Олжа салған 30 жыл
Олжа салған 30 жыл
Келер жылы Тәуелсіздігімізді алып, егемен ел атанғанымызға 30 жыл толады. Тарихи тұрғыдан бағамдасақ, отыз жыл – аса көп уақыт емес. Десе де, Қазақстан аз уақыт ішінде әлемдік алпауыттармен терезесін теңестіріп, жаһан жұртына қарышты қадамдарымен танылып үлгерді. Егемендік жылдары еліміздің жеткен жетістіктері мен халықаралық деңгейде атқарған абыройлы істері том-том кітапқа арқау боларлық. Оның бәрін бір мақаланың шеңберіне сыйдыра алмасымыз анық. Бүгін біз әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылуды мұрат еткен Қазақстанның Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізген басты 30 олжасына тоқталмақпыз.
Тағдыршешті құжат
1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының заңы қабылданды. Бұл – қазақ елі тарихындағы ақжарылқап сәттің туғанын күллі әлемге айғақ еткен ұлы күн. Қазақстан мемлекеттік тәуелсіздігі жарияланған сол шақ ел шежіресіне алтын әріптермен жазылды. Тарихи құжатқа қол қойылған сәттен 45 минут өткен соң, Түркия Республикасы бірінші болып Қазақстан Тәуелсіздігін таныды. Осылайша әлем картасында Қазақстан атты тәуелсіз жаңа мемлекет пайда болды. Оның тұңғыш Президенті болып Нұрсұлтан Назарбаев сайланды. Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің ХV пленумы қабылдаған шешім қазақ елінің тағдырын түбегейлі өзгертті.Достық көпірі
1991 жылғы 8 желтоқсанда КСРО халықаралық құқық субъекті және геосаяси шындық ретінде өмір сүруін тоқтатты. Бөлек отау құрған мемлекеттердің алдында күрделі міндеттер тұрды. Алда тұрған түйткілдердің ауқымдылығын сезіне отырып, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алматыда бұрынғы одақтық республикалар көшбасшыларының кездесуін өткізу жөнінде бастама көтерді. Онда достық, тату-көршілік және елдер арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың тарихи тамырларын тиісті құжатпен бекіту, сондай-ақ бұрынғы кеңестік кеңістіктегі бірлескен жобаларды дамыту жолдарын қарастыру көзделді. Қазақстан басшылығының белсенді жұмыстарының нәтижесінде 1991 жылдың 21 желтоқсанда кеңестік 11 республиканың басшылары Алматыда бір үстелдің басына жиналды. Өткізілген келіссөздердің қорытындысында «ТМД-ның Алматы декларациясы» қабылданып, онда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының құрылғаны жарияланды, оның тең құқылы бірлестікке ұмтылысы айқындалып, мақсаттары мен ұстанымдары нақтыланды.Азаптан арылтқан қадам
1991 жылғы 29 тамызда Нұрсұлтан Назарбаев Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл – Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде жасаған алғашқы батыл қадамы еді. Тарихқа жүгінсек, дүниежүзінде өз еркімен ядролық арсеналдан бас тартқан мемлекет жоқтың қасы. Кезінде «ядролық қаруды сақтап қалайық» дегендер де болды. Бірақ ұлтының саулығын, қазақ жерінің бүтіндігін ойлаған Елбасы әлемде көлемі жағынан төртінші орында тұрған ядролық арсеналдан бас тартты. Бұл шешімнің дұрыс екенін уақыт дәлелдеді. 40 жылдан астам уақыт бойы азапталып, 450-ден аса жарылысқа кеудесін тосып, сау-тамтығы қалмаған Жер-анамыздың қасіреттен арылып, еркін тыныстауынан қымбат олжа бар ма?Қауіпсіздік қалқаны
