайша, Дүниежүзі қазақ­тарының қауымдастығы құрылғалы бері Дүниежүзі қазақтарының төрт құрылтайы өткізіліп, қауымдастық жүргізген үгіт-насихат жұмыстарының нәтижесінде 28 жыл ішінде алыс-жақын шетелдердегі бір жарым миллионға шамалас қазақтар атажұртына оралып, қоныстанды. Бұл да жас тәуелсіз елдің ұлттық демографиясын көтерудегі үлкен жеңісі болды. Салыстыра кетейік, Тәуелсіздік қарсаңында (1991 жылы)  Қазақстанда 16 жарым миллион­дай адам болса, оның қырық пайызы ғана жергілікті ұлт өкілдері еді. Бірақ кейін елімізден өзге ұлт өкілдері өздерінің та­рихи Отанына көшіп кету үдерісі бас­тал­ғанда, халық саны азайып, тек арадан 14 жыл өткенде (2013 жылы) ғана 17 мил­лионға жақын­дады. Қазір ел тұр­ғын­дарының саны 19 миллионнан асты, ал мемлекет құраушы ұлттың саны 70 пайыз­ға жетті. Бұл осыдан 28 жыл бұрын Қа­зақ­стан басшылығы қолға алған шара­ның жемісі деуге болады. Әлемдегі қазақтармен тығыз байланыс орнатып, оларды Қазақстанға көшіріп алу мәселесі жолға қойылғаннан кейін қазақ атын алып отырған мемлекетте мемлекет құраушы ұлтқа тиісті тарихи, мәдени мұраларды түгендеп, оларды насихаттау жұмысын бастау қажет екенін ойлаған Елбасының бастамасымен

