Салғырттық – саулығымызға кесір
Салғырттық – саулығымызға кесір
Карантин жеңілдетіліп, ірі сауда нысандары, қоғамдық тамақтану орындары ашылғалы кесірлі кесел өршіп кетті. Елдің барлық өңірінде індет жұқтырғандар саны артты. Қатерлі вирустан көз жұму деректері де күрт көбейді. Бұрын «таныстарымның арасында коронавирус жұқтырған бірде-бір адам жоқ, бұл вирус шынымен де бар ма, әлде саясат па?» деп өзі күмәнданып қана қоймай, өзгелерді де адастырушылар көп болса, қазір әрбіріміздің туған-туыс, дос-жаранымыздың арасында індетке шалдыққандар көбейіп, аурудың ойыншық емес екеніне жұрттың көзі жетті. Десе де, сақтық шараларына селқос қарап, өзінің ғана емес, өзгелердің де денсаулығын қатерге тігіп жүргендер әлі де жетерлік.
Ауруханаларда орын жоқ
Коронавирус індетін жұқтырғандардың күрт көбеюі отандық медицинаға айтарлықтай қысым түсіре бастады. Осы күнге дейін ауруханаларда орын жеткілікті, маман тапшылығы жоқ деп сендіріп келген Денсаулық сақтау министрлігі ресурстар сарқыла бастағанын мойындады. Науқастар саны күн өткен сайын еселеніп жатса, сарқылмай қайтсін?! Үш айдан бері үй бетін көрмей жұмыс істеп жатқан ақ халаттылардың да жүйкесі темір емес. Физикалық тұрғыдан да, моральдық тұрғыдан да қажиды. Жаны қиналып, жәрдем сұрап келген науқастарға орын тауып бере алмаудың өзі олар үшін үлкен сынақ. Өйткені елдің көп өңірінде ауруханалар лық толы. Мәселен, Атыраудағы №2 облыстық аурухана 180 төсек-орынға есептелген, бірақ қазір онда 200-ден аса науқас бар. Сондықтан дәрігерлер жаңа түскен науқастарды Махамбет ауданына жөнелтіп жатыр. Орын тапшылығы мәселесін шешу үшін аудандағы туберкулез ауруханасында 100 төсектік инфекциялық бөлім ашылды. Жексенбіден бастап жұқпалы аурулар стационарына түскен салмақты жеңілдету үшін бөлімге 15-20 науқас жіберіледі. «Жағдай қиындап кетті. Соған қарамастан, медицина қызметкерлері келгендердің бәрін қарап, емдеп жатыр. Олардың арасында ауыр науқастар бар, біз оларды жансақтау бөлімдері мен жұқпалы аурулар ауруханасына жібереміз. Барлық дәрігер қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр», ‒ дейді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Қабдықапаров. Алматыда да жағдай күрделі. Қаладағы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыровтың айтуынша, күн сайын қалалық ауруханаларға жүзден астам науқас түседі. «Денсаулық сақтау жүйесінің ресурсы шексіз емес. Аталған салаға бөлінетін қаржы көлемі бізден ондаған есе көп дамыған елдерде де ресурстар жетіспейді. Науқастар саны көбейіп, кейінгі күндері қалалық клиникаға күніне жүзден астам пациент түсіп жатыр», деп жазды Камалжан Надыров Facebook желісінде. Басқарма басшысының сөзіне қарағанда, Алматыдағы ауруханаларда орташа есеппен 200-300 орын бар, бұл науқастардың барлығын жатқызу үшін аздық етеді. Қазір қалада COVID-19 жұқтырғандарды емдейтін 10 клиника бар. Онда 1 300 науқас емделіп жатыр. «Барлық клиниканы COVID-19 жұқтырғандарды емдейтін орынға айналдыра алмаймыз, себебі өзге аурумен ауыратындар медициналық көмекке зәру болып қалады. Күн сайын қала бойынша 2 500-ден астам шұғыл шақыртулар болады. Мәселе тек бос орындарда ғана емес, коронавирус жұқтырғандармен жұмыс істеуге дайын дәрігерлер бригадасы туралы болып отыр. Өкінішке қарай, жағдайы орташа және ауыр науқастарды ғана ауруханаға жатқызуға мәжбүрміз. Жедел жәрдем қызметінде істейтін дәрігерлерге түсетін салмақ артты», – дейді К.Надыров.Күн сайын 500 науқас: екінің бірінде – пневмония
