Мақсат Сералы, экономист: Импорт көбейген сайын, ұлттық валютамыз әлсірейді

Бүгінде жан-жақтан саулаған шетелдік тауар мен азық-түлік отандық кәсіпкерлердің еңсесін тіктеуіне кедергі келтіріп отыр. Импорттық тауарларды алмастыру саясатындағы ең басты түйткіл – тауардың бағасы да, сапасы да емес, шетелдерден келетін тауарлар санының көптігі. Яғни, бәсекелестік өте күшті деген сөз. Бұл жөнінде кеңірек экономист-сарапшы, «Атамекен» ҰКП маркетологы Мақсат Сералы өз ойымен бөліскен еді.

– Қазақстан экономикасында им­порт алмастыру саясаты бел­сен­ді түрде жүргізіліп келеді. Бұл сая­саттың ел экономикасына тигізер пай­дасы қандай?

– Импортты алмастыру саясаты біз­де соңғы 7-8 жылдың төңірегінде өте жақсы дамып келеді. Мұның бірден-бір себебі, 2008 жылы басталған әлемдік дағдарыс Қазақстан экономикасының қай деңгейде екенін көрсетіп, елдің экономикалық саясатын нақты тауар өндіруші секторларды нығайтуға бағыттау керек екендігін ұқтырды. Дәлірек айтқанда, импорттық тауар­ларды алмастыру мәселесі бірінші кезек­ке шығарылды. 2010 жылдан бас­тап импортты алмастыру саясатын жүзеге асыру мақсатында көптеген жоба­лар іске асырылып келе жатыр. 2010-2014 жылдарға арналған «Импортты тауарларды алмастыру» бағ­дар­ламасы қабылданды. Өкінішке қарай, сол кездегі экономикалық жағ­дайға байланысты бұл бағдарлама нәти­же бере алмады. Өйткені біздегі өнді­ріс секторы мұндай үлкен қадам­дарға дайын емес еді. Өндіріс орындарындағы техникалардың ескіруі, білікті мамандар тапшылығы және өндірілген өнімдерді өткізу өте күрделі болатын.

Қазақстанның экспорты шикізат және ауылшаруашылық секторына байланысты екені жасырын емес. Және ел экономикасын алға сүйрейтін салалар – ауылшаруашылығы және шикізат өнеркәсібі екенін естен шығармағанымыз жөн. Сондықтан импорт алмастыру саясатын осы салаларда жүзеге асыру біздің елдің экономикасы үшін тиімдірек. Шағын және орта бизнестің негізгі объектісі ауыл шаруашылығы саласы. Ал осы секторды дамыту үшін тағы да мемлекеттік бірқатар бағдарламалар қабылданды. Шағын және орта бизнесті «Даму» қоры арқылы қар­жыландыру бағдарламалары жүргізіле бас­тады. Мемлекет «Атамекен» ҰКП арқылы шағын және орта бизнес өкілдері үшін кедендік және әкімшілік кедергілерді қысқартып, жан-жақты көмектер көрсетуде. Бүгінгі таңда бұл қадамдар өз нәтижесін беріп жатыр. Соңғы мәліметтерге қарағанда, зейнетақы қорының да белгілі бір мөлшері өндіріс саласын дамытуға жұмсалатын болады. Бұл оңтайлы әдіс. Себебі тәжірибе көрсеткендей, алдағы 10-15 жылда өндіріс пен ауыл шаруашылығы саласын жүйелі дамыта алсақ, болашақта экономикамыз шикізатқа тәуелділіктен құтылатын болады. Осы тұрғыдан алып қарағанда, импорт алмастыру саясатын жүзеге асыру өте маңызды.

– Импорт алмастыру үрдісінде қандай жетістіктер мен кемшіліктер бар?

