Айнұр Тәбілтай: Квота жылдың басында таусылып қалады (видео)
Айнұр Тәбілтай: Квота жылдың басында таусылып қалады (видео)
Жақында газетіміздің Atajurt жобасы аясында қандастар көп қоныстанған Семей қаласына арнайы іссапармен барып, шетелден көшіп келген ағайынның тұрмыс-тіршілігімен танысып қайттық. Сапар барысында Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы және «Отандастар қорының» Семей қаласы бойынша сарапшы операторы Айнұр Тәбілтайқызын әңгімеге тартып, қандастарға байланысты кейбір түйінді мәселенің жай-жапсарына үңілген едік.
– Қандастар сіздерге қандай мәселемен көбірек келеді?
– Бізге көбіне құжаттандыру мәселесімен келеді. Мысалы, оралман куәлігін алу, ықтиярхат алу одан кейін азаматтық алу секілді мәселеде қандастар Дүниежүзі қазақтарның қауымдастығы және «Отандастар қорының» ақпараттық көмегіне көбірек жүгінеді. Шетелдан алғаш келген қандастар елдің заңдарымен толық таныс емес. Сондықтан әуелі қалай құжат алудың тәртібі түсіндіріледі. Қандастардың құжаттарында қателік кететін себебі, олар бұл жақтағы кейбір заңды білмейтіндіктен туындайды. Ал бізде қай құжатты қалай толтыру қажет болса, барлығының үлгісі дайын. Мысалы ЖСН алу қажет болса, Салық комитетінің талаптары, ықтиярхат алу үшін қандай сауалнама толтыру керек, барлық үлгілері бар. Өмірбаянды қалай жазу керек, қай жерге қандай ақпарат жазу керек бәрін заңға сай дұрыс толтыруына көмектесеміз.
Кейде шетелден қандастар хабарласады. «Қазақстанға көшіп барайық деп едік. Ол жаққа барып, дұрыс құжаттану үшін қандай құжаттар алып баруымыз қажет?» дейді. Оларға алдын ала түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз.
– Алайда естуімізше Семейде құжаттары дұрыс емес қандастар әлі де бар көрінеді...
– Қазір Семей қаласында осы құжаттану мәселесімен жүрген қандастарымыз бар. Соның бірі – Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің 5-курс студенті Арманбек Жанат деген азамат. Ол Моңғолиядан келген қандасымыз. Арманбек оқуын бітірген соң, елде қалып, жұмыс істегісі келеді. Алайда Арманбекке ондай мүмкіндік бола ма, болмай ма әлі белгісіз. Өйткені оған ықтиярхат алу үшін талап етілетін жеті анықтаманың бірі – медициналық анықтама берілмей отыр.
Кезінде мамандар зерттей келе, заң талабындағы бұл бабты алып тастау керек деп заң шығарушы органдарға өтініш білдірген. 2020 жылғы жаңадан өзгертулер мен толықтырулар енгізілген заңда бұл мәселе қарастырылған болуы керек деген үміттеміз.
Одан кейін Өзбекстанан көшіп келген Гүлнар Исаеваның отбасы 2015 жылдан бері әлі азаматтық ала алмай жүр. Азаматтық ала алмауының себебі Қазақстан көші-қон заңы бойынша Өзбекстаннан көшіп келетін ағайынға талап етілетін «шығу парағы» болмағандықтан. Ал Өзбекстан тарапы бұл анықтаманы әлі бермей отырған көрінеді.
– Шығыста қандастарға неге квота жетпей қалады?
– Себебі Шығысқа келетіндер саны көп, ал оған Үкіметтен берілетін квота саны аз. 2020 жылғы Шығыс Қазақстан облысына бөлінген өңірлік квота қаңтар, ақпан айларында игеріліп қойды. Наурыз, сәуірде тапсырған қандастар квотасын ала алмай жүр. Жалпы, қалған 10 айда келетін қандастарға квота жоқ десе де болады. Бұл мәселенің мән-жайын облыстан сұрап көргенімізде, қосымша квотаға өтініш жібердік деген. Бірақ осыған дейін қосымша сұранысқа жауап беру болған жоқ. Менің ойымша қосымша квота болмайтын да шығар. Сондықтан Шығыс Қазақстан облысына жыл басында квота мол бөлінуі қажет.
