Жалған анықтаманың құны қанша?

Жалған анықтаманың құны қанша?

Жалған анықтаманың құны қанша?
ашық дереккөзі
Жоқ сырқатты сылтауратып, сабаққа немесе жұмысқа бармай қалу қазір сөз емес. Өйткені ақшаң болса, науқас екеніңді «айғақтайтын» анықтаманы әп-сәтте қолға ұстата қоятын медициналық мекемелер көп. Оқуға құжат тапсыру, жұмысқа орналасу немесе жүргізуші куәлігін алу үшін қажетті медициналық анықтаманы алу үшін де емханада кезек күтудің қажеті жоқ. Денсаулықта кінәрат жоқ екенін растайтын тілдей қағазды табыс көзіне айналдырғандар заң алдында жауап беруге тура келетінін қаперге алмайды.

385-бапты белшесінен басқандар

Өткен аптада Астана қала­сының прокуратурасы 1980 жылдан бері елорда дәрігерлерінің есебінде тұрған Н. деген азаматтың жалған анықтама жасатып, қала мектептерінің бірінде сабақ беріп жүргенін анықтады. Қалалық прокуратураның наразылығы бойынша білім беру саласында жұмыс істеуге жол берілмейтін психикалық сырқаты бар мұғалім қызметінен босатылды. «Астана қаласындағы мектеп­тер­дің бірінде директордың бұй­рығымен 2014 жылы 14 қыркүйекте аза­мат тарих және жалпы пәндер оқытушысы ретінде жұмысқа қабылданғаны анықталды. Азамат жұмысқа орналасатын кезде Еңбек кодексінің 32-бабы 1-тармағының 5-тармақшасы талаптарына сәйкес медициналық анықтама ұсынған, оған сәйкес психикалық тұрғыдан дені сау болған. Алайда тексеру барысында көрсетілген оқытушының 1980 жылдан бері елорданың медициналық мекемесінде есепте тұратыны анықталды», – деп хабарлады прокуратураның баспасөз қызметі. Психиатр дәрігерлерден құрал­ған комиссия 2014 жылы есепте тұрған азаматқа «сирек кездесетін тырысқақ эпилепcия» деген диагноз қойған екен. Ал Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің бұйрығына сәйкес мұндай диагнозы бар адам ұстаздық қызмет атқара алмайды. Осыған байланысты қала прокуратурасы Астана қа­ла­сы Білім басқармасының атына мектеп директорының әлгі азаматты оқытушы ретінде қабыл­дау туралы бұйрығының күшін жою туралы наразылық енгізді. Про­курорлық қадағалау актісін қарау нәтижесінде мұғалім қыз­метінен шеттетілді. 