Жаңалықтар

Моңғолияның Парламент сайлауында үш қандасымыз жеңіске жетті

ашық дереккөзі

Моңғолияның Парламент сайлауында үш қандасымыз жеңіске жетті

2020 жылғы Моңғолия Парламент сайлауының қорытындысы бойынша Моңғол халық партиясынан атын ұсынған үміткер Бәделхан Қабдісіләм Баян-Өлгий аймағынан қайта сайланды. Ол 23 379 дауыспен жеңіске жетті. Сонымен қатар, Моңғол халық партиясынан атын ұсынған үміткер Әубәкір Тілеухан 22 662 дауыспен екінші мандатқа ие болды. Үшінші мандатты Демократиялық партиядан атын ұсынушы үміткер Бейсен Бұланұлы 22 448 дауыспен жеңіп алды. Айта кетейік, 1962 жылдан бері Моңғолияда бес қазақ азаматы министр болған. Моңғолия қазақтары арасынан алғашқы болып 1962-1965 жылы, 1968-1982 жылдары Моңғол Халық Республикасының Құрылыс және құрылыс материалдары өнеркәсіп министрі қызметін Тілейхан Орынұлы атқарған. Құрылыс саласында сіңірген еңбегі, өзіндік қолтаңбасы қалған. Ұланбатыр қаласындағы Құрылыс Политехникалық колледжі Тілейхан Орынұлының атына берілген. 1980-1987 жылдары Геология және таукен министрі, 1987-1991 жылдары Табиғат қорғау министрі қызметін Мәулет Ұтқанұлы атқарған. Налайхан шахтасының дамуына зор үлес қосып жаңа техника, технологиялық жаңарту енгізгені үшін «Мемлекеттік сыйлық иегері» атанған. Моңғолияның тотаритарлық жүйеден нарықтық жүйеге ауысу кезеңі, яғни 1991-1992 жылдары Моңғолияның Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары қызметін Зардыхан Қинаятұлы атқарған. 1992-1996 жылдары Моңғолияның Көлік коммуникация және инфрақұрылым министрі қызметін Сандалхан Раздықұлы атқарған. Моңғолия Парламентіне Баян-Өлгийден екі мәрте сайланған. Бесінші рет моңғол жұртында министрлік қызметке тағайындалған Бәделхан Қабдісіләмұлы. Моңғолияның Құрылыс және қала құрылысы министрі қызметін атқаруда. Ал бұған дейін моңғол жұртында 9 қазақ қандасымыз вице-министр (тете министр) лауазымында болған. Әубәкір Тілеухан – кәсіпкер, ауыл шаруашылығының тәжірибелі маманы. Полиглот. Айта кетейік, Моңғолияның бұл жолғы Парламент сайлауында Ж.Чинбүрэн, Х.Туваан және қандасымыз Бейсен Бұланұлы қатарлы үш дәрігер депутаттық мандатқа ие болды. Ал бұған дейін Баян-Өлгий халқы Парламент (Мемлекеттік Ұлы Құрылтай) сайлауында кімдерге сенім білдірді. Моңғолияда Парламент (Мемлекеттік Ұлы Құрылтай) сайлауы 1992, 1996, 2000, 2004, 2008, 2012 және 2016 жылдары өткен. 1990-жылғы алғашқы еркін сайлауда Моңғолияның алғашқы тұрақты парламенті Мемлекеттік Кіші Құрылтайы жасақталып, орынбасары болып Зардыхан Қинаятұлы (тарих ғылымының докторы, профессор. Моңғолия үкіметі басшысының орынбасары және Моңғолия Парламенті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған), мүшелері Болат Әжіханұлы, Самат Насырұлы болып қызмет атқарған. 1992 жылғы сайлауда Болат Әжіханұлы, Сұлтан Тәукейұлы (жазушы), Володя Қамбарұлына; 1996 жылғы сайлауда Сандалхан Раздақұлы, Болат Әжіханұлы, Сұлтан Тәукейұлына; 2000 жылғы сайлауда Сандалхан Раздақұлы, Жекей Қалидолдаұлы (генарал), Нығымет Оңғышұлына; 2004 жылғы сайлауда Мұрат Әукетайұлы, Сайран Қадырұлы («Моңғол елінің Төтенше және Өкілетті Елші-министрі»), Бәкей Ағыпарұлына (академик, Табиғат, қоршаған орта, ауыл шаруашылығы жөніндегі Тұрақты комитет төрағасы қызметін атқарған) 2008 жылғы сайлауда Тілейхан Әлмәлікұлы (Моңғолияның Энергетикалық реттеу комитетінің төрағасы), Бәделхан Қабдсіләмұлы, Жекей Қалидолдаұлына; 2012 жылығы сайлауда (2 мандант) Тілейхан Әлмәлікұлы, Бәкей Ағыпарұлына; 2016 жылығы сайлауда Бәделхан Қабдсіләмұлы, Cұлтан Ғомбыжай, Мұрат Дәкейұлына сенім білдірсе, 2020 жылғы Моңғолия Парламент сайлауында Бәделхан Қабдсіләмұлы, Әубәкір Тілейхан, Бейсен Бұланұлы депутаттық мандатқа ие болды. Биылғы Моңғолия Парламент сайлауына ел халқының 75 пайызы қатысқан. Их Хурал (Ұлы құрылтай) деп аталатын парламент 76 мандаттан тұрады.  Нәтижесінде  Моңғол Халық партиясы (Монгол Aрдын нам) 62 мандат, Демократиялық партия (Ардчилсан нам) 11 мандат және басқа партиялар коалициялармен мен дербес атын ұсынғандар 3 мантдатқа ие болды.

Дайындаған - Бақытбек ҚАДЫР