– Ауыл шаруашылығы саласын алып қарайтын болсақ, ет пен би­дай өнімдерінің экспорты жоғары деңгейде, импорт көлемі өте аз. Ал нақты өнімдерге келетін болсақ, мұндай көрсеткіш жоқ. Мәселен, фармацевтика нарығының 12 пайызын ғана отандық өнімдер құрайды. Бұл өте төмен көрсеткіш. ШОБ және қызмет көрсету саласында импорттық тауарларды алмастыру саясатын дамыту мақсатында «Өндірістік жол картасы-2020» бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін миллиардтаған қаржы бөлінді. Бағдарламаның ең негізгі бағыты еліміздің барлық аймағындағы өндіріс орындарын дамыту болып табылады. Екінші деңгейлі банктер арқылы несиелендіру де қарастырылған. Бұл бағдарламаның тиімділігі, субсидияның қайтарым пайызы өте төмен. Орташа айтқанда, 4-7% аралығындағы пайыздық көрсеткішпен несиелер беріледі. Бұл көрсеткіш әлем және ТМД елдерімен салыстырғанда өте төмен әрі отандық кәсіпкерлерге айтарлықтай жеңілдік. Соңғы уақытта Қазақстан үкіметі жаса­ған импортты алмастыру, өнді­ріс­ті дамыту, шағын және орта биз­неске қатысты бағдарламаларды Ресей Федерациясы үлгі ретінде алып жатыр. Бұл біздің бағдарламалардың нәтижелілігін білдіреді.

Бағдарламалар көп, бірақ неге нақты өнім жоқ деген сұрақтың туындауы заңдылық. Өнім бар, бірақ оның нарықта мойындалуы ұзақ процесс. Өнімді нарыққа енгізудің өзіндік заңдылықтары бар. Брендтің танымалдылығы, өнімнің сапалылығы және бағасының тартымдылығы секілді мәселелер бірінші орында болуы тиіс. Осы позициялар бойынша біздің өнімдердің сапалылығы жоғары, сәйкесінше бағасы да қымбат. Тұтынушы үшін негізгі фактор баға болып саналатындықтан, қымбат тауарға қызықпауы мүмкін. Бұл өз кезегінде өндіріске түсетін қаражатты азайтады. Сондықтан им­порт алмастыру саясатын мық­тап дамыту үшін, өндіріске жұм­салатын шығындардың жартысын мем­лекет субсидиялау керек. Яғни техникаларды, құрал-жабдықтарды лизингке беру деген сияқты көмектер артықтық етпейді. Мұның бәрі өнімнің өзіндік құнының төмендеуіне, тұтынушыға тиімді болуына әсер етеді. 2010-2014 жылдарға арналған «Импорт алмастыру саясатының» негізгі мақсаты ішкі нарықты отандық өнімдермен 30-50 пайызға дейін қамтамасыз ету болатын. Өкінішке қарай, біз бұл мақсатқа жете алмадық. Қазақстандық өнімдердің ішкі нарықтағы үлесі әлі күнге дейін 12-15% төңірегінде қалып отыр. Біз мына жайтты ескеруіміз керек, өзін-өзі 100% тауармен қамтамасыз етіп отырған мемлекет әлемде жоқ. Егер мемлекет өз нарығын түгел өзі қамтамасыз етіп, импорттық тауарларды ығыстыратын болса, әлемдік нарықтағы жаңа технологиялардан қалып қояды. Қазір елімізде ашылған өндіріс орындары мемлекеттік бағдарламалар мен субсидиялардың арқасында жолға қойылуда. Импортты алмастыру саясатындағы бұл үрдіс өте дұрыс. Себебі нақты экономика секторына ғана емес, қаржы секторына да тікелей әсер етеді. Шағын және орта бизнестің дамуы, олардың нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз етуі ұлттық валютамыздың тұрақты­лы­ғына да оң әсерін тигізеді. Егер ауылшаруашылығы мен жеңіл өнеркәсіптің басым бөлігін елімізде өндіретін болсақ, қаражат ішкі айналымда жүре бастайды.