1992 жылғы 7 мамырда Қазақстан Президенті, Қазақстанның Жоғарғы Бас қолбасшысы Н.Назарбаев «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қорғаныс комитетін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі етіп қайта құру туралы», «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» және алғашқы Қорғаныс министрі етіп генерал-полковник (1993 жылдың 9 мамырынан армия генералы) С.Нұрмағамбетовті тағайындау туралы Жарлықтарға қол қойды. Қазақстанның дербес Қарулы Күштерінің құрылған күні болып тарихқа енген 7 мамыр елімізде «Отан қорғаушылар күні» деп жарияланды. Қауіпсіздігіміздің қалқанына айналған тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі армиясы – ата-бабаларымыздың жауынгерлік дәстүрінің заңды жалғасы.Егемендік нышаны
«Тәуелсіздік – алтын күмбез дейтін болсақ, сол күмбезді тіреп тұрған төрт белгі рәміздеріміз бар. Оның біріншісі – көк байрақ, екіншісі – Елтаңба, үшіншісі – Әнұран, төртіншісі – қазақ тілі», – деген еді Елбасы Н.Назарбаев. Елім, жерім дейтін ұрпақтың намысын оятып, жүрегіне патриоттық сезім ұялататын – осы рәміздеріміз. Егемен Қазақстанның жаңа Мемлекеттік рәміздері тәуелсіздігімізді алғаннан кейін алты айдан соң, 1992 жылғы 4 маусымда бекітілді. Ж.Мәлiбеков пен Ш.Уәлихановтың суретшілік шеберлігінің жемісі – Елтаңбамыз, бірегей бейнесі Шәкен Ниязбековтің қылқаламымен өрілген көк Туымыз, Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденовтей біртуар дарын иелері және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шалқар шабытынан туған рухты Әнұранымыз – егемендігіміздің нышаныАтажұртқа ағылған көш
1992 жылғы 28 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Алматыда Дүниежүзі қазақтарының І құрылтайы өтті. Алыс және жақын шет мемлекеттерден, соның ішінде Түркия, Алмания, Франция, Норвегия, Моңғолия, Қытай, Австрия және басқа 33 елден 800-ден астам адам қатысты. Ата жұртты аңсап жеткен қандастар туған елмен сағына қауышты. Құрылтай қорытындысында Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылды. Оның Төрағасы болып Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сайланды. Сөйтіп, әлемнің әр шалғайындағы қазақ диаспорасымен жұмыс істейтін іргелі ұйым шаңырақ көтерді. Қазақ елінің Тәуелсіздік алғаннан бергі тарихының жаңа парағын ашқан бұл құрылтайда және одан кейін де шетелде тұратын қазақтардың атамекенге көшуіне қолайлы жағдай жасауға бағытталған бірнеше заң қабылданды. Соның арқасында 30 жылға жуық уақыт ішінде әлемнің түкпір-түкпірінен 1 миллионнан аса қандасымыз елге оралды. Ел аман, жұрт тыныш болса, атажұртқа бет бұрған қазақтардың көші толастамасы анық.Тәуелсіздік қарлығашы
1993 жылғы 15 қарашада төл валютамыз – теңге дүниеге келді. Теңгенің тарихы Қазақстан Тұңғыш Президентінің 1993 жылғы 12 қарашада қол қойған «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» заңынан бастау алады. Арада үш күн өткенде, ел аумағындағы жаңа сауда-саттық жасау құралы ретінде төл ақшамыз қолданысқа енгізілді. Ұлттық валюта ұлттық экономикамыздың іргетасын қалауға ықпал етті. Халықаралық мамандар пікірінше, теңге ТМД аумағындағы тұрақты валюталар қатарында. Төл теңгеміз түрлі қаржы дағдарыстарына төтеп беріп қана қоймай, жұртшылық тарапынан инвестициялық сенімге де ие болды.Құқықтық бағдаршам
