Дамудың басты кілті – ұлт жоспары

Дамудың басты кілті – ұлт жоспары

Дамудың басты кілті –  ұлт жоспары
ашық дереккөзі
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жаңғырту жөніндегі Ұлттық комиссия қызметінің аралық қорытындыларына арналған кеңес өткізді. Елбасы Ұлттық комиссияның отырысында «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бойынша айтарлықтай жұмыстар атқарылғанын атап көрсетті. Кеңес барысында кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру, заң үстемдігін және елдің экономикалық өсімін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Кеңес отырысына ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов, ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Нұрлан Нығматулин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Дариға Назарбаева, Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев, Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Марат Бекетаев, Жоғарғы Сот Кеңесінің төрағасы Анатолий Смолин, ҚР Президентінің көмекшісі Әлихан Смайылов, Мемлекеттік қызмет істері министрі Талғат Донақов, Инвестиция және даму министрі Әсет Исекешев, Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев, Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков қатысты. Жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі күні халықпен сауатты жұмыс істеуді қалыптастыруға ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті. «Біз жариялаған бес институционалдық реформа – жаңа экономикалық жағдайдағы кешенді даму жоспары. Ұлт жоспарын сапалы жүзеге асыру – біздің ең басты міндетіміз. Осы кезең ішінде ауқымды жұмыс атқарылды. Үкімет қажетті заңдар, тиісті нормативтік құқықтық актілер қабылдады, мемлекеттік қызметтің меритократия қағидаттарына негізделген мансаптық моделі енгізілді, сот төрелігінің үшбуынды жүйесіне көшу іске асырылды, Жоғарғы сот жанындағы Халықаралық кеңес жұмысына кірісті, судьяларға қойылатын біліктілік талаптары күшейтілді. Бұдан бөлек, салық және кеден саясатын жетілдіру жөніндегі жұмыс жүргізілуде, ауқымды жекешелендіру ісі басталды, елді индустрияландырудың екінші кезеңі жүріп жатыр, әлеуметтік саясат жетілдірілуде, мемлекеттің есептілігі арттырылуда. Жалпы, бүгінде жүз қадамның 23-і толық орындалды», – деді Елбасы. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі сәтте жұртшылықпен сауатты жұмыс жүргізу ісін жолға қоюға ерекше көңіл бөлген жөн екенін айтты. – «Жаңа заңнамалық актілер қабылдау нәтижесінде бірқатар кемшіліктер мен олқылықтар анықталып жатыр. Соның айқын мысалы – жер мәселесіне қатысты заң. Сондықтан жүйелі талдау және қабылданып жатқан шараларды жан-жақты талқылау негізінде қателіктермен ұдайы жұмыс жүргізіп отыру қажет. Біз саясатымызды жетілдіру жөнінде алдын ала жүйелі қадамдар жасауға тиіспіз, – деді Мемлекет басшысы. Жиын барысында жұмыс топтарының мүшелері Ұлттық комиссияның қазіргі қызметі туралы баяндама жасады. Кеңес қорытындысы бойынша Қазақстан Президенті экономикалық өсімді ынталандыру үшін Үкіметке 2016 жылдың екінші жартысында қосымша 240 млрд теңге бөлуді тапсырды. Мемлекеттік бюджеттен қаражатты үнемдеу есебінен бөлінетін ресурстар шағын және орта бизнесті қолдауға, жеке тұрғын үй құрылысы бағдарламасын несиелеу мен жүзеге асыру ісіне жұмсалады. Бұдан бөлек, қаржы бірқатар инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға, соның ішінде ауылдық елді мекендердегі тұрмыс сапасын жақсартуға, Құрық портындағы паром өткелін аяқтауға және елорда әуежайын жаңғыртуға бөлінеді. Бұл шаралар құрылыс саласында 20 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беріп, экономикалық өсім қарқынын жеделдетуге септігін тигізеді. Қабылданып жатқан шаралардың тиімділігі 2016 жылға жоспарланған экономикалық өсім деңгейіне қосымша 0,4 пайыз болады деп болжануда.

1256 балабақша салынар еді егер...