– Қазақстанда ауыл шаруашы­лы­ғының үлесін көтеру керек екенін жиі айтудамыз. Бізге мал шаруашылығын да толық дамыту керек. Қазіргі әлемдік дағдарыс жағ­дайында бұл мүмкін бе?

– Жалпы ішкі өнім жан басына шаққанда 13,6 мың доллар. Иә,1990 жылдары ЖІӨ-ің 35 пайызы ауыл шаруашылығы болатын. Қазір 5 пайыз ғана болып отыр. Бұл дағдарыс ауыл шаруашылығының үлесін көтеру керек екенін көрсетті. Біздің атадан дəстүр болып келе жатқан мал шаруашылығын толық дамыту керек. Бізге үлкен жобалар керек емес, бізге нақты сала керек жəне тұтынушы корзинасына кіретін өнімдерді дамыту керек. 2016 жылы ЖІӨ 2-3 пайызға өссе, бұның өзі жетістік.

– Мәліметтерге сенсек, 2015 жылы қазақстандық кәсiпкерлерге 260 млрд теңге субсидия беріліпті. Басым көпшiлiгi ауыл кәсiпкерлерi екен. Көпшілік бұл қаржыны өте қомақты ақша деп санайды…

– Бұл туралы шағын және орта бизнес саласын қолдау шараларына арналған ОКҚ брифингi барысында «Даму» Кәсiпкерлiктi дамыту қоры» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова мәлiмдеген болатын. «Наурыз айында «Бизнестiң жол картасы – 2020» бизнестi қолдаудың бiрыңғай бағдарламасының қабыл­да­нуы 2015 жылы шағын және бизнес саласын мемлекеттiк қолдаудағы басты жаңалық болды. Осы бағдарлама аясында бiз 1595 компанияға қолдау көрсеттiк. Оларға несие портфелiнiң жалпы сомасы – 260 млрд теңге субсидия берілді. Басым көпшiлiгi – ауыл кәсiпкерлерi. Бизнес саласының мамандары 14 пайызбен несие алса, оның жылдық 10 пайыз көлемiндегi қаржысы субсидияланды. Осылайша, кәсiпкерлер 4 пайызды ғана төлеп отыр.

– Қазақстанның ДСҰ, ЕАЭО се­кіл­ді ірі экономикалық одақтарға кі­руге деген талпынысы импорт алмас­тыру процесіне әсер етіп отыр ма?

– Экономикалық одаққа бірігетін кез келген мемлекет өз ішкі нарығының кем дегенде 60-80 пайызын отандық өнімдермен қамтамасыз етуі керек. Өкінішке қарай, одаққа кіріп отырған мемлекеттердің ешқайсысы өзін мұншалықты қамтамасыз етіп отырған жоқ. Одақтас мемлекеттердің бір-біріне сататын тауарлары шектеулі. Жаңа технологиялар мен инновациялар жоқ. Бірақ нарық тұрғысынан алғанда Еуразиялық Одақ бізге ауылшаруашылық және шикізат саласын дамытуға үлкен мүмкіндіктер береді. 140 млн халқы бар Ресей біздің тауар өндірушілерге алып нарық болып отыр. Қазақстанның аграрлық өнімдері ресейлік тауарларға қарағанда сапалы әрі экологиялық таза болып есептеледі. Кейбір деректерге қарағанда, ресейлік тұтынушылар қазақстандық тауарларды сатып алуға ынталы көрінеді. Себебі біздің ауылшаруашық өнімдеріне гендік модификациялық ағзалар мен дәмдеуіштер, қышқылдар қосылмайды. Әлемдік нарықта таза, экологиялық тамақтар сұранысқа ие. Осы тұрғыдан біздің мүмкіншілігіміз жоғары. Біздің ұтар тұсымыз осы.

