Қазақ па тек қудаланған, атылған?..
Қазақ па тек қудаланған, атылған?..
...Кейде біліп тұрсаң да жазғың келмейтін тақырыптар, айтқың келмейтін әңгімелер болады. Себебі ол – жазған адамның жүрегін жаншып, оқыған адамның жанын ауыртады… Бірақ жазбауға тағы болмайды. Неге?
Өткен ғасырдың 30-жылдарындағы сталиндік репрессия жайындағы шындық саналы адамның төбе құйқасын шымырлатады. Кеңестік кезеңнің қызыл қырғыны өркениет жолына енді қосылып, ғылым-білімге енді бет бұрған халықтардың көзі ашық перзенттерін баудай түсіріп, жұрт алдында сөз сөйлей білер көсемдерін қыршынынан қиды. Ең жаманы, осыны халық өте кеш білді. Соның кесірінен, жарты ғасырдан аса уақыт өзіне қиянат жасаған мемлекеттік құрылымның туын көтеріп, әнұранын шырқады.
Бірақ мәңгілік ештеңе жоқ екен, әлемнің алтыдан бірін алып, тең жартысына үкімін жүргізген алып ел жиырма бірінші ғасырға таяқ тастам қалғанда замана дауылы қатты шайқап, керегесі сөгіліп, уығы қирап, шаңырағы ортасына түсті.
Содан бері еркіндік желі соғып, тынысымызды кең алып, о жақ бұ жағымызға көз салып, ненің ақ, ненің қара екенін бағамдай бастағандай болдық. Алайда өкініштісі сол, ұлтты тануға, өткенімізді түсінуге келгенде обьективті түрде қарауға парасатымыз жетпей жатыр...
Бір ақиқат бар: тұтасымен керемет немесе тұтасымен сорлы ұлт болмайды. Бұл мектеп оқушысына да белгілі нәрсе. Десек те, тұтас ұлтқа, ең жаманы өз ұлтына жала жапқыш қазақтарды көргенде жаның түршігеді. Ондайларға ешкімнің обал-сауабы керек емес, өз сөзін өткізсе, пікірін дәлелдесе болды. Өзі қаралап отырған тұтас халықтың ішінде өзін дүниеге әкелген әке-шешесі кетіп жатыр ма, басқа ма, шаруасы жоқ. Ендеше ондай қаны қарайғандардан ұлтқа пайда бар ма?..
Бүгінгі қоғамда сауатсыздықтың сұмдық өркен жайғаны сондай, «көп айтса көнді, жұрт айтса болдымен» (Абай) өмір сүрудің түк те ұяты болмай барады. Өз көзің көріп, өз миың қорытпаған нәрсені әлдебіреудің күмәнді пікірімен өлшеп, шындық деп танудан асқан қасірет жоқ десек, өкініштісі, бүгінгі қазақ қоғамында осы тенденция басым.
Арандатушылар қай кезде де болған, бірақ тұтас ұлттың намысына тиіп, жалалы сөзбен рухын жаншып жатқанда «апыр-ай, шынымен осылай ма?» деп тіксініп, шындық іздеуге тиіс оқығандардың өзі қоғадай жапырылып, қаскөй әңгіменің ығына жығылып жатқанда ақ пен қараны айыруға сауаты жете бермейтін былайғы жұртқа не жорық? Бұл аз болғандай, әжептәуір атақ-даңқы бар кейбір кісілердің одағай ойлары шындыққа баланып, алдыңнан қайта-қайта кес-кестеп шыға беретінін қайтерсің?..
Жыл сайын мамырдың соңында қазақ халқының жан жарасы ауырып, өткенін қинала бір рет еске алатын күні келеді. Міне, осы кезде түрлі әңгіменің қазанын қайнататын әлеуметтік желілерде жамандықтың жарамазанындай бір сөз кезіп жүреді: «37 жылы халық жауы боп атылғандар саны ұлтқа шаққанда тәжіктен – 1, өзбектен – 7, қырғыздан – 40, ал қазақтан 25 000 адам көз жұмыпты...». Кім айтқан деп сұрастырып көрсек, сөз иесі, анау-мынау емес, белгілі абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметов болып шығады. Осы кісі айтқан деп біреулердің жазғаны сайттарда тұр...
«Япыр-ай, деп таңғаласың сонда. – Басқасы басқа, қарғыс атқыр 30-жылдардағы репрессия машинасының өңеші ұлт таңдамағанын сауаты бар адамның бәрі білетін сияқты еді ғой. Ендеше белгілі ғалым мына пікірді неге сүйеніп айтып жүр?».
Мына заманда жер басып жүрген кез келген пендені тауып алып, жөн сұраудың тіпті де қиындығы жоқ. Бірақ жасы тоқсаннан асқан ақсақалдың жағасынан алып, асығыстықпен, бәлкім білмей айтқан сөзі үшін табалағандай болмайық дедік. Дегенмен тұтас қазақты тұқыртуға Әзірет Әлінің күрзісіндей төніп жүрген шындықтан алыс сөздің жаңсақтығын ашып көрсетпей тағы болмас. Өйткені «басқалардан көп қырылғанына қарағанда, қазақтар бірін-бірі сатқан болуы керек» деген әңгіменің үніне су құймасақ, бүтін ел өзінен өзі жеріп бара жатқандай жай бар...
Ал шындығы қалай еді? Қазақстаннан басқа елдерде репрессия жүрмеді ме, адамдар жер аударылып, ату жазасына кесілмеді ме? Ол туралы архивтегі құжаттар не дейді?
1920-1930 жылдардағы жаппай жазалау кезінде алақандай Қырғызстанда саяси себептермен 30 мың адам репрессияға ұшыраса, 1940-1950 жылдарда тағы 10 мың адам жазықсыз жазаланған. Ең жаманы, сталиндік қасапханаға түскендердің жерленген жері белгісіз болып келген. 1990 жылдардың басында ел астанасы Бішкек қаласынан 30 шақырым қашықтағы Чон Таш ауылының маңынан атылғандар жерленген орын табылған. Кездейсоқ табылған қорымнан 138 адамның мүрдесі шыққан… Қазір ел ол жерді «Ата бейіт» деп атайды.
Репрессия тек байлар мен діншілдердің тұқымдарын ғана емес, қырғыз елінің беткеұстар қаймақтарын да сыпырып тастады. Қараңыз: қырғыздың әлем таныған классигі Шыңғыс Айтматовтың әкесі Төреқұл Айтматов (Қырғызстанның партия және мемлекет қайраткері, Қырғыз КП ОК екінші секретары, Кырғыз АССР сауда халық комиссары), Юсуп Абдырахманов (мемлекет қайраткері, Қырғыз АССР Халық комииссарлар кеңесінің алғашқы төрағасы), Қасым Тыныстанов (ақын, ғалым, мемлекеттік қайраткер. Қырғыз латын әліпбиінің негізін салушы), Баялы Исакеев (мемлекет қайраткері, Қырғыз Ауыл шаруашылығы халық комиссары), Абдыкерим Сыдыков (Қырғыз АССР Мемлекеттік жоспарлау комиссиясы төрағасының орынбасары), Ишеналы Арабаев (қоғам қайраткері, ағартушы. «Кыргыз алиппеси» авторы), Зияш Бектенов (қырғыз тілі мен әдебиетіне арналған оқулықтардың негізін салушы) т.б. Осының соңғысынан басқасының бәрі атылған...
30-жылдар ойраны Өзбекстанға да оңай тимеген. Сталин қол қойып, бекіткен жазаланушылар тізіміндегі 496 адамның 437-сі ату жазасына кесілген. 59 адам 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Өзбек елінде жасалған бұдан басқа тағы осындай алты тізім болған. Оның бесеуіне Владимир Цесарский, біреуіне Исаак Шапиро қол қойған. Шапиро қол қойған тізімдегі 293 адамның 248-і атуға бұйырылған.
Өзбекстандық «Шахидлар хотираси» қорының дерегі бойынша осы елде 1937 жылдың 30 қыркүйегінде 10 700 адам қамалып, жазаға тартылған. Оның 3 613-і ату жазасын алса, 7 087 адам 8, 10 жылға лагерьлерге айдалып кеткен. Сол жылдың 13-28 қарашасында тағы 1 611 адам сотталса, желтоқсан айында және 3 610 адам түрмеге жіберілген.
