Жаңалықтар

Орманы бардың қорғаны бар

ашық дереккөзі

Орманы бардың қорғаны бар

  Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласының жасыл аймағын аралап, «Жасыл аймақ» РМК «Ақ қайың» орман тұқымбағының арборетумы мен ағаш тұқымы плантациясының жұмысымен танысты. Президент жыл сайын маусым-шілде мезгілінде елорданың жасыл белдеуіндегі жағдайды өз көзімен көріп қайтатын дәстүр қалыптастырған. Астана маңында ағаш отырғызылған аумақтың жалпы көлемі 73 мыңнан астам гектарды қамтиды. Болашақта елорданың «жасыл аймағын» Ақмола облысы, Ақкөл ауданы ормандарымен ұштастыру жоспарлануда. Бұдан бөлек, қаланың «жасыл аймағында» туризм мен демалыс орындарын дамыту мақсатымен 2014 жылы «Жасыл аймақ» Қызылжар орман шаруашылығы аумағында сафари-саябағы құрылды. 2015 жылы жабайы жан-жануарлар түрі мен санын көбейте отырып, саябақ аумағын 300 гектарға дейін кеңейту жөнінде жоба әзірленді. Серуен барысында Мемлекет басшысы кезінде Астана маңында жасыл аймақты құрғанда оның болашағына сеніммен қарағандардан гөрі, күмән келтіргендердің болғандығын, бірақ қазіргі еңбектің нәтижесі ̶ бас қаланың жасыл желекке айналғандығын көрсетіп отыр деді. «Жыл сайын мен осы ормандарды аралап, бақылап отыратынымды өздеріңіз білесіздер. Біз 1998 жылы елорданы дүниежүзіне жарияладық. Содан бері, міне, 18 жыл өтті. 18 жыл деген кәмелетке толған, азамат болған кез деп санауға болады. Бірақ, жасөспірім, жаңадан өсіп келе жатқан жаспен бірдей. Он сегіз жыл бұрын қаланың төңірегіне орман егуді тапсырған едім. Алматыдан жаңа көшіп келген кезде, қаланы шаң басып кететін. Құбыла соққан жел адамды құлата жаздайтын. Сондықтан орман егуді бастадық. «Астананың төңірегіндегі жер қолайсыз, тас, құм, орман өспейді» деп қарсы тұрғандар көп болды. Мінекей, қазір өздеріңіз көріп отырғандай, Астананың төңірегінде бұрын болмаған 73 мың гектар орман пайда болды», ̶ деді Н.Назарбаев. Мемлекет басшысы, қазір жасыл аймақта алпыстан астам ағаш түрі өсіп жатқандығын жеткізді. Тіпті, тың игерген кезде трактордың дауысынан қашып кеткен жәндік­тер­дің бәрі қайтып келгендігін де тілге тиек етті. «Бұл орман, бірін­шіден, Астанадағы ауаның тазалығын қамтып тұр, екіншіден, шаң жібермейді, үшіншіден, желді ұстайтын қорған. «Орманы бардың қорғаны бар» деп қазақ бекер айтпаған. Астана тұрғындары мен жастардың болашағы үшін осындай жағдай жасап жатырмыз», ̶ деді Н.Назарбаев. Бұған қоса, болашақта Астана жасыл аймағы Бурабай орманымен қосылмақ. Қазір орман қаладан жүз шақырым алыстап, Шортандыға дейін жетіп отыр. Жыл сайын 5 мың гектарға ұлғаятын алқап біртіндеп Астана, Көкшетау, Қостанай, Қарағанды және Павлодар ормандарын жалғап, еліміздің тынысын кеңейтпек. «Орман өсіру оңай емес. Ағашты балаша күтіп, суарып тұру керек. Әсіресе, орман еккен алғашқы жылдар ауыр тиеді. 1997-1998 жылдары салған орман қазір өзі көбейіп, өзі қанат жайып жатыр», – деді Мемлекет басшысы. Н.Назарбаев атап өткендей, жасыл аймақ қызметкерлері жыл сайын бес мың гектар жерге тал егіп, оны күтіп, орманға айналдырып келеді. Он сегіз жыл ішінде жасыл белдеудің көлемі табиғи орманы самсаған Бурабай ұлттық паркінің көлемімен теңескен екен. «73 мың гектар орман ектік. Бұл Бурабай ұлттық паркінің көлемімен бірдей жер», ̶ деді Н.Назарбаев. Астана қаласының жасыл аймағын құру елорда төңірегінде жабайы жануарлардың дамуына да ықпал еткен. Жасыл аймақ құрылғаннан кейін елорда маңында бұлан, елік, қоян, сұр шіл және қырғауыл пайда болды. Бүгін олардың қатары тағы 150 қырғауылмен толығып отыр. Нулы ормандағы серуен Астанадағы Орталық саябақта жалғасын тапты. Қаланың ең көрікті жерлерінің бірі саналатын бұл қоғамдық орын жақында күрделі жөндеуден өткен. Нұрсұлтан Назарбаев электромобильмен қоғамдық демалыс орнын аралап, тыныс-тіршілігімен танысты. Саябақ ішінде серуендеп жүрген қалың көпшілікпен сырласты, жағдай сұрасты. Президент шаһар тұрғындары үшін бұқаралық, белсенді және тиімді демалыс ұйымдастырудың маңыздылығын баса айтты.  

Еркежан ЖҰМАТАЙ

Астана қаласы