1995 жылдың 30 тамызында республикалық референдумда Қазақстанның тұңғыш Ата Заңы қабылданды. Жаңа Конституция 9 тарау, 98 баптан құралды. Референдумға қатысқан ел азаматтарының 90 пайызға жуығы, яғни қатысуға құқығы бар жеті миллионнан астам азамат Ата Заңымыздың қабылдануын бірауыздан қолдады. Бүгінде бұл құжат елдің барлық саласындағы: саясат, экономика, әлеуметтік саладағы жетістіктердің, қоғамдық тұрақтылық пен келісімді қамтамасыз етудің берік құқықтық іргетасы болып қаланды.Алаштың мақтаны
1994 жылғы 6 шілдеде Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Парламент сессиясының жалпы отырысында елорданы Алматыдан республиканың орталық өңірі Ақмолаға көшіру жөніндегі тарихи идеясын жариялады. 1997 жылғы 10 желтоқсаннан бастап Ақмола қаласы ресми түрде Қазақстанның астанасы болып жарияланды. Бірқатар басылымдар жаңа астанаға жол тартқан ұлы көштің шырқау шегін дәл осы күнмен байланыстырады. Алайда ол сәл ертеректеу, 1997 жылдың 8 қарашасындағы қазақ елінің мемлекеттік рәміздерін Алматыдан жаңа астана – Ақмолаға әкелуден басталған еді. Ал Алаштың мақтаны – еңселі елордамыздың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өтті.Талаптыға қанат
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1993 жылғы 5 қарашадағы №1394 қаулысы бойынша ел жастарына «Болашақ» шәкіртақысы тағайындала бастады. 1994 жылы шетелге білім алуға аттанған бағдарламаның алғашқы 187 стипендиатын Мемлекет басшысының өзі сәттілік тілеп шығарып салды. Бағдарлама қолға алынған 27 жылдың ішінде 14 мыңға жуық жас шәкіртақыға ие болып, әлемнің алдыңғы қатарлы оқу орындарында білім алу мүмкіндігіне қол жеткізді. Бүгінде «Болашақ» түлектерінің 40 пайыздан астамы экономиканың шынайы секторында, 20 пайызы білім және ғылым саласында, 7 пайыздан астамы медицина мен денсаулық сақтау саласында жұмыс істейді. Болашақтықтардың төрттен бірі ірі компаниялар мен мемлекеттік ұйымдардың топ-менеджері болып еңбек етіп, ел дамуына жаңа серпін әкелді.Ақталған ақтаңдақтар
ХХ ғасырдың 20-50-жылдарындағы саяси қуғын-сүргін зобалаңы – халқымыздың тарихындағы қасіретті кезең. Зұлмат жылдарда Қазақстанға КСРО-ның түкпір-түкпірінен бес миллионнан астам адам жер аударылды. 100 мыңға жуық азаматымыз қуғын-сүргінге ұшырап, соның 20 мыңнан астамы атылды. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін осы нәубеттің құрбандарын мәңгі есте қалдыру үшін мемлекеттік деңгейдегі тиісті шараларды жүзеге асыра бастады. 1993 жылы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылданды. 1997 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде белгіленді. Жазықсыз жазаланғандарды ақтау бағытындағы жұмыстар әлі де тоқтаған жоқ. Жуырда Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай жариялаған үндеуінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырды.Қоғамдық келісімнің бірегей үлгісі
1995 жылғы 1 наурызда Президенттің Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлығы шықты. Қазақ халқының топтастырушылық рөлін арқау ете отырып, қазақстандық патриотизмді, Қазақстан халқының азаматтық және рухани-мәдени саласын одан әрі дамыту, бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру процесінде республикадағы этносаралық келісімді қамтамасыз етуді мақсат еткен ұйым бүгінде елімізде тұратын барлық ұлт пен ұлыстың ынтымағына ұйытқы болып отыр. Ассамблеяның қызметі арқылы мемлекет бір жағынан елімізде мекен ететін өзге ұлт өкілдерінің өз мәдениетін дамытуына қолдау көрсетсе, екінші жағынан түрлі этнос өкілдерін мемлекетіміздің дамуына үлес қосуға ынталандырды. Бүгінде этносаралық толеранттылық және қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісіне қызығушылық танытатын мемлекет көп.Шегенделген шекара
