Германиядағы қазақ дәрігері: Елге оралып, отандық медицинаға көп өзгеріс әкелгім келеді
Германиядағы қазақ дәрігері: Елге оралып, отандық медицинаға көп өзгеріс әкелгім келеді
Медицинасы дамыған Германияға біліктілігін арттырып, білімін шыңдау мақсатында жыл сайын әлемнің әр түкпірінен мамандар легі толассыз ағылуда. Олардың қатарында талдықорғандық жас дәрігер Әсет Нүсіпбеков те бар. Бүгінде төрт жылдан бері Германияда тұрып жатқан отандасымыз мұндағы Боттроп қаласындағы ауруханалардың травматология және жалпы хирургия бөлімінде дәрігер қызметін атқарады. Шетелде тәжірибе жинақтап, кейіннен сол тәжірибесін елдегі болашақ дәрігер мамандармен бөліскісі келетін Әсетпен тілдесудің сәті түсті.
– Әсет, Талдықорғанда экономика және бизнеске бағытталған мектеп-лицейін тәмамдасаңыз да, мамандық таңдауға келгенде медицина саласын қолай көріпсіз. Мұндай шешімді қабылдауға не түрткі болды?
– Мұны бұйрық деп білемін. Негізі, оқудың бел ортасына дейін осы таңдауымның дұрыс немесе бұрыс екенін таразыға салып, екіұшты ойда жүрдім. Көпшілігі төрт жыл оқып, жұмысқа кірісіп жатқан тұста, біз әлі оқып жүрдік, сол уақытта аздап «осы таңдауым дұрыс болды ма өзі?» деп ойланғанымды жасырмаймын. Десек те, кейін бұл мен іздеген мамандық екенін түсініп, соңына дейін жеткізуге бел будым. Сөйтіп, Алматыдағы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық университетінің емдеу факультетін алты жыл бойы оқып шықтым, кейіннен интернатурада білім алдым.
– Қазір өзіңіз қызмет етіп жүрген Германияның Боттроп қаласындағы ауруханасында еңбек еткенге дейін қайда жұмыс істедіңіз?
– Алматыда оқуды бітірген бойда жекеменшік медициналық орталықта біраз жұмыс істеп, кейіннен Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институтының офтальмология бөлімінде лаборант, кейіннен кафедра ассистенті болып қызмет еттім. Сосын аталған оқу ордасының резидентура бөлімінде оқыдым. Осы аралықта жергілікті медициналық колледжде мұғалім әрі орталық қалалық клиникалық аурухананың қабылдау бөлімінде кезекшілік қызмет атқарып, үш жерде жұмыс істедім. Сосын бір орында тұрып қалмайын деген мақсатпен, шетелде оқу мүмкіндігін қарастырып, Германияға келдім. Бастапқыда «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқығым келген, бірақ ағылшын тілін онсыз да мектептен жақсы білемін, сөйтіп оқуымды мен білмейтін өзге тілде оқығым келді. Сөйтіп, неміс тілін үйренуді қолға алдым. Оның үстіне, 2012 жылы анам екеуміз Германияға жеке мақсатпен барғанбыз, сол кезде аталған елде оқуға қызығушылық пайда болды.
– Сіз таңдаған German doctor exchange бағдарламасы бойынша қатаң іріктеу жүргізілетіні белгілі. Іріктелген күннің өзінде де бір жылға жуық дәрігерлердің біліктілігін сынап, түрлі емтихандар өткізеді екен. Бұл сынақтардың бәрінен өту қиынға соқпады ма?
– Жас болған соң ба, мұның қиындығын байқамадық. Десек те, оқу инемен құдық қазғандай. Германияға 2015 жылғы қазан айының соңында келіп, мұнда жеті айға жуық дайындық курсынан өтіп, соңында түрлі қалаларда емтихандар тапсырдым. Емтихандар біте салысымен, бірден жұмыс бастап кеткен жоқпын. Бес айдай күттім. Сосын өзім қазір еңбек етіп жатқан Боттроп қаласының ауруханасына жұмысқа орналасу туралы ұсыныс келіп түсті. Содан бері осы қаланың ауруханасында травматология және жалпы хирургия бөлімінде жұмыс істеп келемін.
– Германия дамыған ел ғой, медицинасында көп артықшылық бар ма?