 «Мәдени мұра» бағдарламасы

атты теңдессіз жоба дүниеге келді. «Біздің елімізде Мысыр пирамидалары және римдік колизейлер жоқ, бірақ Қазақстан аумағында көне дәуірде өмір сүрген көшпелілердің рөлі Еуразия үшін ғана емес, сондай-ақ әлемдік тарих үшін бағасыз. Біз дала өркениетінің ұлылығын әлемдік деңгейде көрсетуіміз керек. Бұл – «Мәдени мұра» бағдарламасының басты тапсырмаларының бірі», – деді ол туралы Н.Ә.Назарбаев. 2004 жылы басталған «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыру басында екі жылға есептелген еді. Кейін бағдар­лама­ның маңыздылығы мен ауқымы есепке алынып, оны жүргізу тағы екі кезеңге созылды. Осылайша, бағдарлама бойынша 2007-2009 және 2009-2011 жылдарда бір­не­ше салада көлемді жұмыстар атқарылды. Бағдарлама арқылы тарих һәм мәдени мұра саналатын 78 ескерткішке  рес­тав­ра­ция жұмыстары жүргізіліп, толық аяқ­тал­ды. Тарихи тегіміз жайында құнды мәлі­мет беретін мыңдаған артефактілерге қол жеткізген 26 ғылыми-қолданбалы, 40 ар­хеологиялық зерттеу жүргізілді. Шығыс Қазақстан облысындағы Шілікті, Берел қорғандарына жүргізілген қазбалардан «скиф-сібір аң стилі» өнеріне жататын алтын бұйымдар (б.з.д. V-III ғғ.) табылып, әлемге әйгілі болды. Алғаш рет еліміздегі ескерткіштердің кең масштабты инвен­таризациясы өткізіліп, респуб­лика­лық маңызы бар 218 нысан, жергілікті маңызы бар 11 277 нысан анықталып, сол арқылы тарих пен мәдениет ескерт­кіш­терінің тізімі бекітілді. Сондай-ақ  Қытай, Түркия, Моңғолия, Ресей, Жапония, Мысыр, Өзбекстан, Армения және АҚШ пен Батыс Еуропаға ғылыми-зерттеу экспе­дициялар жіберіліп, тарихқа, этног­ра­фияға, Қа­зақстан өнеріне байланысты 5 мыңнан астам құнды құжаттар, қолжаз­балар мен баспа өнімдері алынды. Сонымен бірге алғаш рет «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қазақ тілін­дегі сапалы гуманитарлық білім беру қоры құрылып, бір жарым миллионнан астам тара­лыммен 537 кітап шығарылды. Атап айтсақ, қазақ халық әдебиетінен құралған 100 томдық «Бабалар сөзі»,  Еуропа, Аме­рика, Австралия, Африка, Азия мемлекет­терінің әдеби шығармашылығын қамти­тын «Әлемдік әдебиет кітапханасы», «Қазақ әдебиетінің тарихы», «Қазақ хал­қының ежелгі заманнан қазіргі кезге дейінгі филосовиялық мұрасы», «Әлемдік мәдениеттанушылық ойлар», «Эко­но­мика­лық классика», «Әлемдік философиялық мұра» серияларымен көптомдықтар басып шығарылды.  width= Ал халқымыздың музыкалық мәде­ниетін танытатын істерге келсек, орта ға­сырлардағы әуендерге, күйлер мен та­рихи өлеңдерге зерттеулер жүргізіліп, қазақтың дәстүрлі әндері мен күйлерінің «Мәңгілік сарын: қазақтың 1000 күй, 1000 әні» антологиясы шығарылды. Қазақ ұлттық мәдениеті тарихындағы аса ірі бұл жоба қазақ халық әндерінің түпнұсқалық орындауларын жинау, даярлау, өңдеу, рес­таврациялау, цифрландыру және оларды CD-дискілерге көшіріп шығару бойынша орасан зор жұмыстар атқарылуы нәти­жесінде жүзеге асты. «Мәдени мұра» бағдарламасы кино са­ласында да көптеген толымды еңбек­терді дүниеге келтірді. Атап айтсақ, бағдарлама аясында «Қазақфильм» АҚ киностудиясы ұлттық мәдениеттің маңызды тарихи орындары мен мұралары туралы «Мәдени мұра», «Қорқыт. Күй тарихы», «Номад­тар­дың музыкалық мұрасы», «Ежелгі Түр­кістан сәулет ескерткіштері», «Жүсіп Ата кесе­несі», «Тамғалы петроглифтері» т.б. 20-дан аса деректі фильм түсірді. «Мәдени мұра» ел ішіндегі ғана емес, шетелдегі қазақ тарихына қатысы  бар әйгілі тұлғаларға арналған жобаларды қамтыды. Олардың ішінде сәтті жүзеге асқан жобалар ретінде Дамаскідегі Сұлтан Аз-Захир Бейбарс кесенесінің, Каирдегі Сұлтан Бейбарс мешітінің реставрациясы, Дамаскідегі әл-Фараби тарихи-мәдени орта­лық және кесенесін салуды айтуға болады.  width= Дегенмен «Мәдени мұрадан» соң да бұл бағыттағы істер тоқтап қалған жоқ. Осы орайда Елбасының қолдауымен 2013 жылы «Халық – тарих толқынында» бағ­дарламасы арқылы әлемнің ең үлкен архивтерінен қазақ тарихына қатысты құ­жаттар жүйелі түрде жиналып, зерт­телгенін айта кеткен орынды болады. 2017 жылы 12 сәуірде Елбасының

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»

атты бағдарламалық мақаласы жария­ланып, онда көптеген жобаларды жүзеге асыру жайында айтылды. Атап айтқанда, «Ту­ған жер», «Қазақстанның киелі жерле­рі­нің географиясы» деген бағытында көп­теген жұмыс атқарылды. Мәселен, Қа­зақстан Ұлттық музейі жанынан құрылған «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы «Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары» жобасы негізінде ғылы­ми-сараптамалық кеңестің шешімімен жалпыұлттық маңызы бар қасиетті 100 нысан, жергілікті маңызы бар 500 нысан­ның тізімін жасады.  Сондай-ақ тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерін насихаттау мақсатында «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы өз дәрежесінде іске асты. «Рухани жаңғыру» идеясы еліміздің БАҚ-тарында жан-жақты насихатталды және қазірге кезге дейін соның аясында көптеген жобалар іске асуда. Шартты түрде «Ұлы Дала елі» атанған Қазақстан несімен ерекшеленеді деген сұраққа әлемдік қауымдастық алдында лайықты жауап беру жолында жасалған бағдарлама ретінде Нұрсұлтан Назарбаев­тың 2018 жылдың 21 қарашасында жария­ланған

«Ұлы даланың жеті қыры»