1995 жылғы қыркүйектегі Елбасының Қытайға барып қайтқан үш күндік сапарында екі ел басшылары Қазақстан-Қытай шекарасы туралы келісімді ратификациялау жөніндегі грамоталар алмасу хаттамасына қол қойды. 1999 жылғы 18 қаңтарда Мәскеуде Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин Қазақстан–Ресей мемлекеттік шекарасы туралы келісімге қол қойды. Нәтижесінде, әлемдегі ең ұзақ шекара құқықтық негізде бекітілді. 1998 жылғы 17 шілдеде Қазақстан мен Қырғыз Республикасы арасындағы мемлекеттік шекараны анықтау туралы меморандумға қол қойылды. Өзбекстанмен арадағы шекара да екі елдің тарихи мүдделеріне сай реттелді. Осының арқасында қазіргі күні мемлекетіміздің территориясы барлық көрші елдер тарапынан толығымен танылып, халықаралық құқық негізінде заңдастырылды.Діндер арасындағы дәнекер
Қазақстанда 140 этникалық және 40 конфессиялық топ өкілдері бірлік пен ынтымақта өмір сүруде. Діннің қоғамдағы маңызы артқанын жіті сезіне отырып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев республика елордасы – Астана қаласында әлемдік және дәстүрлі діндер форумын өткізу бастамасын көтерді. Осы орайда, 2003 жылғы 23-24 қыркүйекте ұйымдастырылған І съездің маңызы ерекше. Содан бері елордамыз Астана қаласында дәстүрлі түрде 3 жылда бір рет өткізіліп келе жатқан ауқымды жиын арқылы Қазақстан бүкіләлемдік қоғамдастыққа жалпыұлттық консенсус пен қоғамның топтасуының үлгісін көрсетіп келеді.Руханиятқа бетбұрыс
Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен 2003 жылы түзілген «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында ел аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандар жаңғыртылып, баға жетпес мұраларымызды елге таныту, келер ұрпаққа жеткізу жолында толымды істер атқарылды. Ал 2013 жылы «Халық – тарих толқынында» бағдарламасы арқылы әлемнің ең белді архивтерінен төл тарихымызға қатысты құжаттар жүйелі түрде жиналып, зерттелді. Аталған екі бағдарламаның заңды жалғасы ретінде 2017 жылдан бастап қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасын қазіргі кезеңдегі және ұзақмерзімді перспективадағы қазақстандық қоғам дамуының өзіндік идеологиялық платформасы деуге толық негіз бар. Бағдарлама 6 бағыт бойынша іске асырылып келеді: «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», «Туған жер», «Қазақ әліпбиінің латын графикасына көшуі», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Жаһандағы қазақстандық мәдениет», «Қазақстандағы 100 жаңа есім».Ғарышқа жол