ДСҰ туралы айтар болсақ, бұл әлемдік ұйымға мүшелікке өтуіміз еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыруы мүмкін. Өйткені өнімдер көршілес Қытай, Ресей секілді алып нарығы бар елдерге сатылады. Бұл біздің ел үшін ыңғайлы. Өндіріс, инфрақұрылым дамиды, жұмыс орындары ашылып, инновациялық технологиялар дамиды. Бұдан мемлекеттік бюджетке салық құйылады. Кәсіпкерлердің арасында белгілі бір деңгейде бәсекелестік пайда болады. Бұл өз алдына тауардың сапалылығын арттырып, баға саясатына оң әсер етеді. Бұдан ұтарымыз мол.

– Кедендік кедергілердің жойы­луы­на байланысты бәсекелестік кү­шейді. Отандық кәсіпорындар көр­шілес елдердің өнімдерімен бәсекеге түсе ала ма?

– Қазіргі таңдағы импорттық тауар­ларды алмастыру саясатындағы ең басты кедергі тауардың бағасы да, сапасы да емес, шетелдерден келетін тауарлар санының көптігі. Яғни, бәсекелестік өте күшті. Екін­ші мәселе, біздің өндірістердегі шы­ғын­ның деңгейі шетелдік өндіріс орын­дарымен салыстырғанда 2-3 есе жоғары. Үшінші мәселе, нарықтың сыйымдылығы. Біздің халықтың саны 16 млн болғанымен, ал нақты тұтынушылар саны одан да төмен. Яғни бізде әр өндірушінің түпкі тұтынушыны табуы қиын. Өңірлерге шығару үшін логистикалық шығындар кедергі келтіруі мүмкін. Мұның барлығы тауардың өзіндік құнын көтеріп жібереді. Ал Ресейден келетін тауардың бағасы төменірек. Осы тұрғыдан алып қарағанда, біздің өндірушілердің бәсекеге қабілеті төмендейді. Бірақ соған қарамастан, импорт алмастыруға барлық алғышарттар дайын.

– Қазақстан экономикасының қай саласының импортты алмас­тыруға мүмкіндігі жоғары?

– Тамақ өнеркәсібін алып қарайтын болсақ, ет өнімдерімен нарықтың негізгі бөлігін өзіміз қамтамасыз етіп отырмыз. Отандық ет өндіруші кәсіпорындар ішкі нарықтың сұранысын өтей алмған жағдайда Ресей мен Қырғызстаннан ет өнімдерін импорттаймыз. Шағын және орта бизнесті алып қарасақ, шағын цехтар дамып келеді. Ірі көлемдегі қайта өндіру цехтары құрылып, өз өнімдерін ұсынуда. Осы салалар бұдан әрі жұмыс істей беретін болса, алдағы 7-8 жылда міндетті түрде біз импорт алмастыру саясатының оң нәтижесіне қол жеткіземіз.

– 2016 жылдың қаңтар айындағы көрсеткіштер бойынша, еліміздің импорты экспорттан едәуір жоғары. Мәселен, ТМД көлемінде импорт экспорттан 3 есе, ЕАЭО шеңберінде 4 есе, Қытай арасында 2 есе басым екен. Осы көрсеткішті азайтып, импорттың орнын толтыру үшін экономикалық саясатта қандай әдіс-тәсілдерді қолдануға болады?

– Қазақстан аграрлы ел бол­ған­­дықтан, ауыл шаруа­шы­лы­ғын нығайтуы тиіс. Қазір «ҚазАгроФинанс», «ҚазАгро­Мар­ке­тинг», «ҚазАгроХолдинг» секілді құры­лымдар аграрлық бизнеске көп мөлшерде субсидия, несие, ли­зинг бөліп отыр. Шетелдік инвесторлардың да бұл салаға деген қызығушылығы жоғары. Қазақстан үшін ауылшаруашылығы саласын дамытуға және әлемдік деңгейде брендке айналуға мүмкіндік бар. Менің ойымша, импортты ығыстырып, отандық өнімдердің өркендеуіне мүмкіндік жасау үшін белгілі бір салалардағы импортқа кедендік квота енгізіп, отандық өнімдерге басымдық беру керек. Осындай шектеулер қойсақ, импорттық тауарлар азайып, тұтынушылар отандық тауарларды сатып алады. Бірақ мүлде шектеп тастауға да болмайды. Себебі тұтынушыда үнемі таңдау болуы керек.