Елордадағы ахуал да алаңдатарлық. Өткен аптада желіде Нұр-Сұлтандағы №1 көпсалалы қалалық ауруханада түсірілген видео кең тарады. Бейнекадрдан емделушілердің дәлізде жатқанын көруге болады. Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жұртты үрейлендірген видеоға қатысты пікір білдіріп, қалада эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты №1 көпсалалы қалалық ауруханаға жатқызылғандар саны күрт артқанын растады. «Апта басында аталған ауруханада науқастар көбейіп кеткенде палата босағанша адамдарды дәліздерде уақытша орналастыру жағдайлары болды», – делінген хабарламада. Елорданың Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықованың айтуынша, қаладағы стационарлардың 90 пайызы бос емес, ауруханаға күн сайын 500 адам түседі, екінің бірі – пневмония. Мамандар бұл дертті коронавирус өршітті деп болжап отыр. «Егер жыл басында күніне орташа есеппен пневмонияға шалдыққан 5 пациент түссе, маусымнан бастап күн сайын 500 адам түсіп жатыр. Екінің бірі – вирустық пневмонияға шалдыққан. 90 науқастың жағдайы орташа ауыр және ауыр», – дейді С.Қисықова. Ақтөбе мен Түркістан облыстарында да пневмония диагнозымен ауруханаға түсу дерегі еселеп артып жатыр. Өткен аптада екі күн ішінде 200-ге жуық ақтөбеліктің пневмонияға шалдыққаны белгілі болды. Ауыр жағдайда түскен науқастарды дәрігер емдеп үлгере алатын емес. «Қазір тек теміржол ауруханасынан басқа ауруханаларда бос орын болмағандықтан, адамдар дәлізде жатуға мәжбүр. Өткен түні 20 дәрігердің орнына 4 дәрігер мен облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бір ғана өкілі жұмыс істеді. Екі адам жұмысқа келіп, бас тартты. Олардың өзінің денсаулығы мәз емес», – депті облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Светлана Есенаманова «КТК» телеарнасына берген сұхбатында. Шымкенттің Денсаулық сақтау басқармасы да өкпесі қабынып, жедел жәрдем шақыртқан науқастар саны күрт көбейді деп дабыл қақты. Басқарма мәліметінше, жедел жәрдем қызметіне күніне орта есеппен 1 800-2 000 қоңырауға дейін келіп түседі екен. «Шақыртулардың басым бөлігі – ЖРВИ, пневмония сынды инфекциялық аурулар. ЖРВИ диагнозымен ауруханаға жатқызу – 2 есе (2019 жылғы маусым – 124, 2020 жылғы маусым – 260), пневмония диагнозымен – 7,2 есе (2019 жылғы маусым – 18, 2020 жылғы маусым – 130) өскен. Инфекциялық аурулардың артуына байланысты қалада 1 420 төсек-орын ашылды. Оның ішінде 690 орын инфекциялық, 290-карантиндік, 440-провизорлық төсек-орын ашылған. Осының есебінен орын жетіспеу проблемасы реттелмек. Сондай-ақ 22 өкпені жасанды желдету және 38 монитор аппараты қосымша орнатылған. Бұған қоса, 27 маусымға дейін өкпені жасанды желдететін 40 аппарат орнатылады деп жоспарлануда», – делінген хабарламада. Ақ халаттылардың айтуынша, науқастардың ауру жұқтыру көрсеткішінің артуына сақтық шараларының тиісті деңгейде сақталмауы себеп болған. Тұрғындардың басым бөлігі әлі де арақашықтықты сақтау, қол гигиенасы мен маска тағу сынды сақтық шараларын елер емес.Қатаң карантинге қайта оралуымыз мүмкін
