Академиялық мектептің ардақты ақсақалы
Академиялық мектептің ардақты ақсақалы
Осыдан екі-үш ғасыр бұрын Еуропа ғылымында қалыптасып, ХІХ ғасырдың аяғында Ресейге келіп орныққан классикалық академиялық мектеп дейтін ұғым бар. Қазір көбесі сөгіле бастағанмен, ғылымдағы басты ұстанымдарды қалыптастырып, ғылыми зерттеу жұмыстарының мәдениетін қалыптастырған іргелі ғылымның іргетасы да осы мектеп болатын. Ғылымның бұл өнегелі үрдісі қазақ ғылымына, соның ішінде, әдебиеттану ғылымына тым кештеу келді. Сол үлгіні алғаш алып келген және қазақ фольклортану ғылымына орнықтырған бір кездегі балаң аспирант, қазіргі академик Сейіт Қасқабасов десек, ақиқаттан алыс кетпесіміз анық.
Студент кезінде-ақ орыс академиялық мектебінің өкілі, көрнекті фольклортанушы-ғалым, Қазақстан ҒА-ның корреспондент-мүшесі Н.Смирнованың жетекшілігімен фольклор жинаумен және зерттеумен жастай айналысады. Сол кезде-ақ Е.Тұрсынов екеуі жазған «Сказочник Шалкарбай Данылбаев» деген тырнақалды мақаласы арқылы қазақ фольклортану ғылымында жаңа тұрпаттағы жас перінің өсіп келе жатқанын айғақтады.
Бұл уақыт қазақ рухани әлемінде М.Әуезов, С.Мұқанов, Ә.Марғұлан, Е.Ысмайылов, Ә.Қоңыратбаев, Б.Кенжебаев, Қ.Жұмалиев, Ы.Дүйсенбаев, М.Ғабдуллин сияқты «алыптар тобының» іргесі сөгіле қоймаған қазақ рухының өшіп бара жатып жанған, солып бара жатып толған заманы болатын. Тіпті, көпшілік санасында «осы фольклорда не қалды, бәрін ақыр-тақыр зерттеп бітірдік емес пе?» деген ой қалыптаса бастаған. Осындай кезеңде фольклорды зерттеуге тәуекел етіп, оның үстіне ешкімге таңсық емес, илеуі қанған, иі әбден сіңген тек балалардың ғана ермегі саналатын ертегі жанрын таңдап алады.
Осылайша 1964 жылы С.Қасқабасов М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аспирантурасына қабылданады да, қазақтың қиял-ғажайып ертегілерін зерттеуге кіріседі. Балаң аспирант кезінде-ақ 1968 жылы орысша шыққан «Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші томына екі тарау жазып (Е.Тұрсыновпен бірге), қарым-қабілетімен көзге түседі.
1969 жылы қорғалған «Казахская волшебная сказка» атты кандидаттық диссертациясы 1972 жылы жеке кітап болып шығысымен КСРО Ғылым академиясының ең таңдаулы еңбектері қатарында «Вестник АН СССР» (1973, №7), «Вопросы литературы» (1973, №9), «Советская тюркология» (1974, №6), «Русский фольклор» (1974, вып. 14) сияқты беделді басылымдардың қошеметіне ие болады.
Жас ғалым осы тырнақалды еңбегімен-ақ қазақтың қиял-ғажайып ертегілерін әлемдік фольклортану ғылымы тұрғысынан тереңдете зерттеп, оның астарында қазақ халқының бүкіл дүниетанымының алып мұхиты жатқанын аңғартып, қазақ ғылымына бұрын-соңды болмаған зерттеу мәдениетін, академиялық ұстаным әкелді. Орыстың классикалық академиялық мектебінің дәстүрін қазақ фольклортану ғылымына етене енгізді. Осы еңбектің арқасында сол кезеңде әлемге танылудың асқары болып табылатын одақтық ғылым айналысына қазақ фольклоры да етене араласып кетті. Қазақ ғылымына әлемдік ғылымының деңгейінде жазылған, фольклортануды әдебиеттану мен этнография ғылымының шегінде тұрған ерек сипаттары мен зерттеу әдістері бар ғылым саласы ретінде танытқан жаңа еңбек дүниеге келді. Сол арқылы қазақ мұрасы әлемдік фольклортану ғылымының ұлы мұхитына С.Қасқабасов салған жаңа арнамен барып құйды. Оның еңбегіне шетелдік ғалымдар жабыла сілтеме жасайтын болды.