36 жыл бойы психиа­триялық диспансерде тіркеуде тұрған азаматтың жалған анықтама жасатуына қатысты шешім шығару үшін прокуратура істі Астана қаласының Ішкі істер департаментіне жолдады. Бұл елімізде жалған анықтама­ларға қатысты тіркелген алғашқы оқиға емес. Дәл осындай келеңсіз жайт маусым айының басында Атырау облысында да анықталған еді. Облыстық психоневрологиялық диспансерінің дәрігерлері өздерінде есепте тұрған науқастарға «сау» деген жалған анықтама беріп келген. Дәрігер-психиатрлар жүйкесі сыр берген жандарға көлік құралдарын басқару куәлігіне қажет анықтамаларды заңсыз таратумен айналысқан. Дәрігерлердің бұл былығы прокурорлық тексеру шаралары кезінде белгілі болды. Арнайы есепте тұрған 3 науқасқа жүргізуші куәлігін алуға қажетті анықтама берілгені дәлелденіп, 3 дәрігер жауапқа тартылды. «Қалалық прокуратура Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасына заң бұзушылықтарды жою үшін прокурорлық ықпал ету актілерін енгізіп, облыстық психиатриялық жүйке-тамырлар диспансерінің 2 дәрігері қатаң тәртіптік жауапкершіліккке тартылып, 1 дәрігер-психиатр қызметінен босатылды. Бұған қоса, қалалық прокуратураның ұсынысына сәйкес ІІД тарапынан заңсыз берілген жүргізуші куәліктерінің құқығын тоқтату бойынша Атырау қалалық сотына арыз берілді», – дейді Атырау қалалық прокуратурасының қызметкері Айбек Қанатбеков. Соңғы уақытта елімізде мінез-құлқында, ақыл-есінде кінәраты бар жандардың саны артып, отбасы, жақындары үшін ғана емес, қоғам үшін де түйткілге айналғаны жасырын емес. Алайда психикасында ақау болмаса да, қағаз жүзінде науқастар қатарын толықтырып жүргендер де жоқ емес. Психиатриялық диспансер дәрігерлері берген жалған анықтаманың көмегімен жылы жабылған қылмыстық істердің көбейгенін мамандар да жоққа шығармайды. Алайда Республикалық психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-практикалық орталығының директоры, профессор Сағат Алтынбеков бұл түйткілге тек ақ халаттыларды кінәлау орынсыз деп есептейді. «Қылмыскерлер дәрігерлер арқылы жол тауып, жалған анықтама алып, жалған құжаттар жасатады деу тым қисынсыз. Себебі құқықбұзушылық жасағандар немесе психикалық науқас деп табылғандардың тұрпатты әлеуметтік-демографиялық белгілері болады. Оларға жеке басында баспанасы жоқ, түпкілікті тұратын жері анықталмаған, жұмыссыз немесе біліктілігі төмен жұмыстарда істейтін, тұрмыс және отбасылық қарым-қатынастарға бейімсіз, яғни әлеуметтік қызмет және өмір сапасының төмен деңгейіндегі жандар жатады. Бұл деректер орталықтың ғылыми зерттеулерінен ресми түрде алынып, әрі дәлелденді. Қоғамға қауіпті іс-әрекеттер жасайтын науқастардың алдын-алу практикалық және ғылыми медицинаның құзырына ғана жатпайды. Бұл мәселеге мемлекет, бүкіл қоғам түгел қатысуы керек», – дейді маман.

