Жаңалықтар

Ұлттың ұлағатты көшбасшысы

ашық дереккөзі

Ұлттың ұлағатты көшбасшысы

Ел басына күн туғанда қарапайым халық ер азаматына үміт артатыны атам заманынан жалғасып келе жатқан үрдіс. Қазақстан халқы да сол дәстүрмен Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа сенім жүктегенін ұмытқамыз жоқ. Ел ерге қарағанда ер жерге қарамай, алысты болжады. Бір елді 30 жылдан астам уақыт басқарған саяси тұлға үшін көтерер жүк ауыр екені әмбеге аян. «Мал баққаннан ел баққан қиын». Қазақстан-аяғынан жаңа ғана қаз тұрған, жас мемлекет. Ел басынан үміт күтумен қатар, сын көзімен қарап, талап қоюшылар да болуы заңды құбылыс. Алыпқашпа сөздерді де естіп жүрміз. Бірақ, Нұрсұлтан Әбішұлы сын сағаттардан сүрінбей өтті. «Өркениеттің Қазақстандық моделі» деген ұғымды дүниеге әкелді. Н.Ә.Назарбаевтың саяси, экономикалық, әлеуметтік саладағы ұстанымын болашақты меңзеген бағдарламаларынан танимыз.Ол әуелгі кезекте ел іргесін қымтауға бағышталған саяси болжамға басым назар аударып, саяси тұрақтылық пен ұлтаралық береке бірлікті сақтай отырып, бір орталықтан басқару жүйесін ыдыратпай, әлем үрдісіне ілесуді көздеді. Өркениеті озық елдер мен «ТМД» сияқты көршілес мемлекеттердің және түркі әлемінің қолдауын тауып, ынтымақтастықты нығайта білді. Төрт құбыласын тең ұстады.Сонымен қатар, көбесі сөгілген Кеңестік жүйенің салдарынан құлдыраған экономиканы жандандыру, халықтың әлеуметтік тіршілігін біртіндеп көтеру үшін өркениетті елдердің көмегі мен әлемдік жетістіктерге сүйену, шет ел инвестициясын тарту, ішкі мүмкіндіктерді барынша сарқа жұмылдыру арқылы ел экономикасын қайта көтерді. ҚР Тұңғыш Президентінің сайыпқыран саясатының арқасында бұл тарапта да көздеген мақсаттар табысты жүзеге асты. Өндіріс орталықтары жаңадан орнап, қала мен даланы жалғаған инфрақұрылымдар жаңаланды. Жаңа елордамыз, Экспо орталығы сияқты ұлы өзгеріс, жасампаз істер батыл, іскер бастамашылықтың тікелей жемісі. Экономикалық әләует пен әлеуметтік деңгейдің көтерілуі ұлттық рухты жебеп, рухани жағынан ояну мүмкіндігін кеңейтті. Өткеннен тағлым алып, келешекке дұрыс бағдар беру үшін Нұрсұлтан Әбішұлы қайрат қажырын, білім парасатын толық жұмылдырды. Толғамды ой пікірге толы шығармалары мен жыл сайынғы жолдаулары, «Ұлы даланың жеті қыры», «Рухани жаңғыру-Келешекке бағдар» сияқты құнды мақалалары соның дәлелі. Н.Ә.Назарбаевтың бастамашыл, алғырлығы, бастаған ісін соңына дейін жеткізетін іскер, табандылығы, саяси сезімталдығы алға қойған мақсаттарды жүзеге асырудың бірден-бір шынайы факторы болды. Көптеген елдермен дипломатиялық қатынасты ұтымды жүргізу арқылы екі жақты ынтымақтастықты нығайтып,  Еуразия экономикалық одағын құру бастамасын көтеріп, Түркі әлемінің назарын аударып, БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесін басқару құқығына ие болуы, ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі  Қазақстан Республикасының халықаралық беделін көтерді. Халықаралық қатынас аясында Моңғолия мен Қазақстанның ынтымақтастық қатынасының негізін қалап, жан-жақты өрбітуде Н.Ә.Назарбаевтың атқарған рөлі аса маңызды. Елбасының 1993, 2000 жылдарғы Моңғолияға келген екі реткі ресми сапары мен  1997 жылы Моңғолия президенті Н.Багабанди мырзаның Қазақстанға жасаған ресми сапарында  өз басым Моңғолия мен Казақстан Парламентаралық тобын басқарғаным үшін екі еларалық үш мәрте келіссөзге қатынасып, екі жақты шешімдер қабылданған тарихи кезеңдердің куәсі болып едім.