Қытай оташылары доңыздың көзін адамға сала бастады

Қытай медицинасы тағы бір тың жаңалығымен таңғалдырды. Аспан асты елінің оташылары доңыз көзінің ақ қабықшасын адамға салу операциясын жүзеге асыра бастады деп хабарлайды 24.kz.

Биоинженерлік зерттеу нәтижесінде Қытайдағы 70 науқастың жанарына нұр біткен. Қазір күрделі отаны жасайтын кәсіпқой хирургтер саусақпен санарлық. Сондықтан білікті мамандар даярлауға жіті көңіл бөлінуде.

Шэньчжэндегі шошқа фермасы еттен ғана пайда таппайды, жануардың жанарын адамға салумен айналысатын зерттеу орталығына сатады. Әлемдегі соқыр жандардың 5/1-і Қытайда тұрады екен. Яғни, 8 млн қытайлықтың көзінде ақау бар. Науқастардың басым бөлігі шырышты қабаттың ауруына шалдығатын көрінеді. Олар үшін жалғыз үміт – трансплантация.

«Соңғы 10 жылда біздің компания осы саланы зерттеу мен жаңалық ашуға 1 млрд юань жұмсады. Осы уақыт аралығында біз түрлі жануарларға зерттеу жүргіздік. Сиыр, қой, итке қарағанда доңыздың ақ қабықшасы құрамы жағынан адамдікіне өте жақын болып шықты», – дейді халықаралық көзді қалпына келтіру орталығының бас директоры Шао Чжэнкан. Осылайша өткен жылдан бері жаңа тәсілдің арқасында жанары солған жандарда үміт пайда болды. Айлап, тіпті жылдап донор күтетіндер үшін доңыз көзі нағыз көмектің өзі.

«2015 жылы ақ қабыршақты салу бойынша 5000 ота жасалған. Яғни жыл бойы 5 мың донор ғана табылған. Ал миллиондаған адам болса сарылып күтіп жатыр», – дейді Чжуншань көз орталығының профессоры Юань Цзинь.Дәрігерлердің айтуынша, биоинженерлік технологияның арқасында науқас жандарға бір айдың ішінде ота жасалады.

Back to top button