– Бюджет табысын ұлғайту қашанда басты мәселе болып қалуда. Әркім әртүрлі жолды ұсынып келеді…

– Ішкі нарықты өзіміз толтырып, мемлекеттендіру процестерін жүргізу керек. Мұны мұнай қоры орындарынан бастаған дұрыс. Себебі мұнай бюджетке түсетін пайданың басым бөлігін құрайды. Біздегі мұнай саласында инвесторлар неге көп? Себебі мұнайдан түскен пайданың 90 пайызы солардың қалтасында кетеді. Тек 10 пайызы ғана бюджетке түседі. Бұл өте тиімсіз. Егер біз мұнай қорларының кем дегенде 50 пайызын мемлекеттендіретін болсақ, бюджетке келетін табыс көбейер еді.

– Ал ішкі нарықты қандай жолмен толтыруға болады? 

– Сырттан келетін тауарларға шектеу, квота қою керек. Негізгі квота қойылмайынша, ішкі нарықта не жасасаң да еш нәтиже бермейді. Бізге ет, сүт өнімдеріне квота енгізіп, сырттан келуге тыйым салу қажет. Сонда өзіміздің өндіріс дамиды. Басқа секторларға жол ашылады. Сүттен әрі қарай йогурт шығарыла бастайды. Йогурттан кейін қаймақ, ірімшік шығаруды қолға алады. Мұндайда отандық өндірушілер бір рет қана шығындалады, шетелден қажетті техниканы ғана әкеледі. Бұған қаражат жеткілікті, себебі оның ішкі нарықта сатылымы бар. Егер шетелдің сүт өнімдерін кіргізбесек, халық өзімізден шыққан өнімдерді алады. Ауыл шаруашылығына квота енгізіп, үш жыл уақыт берсінші. Үш жылдың ішінде ауыл шаруашылығы керемет дамып алады. Мал бар, жүн бар, сөйтіп, тоқыма өнеркәсібі өзі-ақ дамиды. Осылайша, жеңіл өнеркәсіпке жол ашылады. Ішкі нарықтың 85 пайызы шеттен келетін импорттық тауарлар болып отыр. Импорттық тауарлардың саны көбейген сайын, ұлттық валютамыз әлсірейді.

– Осы тұрғыдан салыстыра қара­сақ, былтырғы жыл қорытын­ды­сында Өзбекстан бізден едәуір алда екен… 

– Өйткені Өзбекстан ауыл шаруашылығын, жеңіл өнеркәсіп, машина жасауды өздері қамтамасыз етіп отыр. Оларда импорттық тауарларға заңнамалар бар. Яғни шетелден келетін тауарларды кіргізбейді. Мысалы, Боржоми суын алайық. Ол су Өзбекстанда сатылмайды. Өйткені олардың өздерінің суы бар. Ал бізде барлық импорттық тауар еркін айналымда жүр. Оның үстіне, шағын және орта кәсіпкерлеріміз оларға төтеп бере алмайды. Сондықтан зардабын тартып отырмыз.

