Соғыста қиратылған мәдени құндылықтар

Соғыста қиратылған мәдени құндылықтар

Соғыста қиратылған мәдени құндылықтар
ашық дереккөзі
ХХІ ғасыр адамзат баласын ақыл-ой биігіне көтеріп, ғылым мен техникаға қарқынды даму үрдісін әкелсе де – адам бойынан орта ғасырлық тағылықты біржола қуып шыға алмады. Кейбіреулердің айтуынша, вандализмнің күшеюіне діни фанатизмнің үлкен әсері болып отыр. Бірақ соғыс қимылдары, кескілескен ұрыстар – ескерткіштердің ең үлкен жауы. Соның кесірінен ғасырлар бойы сақталып келген, адам қолымен жасалған өте маңызды мәдени ескерткіштер қирап, бүлініп барады. 2001 жылы Ауғанстанның Бамиан аймағындағы тауға ойып салынған биіктігі 55 және 37 метр болатын екі бірдей Будда ескерткіші біржола қиратылды. Сол тұста Ауғанстанға билік жүргізген талибандар аталған ескерткіш тұрған жерді қару-жарақ қоймасына айналдырған еді. 1997 жылы Бамианға шабуылдаушы тәліптер әскерінің басшылығы сол аймақ өз бақылауларына өткен соң, ол жердегі «жалған пайғамбарлардың ескерткіштерін қирататындығын» мәлімдеген болатын. Бірақ «Талибан» қозғалысының Кандагар қаласындағы штаб-пәтерінің басшылығы бұл мәлімдемені жоққа шығарды. Талибандар «Бамиандағы әлемдік маңызы бар мәдени ескерткіштерді сақтайтынын» білдіріп, өздерінің қару-жарақ қоймасын басқа жаққа көшірді. Сонымен бірге тарихи ескерткіштерді қорғау бюросын құрды. Бірақ бұл кезде Бамиандағы алып ескерткіштер бүліне бастаған-ды. 2001 жылы Бамиан аймағы тәліптер мен оның қарсыластарының қолына кезек-кезек өтіп тұрды. Сол жылдың 5 наурызында бір куәгердің айтуынша, талибан әскерлері ескерткіштерді ірі калибрлі зеңбіректерден атқылаған. Оның алдында Лондоннан шығатын «Таймс» газетінің Исламабад қала­сын­дағы тілшісі Захид Хусейн «Талибан» қозғалысының басшылығы бүкіл Ауғанстан аумағындағы пұт құдайлардың ескерткіш мүсіндерін қирату туралы жарлық бергенін жазған еді. Ұзамай тәліптер жетекшісі молла Омар: «Алланың қолдауымен қолдан жасалған пұт-құдайлардың быт-шыты шыққанын бүкіл мұсылман қауымы мақтаныш етеді», – деп мәлімдеді. Ал Ирактағы 2003-2011 жылдар аралығындағы қақтығыстарда Бағдад қаласы маңында орналасқан ашық аспан астындағы Вавилон мұражайы зардап шексе, ескі Иштар қорғанының қабырғалары айтарлықтай бүлінді. Тіпті сол жердегі ежелгі сарайдың төбесі тікұшақ қонатын алаңқай ретінде пайдаланылған... 2011 жылы Каирдегі өкімет әскерлері мен көтеріліске шыққандар арасындағы соғыс кезінде Мысыр институты өртеніп, оның қорындағы 200 мыңдай көне кітаптар мен қолжазбалар отқа кетті. Ал бұл институттың негізін Наполеонның өзі қалаған болатын. Әлі де оты басылмаған азаматтық соғыстың кесірінен Сирияның біраз жері бүлініп, ескерткіштер қирады. БҰҰ-ның оқу және ғылыми-зерттеу институты (ЮНИТАР) спутниктен түсірілген суреттерді жариялап, Сириядағы тарихи ескерткіштер мен қалалардың қалай қирағанын көрсетті. Аталған суреттерден ежелден келе жатқан Алеппо қаласының тарихи бөлігі, соның ішінде Омейядтар Ұлы мешіті қирандыға айналғанын, Дейр-эз-Зор қаласындағы Евфрат өзені арқылы 1920 жылдары салынған аспалы көпірдің жойылғанын, Раккадағы Уайыс әл-Қарни атты шииттер мешіті қиратылғанын, Хомс қаласындағы Халид ибн әл-Уәлид мешітінің бүлінгенін көруге болады. Бұлардың бәрі 2013-2014 жылы ИШИМ деп аталатын содырлардың қолымен жасалған. 2013 жылы Малидің Томбукту қаласында хатқа түсуі ХІІІ ғасырдан басталатын жүз мыңнан аса араб және африкалықтар тілдеріндегі қолжазбалар құртылды. Ал жақында ғана толық азат етілген Палмира (арабша Тадмор деп аталады) қаласының бүгінгі халі адам аяғандай. Дамаск қаласы мен Евфрат өзені ортасында жайласқан (кей деректерде Сүлеймен пайғамбар салдырған қала деп те айтылады) көне Пальмира қаласындағы біздің дәуіріміздің алғашқы жүзжылдықтарында бой көтерген храмдар, театр, керуен сарайлары мен ежелгі Рим дәуірінің теңдессіз ескерткіші болған Триумфальды арка қирандыға айналды. 2015 мамырынан 2016 жылдың наурызына дейін қатыгез қиратушылардың қолында болған бұл қалаға көне артефактілерді іздеген тонаушылар орны толмас зиян келтірді. 