Бұрынғы кеңесшісі Трампты пандемия жайлы ескертулерді елемеді деп айыптады
Бұрынғы кеңесшісі Трампты пандемия жайлы ескертулерді елемеді деп айыптады
Дональд Трамп Қытаймен сауда келісімі қиындайды деген қауіппен коронавирус эпидемиясының басталуы туралы алдын ала ескертулерге құлақ аспаған. Бұл туралы АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі бұрынғы кеңесшісі Джон Болтон мәлімдеді, деп хабарлайды Интерфакс.
Болтонның сөзінше, Ақ үй басшысы ҚХР-мен мәмілеге жасасуға кедергі келтіретін жағдайдың бәрін жылы жапқан. Ол пандемияның АҚШ экономикасына залалы жайлы ескертулерге ден қоймаған. «Президенттің түйткілді елемеуі салдарынан мемлекет эпидемияны жеңе алмай отыр», – дейді президенттің бұрынғы кеңесшісі.
Бұған дейін АҚШ-тың Федералды тергеу бюросы коронавирустың шығу тегі туралы қандай да бір қорытындысы жасау үшін жеткілікті көлемдегі ақпарат ала алмағанын мойындаған болатын. Десе де, бюро директоры пандемияның Қытайда басталғанын алға тарта отырып, «әлемнің ешбір мемлекеті АҚШ-тың құндылықтарына, экономикалық қауіпсіздігі мен демократиялық көзқарастарына ҚХР-дан үлкен қауіп төндірмейтінін» мәлімдеген.
Өз кезегінде Вашингтон да Қытайды бірнеше мәрте сынға алды. Трамп Пекинді әлемдік қауымдастықты коронавирус індеті жөнінде дер кезінде құлақтандырмады деп айыптады. Ауруды дер кезінде ауыздықтай алмағаны үшін Аспан асты елін жазалау үшін Ақ үй басшысы Қытаймен байланысты біржола үзуге дайын екенін де айтқан.