Семейдегі эпидемиологиялық ахуалдың ушығуы да санитарлық талаптарға селқос қараушылардың көптігінен дейді жергілікті мамандар. Қазір облыста коронавирус жұқтырған науқастардың 66 пайызы – осы шаһардың тұрғындары. Семей қатерлі вирусты жұқтыру дерегі алғаш рет наурыздың соңында тіркелген еді. Содан бері карантиндік шектеулер қолға алынып, оң нәтиже берген. 2 айда емдеу мекемесіне 8 науқас қана түссе, мамыр айының соңы мен маусым айында індеттің таралуы күрт ушығып, науқастар саны еселеп артты. «Өкінішке қарай, халық әлі де бұл дертке сенбей, селқостық танытуда. Әлеуметтік арақашықтық сақталмайды, көбі бетперде тақпайды. Мәселен, жақында табиғат аясына демалуға шыққан бір науқас адам 35 тұрғынға инфекция жұқтырды. Бұл дегеніңіз, өте ауыр жағдай. Қазір тіпті жұқпалы аурулар ауруханасында орын жоқ. Сондықтан біз қала тұрғындарынан карантиндік шектеулерге жете мән беруге шақырамыз. Әрқайсымыз жауапкершілікті күшейтсек, эпидемиологиялық ахуалды түзете аламыз», – дейді қалалық жедел штабтың медициналық мәселелер жөніндегі үйлестірушісі Найля Әлменева. Облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, қаладағы қоғамдық тамақтану орындары жұмысын қатаң талаптарды сақтай отырып жүзеге асыру керек болған. Алайда арнайы тексеруге шыққан мониорингтік топ дәмханаларда үстелдер санын 2 есе азайту, санитайзерлер қою сияқты ережелердің сақталмайтынын анықтады. Тіпті, жиын-той өткізіп жатқандар да бар екен. «11 мекемеден өрескел тәртіп бұзушылық анықтадық та, оның алтауына ескертпелер берілді, бесеуіне әкімшілік шара қолдану жөнінен іс қозғалып, прокуратура ары қарай сотқа жолданады. Сот тиісінше шешімін шығарады. Сот шешімінде ол ақшалай айыппұл да салынады, өрескел тәртіп бұзған мекеменің жұмысын шектеп, жабуға дейін барады», – дейді Семейдің бас санитарлық дәрігері. Өкінішке қарай, қатерлі дертпен күреске селқостық танытып, талап-міндеттерге салғырт қарайтындардың кесірі көпке тиюде. Індет жұқтырғандар көбейген соң еліміздің бірнеше аймағында карантин қайта күшейтілді. Демалыс күндері бүкіл ел аумағында шектеу шаралары қатаңдатылып, Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Павлодар, Екібастұз қалаларында сауда ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлерінің, желілік дүкендердің, жабық азық-түлік және басқа да базарлардың қызметі тоқтатылды. Қоғамдық демалыс орындары – саябақтар, жағалаулар, жағажайлар, аквапарктер де жабылды. Егер вирус осы қарқынмен тарала берсе, қатаң карантинге қайта оралуымыз мүмкін. Санитар дәрігерлер мұндай қауіптің барын жоққа шығармайды. «Мұның бәрі саясат», «мемлекет халықты қамап қою үшін әдейі жасап отыр», «ешқандай вирус жоқ», «ауруханада жатқандарға ақша берген». Осы сарындағы қаңқу сөздердің күні бүгінге дейін толастамауы коронавируспен күрестің әлі ұзаққа созылатынын меңзейтіндей. «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» деген халық даналығына сүйеніп, қолды бір-ақ сілтегің келеді. Алайда таразының бір басында ұлт саулығы тұрғандықтан, өйтуге қақымыз жоқ. Ауру ауыздықталғанша оның қаупі жайлы айта беру – парызымыз.