27 Маусым, 17:07 286 0 Жаңалықтар Асыл ТҰМАР

Қостанай облысында үй карантиніндегі науқастарды бақылайтын мобильді топ құрылды

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Қостанай облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Анжела Бексұлтанованың қатысуымен брифинг өтті.

Анжела Бексұлтанованың айтуынша, бүгінде Қостанай облысында COVID-19 жұқтырған 451 адам тіркелді. Оның 337-сі вирус тасушылар саналады. 215 адам сауығып кетсе, 3 адам көз жұмды. Коронавирустық инфекцияның алдын алу және таралуына жол бермеу мақсатында облыста барлық қажетті іс-шаралар жүргізілуде.

«Медициналық ұйымдардың төсек-орындарын бөлу эпидемиологиялық жағдайды есепке ала отырып, қайта қарастырылады. Қазіргі уақытта инфекцияға қарсы тұру үшін 1 488 төсек дайындалды. Инфекциялық стационарларда ауру белгілері байқалған пациенттерге медициналық көмек көрсетіледі. Науқастармен байланыста болған адамдардың тізімі жасалып, санитарлық-эпидемиологиялық іс-шаралар қолға алынады. COVID-19 індетін тасушы санатына кіретіндер үйде оқшаулануда. Өзін-өзі оқшаулауға жағдайы болмағандар карантиндік стационарға ауыстырылады. Әрбір медициналық ұйымда үй карантиніндегі науқастарды бақылау мақсатында мобильді топ ұйымдастырылды. Жедел жәрдем станциясы күшейтілген режимде халықтың шақыртуларына қызмет көрсетеді. 15-25 маусым аралығында жедел жәрдем шақыруларының саны 11%-ға өскені байқалады», – дейді маман.

Осы күні ТМД және эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша қолайсыз елдерден келген 1000 адам үй карантинінде. Денсаулық сақтау басқармасының 23 маусымдағы бұйрығына сәйкес, коронавирустық инфекциясы расталған адамдар үшін компьютерлік-томографиялық зерттеулер жүргізіледі.

«Денсаулық сақтау басқармасының WhatsApp желісінде жедел нөмірі (8 777 375 44 77) және чаты бар. Оған кез келген тұрғын жаза алады. Сондай-ақ, басқарманың әлеуметтік желілерінде тікелей эфирлер өтіп тұрады. Халыққа коронавирустық инфекция кезінде дәрігерлік кеңес беру үшін тәулік бойы Call-орталық жұмыс істейді», – деп атап өтті Анжела Бексұлтанова.

Облыста медициналық кадр тапшылығы байқалмайды. Бүгінде 600-ге жуық медицина қызметкері КВИ-дің алдын алу және таралуына жол бермеу бойынша дайындықтан өтті. Келесі аптаның соңына дейін облыстың барлық медицина қызметкері бекітілген кестеге сай оқытылады.

 

Соңғы жаңалықтар