атты мақаласын айтуға болады. Онда ал­ғаш рет қазақ елінің әлемдік өркениетке қосатын үлесі туралы кеңінен айтылып, ұлы дала елінің бренді болуға тиіс құн­ды­лықтар нақты белгіленіп көрсетілді. Онда «Атқа міну мәдениеті» осында қалыптас­қаны, «Ұлы даладағы ежелгі металлургия» орындары болғаны, тау-кен өндірісінің ошақтары пайда болып, қола, мыс, мырыш, темір, күміс пен алтын қорытпалары алын­ғаны,  «Аң стилі» арқылы жануарлар бей­несін тұрмыста пайдаланып, оның адам мен табиғаттың өзара байланысының символына баланғаны, «Алтын адам» − дала халқы өз көсемдерін ерекше ұлықтап, оның мәртебесін құдірет деңгейіне кө­тергенін, жеріміздің ұлы көшпенділер империялары сабақтастығының айрықша моделін қалыптастырған «Түркі әлемінің бесігі» екенін, бір кезде Еуразияның Шығысы мен Батысы, Солтүстігі мен Оңтүстігі арасындағы сауда және мәдениет саласындағы байланыстардың транскон­тинентальді желісіне айналған «Ұлы Жібек жолы» ең алдымен әлемге қазақ жерінен басталғанын,  сол сияқты бүгінде әлемге «Қа­зақстан – алма мен қызғалдақтың ота­ны» ретінде танытуға болатыны айқын де­ректермен көрсетіліп, дәлелденген. Елбасының алдыңғы бағдарламасының жалғасы ретінде жарияланған «Ұлы Дала­ның жеті қыры» мақаласында айтылған жайлар өте ауқымды міндеттерді қамтиды. Енді оның орындалуы түрлі салада тер төгіп жүрген жекелеген азаматтарымызға ғана тиісті міндет емес, ол ұлттың рухани әлемін дамытып, ел мерейін өсіретін, Қа­зақ­станның тарихы тереңде жатқан іргелі мемлекет екенін танытатын бүкіл­халық­тық ауқымды іс. Тәуелсіз Қазақстанның ал­ғаш­қы отыз жылдық тарихында Елбасы басшылығымен жүзеге асқан мұндай жобалар болашақта сөзсіз жемісін береді. Мұнымен қоса қазақ елін әлемдік мәде­ниет­тің дамуына зор үлес қосқан мемлекет ретінде танытары сөзсіз.   Ахметжан ӘШІРОВ, жазушы-драматург, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:

 Ел бірлігін сақтап қалуы – қаһармандық

– Мен Елбасы жайында өте көп жаз­дым. Ол кісінің кітаптарын, ма­қа­лаларын оқи­мын, жеке басын сыйлаймын, қадір­леймін. Ал ұлт алдын­дағы еңбегіне келер болсақ, Тұң­ғыш Президентіміз елдің ты­ныш­­тығы мен берекесін бірінші орынға қой­ды. Еліміз тәуелсіздік алғалы бергі 30 жыл­ға жуық уақытта жердің тұтастығы, х­а­лықтың бірлігін сақтап қалғаны – қаһар­мандық. Ел астанасын Алатаудан Арқаға ауыс­тырып, қазақ даласында жаңа қала салып, елордасын көтерді. Менің «Астана» деген публицистикалық дра­мам осы ел астанасына арналған. Елор­да жұртшылығы жылы қабыл­даған шығармам биыл Елба­сының туған ауылында көрсетілуі тиіс бол­­ған. Бұл шаруа індетке байланысты тоқ­тап тұр. Шындығында,  халықтар дос­тығын сақ­тау, оны дәстүрмен са­бақ­тас­тыра жал­ғау – үлкен мәселе. Елбасының еңбегін бүгін­гі жастар жақсылықпен жалғастырып әкет­се деймін. Тәуелсіздіктің 30 жылға жуық кезеңі – көп уақыт емес. Осы жылдар ара­лығында халқымыз да көп жұмыс іс­теді, қаншама қиын­шылыққа шыдады. Хал­қ­ымыздың өзі де Президентпен бірге ерлік жасады. Бүгінгі күнде айтылатын алып-қаш­па сөздер мен пікірлер уақытша нәр­­се. Өйткені тарихта еңбек еткен адам­ның аты қалады. Елім, халқым аман болса екен деп тілеймін!