1924 жылы мұсылмандардың қасиетті орны – Меккені қоршаған Абд аль-Азиз Саудтың әскері алдымен Пайғамбардың әйелі мен ағасының мазарларын талқандаса, араға екі жыл салып, Медине қаласын басып алған Ибн Саудтың адамдары Мұхаммед Пайғамбар ұрпақтарының және көптеген мұсылман оқымыстыларының мазарларын қиратқан. Сол жердегі тарихи маңызы зор архитектуралық нысанның бірі – Салманның жеті мешітінің күл талқанын шығарған. ...Кезінде Египеттің бұрынғы басшылығы кезінде өмірлік түрме жазасына кесілген мысырлық шейх Мурган Сәлем әл-Гохари елдегі төңкерістің кезінде бостандыққа шыға салысымен Мысыр елінің символы – атақты Гизадағы пирамидалар мен сфинксті жою керектігі жөніндегі мәлімдеме жасағанын ұмытуға болмайды. Жалпы соғыс атаулы тонау мен қиратудан тұратыны жасырын емес. Сирияның көне мұралар және музейлер департаментінің директоры Маамун Абдулкаримнің айтуынша, «Сириядағы 10 мыңнан астам археологиялық ескерткіштердің 300-ге жуығы бұзылған». Ал АҚШ-тың Иракты басып алуы нәтижесінде Ирак музейлерінен 170 мың өнер туындысы жойылған, ұрлап әкетілген. Қолды болғандардың арасында Бағдат ұлттық музейінде тұрған әлемдегі ең көне музыкалық аспап пен Дәуіт пайғамбардың төрт мың жылдық тарихы бар арфасы да болған. Сол сияқты Ирактың Бабыл қаласына соғыс базасы орналасып, нәтижесінде әлемнің жеті ғажайыбының бірі – ежелгі Бабыл шаһарының орны жойылды. Соңғы кезде АҚШ-тың Иракқа шабуылдауының басқа мақсаты болғаны жайында көп айтылып жатыр. Мысалы, АҚШ пен Ирактың он үш қаламгері бірігіп жазған «Ирак мәдениетін талан-таражға салу» деген кітаптың жарық көруі соның бір дәлелі. Аталған кітапта АҚШ-тың Иракқа соғыс ашуын «осы елдің мәдени құндылықтарын талан-таражға салу» деп дәлелдеген. Джордж Буш басшылығы бейбіт халықты шығынға ұшыратып, кедейленуге жеткізу және мәдениетін құртып, Ирактың дәстүрлі құрылымын жүйелі түрде жоюды мақсат еткені айтылған. Олар бұл мақсатқа Ирак мұражайлары мен кітапханаларын т.б. мәдени орындарын тонаумен қол жеткізген деп санайды кітап авторлары. Ирактағы тонау әрекеттері түрлі жолмен жасалған. Тіпті, АҚШ армиясы тонаушыларға ашық көмектесіп, мәдени ұйымдардың есіктерін қиратып берген. Елдегі ежелгі құнды ескерткіштер сақталатын маңызды бес орталықтың бірі болған Бағдад ұлттық мұражайын тонағанда да жоғарыдағыдай жағдайлар орын алған. Бағдад мұражайынан ұрланып, тоналған жүздеген бағалы ескерткіштердің көбісі соңынан Еуропа мен Америкадан табылған. Мысалы, тек АҚШ-тың өзінде Ирактан әкетілген 1054 тарихи бұйымдар табылған. Сол сияқты мұражайлар халықаралық кеңесі ондаған жыл соғыс өртіне шарпылған Ауғанстаннан да осындай тоналған, ұрланған заттардың тізімін жасап таратқан. Онда осы елден ұрлап әкетілген немесе заңсыз қазба жұмыстарында табылған бұйымдар көрсетілген. Жалпы АҚШ-тың Ауғанстандағы соғыс кезінде бұл елден жеті мыңнан аса құнды көне жәдігер шетелдерге заңсыз тасып әкетілген. Әлгі заттардың төрт мыңнан астамы Данияда, мыңға жуығы Швейцарияда, сондай-ақ 68 буддалық қолжазба Норвегиядан табылған. Ауғанстанды талибандардан тазарту кезінде ел астанасы Кабул қаласындағы ұлттық музейдің 70 пайыздан аса экспонаттары қолды болған. Қалғаны бүлінген. Дегенмен ЮНЕСКО-ның араласуымен Еуропадан табылған құнды бұйымдардың біразы Ауғанстанға қайтарылған. Жоғалған тарихи бұйымдардың іздеумен айналысатын британдық ізкесушінің айтуынша, «Осындай бұйымдардың мыңдағаны көне ескерткіштер көрмелерінен немесе әуежайларда жолаушылардың шабадандарынан табылған».   P.S. Жалпы соғыс неден басталса да жеңілген ел материалдық жағынан ғана емес, мәдени жағынан да тонауға ұшырайтынын тарих талай рет көрсеткен. Бір елдің жүздеген, тіпті мыңдаған жыл бойы жасаған мәдени, рухани ескерткіштерінің әп-сәтте күлге айналуы – сол елге ғана емес, жалпы адамзат мәдениеті үшін орны толмас шығын. Сондықтан әр ел өзінің мемлекет екенін танытатын құндылықтарын қираудан, бүлінуден сақтауы шарт. Өйтпеген күнде соғыс қиратқан құндылықтар зардабы өте үлкен болуы мүмкін.  

Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