Бұл жолға, әрине жас ғалым оңайшылықпен келген жоқ. Жастық шақтың қызыққа толы небір айлы түндері мен шуақты күндерін көз майын тауысқан оқу-тоқуға, жазу-сызуға, шаң басқан қолжазбаларды ақтаруға, мұрағаттар мен көне кітаптарды қопарып, араб, латын жазуындағы қолжазбаларды қол талғанша қотаруға арнауға тура келді. Естігенімізді емес, көргенімізді айтсақ, бір барғанымызда Сейіт ағамыздың сұқ саусағына оймақ киіп жазып отырғанын көргенбіз. «Ойпырмай, сірі тігіп отырғандай мұныңыз не?» дегенімізге «Қаламсабым қолымды оя берген соң, шешемнің жасап берген амалы ғой» дегені бар. Оның үстіне студент кезден басталған республиканың түкпір-түкпіріне жаяу жалпы жасалған ғылыми экспедицияларды қосатын болсақ, кәнігі фольклорист болып қалыптасудың тауқыметін шамалауға болады.
Қазақ қиялының көкжиегі – қиял ғажайып ертегілерінен басталған қадам қажырлы еңбек, қарымды ой-толғаммен өз шеңберін күн сайын кеңейтіп, бүкіл халық прозасына құлаш жайды. Үздіксіз ізденістің нәтижесінде 1984 жылы «Қазақтың халық прозасы» атты әйгілі монография дүниеге келді. Бұл кітап Қазақстан Ғылым академиясының ең жоғары марапаты – Ш.Уәлиханов атындағы сыйлыққа ие болады. Ол туралы берісі Ресейден бастап, арғысы АҚШ ғалымдарына дейін пікір білдірді.
Бұл еңбектің шынында да осындай кең көлемдегі резонанс туғызатын қуаты бар еді. Өйткені осы уақытқа дейін ертегіден басқа аңыздық проза толық жиналып, арнайы зерттелмеген сала еді. Сейіт Асқарұлы осы сеңді бұзып, «Халық прозасы» деген терминді енгізіп, оның өзін ертегілік және аңыздық проза деп екі арнаға бөліп, аңыздық прозаны ондаған жанрлық түрлерге таратып зерттеді.
С.Қасқабасов осы еңбегінде қазақ фольклорында бұрын аттары аталмаған, дараланып көрсетілмеген ондаған жанрлық түрлерді анықтап, олардың терминологиялық жүйесін жасап шықты. Миф, аңыз, әпсана, хикая, хикаят, апсана-хикаят сияқты ұғым-атауларды енгізе отырып, олардың жанрлық табиғаты мен өзгешеліктерін, ортақ белгілерін саралап, ғылыми сипаттама беру, әрқайсысына тарихи салыстырмалы әдіс тұрғысынан талдау жүргізіп, типологиялық сипаттарын анықтау, көркемдік табиғаты мен жанрлық бітім-болмысын нақтылау, әрине, оңай-оспақ шаруа емес еді. Сейіт Асқарұлы осы асқаралы міндеттердің үдесінен шыға алды.
Осы орайда, қазақ мифі деген ұғымды да алғаш қозғап, ол жөнінде тың тұжырымдар қорытқан тұңғыш ғалымның да С.Қасқабасов екенін атап айтқан жөн. Классикалық грек мифтері жөнінде қалыптасып қалған қасаң тұжырымының көбесін сөгіп, әр халықтың дәстүрлі дүниетанымына қатысты мифтік санасының болатыны жөніндегі әлем ғалымдарының ой жүйесін дамыта отырып, оны қазақ фольклорына икемдеп қазақ мифтерінің табиғаты жөнінде тың тұжырымдар түйеді.
Ғалымның ертегілік прозаның өзін жануарлар жайлы, қиял-ғажайып, батырлық, новеллалық, сатиралық деп жаңаша жүйелеуі де тың саралау болатын. Батырлық ертегілер мен новеллалық ертегілер осы еңбекте алғаш рет жеке жанрлар ретінде жіктеледі, ал жануарлар туралы ертегілер этиологиялық, классикалық, апологтық деп бөлініп, әр жанрдың табиғи ерекшеліктері ашылған.
Монографияда қазақтың халық прозасы түгел қамтылып, ішкі жанрлық жүйесі сараланып, өзіндік ғылыми жүйесі бар тұтас құрылым ретінде қарастырылып, прозалық фольклорды одан әрі зерттеудің жаңа бағдарын қалыптастырған. Ғалымның қазақтың көне наным-сенімдерімен байланысты «албасты», «жалмауыз кемпір», «күлдіргіш», «үббе», «сөрел», «жезтырнақ» сияқты кейіпкерлер мен «жын», «шайтан», «дию», «пері» сияқты кең таралған мифтік бейнелерге алғаш рет терең талдау жасап, қорытқан ой-тұжырымдары да мифология ғылымында үлкен қызығушылық туғызды. Қазір бұларды фольклортанушылар әзілдеп «Қасқабасов командасы» деп атайтын болды. Республикада және шет елдерде жоғары бағаланған бұл іргелі зерттеуді ғалымның ең белесті еңбегі, ғылым жолында жасаған үлкен жетістігі деуге болады.
