Риода жұлдызымыз жарқырай ма?

Спорт әлеміндегі дүбірлі дода – Риодағы жазғы Олимпиада ойындарының шымылдығы түрілер сәт жақын. Әлемнің 200-ден астам елінен 11 мыңға жуық спортшы бақ сынайтын жарыс Қазақстан үшін олжалы бола ма?

 Рио Олимпиадасына баратын елдер мен сарапқа салынатын медальдар саны рекордтық көрсеткішке жетіп отыр. 4 жылда бір келетін спортшылар тойына тұңғыш рет Косово мен Оңтүстік Судан елдері қатыспақ. Әлемнің әр бұрышынан келетін сайыпқырандар спорттың 28 түрінен 306 медальды сарапқа салады. Қазақстан құрамасы спорттың 25 түрінен 99 жолдама ұтып алды. Осыдан 4 жыл бұрын Лондон Олимпиадасында жеті алтын, бір күміс, бес қола жүлде иеленіп, жалпы командалық есепте 12-орын алған спортшыларымыз биыл да үмітті ақтай ала ма?

Негізгі үмітіміз ауыр атлеттерде еді. Алайда өткен додада қоржынымызға алтын салған төрт атлетіміздің спорттағы мансабына қауіп болып төнген допинг дауынан кейін үміттен гөрі күдік көбейді. Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) жариялаған 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасындағы допинг-сынамаларды қайталама сараптамасының нәтижесі Илья Ильиннің Станозолол (S1.1 анаболикалық агенттер) қолданғанын көрсетіп отыр. Ол Рио Олимпиадасына қатысу мүмкіндігінен айрылып қана қоймай, Пекин Олимпиадасында қол жеткізген алтын медалінен қағылуы мүмкін Илья мен оның командаластары үшін нақты шешім 27 маусымда белгілі болады.

Мәселе күрделеніп кеткендіктен, оған Үкіметтің араласуына тура келмек.  Үкіметтің бүгінгі отырысында премьер-министр Кәрім Мәсімов допинг дауын тезірек шешуді тапсырды.  «Мен Мәдениет және спорт министрлігіне, сондай-ақ ұлттық Олимпиада комитетіне нақты тапсырма беремін. Біздің спортшылар осы сынақтан өтуі үшін барын салу қажет. Бәлкім, жеке меншік демеушілерді тартып, сапалы зертхана құру қажет. Біздің спортшыларымыз ол тесттен жарысқа дейін өтсе, ешқандай күдіктер болмайды. Спортшылар да сенімді болады. Әлем өзгеріп жатыр. Мен өзім Халықаралық Олимпиада комитетінің басшысы Бах мырзамен талай рет кездескенмін. Ол допингпен күрес мәселесі жайында ылғи айтып отыратын. Сондықтан комитетпен бірлесіп жұмыс істеп, осы мәселені тез арада шешу керек»,- деді Үкімет басшысы.

Халық ат, билік те Қазақстанның атын жалпақ жұртқа әйгілеп жүрген Илья Ильинге барынша қолдау көрсетуде. Қазақстан парламенті сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Твиттердегі парақшасында қандай жағдай болса да, даңқты спортшыға деген құрмет өз деңгейінде қала беретінін жеткізді: «Ауыр атлет Илья Ильинге қатысты қандай шешім қабылданса да, ол әйгілі спортшы және Қазақстанның патриоты ретінде біздің қолдауымызға лайық», – деп жазды Сенат төрағасы.

 Жағдайлары дүдамал болса да, ауыр атлеттеріміз дайындықты тоқтатқан жоқ.

Back to top button