Жемқорлық өткен жылмен салыстырғанда 2 есе-ге артқан. Қазақстанда жемқорлық болмаса, бір жылда 628 мектеп пен 1256 балабақша салуға болар еді. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюро төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев мәлімдеді. Астанада «Атамекен» палатасы жанындағы көлеңкелі экономика мен жемқорлыққа қарсы кеңесінің отырысы өтті. Кеңестің сараптау тобы квазимемлекеттік сектордағы кәсіпорындар мен тауар, жұмыс, қызмет көрсету жүйелеріне мониторинг жүргізген. Анықталған заңбұзушылықтар шаш етектен. Әлемдік экономикадан жыл сайын пара ретінде 1,5-2 трлн доллар жемқорлардың қалтасына кетеді. Бұл ЖІӨ-нің 2 пайызы болып отыр. «Қазақстанда ЖІӨ-нің 2 пайызы 1 трлн 250 млрд теңгеге тең. Бізде емханалар мен мектептер салу бағдарламасы бар. Бұл қаражатқа біз 628 мектеп немесе 1256 балабақша салар едік және бұл әлеуметтік нысандардың қажеттілігін бір жылдың ішінде өтей алар едік», – деп мәлімдеді ол.   Шпекбаевтың айтуынша, Қазақстанның ұлттық компанияларында өткен жылмен салыстырғанда, биылғы жылы сыбайлас жемқорлықтың артқандығы байқалады. Яғни 4 айдың ішіндегі бұл көрсеткіш өткен жылғы көрсеткіштен екі еседей артқан. Соның ішінде квазисектордағы сатып алу саласындағы қылмыстың 90 пайызы бюджеттік қаражатты ұрлау арқылы жасалады екен. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюро басшысының орынбасары жиынға қатысушылар назарын мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру рәсімдерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылатындығын, ал ұлттық компаниялардағы дәл сондай заң бұзушылықтар үшін бар-жоғы тәртіптік жауаптылық қарастырылғандығына аударды. «Оңтүстік Кореяда мемлекеттік сатып алу саласында жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкерлер міндетті түрде Пара алмау туралы шартқа қол қояды. АҚШ пен ЕО-да мемлекеттік сатып алуды жүргізетін бірыңғай стандарттар бар. Бүгін біз сөз қылғанымыздай, мемлекеттік сатып алу квазимемлекеттік секторға да таралуы қажет», – деді ол. Шпекбаев ұлттық басқарушы компаниялар мен холдингтердің сатып алуды жүзеге асыруының бірыңғай ережелерін қабылдауға қатысты заңнамаға түзетулер мен толықтыруларды пысықтау қажеттігін атап өтті. «Бұдан бөлек, ұлттық компанияларға сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау тәжірибесін енгізу қажет. Оңтүстік Кореядағыдай ұлттық компанияларға пара алмау туралы шарт жасау тәжірибесін енгізуді, әр екі жыл сайын ұлттық компания қызметкерлерін ауыстыруды, ұлттық компаниялардағы сатып алу бөлімшелеріне жұмысқа тұруға үміткерлерді міндетті сыбайлас жемқорлыққа қарсы тексеруден өткізу тәжірибесін енгізуді ұсынамыз», – деп ойын қорытындылады ол. Қайырбек Сүлейменовтің төрағалық етуімен өткен жиынға ҚР Бас прокуратурасының, ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі министрліктің Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюросының, ұлттық компаниялардың және бизнестің өкілдері, Парламент депутаттары қатысты. Мәжілісте сөз сөйлеген Абылай Мырзахметов Қазақстанда үш сатып алу алаңы бар екендігін, олардың жалпы сомасы 9 триллион теңгені құрайтынын атап өтті. «Бірінші алаң – бюджеттік, республикалық және жергілікті сатып алулар, олар 2 трлн теңгеден асады. Мұның бәрін орталық атқарушы органдар және жергілікті атқарушы органдар сатып алады. Квазимемлекеттік сектордағы сатып алу 3 трлн теңгеден асады, ең алдымен, бұл – «Самұрық-Қазына» ұлттық компаниясы, олардың ішінде 8 компанияға барлық сатып алулардың 93 пайызы келеді. Бұл компаниялармен біз