Қазақстанның ғарыш саласына қатысты тарихының басты беті 2006 жылғы 18 маусымда ашылды. Осы күні «Байқоңыр» ғарыш айлағынан қазақстандық тұңғыш KazSat жер серігі ұшырылды. Қараша айында KazSat жер бетіне жиілетіп телехабарлар таратып, жедел интернет-коммуникациялық қызмет үлгілерін көрсете бастады. 2007 жылдың аяғында да қазақстандық жер серігіне жоспарланған жұмыстың 70 пайызы жүктеліп, ақаусыз әрі қалыпты жұмыс істеп тұрды. Алайда 2008 жылғы 10 қаңтарда KazSat аппараты алғаш рет жүрісінен жаңылып, Қазақстан операторлары жер серігімен он сағат бойы байланысқа шыға алмай қалды. Өкінішке қарай, KazSat-тыңғұмыры қысқа болды. 2011 жылғы 16 шілдеде «Байқоңыр» ғарыш айлағынан KazSat-2 жер серігі ұшырылды. Араға үш жыл салып, яғни 2014 жылғы 28 сәуірде «Байқоңыр» космодромының №81 алаңынан «Протон-М» зымыран тасығышына тиелген KazSat-3 жер серігі аппараты орбитаға шығарылды. Қазақстандық ғарыштық бұл аппарат 176 миллион долларға сақтандырылған еді. Бүгінгі таңда әлемдік әйгілі ғарыштық 25 елдің қатарынан ойып тұрып өз орнын тапқан Қазақстан өз жер серіктерінің игілігін көріп отыр деуге толық негіз бар.Тұңғыш төрағалық
Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы маңызды белестің бірі – елдің 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) – Еуропада, Орталық Азияда және Солтүстік Америкада орналасқан 56 елдің басын біріктіретін ірі аймақтық ұйымға төрағалық етуі. Еліміз – бұрынғы кеңестік кеңістіктегі елдер арасынан бұл ұйымға ең алғаш төрағалық еткен мемлекет. Төрағалықтың басты нәтижелі түйіні – ЕҚЫҰ-ның онжылдық үзілістен кейінгі 2010 жылғы 1-2 желтоқсанда өткен Астана саммиті. Саммитке ЕҚЫҰ-ға мүше 38 мемлекет және Үкімет басшысы, жоғары лауазымды шенеуніктер, сонымен қатар басқа да халықаралық және өңірлік ұйымдардың өкілдері қатысты.Азияны елеңдеткен дүбір
2011 жылы қаңтар-ақпан айларында елімізде VII Қысқы Азия ойындары өтті. Астана мен Алматы қалалары Азия құрлығының спорт орталығына айналды. Дүбірлі додаға әлемнің 27 елінен мыңнан астам спортшы қатысты. Жарыстардың бағдарламасына 11 спорт түрі енгізіліп, 69 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Бұл қысқы Азиада тарихындағы ең жоғары көрсеткіш болды. Қазақстан бұл додада алтын медаль саны бойынша рекорд жаңартып, 32 алтын медальға қол жеткізді және жалпыкомандалық есепте айқын басымдықпен бірінші орын иеленді.Әлемдік нарыққа жол
Еліміздің Тәуелсіздік жылдары жеткен тағы бір жарқын жеңісі – әлемнің 160-тан астам мемлекетін біріктіретін алып экономикалық бірлестік – Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуы. Қазақстан ДСҰ-ға кіруге 1996 жылғы 29 қаңтарда өтініш берген еді. Еліміздің ұйымға мүше болу жөніндегі келіссөздері арада 19 жыл өткен соң ғана аяқталды. 2015 жылғы 27 шілдеде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директоры Роберто Азеведо республиканың ДСҰ-ға мүше болуы жөніндегі хаттамаларға қол қойды. Осылайша Қазақстан ДСҰ құрамына ресми түрде кірді. Қазір әлемде жасалатын сауданың 95 пайызы дәл осы ұйым арқылы жүзеге асады. Ал сауда жүрген жерде пайда қатар жүреді. Сондықтан қазақ елі үшін ең алдымен сыртқа өнім шығарып, тауарлар мен қызмет түрлерін таңдауға мүмкіндік туды. Әрі шетелден инвестиция тартып, жаңа өндірістерді өркендетуге жол ашылды.Алаштың ұлы ғарышта
2015 жылғы 2 қыркүйекте қазақ халқы үшін тарихи күндердің қатарына енді. Өйткені сол күні үшінші қазақ ғарышқа ұшты. Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылған «Союз-ТМА-18М» ғарыштық кемесі Ақтөбе уақыты бойынша 9 сағат 37 минутта көкке көтерілді. Халықаралық ғарыш стансасына (ХҒС) ұшырылған кезекті экспедицияның экипаж құрамында кеме командирі ресейлік ғарышкер Сергей Волков, бортинженерлер, Данияның алғашқы астронавты Андреас Могенсен мен Қазақстанның ғарышкер-сынақшысы Айдын Айымбетов болды. Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаевтың орны бір төбе. Екеуі де Алаштың атпал азаматтары, халқымыздың қайраткер-қаһармандары. Ал Айдын Айымбетовтің жолы тіпті бөлек. Өйткені Қазақстан өз-өзі болғалы, ұлын туған елінің атынан тұңғыш рет ғарышқа аттандырды. «Қазғарыш» агенттігі өз қыранын баптап, әуеге самғатты.Қазақтың тілі БҰҰ төрінде
2015 жылғы 28 қыркүйекте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясындағы жалпы пікірталаста сөз сөйледі. Елбасының бұл күнгі сөзін Қазақстан үшін тарихи мәнге ие деп айта аламыз. Себебі Нұрсұлтан Назарбаев осы күні ана тіліміздің айбарын асырды. Қазақтың тілін құрамында 200-ге тарта мүшесі бар ұйымның алқалы жиыны естіді. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген президенттер, саясаткерлер, журналистер, сарапшылар үшін ілеспе аудармашылар Қазақстан Тұңғыш Президентінің сөзін ресми тілдерге тікелей аударды.Елдік тойы
2015 жылы еліміз Қазақ хандығының 550 жылдығын кең көлемде атап өтті. Бастауын сонау мыңжылдықтар қойнауынан, Көк түріктер қағанаты мен Алтын Ордадан алатын Керей-Жәнібек хандар құрған Қазақ хандығының 550 жылдығы мемлекет жылнамасындағы мерейлі мереке болды. Бүкіл әлемді дағдарыс жайлап, дамыған елдердің өздері үлкен экономикалық күйзеліске ұшыраған алмағайып кезеңде алыс-жақын ағайынның басын қосып, елдік тойын кең көлемде өткізудің өзіндік ерекше себептері бар. Еліміз бұл тойды, ең алдымен, батыр бабаларымыздың биік рухына тағзым ету және тағдырдың сан алуан қиындықтарынан сүрінбей өткен ата тарихынан тағылым алу үшін өткізді.Әлем назары Алматыда
2017 жылғы 29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында Алматыда XXVI Қысқы Универсиада өтті. Спорттық 12 түрі бойынша өткен дүбірлі додаға әлемнің түкпір-түкпірінен 1 600-ден астам спортшы қатысты. Әлемдік жарыста ел қоржынына 36 медаль түсіп, жалпыкомандалық есепте Қазақстан екінші орыннан көрінді. Универсиаданы өткізу үшін салынған «Алматы Арена» мұз сарайы бүгінде Қазақстанның бастаушы спорттық ғимараттарының біріне айналды. Көпсалалы кешен жылына 600 мың көрермен қабылдайды. Универсиаданың тағы бір мұрасы – «Халық Арена» кешені де халықтың игілігіне айналып, ғимаратта түрлі спорттық, мәдени-бұқаралық шаралар өткізіліп келеді. Ал шетелдік спортшыларды жайғастыру үшін салынған атлетикалық қалашық кейіннен тұрғын үйге айналып, пәтер кезегінде тұрған алматылықтарға берілді.Қанаты қатайған «қарлығаштар»
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан азаматтық авиация саласында бұрын-соңды болмаған көрсеткіштерге қол жеткізді. Еліміз 26 мемлекетпен 99 халықаралық бағыт бойынша әуе қатынасын орнатты. Соңғы бес жылда (2014-2019жж.) отандық әуежайларда қызмет көрсетілген жолаушылар саны 16,2 млн адамға дейін өсті, 8,1 млн жолаушы тасымалданды. Бұл 2014 жылға қарағанда 47 пайызға артық. 2018 жылғы қазанда құрылған тұңғыш қазақстандық лоукостер – FlyArystan өткен жылы өз қызметін бастады. Ел ішіндегі әуе сапарларының қолжетімді бола түсуі жолаушылар тасымалының артуына, ішкі туризмнің жандануына ықпал етті.Өсу жолына түскен демография