– Бұл мәселеге «Отандастар қоры» көмектесе ала ма?
– «Отандастр қоры» қандастардың көшіп келуіне көмектескенімен, нақты квота бөліп береді деп ойламаймын. 2019 жылы Павлодар облысына «Отандастар қоры» өз қаражатымен 25 отбасын шетелден көшіріп әкелді. Алайда квота мемлекет тарапынан берілген болатын.
– Шаруашылықпен айналысқысы келетіндер «жер ала алмай жатырмыз» деп жиі хабарласады екен. Оны қалай шешуге болады деп ойлайсыз?
– Жер алып, еңбек істегісі келетін қандастар көп. Өкінішке қарай, жердің көбінің иесі бар. Иен жер жоқ. Ал былай қарасаңыз, ол жерлердің көбі қазір бос жатыр. Ешқандай пайдаға асырылып жатқан жоқ. Жаңа көшіп келген қандастар сол жерлерді көріп, бос екен деп әкімшіліктен сұрайды. Әкімшілік ол жердің иесі барын айтады. Қаншама азамат шаруа істеп кетейін десе, осы жердің мәселесі тұсау болып отыр.
Қаншама жерді иелігіне алып алған. Бірақ игермейді. Не пайдасын көрмейді, не өзгеге пайдасын көрсетпейді. Мысалы, Бесқарағай ауданы, Дмитриевка ауылында тұратын Тайыр Оразай деген азамат бар. Ауыл шаруашылығына несие алып, мал өсіргісі келеді. Өкінішке қарай, жер жоқ. Тағы да Әділнұр Сәменбетұлы деген азамат бар. Міне, осы кісілердің мәселесі сол – жерді пайдалану. Мал өсіргісі келеді, көкөніс еккісі келеді. Бірақ қолдарында жер жоқ. Мемлекет қазір бұл мәселемен айналысып жатыр дейді.
– Елге келіп, еңбегін сіңіріп жатқан талантты, білімді қандастарымыз да бар шығар?
– Әрине. Қуандық Биболат, Секей Жанбота – Шәкәрім атындағы Мемлекеттік университеттің аға оқытушысы. Семей қаласында білім-ғылым саласында ұзақ жыл бойы еңбек етіп келеді. Одан бөлек біршама кәсіпкер азаматтар бар. Соның бірі – Мәукен Өтежан деген атымтай жомарт азамат. Үлкен құрылыс компаниясы бар. Шетелден жаңа көшіп келген, құжаты реттеле қоймаған қандастарды сол кісіге жібереміз. Ол кісі қандастарға уақытша болсын жұмыс тауып беріп, көмектесіп тұрады. Басқа да мәдени-рухани салада елеулі еңбек етіп жүрген азаматтар көп.
– Семейге келген қандастардың жұмыспен қамтылуы қалай?
– Жұмыспен қамту орталығымен тығыз байланыстамыз. Біз жіберген қандастарға барынша жұмыс тауып беруге олар да көмектеседі. Бірақ бір-екі кедергі бар үнемі қандастардың алдынан шыға беретін. Ол, әсіресе тіл мәселесі. Кейбір шетелден келген ағайындар орыс тілінен қиналады. Одан кейін Қытай және Ауғанстан сияқты елдерден келген ағайындардың кириллицамен жазу және оқу мәселесі тағы бар. Тіптен ондай адамдарға сатушы болып істеудің өзі қиын. Біз, міне осындай адамдарға кириллицамен жазуды да оқытамыз.
– Баспанамен қамтылу мәселесі қалай шешілуде?
– Нақты Семей қаласының өзіне келсек, баспана мәселесі шешілмейді. Квота бойынша да бір жылға үйдің ақысын төлеп отырады. Жоғарыда жұмыспен қамту туралы айттық қой. Мысалы ауылдық, аудандық жерлерден де жұмыс тауып береді. Міне, осы арқылы баспана мәселесін бірге шешуге болады. Ауылдық, аудандық жерлерде баспана мәселесі шешіледі.