жуырда келісімге қол қойдық. Сондай-ақ 3 трлн теңге – ең ірі жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуы. Бұл сала да қалыс қалмауға тиісті. Кеңес мәжілістерінің бірін біз осы тақырыпқа арнаймыз, сонымен бірге әлі талай мәселе бар», – деді ол. Ұлттық палата Басқармасының төра­ғасы құқық қорғау орган­да­рының сатып алуларды жүргізу ке­зін­де заңдылықты сақтау мәселесіне қатысуы маңызды екендігін атап айтты. «Олар өз рөлін, жазалаудың бұлжымастығын көрсету міндетін түсінеді. Бұл басты меже болуы тиіс деп ойлаймын. Көпшіліктің талабы осы. Лауазымды тұлғалар жазадан қашып құтылмайтынын түсінуі тиіс. Бүгін қайтсек те жемқорлықты болдырмау туралы ұсыныстар айтылды. Көпшілік, оның ішінде, Ұлттық палата, бұл үдерістерді талдауы тиіс», – деп қадап айтты төраға. Мырзахметов сатып алу­ үдерісінің үш кезеңін ата­ды, «Бірінші – техникалық сипат­тама. Жыл сайын бізге, орталық аппа­ратқа сатып алуға қатысты 300 арыз түседі. Кәсіпкерлердің сөздеріне қарағанда, техникалық сипаттамалар, барлық тендерлік құжаттар белгілі бір өнім берушілерге орайластырып жасалады. Біз мәселені бірнеше рет көтердік, алға жылжу бар. «Сатып алулар туралы» жаңа заңда сатып алуға 10 күн қалғанша техникалық сипаттама жарияланады деп айтылған және сонда көпшіліктің тендер басталғанша өз ескертулерін айтуға мүмкіндігі болады», – деді ол. «Бизнес те жемқорлыққа қарсы нормаларды сақтауы тиіс. Бұл жұмыс жүргізілуде. Біз съезге Бизнестің жемқорлыққа қарсы хартиясын енгіземіз. Бұл екіжақты үдеріс, сондықтан бизнес те өзіне міндеттер қабылдауы тиіс болғандықтан Съезд бізді қолдайды деген үмітіміз бар», – дейді. Өз сөзінде басқарма басшысы Палатаны жергілікті қамту мәселесі алаңдататынын білдірді, өйткені сұраныстың қысқаруы қазіргі жағдайда отандық бизнеске қатты әсер етті. Оның сөзіне қарағанда, 9 трлн теңгеге тең сатып алулардағы жергілікті компаниялардың үлесі 60%-ды, «Самұрық-Қазынадағы» сатып алуы 70%-дықұрайды. Алайда бұлардың 70%-дың басым бөлігін тауарлар емес, қызмет көрсету құрайды. «Біз іштей егжей-тегжейлі талдауымыз керек және атап айтқанда отандық тауар өндірушілердің үлесін арттыруға тиіспіз. Біз сегіз компаниямен осындай жұмыс жасадық. Біз өз тарапымыздан 4 мыңнан астам отандық тауар өндірушілердің тізімін жасаудамыз, оларды жұмыс комиссиялары арқылы ұлттық компаниялармен түйістіреміз», – деді ол. Осыған байланысты Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың тапсыр­масы бойынша барлық аймақтарда Палаталармен және әкімдіктермен бірге жұмыс комиссиялары құрылды. «Біздің мониторингтің көрсетуінше, «Самұрық-Қазына» ұлттық компаниясының жиһаз сатып алуындағы 70 млрд теңгеге қатысушылардың 3 пайызы ғана қазақстандық болып шықты. Ал бізде осыған қатыса алатын 300 жуық жиһаз компаниясы жұмыс істейді. Яғни жергілікті қамтудың өсуі үшін өріс кең»,– деп атап айтты ол. Мырзахметов мұндай жұмысты белсенді түрде жүргізіп отырған бес облысты атап өтті: Алматы, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай және Павлодар. «Мен бұл жұмысқа әкімдіктердің белсенді араласуын өтінемін. Съезде бұл ахуалды Премьер-министрге жеткіземіз және тәртіптік шара қолдануды сұраймыз. Қызылордада тендерлер сәуірдің соңынан бері өткізіліп келе жатса да, бірде-бір отырыс ұйымдастырылмады»,– деп мәлімдеді ол. Сөз соңында А. Мырзахметов квазимемлекеттік сектор үлесін қысқарту керек­тігін тілге тиек етті. Оның сөзінше, мемлекет жариялаған жекешелендіру бағдарламасына қатысушылардың ішінде белсенділері ғана қалуы қажет деп санайды.  

Еркежан ЖҰМАТАЙ