Жаңалықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев үш әкімге сөгіс жариялады

ашық дереккөзі

Қасым-Жомарт Тоқаев үш әкімге сөгіс жариялады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше әкімге сөгіс жариялады. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли желідегі парақшасында жазды. «Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің таралуына қарсы шаралар қабылдау жөніндегі кеңесте өздеріне жүктелген міндеттерді шала орындаған бірқатар шенеуніктің жұмысын сынға алды. Осыған байланысты Мемлекет басшысы жұмысына салғырт қарағаны үшін Шымкент қаласының әкімі М.Әйтеновке, Ақтөбе облысының әкімі О.Оразалинге, Павлодар облысының әкімі Ә.Сқақовқа және Ведомствоаралық комиссияның төрағасы Е.Тоғжановқа сөгіс жариялады», деді Берік Уәли. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А.Көлгіновке, Алматы қаласының әкімі Б.Сағынтаевқа, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі А.Жұмағалиевке ескерту жасалды. «Атырау, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне өңірлердегі ахуалды реттеу қажеттігін ескертті. Аталған мәселе барлық облыстың басшыларына да қатысты екенін айтты», - деп толықтырды Б.Уәли.