Б.Байбек: Америкалық және отандық сарапшылар праймеризге қатысушылар арасындағы дебаттардың маңыздылығын атап өтті
Б.Байбек: Америкалық және отандық сарапшылар праймеризге қатысушылар арасындағы дебаттардың маңыздылығын атап өтті
«Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек The Washington Times газетінде жарық көрген американдық сарапшы Джесси Джейн Даффтың "How democracy is growing in Kazakhstan" атты мақаласына қатысты пікір білдірді.
"АҚШ-тың беделді басылымында мұндай мақаланың жариялануы бұл елдің өңірдегі қоғамдық-саяси өзгерістерге деген айтарлықтай қызығушылығын аңғартады. «Nur Otan» партиясы ауқымды қайта жандануды жүргізіп, өз праймеризін іске қоса отырып, тұрақты түрде демократияны қолдап келе жатқанын көрсетіп отыр. Американдық сарапшы да осыны атап көрсеткен.
Еліміз Тәуелсіздігін алған сәттен бастап өзін демократиялық, құқықтық, әлеуметтік мемлекет ретінде дамытып келеді. Қоғамдық-саяси қарым-қатынастарды либералдандырудың қазіргі нәтижесі – Тұңғыш Президент, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың еңбегі", - деп жазды Б.Байбек Faceebook парақшасында.
Оның айтуынша, пропорционалды сайлау жүйесіне көшу партиялық жүйенің даму процесіне жол ашып, алдағы сайлауларда сапалы партиялық тізімдердің рөлін күшейтпек.
"Елбасының тапсырмасымен өткен жылғы тамызда «Nur Otan» «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам» атты партияны қайта жандандыру бағдарламасын қолға алды. Партиялық кадрлық резервке пилоттық іріктеу бойынша ауқымды жұмыс атқарылды, Мәжіліс пен мәслихаттардағы депутаттық фракциялар жұмысы жандандырылып, барлық деңгейде партиялық жауапкершілік күшейтілді. Ауқымды деңгейде партияның «қатары тазартылды», көптеген партиялық комиссиялар мен бастауыш ұйымдар оңтайландырылды, «көрінім» үшін өткізілетін іс-шаралар саны қысқартылды. Партияның қоғамдық қабылдаулары, оның ішінде онлайн-ресурстары арқылы халықпен тікелей коммуникация жасаудың тиімді жүйесі жолға қойылды. Зерттеулерге сәйкес халықтың құқығын қорғау мәселесі бойынша партияға сенім соттан кейін екінші орында тұр", - дейді партия Төрағасының Бірінші орынбасары.
Сондай-ақ, Бауыржан Байбек Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың сабақтастық саясаты аясында «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес елдің қоғамдық-саяси саласын либералдандыру процесіне жаңа серпін бергенін атап өтті.
"Бір жыл ішінде біраз заңдарға, оның ішінде сайлауларға қатысты өзгерістер енгізілді, әйелдер мен жастар үшін арнайы квоталар белгіленді, бейбіт жиындар ұйымдастыру мен өткізу талаптары жеңілдетілді, сондай-ақ парламенттік оппозиция мәртебесі заңмен бекітілді. Нәтижесінде қазіргі кезде Қазақстанда саясаттанушылар мен сарапшыларды толғандырып жүрген саяси жаңғыруға қатысты барша мәселелер бойынша елеулі өзгерістер іске асырылды. Партиялардың бәсекелестігі үшін тиісті жағдай жасалды, бұл демократияға қарай эволюциялық тұрғыдан алға басуды қамтамасыз етеді.
Партиямыздың алдында үміткерлерді партияішілік іріктеу шарасы тұр. Бұл бүкіл ел көлемінде алғаш рет өткізілмек. Праймериздің міндеті – лайықты әрі мықты лидердерді тарту және «Nur Otan»-ның халықтық партиялық тізімін қалыптастыру. Бұл ретте белсенді әйелдер мен жастар ауқымды деңгейде барынша қамтылмақ.", - деп жазды Б.Байбек.
Оның сөзінше, бәсекелік іріктеу үміткерлердің жеке жауапкершіліктерін арттырып, сайлаушылардың сеніміне ие болған, беделді лидерлерді анықтауға мүмкіндік береді. Осылайша бұл партиялық желі бойынша бірегей әлеуметтік лифтке айналмақ.
"Американдық және өзіміздің сарапшылардың қатысушылар арасындағы жария дебаттардың маңыздылығын атап өтуі кездейсоқ емес. Әлеуетті үміткерлер арасындағы дебаттар халықты өңірлік және жалпыұлттық мәселелерді талқылауға барынша қатыстыруға мүмкіндік береді.
Бірқатар ресурстар мен авторлардың еліміз туралы жағымсыз сипаттағы жарияланымдарды ықыласпен таратып, түсіндірмелер жазып, ал мұндай мақалаларды елеусіз қалдыратыны байқалады.