Қазақтың ертегіден тыс прозасы алғаш рет жүйелі зерттеліп, құрылымы, поэтикасы, көркемдік ерекшеліктері нақты айқындалған іргелі еңбек арқылы қазақ фольклортану ғылымы тарихында жаңа бір үрдіс – қазақ халық прозасын салалап зерттеудің негізі қалыптасты. Осы екі монографиясы үшін С.Қасқабасов 1992 жылы фольклортанушылардың ішінде алғашқы болып Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығына ие болды.
Ол қазақ фольклорының музыкамен, өнермен, театрмен байланысты қырына қатысты да зерттеулер жүргізді. «Родники искусства» атты еңбегінде фольклорлық этюдтерді халықтық өнер бастауларымен тығыз байланыстыра отырып, фольклорды қазіргі көркем өнердің бастау бұлағы ретінде қарастырады. Ғалым қазақтың халықтық драмалық шығармашылығын күнделікті кәсіптік және әдет-ғұрыптық форма, ойын-сауықтық форма және театрлық кәсіби өнердің балаң формасы деп үш топқа бөліп, күнделікті кәсіптік және әдет-ғұрыптық формаға тұрмыстық шаруашылық салттар, той-думан, аза тұтуға байланысты әртүрлі жоралғылар мен ауызекі поэтикалық шығармаларды жатқызса, ойын-сауықтық форма тобын түрлі ұлттық ойындар мен ойын-сауық көріністері құрайтынын, театрлық кәсіби өнердің балаң формасы ретінде сал-сері, әнші-ақындардың, күлдіргі қушыкештер мен сайқымазақтар қызметін, жартылай кәсіби актерлердің жәрмеңкелердегі ойындарын, ХХ ғасырдың бас кезінде ашылған алғашқы драмалық үйірмелерді жатқызады. Трагедияның фольклорлық үлгісінің драмалық шығармаларға трансформациялану жайын жеке зерттеп, фольклорлық трагедияны лиро-эпикалық форма және дастандық форма деп екі түрге бөлу жөніндегі ойды да Сейіт Асқарұлы айтқан болатын.
Ол ойын «Қазақтардың фольклорлық театры» атты зерттеу еңбегінде өрісін кеңейте жазды.
Ғалым тарихи жырлардың жанрлық сипаты жөнінде «Тарихи жыр түптеп келгенде батырлық жыр мен тарихи өлеңнің аралығындағы жанр» деуі де өз кезіндегі тың пікірдің санатында.
Ал Асан қайғы туралы аңыздарды халықтың әлеуметтік утопиясы деуінде де әлемдік философияның қисыны бар.
Ұлы Абайдың «Ескендір» поэмасының сюжеттік негізін Ескендір туралы қазақ аңыздарынан іздеп зерттеуден бастаған ол кейін «Абай және фольклор» атты көлемді зерттеуінде Абай поэзиясының негізгі қайнар көзі ауыз әдебиетінде екенін баса көрсете отырып, фольклорды ұлы ақын қалай және қандай дәрежеде, мақсатта пайдаланғанын «Ескендір», «Масғұт», «Әзімнің әңгімесі» поэмаларының сюжеттік негізін ашу арқылы пайымдады, сондай-ақ Абайдың қазақ мақал-мәтелдері жөніндегі ойларының астарына үңілді.
1988 жылы Сейіт Асқарұлы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде Саяси процестер социологиясы орталығының жетекшісі ретінде тағы да бір тың жұмыстың тұтқасын ұстады. Бұл Кеңес өкіметі тарихындағы алғашқы социологиялық талдау орталығы болатын. Қайта құру уақыты келген сәтте тарихтың ақтаңдақ беттерін ашу жөніндегі батыл шараның басында тағы да Қасқабасов жүрді. Соның нәтижесінде Шәкәрім Құдайбердіұлы, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев сияқты алаш арыстарының шығармашылық мұрасын ақтап, жариялау мен зерттеу туралы тауқыметті шаруаны үйлестіруді өз мойнына алды.
1932 жылғы ашаршылық құрбандарына жыл сайын 31 мамырды еске алу күні деп белгілеу жөнінде ұсыныс енгізіп, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне арнайы қаулы да қабылдатты. Мұның барлығы академик ағамыздың қоғамдық және мемлекеттік қызметтегі ерен еңбегі.
Сейіт Асқарұлы 1989 жылы
М.Ломоносов атындағы Москва мемлекеттік университетінде «Жанры казахской народной (несказочной) прозы» деген тақырыпта докторлық диссертациясын сәтті қорғады. Ресми оппоненттер болып академик З.Ахметов, профессорлар Х. Көроглы (МГУ) және Ж. Азбелев (КСРО ҒА Орыс әдебиет институты) тағайындалды. Жетекші мекеме КСРО Ғылым академиясының Әлем әдебиеті институты болады.