1991 жылдан бері елімізде халық саны 2,5 миллионға артты. Азаттықтың алғашқы жылдары Қазақстандағы қазақ халқының үлесі 40 пайызға жуық еді. Бүгінде бұл көрсеткіш 70 пайызға жетті. 1992 жылы басталған халық санының төмендеу үдерісі 2002 жылы аяқталды. Тәуелсіздіктің алғашқы он жылында халық саны 1,6 миллион адамға кеміген еді. Бұл ең әуелі халықтың кейбір бөлігінің өз тарихи Отанына оралуына, өтпелі кезеңде өлім-жітімнің көп болуы мен туудың төмен деңгейіне байланысты болды. Ал 2002 жылдан бастап халық санының өсуі тұрақты үрдіске айналды. Бұған біріншіден, табиғи өсім ықпал етсе, екіншіден, 2004 жылы басталған қарқынды көші-қон себеп болды. Биыл мамыр айындағы статистика бойынша, Қазақстан халқының саны 19 004 917 адамға жеткен. Қаңтар айында ел тұрғындарының саны 18 632 200 адам болғанын ескерсек, 5 айда қазақстандықтардың қатары 372 мың адаммен толыққан. Бейбітшілігіміз баянды, еліміз аман, жұртымыз тыныш болса, халқымыздың саны арта түсері кәміл. Көбей, қазақ! Қайрат ИСАҒАЛИЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген дипломаты, Сорбонна-Қазақстан институтының профессоры:Халықаралық қауымдастықтан ойып тұрып орын алдық
– Қазақстанның Тәуелсіздік алғанын естігенде, елден жырақта жүрген бар қазақ бөркімізді аспанға атып қуандық. Көппен бірге біз де атажұртқа жетуге асықтық. 1994 жылы 30 маусымда елге оралдым. Ондағы мақсатым – Тәуелсіз Қазақстанмен бірге өсіп-өну, ұл-қызымды өзінің азат елінде өсіру және шығармашылығыма өріс табу болды. Осы үш мақсатым да толық орындалды. 26 жыл бойы егемен елімнің ерікті азаматымын. Балаларым Алматыдағы жоғары оқу орындарын бітіріп, қызметке орналасып, өмірден өз орындарын тапты. Шығармашылыққа келер болсақ, 8 өлең жинағым, 2 проза кітабым жарық көрді. Ұйғыр, қырғыз, түрік, әзербайжан ақын-жазушыларынан ірілі-ұсақты 10 кітапты қазақ тіліне аудардым. Олар басылып шығып, оқырман қолына тиді. Қытайда жүргенде Қазақстандағы «Шалқар» және «Социалистік Қазақстан» газетіне өлеңдерім жарияланып, Қазақ радиосының «Шалқар» бағдарламасынан өлеңдерім оқылғаны үшін Қытай құқық қорғау органдарының назарына ілініп, тергелдім және тыйым салуға ұшырадым. Ол туралы «Өлместің суы бар ма?» деген кітабымда «Өлеңнің дерті» деген көлемді естелігім бар. Сонда егжей-тегжейлі жазылды. Қазақстанға келген 26 жыл ішінде ешбір қудалау, шектеу көрген жоқпын. Бұл жылдар ішінде Жоғарғы кеңестің «Халық кеңесі» газетінде, Қазақстан Жазушылар одағының «Әдебиет айдыны» газетінде, халықаралық «DA Қазақстан» журналында қызмет етіп, тәуелсіз елдің ақпарат кеңістігінде журналистік қызметімді жалғастырдым. Еткен еңбегім ескерусіз қалмай, Қырғыз Республикасының Молда Бағыш атындағы, Түркияның Юнус Эмре атындағы, ТҮРКСОЙ-дың Мақтым Құлы Фраки атындағы, Қазақстан меценаттар кулубының «Ильһам» сыйлықтарымен марапатталдым. Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мейірім» медаліне ие болдым. Әдеби шығармашылық байланыстармен Түркия, Әзербайжан, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Ресей елдерінде бірнеше мәрте болып, түркі дүниесі қаламгерлерімен достық сапарларда болдым. Мұның бәрі азаттығымыздың арқасы, Тәуелсіздігіміздің олжасы.