Мигранттардың саулығы да секем туғызуда

Заңды белшесінен басқан медицина қызметкерлерінің ісін өткен жылы Қызылорда облысы Қармақшы аудандық прокуратурасы да әшкерелеген болатын. Аудандық ішкі істер бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесінде 2013 жылы және 2014 жылдың 1 жартыжылдығында жол-көлік қозғалысы бойынша заңнамалардың сақталуына тексеру жүргізу барысында 2007 жылдан бастап аудандық ауруханада және облыстық наркологиялық орталықта «алкогольді көп қолдануына байланысты психикалық және мінез құлық ауытқуына байланысты» есепте тұратын Жосалы кентінің тұрғыны Ш.Д-ға «В,С» категориялы жүргізуші куәлігі табысталғаны белгілі болды. Яғни, аудандық аурухана дәрігерлері оның науқастығына қарамастан, тіркеуде тұрмайтынын, денсаулығында кінәрат жоқ екенін көрсететін жалған анықтама жазып берген. Аурухананың А.А. есімді қызметкері өз түсініктемесінде таныстарының өтініші бойынша азамат Ш.Д-ға жалған анықтама дайындап бергенін мойындаған. Ол Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 385-бабының 1-бөлігі бойынша жауапқа тартылды. Онда «Құқықтар беретiн немесе мiндеттерден босататын куәлiктi немесе өзге де ресми құжатты қолдан жасау не мұндай құжатты өткiзу, сол сияқты қолдан жасалған мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, Қазақстан Республикасының немесе КСРО-ның мемлекеттiк наградаларын дайындау немесе өткізу екі мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостан­дығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады», – делінген. Алайда бұл бап жалған құжат таратуды бизнеске айналдырып алғандарға тоқтау бола алмай тұр. Олар Қазақстанның азаматтарын бы­лай қойғанда, шетелдік мигранттарға да жалған анықтама ұсынудан қымсынбайды. Өткен жылдың қыркүйегінде елордалық ішкі істер департаментінің қызметінде көші-қон заңнамасының қолданылуын тексеру барысында Астана қаласының прокуратурасы қоғамдық тамақтану, балаларды күту және тағы да басқа салаларда жұмыс істеп жүрген шетелдік жұмысшылар жалған медициналық құжаттар ұсынғанын анықтады. Қазақстан Республикасының «Халықтың көші-қоны туралы» Заңының 43-2 бабында еңбекші мигранттарға рұқсат берудің қысқартылған тәртібі айқындалған. Аталмыш норма қолданыла бастаған уақыттан бері (2014 жылдың сәуірінен бастап) шетелдіктерге 5 мыңнан астам рұқсат берілген және 1000-ға жуық рұқсаттың мерзімі ұзартылды. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 8 ақпандағы № 76 бұйрығымен бекітілген Еңбекші мигранттарға рұқсаттар беру, ұзарту және қайтарып алу, сондай-ақ еңбекші көшіп келушілерді тіркеу, олардың дактилоскопиялық, фотоесептерін қалыптастыру және жүргізу қағидаларының талаптарына сәйкес еңбекші мигранттарға рұқсаттарын ұзарту үшін қажетті құжаттар тізімі берілген. Міндетті құжаттардың бірі – еңбек шартында көрсетілген мамандық бойынша еңбек етуге кедергі болатын аурудың жоқтығын растайтын медициналық анықтама. Алайда қала прокуратурасы анықта­ған­дай, ұсынылатын құжаттар пакеті көп жағдайда тексерілмейді, ал рұқ­саттар жалған медициналық анықтама не­гізінде ұзартылады. ІІД көші-қон полициясы бөлім­шесіндегі 2015 жылғы материалдарды іші­нара тексерудің нәтижесінде, тәрбие­ші, аспазшы, бала күтушісі, уқалау­шы болып жұмыс істеген шетел­дік­тердің медициналық тек­серіс­тен өткені туралы №086/у форма­сындағы жалған медициналық анықта­маларды ұсынуының 40 шақты фактісі белгілі болды. Мәселен, 09.02.2015 жылы Департаментке Қазақстан Республикасының «Ф» есімді азаматшасынан аспазшы болып жұмыс істейтін «З» есімді Өзбекстан азаматының еңбек рұқсатын ұзарту туралы арыз келіп түседі. Арыз иесі Астана қалалық 3-ші емхананың «З» есімді азаматтың еңбек етуге жарамды екенін растайтын меди­ци­налық анықтамасын ұсынған. Алайда аталмыш емхананың мәлімет­теріне сүйенсек, Өзбекстан Республикасының бұл азаматы медициналық тексеруден өтпеген, яғни медициналық анықтама алмаған. Дәл осындай заңбұзушылықты Өзбекстан Республикасының тағы бір азаматшасы қайталады, ол 2015 жылдың қаңтар айында бала күтуші ретінде қазақстандық жұмыс берушінің рұқсатын ұзарту үшін 7-ші қалалық емхананың жалған медициналық анықтамасын ұсынған. Тізе берсек, мұндай мысалдар жетіп артылады. Департамент қырағылықты күшейткенімен, заңды белшеден басып үйренген әккілерден айла артылар емес. Ең сорақысы, егер олардың бойында қандай да бір кесел болса, жұмыс ортасындағы өзге адамдардың да денсаулығына қауіп төндіретіні. Әсіресе, қоғамдық тамақтану орындарында істейтін, бала күтімімен айналысатын шетелдіктердің саулығына салғырт қараудың салдары бармақты оңбай тістетуі мүмкін.

Жалған анықтаманың құны қанша?

