Foundation-де оқып жүр, ел деп келген көп қандас (видео)
Foundation-де оқып жүр, ел деп келген көп қандас (видео)
1991 жылдан бастап шетелден келген қазақ жастары жоғары оқу орнының қабылдау бөлімінде даярлық курсында оқи бастады. Бұл көші-қон саясатындағы ең нәтижелі стратегиялық жобаның бірі болды. Осы игілікті іс екі үлкен нәтиже берді. Бірінші, шетелде тұратын қазақтардың ана тілін сақтап қалуы мен жоғары білім алуына мұрындық болды. Диплом алып, жұмыспен қамтылуына мүмкіндік туғызды. Екінші пайдасы, шетелдегі қазақтарды елге көшіруге ең тиімді жолдың бірі осы болды. Әуелі жастар келіп, диплом алып, жұмысқа тұрған соң, ата-анасын атажұртқа әкелуде.
Білім және ғылым министрлігінің 2011 жылы шығарған №554 бұйрығы 2014 жылдың қазан айында елімізде толық жүзеге асты. Еліміздің 20-дан астам жоғары оқу орнында шетелдік қазақ жастарын оқытатын Foundation факультеті болып құрылды. Бұл бө-лімнің мақсаты – Қазақстандағы жоғары оқу орындарына түсетін та-лапкерлерді жалпы білім беруге дайындау және деңгейін арттыру, Қазақстанда өмір сүруге бейімдеу. Осы уақытқа дейін мемлекеттік грант негізінде Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Ресей, Иран, Түркіменстан, Ауғанстан, Қырғыз Республикасы және Еуропаның бірқатар елдерінен қазақ жастары келіп, білім алды.
Үкіметтен дайындық бөліміне жыл сайын 1 мыңнан астам грант бөлініп келеді. Атап айтсақ, 2018-2019 оқу жылы 1 200 грант бөлініп, 992 қандасымыз оқуға түскен болатын. 2019-2020 оқу жылына 1 000 орын бөлген еді. Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 17 сәуірдегі №150 бұйрығына сәйкес, 2020-2021 оқу жылына 24 ЖОО-да дайындық курсы ашылатын болды. Дайындық бөліміне жалпы саны 1 300 орын бөлінді.
Ал Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласындағы Foundation факультетінің жөні бөлек. Олай дейтініміз, дайындық бөлімдері бар қалалар ішінде Семей шетелден жастар ең көп келетін қала. Оның басты себептерінің бірі Қытай және Моңғолиядан келетін жастар үшін Семей жақын, ауа райы да оларға қолайлы болып келеді.
Семейдегі дайындық факультетінің құрылғанына биыл 11 жыл толып отыр. Осынау жылдарда көптеген қазақ жастарын елге тартты, білім берді.
Семей қаласына арнайы жасаған іссапарымызда дайындық бөліміне барып, онда қызмет істейтін мамандар мен түлектерді әңгімеге тартқан едік.
Гүлмира АҚИҚАТҚЫЗЫ, Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті Foundation факультетінің деканы:
Пандемия кезінде де қандастар балаларын дайындықта оқыта алады
– Шетелдегі қандастардың балаларын Семейде дайындық бөлімдерінде оқыту 2009 жылдан басталды. Ол кезде Семей педагогикалық институты болатын. Ең бірінші Марат Орынтайұлы ағамыз бастады. Ол кісі бір жылдай басқарып тұрды. Ал жалпы Семей қаласына шетелдегі қазақ жастарының келуіне өлшеусіз үлес қосқан азамат Мұрат Тілегенұлы деген ағамыз. Ол кісі осынау оншақты жылдың көлемінде Қытайдан, Моңғолиядан, Өзбекстаннан қаншама жасты әкеліп, ЖОО-ға түсуге жол ашты. Сол кезде дайындық бөлімі болып ашылып, содан бері міне, он жыл бойы жұмыс істеп келеді. Бес жыл бұрын Қазақ инновациялық заң университетінде екінші дайындық бөлімі ашылды. Оған да қазір 5 жыл болып қалды. Бұл дайындық бөлімдерінің қазаққа берген жемісі өте көп. Өйткені осы он жылда қаншама қандастарды Семейде оқытудың нәтижесінде мықты-мықты түлектер шықты. Қазақ қоғамына пайдасы тиіп жүрген азаматтар қалыптасты. Өнер, ғылым саласында білім алып, Қазақстаның әр түкпірінде өз мамандығы бойынша қызмет істеп жүр. Бұл шетелдегі қазақтарды атажұртқа тартудың ең бір тиімді, ауқымды жолдарының бірі болды. Өйткені жасөспірім балалар мектеп бітіргеннен кейін білім-ғылым жолымен келіп, әрі қарай дайындық бөлімдерінде оқып, ЖОО-ға түседі. Одан әрі маман иесі болып, еңбекке араласады. 4-5 жыл Қазақстанда жүрген жастар осы жаққа үйренісіп кетеді де, қайта шетелге кеткісі келмей қалады. Сондықтан да осында бір-бір шаңырақ болып қалып жатқан жастар баршылық. Өзгерісхан НҰРЛАН, түлек:Болашақта ата-анамды атажұртқа әкелгім келеді
– Мен былтыр күзде Шәкәрім университетіне дайындық бөліміне оқуға келдім. Мұнда оқу үшін барлық жағдай жасалған. Білім беру сапасы да жоғары. Мұғалімдер де бізге жақсы қарайды. Жатақханамыз да жайлы. Қысқасы, «не керектің» бәрі бар, жақсы оқу ғана қалып тұр, бізге. Алғаш келген кезде сәл өзгешеліктер болды. Жүре келе бәріне үйренісіп кеттік. Мысалы, шетелде қазақ тілі жақсы оқытылмайды, Қазақстан тарихын мүлде өтпейміз. Осындай пәндерді игеруге біршама уақыт кетті. Ал менің таңдау пәнім – физика, математика. Арманым – физика мұғалімі болу. Біз елдегі төтенше жағдай режимі кезінде де жатаханада жаттық. Сыртқа шыққан жоқпыз. Осында келгенімізге өте қуаныштымыз. https://www.youtube.com/watch?v=52qf_-6kRT4&feature=youtu.be