Тұрақ ақысын төлемеген алматылықтар 6 мың теңге айыппұл төлейді

Алматы әкімдігі қала көшелеріне паркоматтар орнатып, көлік тұрақтарының жағдайын реттеуді қолға алды. Бұдан былай көлігін тұраққа қойғаны үшін ақы төлемегендер 3 АЕК көлемінде айыппұл төлейтін болады.

Көлік тұрағының ақысы бұрынғыдай жасыл күртке киген тұрақ қызметкерлеріне емес, паркоматқа төленуі шарт. Көлігін орналастырып болғаннан кейін жүргізуші темір тұлпарының мемлекеттік нөмірін терминалға теріп тіркеуі керек. Одан кейін ақысын төлеуге міндетті. Алғашқы 15 минут тегін. 1 сағаты – 100 теңге. Тұраққа ақысын төлемеген жүргізушілерге 3 АЕК көлемінде, яғни 6363 теңге айыппұл салынады.

Мұндай паркоматтар әзірге Алматы қаласының бір көшесінде ғана орналасқан. Үш терминал жүргізушілерден төлем қабылдауда. Ал шілденің соңына дейін тұрақ паркоматтары мегаполистегі 9 ірі көшеде пайда болмақ. Атап айтсақ, Нұрлытау бизнес орталығы, сауда қақпасы атанған «Барахолка» маңына төлем терминалдары орнатылады. Сонымен қатар, Достық даңғылында, Гоголь көшесі, Жібек жолы, Пушкин және Мақатев көшелері де осындай паркоматтармен жабдықталмақ.

Back to top button