Жалған медициналық анықтама алғысы келетіндер мұндай құжатқа қазір үйде отырып-ақ тапсырыс бере алады. Өйткені интернетте оның саудасы қызып тұр. Естеріңізде болса, биылғы жылдың ақпан айында студенттерге жалған анықтама сатып келген қостанайлық азаматша ұсталған болатын. Медициналық анықтамалар, ДКК-ның (дәрігерлік консультациялық комиссия) қорытындысы және сырқат парақтарын қысқа мерзімде және төмен бағамен ұсынып жүрген келіншек Қостанай қаласындағы №1 емхананың мөрі мен сондағы дәрігерлердің қолтаңбасын пайдала­нып келген. Сканерден өткізу арқылы қағазға басылатындықтан олардың түпнұсқа екеніне күмән келтіру қиын-ақ. Алайда зер салып қараған адам анықтаманың жалған екеніне көз жеткізе алады. Әлгі келіншек ұсынған медицина­лық анықтамалардың бағасы әр түрлі. Мәселен, ДКК анықтамасы 6 мың­нан 9 мың теңгеге дейінгі аралықта. Сабаққа қатыспағаны үшін берілетін анықтаманың құны тәулік санына қарай 500 теңгеден 2000 теңгеге дейін саудаланған. Сабақтан бір күн қалғандар 500 теңгесін, бір апта қалғандар 1500 теңгесін санап беріп отырған. Құқық бұзушыға тіпті тапсырыс берушінің қандай дертке шалдыққаны, қай емханаға бекітілгеніне де маңызды болмапты. Сондай-ақ, жалған құжат жасаушы студенттер мен оқушыларға екі айға дейін дене шынықтыру сабағынан босату туралы анықтама ұсынғаны белгілі болды. Жергілікті тілшілер мән-жайды анықтау үшін Қостанай қаласындағы №1 емханаға хабарласқан. Бас дәрі­гердің орынбасары Гүлсара Көкжа­нова анықтамалар сату­мен айналыспайтындарын айт­қан. «Біз мұндай заңсыз іспен айна­лыспаймыз. Жалған анықтама сату­шылар бланкілерді ұрлаған, біздің дәрігерлердің қолтаңбаларын көшір­ген. Мұқият қарасаңыз, анықта­малардың дұрыс толтырылмағанын кө­руге болады. Оның үстіне, бұл құжаттарға басылған мөрді емхана­мыз өткен жылдың тамызынан бері қолданыстан шығарған. Қазір жаңаларын қолданамыз», – дейді дәрігер. Ақ халаттылардың шағы­мы­нан кейін құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғап, алаяқты жауапқа тартты. Өкінішке қарай, жалған анықтама берушілер өздерінің заңға қайшы әрекет етіп тұрғандарын білсе де, еш қымсынбайды. Тапсырыс берушінің ісі түсіп тұрған соң ізгі әрекет жасағандай бастарын тік ұстайды. Тіпті, адамның жаны мен тәнін емдеп жүрген дәрігерлердің өзі заңсыз құжат беруді қылмыс деп санамайтындай. Өздерінің қолы қойылып, мөрі басылған анықтамаларды оңды-солды тарата береді. Тегін емес, әрине. Анықтаманың түріне қарай бағасын белгілеп қойған. Студент­тердің нұсқауымен Алматы­дағы анықтама саудалайтын медици­на­лық мекемелердің біріне біз де бардық. Диагностикалық орта­лықтың қабылдау бөлімінде отырған қызға келген себебімізді айттық. ЖОО-ға құжат тапсырғалы жүрген талапкер кейпіне еніп, шұғыл түрде 086/У формасындағы медициналық анықтама алуымыз керегін жеткіздік. Қолымызда флюорография суреті болса, бізге қажет анытқама 5-ақ минутта дайын болады екен. Өз орталықтарында өкпені тексеретін құрылғы болмағандықтан, бізді маңайдағы емханалардың біріне бағыттады. Көп ұзамай флюорография суретін алып, қайта келдік. Жеке куәлігімізге қарап, қолтаңбалар мен мөрлер тізілген бланкіге аты-жөнімізді толтырып берді. Анықтама дайын. 2000 теңгемізді санап бердік те, жөнімізге кеттік. Шілде айынан бастап оқу орындары талапкерлерден құжат қабылдау бастайды. Мемлекеттік гранттан үміттілер құжаттарын қаттап-бүктеп, еліміздің түкпір-түкпірінен Астана, Алматы секіл­ді жоғарғы оқу орындары көп шоғырланған шаһарларға ағылады. Олардан талап етілетін міндетті құжаттардың бірі – денсаулығында ақау жоқ екенін растайтын медициналық анықтама. Күннің ыстығында кезекке тұрып, дәрігер жағалағысы келмейтіндер бұл құжатқа қол жеткізудің төте жолын іздейтіні айтпаса де белгілі. Демек, жуырда жалған анықтама беретін медициналық мекемелердің дәурені басталады.