Қошкеден қалған жәдігер
Қошкеден қалған жәдігер
Кескекті кезеңде дербес мемлекет боламыз, еркіндік аламыз деп отаршылдыққа қарсы шыққан арыстардың өмір жолын зерттеп, мұраларын түгендеп жүргенде қолымызға Қошке Кемеңгерұлының 1924 жылы шыққан «Қазақ тарихынан» зерттеу еңбегінің түпнұсқасы түскен-ді. Алаш ұранды заманның жәдігерлері қашанда ыстық һәм қадірлі емес пе?! Алаш зиялысының кіндігінен өнген ұрпақ жер басып жүрсе, бұл қазына-байлықтың олар үшін орны бөлек, жөні айрықша еді.
Қошке Кемеңгерұлының азан шақырып қойылған есімі – Қошмұхамед. Әкесі Дүйсебай қажылық парыз өтеген, Қаржасқа танылған жақсы болған. Қошке – қазақтың театр сахнасына жол тартқан алғашқы пьесаның авторы («Алтын сақина», режиссері – Жұмат Шанин). Драматург, жазушы, кесек ойлы публицист, ұлттық әдебиеттану мен тіл білімі саласына айрықша еңбек сіңірген ғалым. «Балапан» қолжазба журналының және қазақ жастарының алғашқы газеті «Жас Азаматтың» редакторы қызметін атқарған.
Қошкеден қалған мәдени мұраның қолымызға түсуі туралы аз-кем айта кетсек. 1924-1928 жылдары Алаш қайраткері, қазақтың алғашқы Конституциясының («Қазақ елінің Уставы») авторы Барлыбек Сырттанұлының (1866-1914) екінші баласы Дәрібек Сырттанов Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің (САГУ) Шығыстану факультетінің аспирантурасында оқыған. Дәрібекпен бірге атақты жазушы Мұхтар Әуезов, биолог-ғалым Жұмақан Күдерин де оқыған. Бұл жылдары Қошкенің өзі де аталған оқу орнының білімгері болыпты. Аталмыш кітап Мәскеу баспасынан шыққан соң, Ташкенттегі Түркістан зиялыларына тарай бастаған. Барлыбек ата ұрпақтарының қолына бұл кітап 1925 жылдың 19 қарашасында түскен екен. Бәлкім, автордың өзі сыйлаған болар...
Қысқасы, Алаштың құнды жәдігері біздің қолымызға 2017 жылдың ақпанында тиді. Қарағанды қаласында тұрған еңбек ардагері, кеңестік Қазақстан тұсында «Халық жауының ұрпағы» ретінде саяси қуғын-сүргін көрген Мүгілсім Абдулқадырқызы Сырттанованың қолынан алдым.
Мүгілсім әже сол жылы тоқсан жеті жаста болатын. Ақыл-есінен жаңылмаған, сөзі анық, жүрісі ширақ еді. Жүзге жақындаған кейуананың бет-әлпетін сталиндік тағдыр тырнап, таласа да Алаштың бекзадалығы, текті әулеттен шыққан дегдарлығы сақталған екен. Алаш ұранды ерлер туралы айтқанда арқаланып, советтік сұрқия жылдар туралы айтқанда мұңайып, жүрексініп қалған-ды. Сөз арасында Барлыбек немересі: «Шырағым, Елдос! Алашты зерттеймін деп жүрсің ғой, саған керек болатын мынадай кітаптарым бар, ендігіде бұлар сенікі болсын!» деп қолыма он кітапты ұстатты. Он кітаптың бәрі де Мәскеудегі «Кіндік» баспадан шыққан тарихи қазына екен.
Жақында елордадан Талдықорғанға ат басын біржола бұрған едік. Туған жерімізде тамыр жайып, әжеміз бен анамызды қолымызға алайық деп. Ұзын жолға шығайық деп, жиған-терген кітаптарымызды буып-түйіп жатқанда ескі құжаттар салынған қораптан Алаш оқығаны Қошке Кемеңгердің осы кітабы шықты.