– Әрине, екі елдің жұмыс істеу моделі әртүрлі, сосын жабдықтану жағынан айырмашылық өте көп. Айта кетерлік жайттар көп, соның ішінде баса айтқым келетіні – сәулелік диагностиканың қолданылуы. Мәселен, сізге дәрігер флюрографияға жылына қанша рет түсу керек деп айтады?
– Әр алты ай сайын.
– Ал Германияда мұндай жоқ. Біле білсеңіз, радиобелсенді сәулелендірудің зияны көп. Бұл, әсіресе жастарға өте қауіпті. Ал мұнда соны жете түсінгендіктен, денені құрдан-құр сәулелендірмейді, мұның орнына денсаулыққа зиян тигізбейтін басқа диагностиканы таңдайды. Өткенде Қазақстанда бір досым белі ауырған соң, таныстарының айтуымен компьютерлік томография жасатыпты. Ал мұнда жай бел ауырды екен деп, бұлай істей салмайды, тек жағдай ушығып, онсыз болмайды дегенде ғана томография жасатуы ықтимал. Оның өзінде оған дейін небір зиянсыз тәсілдерді қолданып көреді. Сол себепті сәулелі диагностиканы көп қолданбаған жөн. Сосын мұнда тексерілу үшін қарсы алдыңда қала әкімі отыр ма, жоқ әлде қарапайым аула сыпырушы келіп отыр ма, мән бермейсің, бәріне бірдей қарайсың. Біздің елде қабылдау бөлімінде істеп жүргенімде «Мен пәленшенің туысымын, түгеншенің көкесімін, менің қызметім мынадай, мені кезексіз өткізіп, тезірек қарап бер» дегендей әңгімелерді жиі еститінмін. Ал мына жақта мұндай баса-көктеп кіріп, дәлізді басына көтеру мүлде жоқ. Сосын тағы бір айта кетерлігі, немістер кешігіп жүруді мүлде ұнатпайды. Басты үлкен айырмашылық деп осыны айта аламын. Мейлі жұмыста болсын, жұмыстан тыс болсын, қайда жиналсақ та, дәл уақытында жиналады. Сосын жұмысқа жаңа бір қызметкер келсе, ол өзін-өзі таныстыруы керек. Егер ол өзін таныстырмаса бұл үлкен қателік болып саналады. Жұмыстан тыс ортада да дәл осылай. Немістер осыған мән береді.
– Десек те, Қазақстан медицинасының да өзіндік ерекшеліктерін байқаған боларсыз?
– Әлбетте, бар. Мәселен, Қазақстанда қабылдау бөлімінде басқа, ал тұтас бөлімшеде басқа дәрігер отырады. Ал мұнда кезекшілікке шықсаң, бөлімшеге де, қабылдау бөліміне де жауаптысың. Егер бір өзің үлгере алмай болмаса басқа маманның көмегін қажет етсең, қосымша дәрігерді үйінен шақыртып аласың. Сосын тағы бір айтатын жайт, бізде қан алу, система қоюды мейірбикелер жасайды, ал мұнда бұл – дәрігердің міндеті. «Мұны дәрігер не үшін істеуі керек, оның атқарар бұдан да маңызды істері баршылық емес пе?» деп ойланамын. Сосын елдегі дәрігер достарымның жасаған операцияларының нәтижесін осындағы дәрігерлерге көрсетсем, бұлар мақтайды. Германияның мен деген мықты дәрігерлерінің осылай мойындауы, біздегі медицинаның аяқ алысы жаман емес екенін аңғартады.
– Боттроп ауруханасындағы күнделікті жұмыс күніңіз қалай өтеді?
– Жұмыс сағат 07:00-де басталады. Алдымен жарты сағат науқастарды тексеріп шығамыз. Сосын бөлімше ұжымымен жиналып, күн тәртібінде тұрған мәселелерді талқылаймыз, күнді жоспарлаймыз. Мұнда кімнің операция жасауға, кімнің қабылдау бөліміне баратыны шешіледі. Негізінен, операция күнде жасала бермейді, сол себепті кейде қабылдау бөлімінде жұмыс істейсің. Кейде күні бойы бөлімшедегі науқастарды қарайсың. Сөйтіп, сағат 17:00-де жұмыс күні аяқталады.