Бұлардан басқа Өзбекстанда үкімет басқарған, әдебиет, мәдениет қайраткерлері ату жазасына ілініп, мезгілсіз мерт болған (олар жайында Өзбекстан коммунистік партиясы орталық комитеті мен халық ағарту комиссары баспа бөлімінің меңгерушісі болған Рахим Иногамовтың «Өзбек интеллигенциясы» кітабында кең түрде айтылады).
Тәжікстандық зерттеуші журналист Курбони Аламшо өз елінде сталиндік репрессияның құрбаны болған қандастарының санын 25 000 адамнан асады деп көрсетеді. Олардың бәрі де 1937-1938 жылдарда құрбан болған. Тек қана тәжік елі емес, КСРО бойынша отызыншы жылдарда шейіт кеткендер мен сотталғандар туралы деректер іздеп, архивтерді шарлаған Курбони қызыл террор қыршыннан қиған тәжіктер саны өзі көрсеткен мөлшерден артық болуы әбден мүмкін деп санайды. Себебі архивтерде әлі күнге «құпия» грифімен сақталған құжаттарды ашу мүмкін емес екен. Өзі көрген деректер негізінде «Помир,1937» деген кітап жазған тәжік зерттеушісі сол тұстағы өз елінде болған саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени жағдайды кейінгі ұрпақ білгені жөн деп санайды.
Бүгінде зерттеушілер 1930-1941 жылдар аралығында бұрынғы Кеңестер Одағында 3 млн 778 мың адам контрреволюциялық ұйымдарда болды деп айыпталып, соның 786 098 (жалпы айыпталғандардың 20 пайызы) атылған, 2 млн 369 адам түрмеге қамалған, 765 мың адам жер аударылған деректер келтіріп отыр. Ал кейінірек өзге де деректерді алға тартып, репрессияға ұшырағандардың ұзын саны 20 млн адамға жетіп жығылады дейді. Қалай десе де, айдың-күннің аманында өз халқын осынша қырғынға ұшыратқан ел қай тарихта да болмаған шығар-ау. Бірақ ендігілер одан сабақ алса қане!
...Жалғанда о дүниелік болғандарды санап, өзіңнің жоғалтқаныңның көлемін жұрттыкімен салыстырудан асқан азап жоқ. Бірақ жоғалтқанын жұрттан көбірек көрсетіп, соны ұлтының бетіне салық қылғысы келетін ойсыздарға қандай қырғынның болса да дерегін нақтап көрсетіп, шындықпен көзіне шұқымаса болмайды екен. Амалсыздың күнінен біз де сөйттік. Отызыншы жылдарда қырылған жалғыз қазақ емес екен. Басқалар да қырылыпты. Бірақ сол үшін олардың ешбірі халқын сатқынға баламайды екен. Бәрі оны сталиндік репрессияның кесапаты дейді. Біз де солай дейік. Сонда тек қазақтың ғана қудаланып, атылмағанына шүбә келтірмейді ешкім.
P.S. Жалғанда ұлттың өзінен-өзі жеріп, жиіркенуінен өткен қасірет жоқ. Бірақ ұзақ жылдар бойы бізге сырттан таңылған теріс пиғылды түсініктер мен сайқал саясаттың арандатқыш әңгімелері бізді соған жеткізді. Дегенмен қай нәрсенің болса да ақиқатын ашып, шындығына жетуге мүмкіндік мол мына заманда әрекетсіз отырып, шешендігі қара басының қамынан аспайтын әлдебіреулердің көсеген отына жылына беретін болсақ, адамдық қасиетімізден айырылып, елдігімізді қатерге тігеміз. Оның ар жағы құлдықтың мәңгілік қара құрдымы.
Қазақтың қазақтығы өзіне таңылған өзгенің шындықсымағына аузын ашып, көзін жұмумен емес, ұлт тұтастығы үшін өткеннің өзекті өртер өкініштерін көктеп өтіп, түпкі жеңіс үшін ауызбірлікті сақтауымен өлшенеді. Осыны ғана ұмытпасақ жетеді.