Аруақты Қошке бабаның көзіндей болып ортамызда аман-есен жүрген Алаш ұрпағы Ризабек ағаны да, шөбересі Қайырбекті де жақын танып, тонның ішкі бауындай жылы кейіпте араласамыз. Қошке шөбересі Қайырбек – текті атадан тараған бүгінгінің шын зиялысы. Академик Дихан Қамзабекұлының жетекшілігімен 2006 жылы кандидаттық диссертация қорғап, ғылым кандидаты дәрежесін иеленген. Қазіргі таңда Л.Гумилев атындағы ЕҰУ доценті. Көзі қарақты оқырманға есімі жақсы танылған алаштанушы-ғалым.
Қайрекеңдей жайсаң жанмен Алаш бағытындағы бірқатар халықаралық ғылыми экспедиция құрамында бірге сапарлас болған едік. Қуанышқа жайылған баталы дастарқанның дәмдесі де болыппыз. Бір жылдары ел астанасының рухани-мәдени өміріне жауапты мекемеде қатар қызмет атқарған әріптес едік. Осының бәрі көз алдымнан кинотаспа сықылды өтіп, естен кетпес қызық мезеттер ойға түсті. Тоқсан екі жылдай Барлыбек атаның үйінде, үш жылға жуық менің қолымда сақталған бұл Алаш құндылығын ендігіде Қошкенің өз әулетінде болғанын жөн санап, 4 маусым күні жәдігерді Қайырбек Ризабекұлына табыстадық. Асылында, бұл тарихи күн екен. Қазақстан Рәміздер күні болса әрі Қошке атамыздың адал жары, ұрпағын сталиндік қауіп-қатерден аман өткерген, қаламгер-қайраткер жолдасының ақталуына, адақталуына табанды қызмет еткен қайран Гүлсім Жәмиқызының өмірден озған күні. Cосын, Қошке шөпшегі, Нарманбет атасының тілеуімен Қуатбек деген есім алған бозбаланың туған күні. Қуатбек дәл сол күні мектеп бітіріп, аттестат алып жатыр екен. Қуаныш қуанышты еселеп, мерейімізді арттырған күнде Алаш қазынасы құтты да берекелі зор тілекпен әулеттің төріне шықты.
2021 жылы Алаш арысы Қошкенің туғанына – мерейлі 125 жыл, ал 2024 жылы «Қазақ тарихынан» деген құнды тарихи зерттеудің жарыққа шыққанына – 100 жыл. Осындай айтулы оқиғалар қарсаңында Қошке ұрпақтарының меншігіне өткен құндылық – Отан жолында жанын қиған боздақтың көзіндей қасиетті, айбатты һәм рух берер әулет жәдігері болар деп үміттенеміз.
Данышпан Мұхтар Әуезовтің 1927 жылы: «Тарихтың дәл суреттерімен толығырақ танысамын деген кісі болса, қазақ тілінде шыққан Халел Досмұхамедұлының «Исатай – Махамбет» жырының басына жазған баяншысы мен Қошмұхамбет Кемеңгерұлының «Қазақ тарихынан» деген еңбектерін қарап өтсін дейміз» деп жоғары баға берген. Негізінде, педагог, дәрігер, саяси қайраткер Қошке Кемеңгерұлының бұл зерттеу еңбегі – кеңестік цензураның пышағына ілінбеген, ата қазақ тарихының шынайы, большевиктік-коммунистік идеологияның қысымынсыз әрі еш қоспасыз жазылған іргелі туынды. «Рухани жаңғыру» жолына түсіп, төл тарихын терең тануға мүмкіндік алған ел жастары Қошкедей Алаш тарихшысының толымды еңбегін оқығаны абзал.
Елдос ТОҚТАРБАЙ,
әдебиеттанушы