– Әлеуметтік желіге жүктеген суреттеріңізге қарасам, еңбек демалысыңыздың көп бөлігін Қазақстанда, соның ішінде Нұр-Сұлтанда өткізеді екенсіз.
– Иә, әр демалысымды Қазақстанда, соның ішінде Нұр-Сұлтанда, ара-тұра Алматыда өткіземін, себебі анам сол қалада тұрады. Оның үстіне, достарым, әріптестеріммен кездесуге асығып, шүйіркелескім келіп тұрады. Шынымды айтсам, елді қатты сағынамын, сағынышымды басу үшін қазақша әуендерді мың мәрте қайталап тыңдаймын. Сосын елде болып жатқан оқиғалардан, әсіресе мәдени жаңалықтардан хабардар болып жүруге тырысамын. Мәселен, көпшіліктің көңілін жаулаған «Патруль» атты қазақстандық сериалдың бесінші маусымы Талдықорғанда түсірілгенін естігенде қатты қуандым. Германияда жүрсем де, өзгелер секілді шетелдік жаңа фильмдерді асыға күтпеймін. Мен тек Қазақстанда түсірілген киноларды іздеп тауып, сол киноларда бейнеленген өзіміздің колоритті сезінуге тырысамын. Сосын өзіміздің ұлттық тағамдарды қатты сағынамын. Германияда жасалатын тамақтарға көңіл соқпайды. Мәселен, бізде тамаққа қажетті дәмдеуіштер бұрыш, пияз, тұз, бітті, бұдан артық нәрсе керек жоқ. Ал мұнда соустың түр-түрін қосады, ал мен мұндайға үйренбегенмін. Әлі күнге дейін ештеңе қоспай, сол өзімізше үйреншікті дәмдеуіштерімізді қосып, өзіміздің тағамдарды әзірлеуге тырысамын.
– Әрине шетелде оқыған, ел көрген, жұмыс істеп тәжірибе жинаған жақсы. Бірақ Қазақстанға оралып, сол түйген-білгеніңізді елге арнайтын ойыңыз бар ма?
– Менің арманым – шетелде тәжірибені молынан жинап, келешекте өзім түлеп ұшқан қарашаңырақ – С.Асфендияров атындағы ұлттық медицина университетінде білім алатын болашақ дәрігерлерге сабақ бергім келеді. Германияда жүргеніме биыл төрт жыл, ал бұл біреуге бірдеңе үйрету үшін өте аз уақыт, сол себепті бірнеше жыл «багажымды» толтырып алған соң, елге оралып, көрген-білгеніммен бөлісемін деп жоспарлап отырмын. Оның үстіне менің анам – педагог. Сол секілді менің де дәрігерліктен тыс, педагог болу ниетім бар.
– Ниетіңізге жетуіңе тілектеспіз. Ал енді елге оралған соң мүмкін болса, дәрігерлерді даярлау ісінде нені өзгерткіңіз келеді?
– Біз оқып жүргенде төртінші курстан кейін оқу айтарлықтай қатал жүйеде іске асырылмай, босаңсып кетті. Осындай олқылықты болдырмауға жұмыс істер ме едім. Сосын біз болашақ маман ретінде науқастармен тығыз қарым-қатынаста болмадық. Бар болғаны бізге қағаз, актілер береді, соларды жөндеумен жүреміз. Сол себепті науқастармен етене жұмыс істеуді кішкене ертерек бастауды қолға алар едім. Себебі біздің кәсібіміздегі ең маңыздысы осы – сырқаты жанына батып тұрған науқаспен тіл табыса білу. Сосын бізде студенттердің арасында «ауруханаға өзім барып, кезекшілік істеймін» дегендер саны аз. Менімен қатар оқыған дәрігерлер «Бізге мынаны көрсетпеді, ананы айтпады» деп дайын асты күтіп отыратын. Олардың арасында «Кезекшілікке түссем бола ма, мына операцияның қалай жасалатынын көрсем бола ма?» деп талпынып тұратындар болмады. Осы тұрғыда студенттерді өз бетімен үйренуге баулитын едім. Сосын кез келген салаға ауадай қажет нәрсе – тұрақтылық пен тәртіпті бәрінен жоғары қояр едім.
Сұхбаттасқан
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