Одан кейін профессор, Ұлттық ғылым акдемиясының корреспондент-мүшесі, академик деген сияқты ғылыми атақтар мен дәрежелердің барлығын иемденіп, әлемге аты мәшһүр ғұламаға айналды. Қазақ фольклортану ғылымында өзінің қалыптастырған академиялық мектебі бар ұлағатты ұстазға айналды.
2001 жылы қазан айында С.Қасқабасов өзінің ұшқан ұясы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры болып келді. Тоғыз жылдың ішінде ғалымның басшылығымен «Қазақ әдебиеті тарихының» 10 томдық жаңа басылымы, 5 томдық «Қазақ музыкасының антологиясы», 3 томдық «Қазақ өнерінің тарихы» жарыққа шықты. Бұл іргелі зерттеулер – институттың қырық жылғы жұмыстарының қорытындысы іспетті кезеңдік еңбектер.
«Қазақ әдебиеті тарихының» фольклорға арналған 1-ші томы С.Қасқабасовтың тікелей басшылығымен жазылып, жаңаша зерттелген ой-тұжырымдармен, тың пайымдаулармен ерекшеленді. Бұрынғы жүйенің қиюы қашып, тәуелсіздіктің аяғынан қаз тұрып, кадр тапшылығы мен қаржы тапшылығы бірі етектен, бірі жағадан алып тұрған шақта мұндай қыруар шаруа атқару үлкен еңбек болатын.
Елбасының бастамасымен қолға алынған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Мемлекеттік комиссияның белді мүшесі ретінде де Сейіт Асқарұлы қажырлы шаруалар атқарды.
Елімізде тұңғыш рет «Бабалар сөзі» сериясы бойынша қазақ фольклорының 100 томдық басылымын шығаруды қолға алып, абыроймен аяқтап шықты, 20 томдық «Әдеби жәдігерлер» мен «Классикалық зерттеулер» сериялары оқырманға жол тартты.
Әрине, Қасқабасов есімін тек кәнігі әрі кәсіби фольклортанушы деп қарастыруға болмайды.
Оның еңбектері соңғы елу жылдағы қазақтың рухани әлемінің барлық саласымен тығыз байланысты. Оның қаламынан мифологияға, фольклортануға, этнография мен тарихқа, мәдениет пен әдебиетке, өнертану мен театртануға арналған үш жүзден астам еңбек дүниеге келген. Өздерінің өміршеңдігін танытқан ол еңбектер жыл сайын том-том болып жарық көруде. Олардың қатарында «Колыбель искусства», «Золотая жила», «Жаназық», «Елзерде», «Ойөріс» сияқты атына заты сай кітаптарды атауға болады. Биылғы мерейтойға жеті томдық таңдамалы еңбектерімен келіп отыр.
Екі тілді еркін меңгерген Сейіт Асқарұлы қазақ фольклорының біраз үлгісін орыс тіліне аударып жариялады. Қазақша-орысша аударма сөздік дайындауға да көп үлес қосты. Шығыстанушылар В.Радлов пен Г.Потанин еңбектерінің ғылыми басылымдарын шығаруға да бас-көз болды. «Евразия халықтарының эпосы» сериясы бойынша «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» лироэпосының 8 нұсқасын қамтыған академиялық басылымын, «Қыз Жібек» жинағын Мәскеуде жарыққа шығарды.
Ол – Ш.Уәлиханов атындағы ҰҒА сыйлығының (1986), Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының (1992), сондай-ақ Жамбыл атындағы (1996) және Махамбет атындағы (2003) сыйлықтардың лауреаты, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері».
Сейіт Қасқабасовтың ғылыми еңбектері Анкарада, Мәскеуде, Минскіде, Кишиневте, Бакуде, Ашхабадта, Ташкентте, Бішкекте басылған. Олар жөнінде АҚШ, Түркия, Ресей, Моңғолия, Венгрия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Түркіменстан, Қарақалпақстан, Башқортстан, Татарстан журналдары мен газеттерінде рецензиялар жарияланып, жоғары баға берілді.
Қазір біраз жылғы үзілістен кейін Сейіт ағамыз өзінің байырғы ордасы М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтына қайта оралып, өзінің сүйікті ісімен айналысуда. Жол ұзарған сайын, жүгіңіздің ауырлай түсетінін білеміз, қадірлі Секе! Ғұмыр бойына жиған халқыңыздың інжу-маржанын төкпей-шашпай, жас ұрпаққа жеткізудің үлгі-өнегесі болып ортамызда аман-сау жүре беріңіз, ардақты ұстаз!
Кенжехан МАТЫЖАНОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы