«Lufthansa» 26 мың қызметкерін қысқартады
«Lufthansa» 26 мың қызметкерін қысқартады
Соңғы 30 жылда Германияның 30 жетекші компаниясы қатарынан көрініп келген «Lufthansa» бұл тізімнен шығып қалды.
Осы аптада әуе компаниясы биржалық индекс – ДАКС-30 тізімінен шығарылды. Еуропаның ең ірі әуе тасымалдаушысы орта компаниялар санатына ауыстырылды. Компанияның мұндай деңгейге түсуіне пандемия салдарынан туындаған дағдарыс себеп. Мыңдаған рейсі ұшпай қалған «Lufthansa» миллиардтаған еуро шығынға батты. Тек билеттер үшін компания 1 миллиард 800 миллион еуро қарыз.
Бірнеше апта бұрын компания банкрот жариялаудың аз-ақ алдында тұрған. Алайда кейінірек қызметкерлерін қысқарту арқылы тығырықтан шығу туралы шешім қабылдады. Болжам бойынша, «Lufthansa» -ның 26 мың жұмысшысы табыс көзінен айрылуы мүмкін. Сондай-ақ, әуе тасымалдаушы дағдарысты еңсеру үшін 100 ұшағын сатпақ.
Еске сала кетейік, cәуірде «Lufthansa» еншілес «Germanwings» компаниясын жапты. Онда қызмет ететін 1400 адам жұмыссыз қалды. Концерн қызметкерлерінің бір бөлігін жұмыспен қамтуға уәде берген еді.