– Демек, бізге де кейбір заңнама­лық құжаттарды қайта қарау керек шығар…

– Экономиканы қаржылық емес, заңнамалық факторлар құтқарады. Заңнама дегеніміз – ішкі экономиканы, отандық кәсіпкерлерді қолдау мақсатында мемлекеттік кедендерге квота енгізу. Квота бізде өндірілетін тауарларға бәсекелес заттарға сәйкес жасалуы қажет. Мысалы, бізде «Сарыағаш» суы бар. Мемлекет «Сарыағаш» зауытына талап қойып: «Егер сен өндірістік қуатыңды 10 пайызға көбейтсең, біз 10 пайызға Боржомидің импортын қысқартамыз» деу керек. Сонда Сарыағаш зауыты мол пайда табады. Екінші жағынан, өнімнің сапасы жоғарылайды. Соңында әлеуметтік жағдай жақсарады. Жұмыспен қамту, жергілікті бюджетке қаржы түсіру секілді көптеген пайдалы факторлар өздігінен шешіледі. Біздің одақтарға мүше болып, біраз мүмкіндігімізден айрылғанымыз рас. Бірақ дәл осындай жағдайда одақтан шығуға болады. Заңнамада «Егер де одақ ұлттық валютаға әсерін тигізсе, шығуға болады» делінген. Сондықтан қазіргі таңда бізде одақтан шығуға себеп бар. Ресейдің, Қырғызстанның бізге зияны тиіп жатыр. Сол себепті, олардан бас тартып, өзіміздің экономикамызға жұмыс істеуіміз керек.

– Мемлекет экономиканы сақтау­дың тиімді әдісі ретінде өнімдердің баға­сын еркін айналымға жіберген еді. Бұдан қандай да бір пайда көрдік пе? 

– Отандық кәсіпкерлер шикізатты импорттан алады. Сондықтан бағаны еркін айналымға жіберуге мәжбүр болдық. Көптеген компаниялар банкротқа ұшырады, не үшін? Себебі бүкіл құрал-жабдықтарды шетелден қымбат бағаға алып келді. Мысалы, «Меркурий» компаниясы нанға қосатын қоспалардың бәрін шетелдің валютасына алды. Соңында не болғанын білесіздер. Бізде өзін жүз пайыз қамтамасыз етіп жатқан өндіріс орындары санаулы ғана. Жеңіл өнеркәсіп, тоқыма, нан өндірісі, ауыл шаруашылығына қажетті заттардың бәрі шетелдің валютасына алынады. Бағаны еркін айналымға жібермесе, өндіруші табыс таппайды. Соңында өндіріс орны банкротқа ұшырайды. Яғни бұл жерде мемлекет экономикалық ахуалды жақсарту үшін осылай жасап отыр. Мемлекет тарапынан мұны қадағалау керек. Өндіріс орны өз өніміне деген бағаны қымбаттататын болса, бағаны не үшін көтергені жайлы экономикалық тұрғыдан негіздемесі болуы қажет. Алайда бізде субъект көп болғандықтан, оны қадағалау қиынырақ. Сонда да шетелден тасымалдайтын негізгі диллерлерге бағаны неге көтергені жайлы сұрау салған дұрыс. Ал отандық өндірушілерді қолдауымыз керек. Себебі олар нарыққа байланысты өз бағасын белгілеп отыр. Кәсіпкердің негізгі көздеген мақсаты – пайда табу. Нарық жоғары баға бекітсе, соған ұмтылады. Бір ғана мұнай бағасының төмендеуі біздегі бүкіл экономикаға әсерін тигізді.

– Елімізде отандық өндірушілер­ді қолдауға бағытталған түрлі бағ­дар­ламалар қабылданғаны мәлім. Олар қаншалықты деңгейде іске асуда?

– Олардың нәтиже бермей отыр­ған себебі, біріншіден, өндіріс орын­дары шикізатты шетелден әкеледі және өнімді түпкі тұтынушыға жеткізу механизмі қалыптаспаған. Екіншіден, біздің елде халық саны аз болғандықтан, тауар өндіру тиімсіз. Ал логистика қымбат. Сондықтан біз әр ауыл, әр қаланы жеке-жеке дамытуымыз керек. Бір ауылдан кондитерлік цех ашылды дейік. Оның керемет үлкен болып құрылуының қажеті жоқ. Ол цех алдымен бір ауылды, сосын көршілес ауылдарды қамтамасыз ету арқылы бірте-бірте өсуі керек. Біз инновациялық жобаларды қолдауымыз керек деп ірі көлемдегі цехтарға мән беріп жүрміз. Соның көбі кейіннен банкрот болып жатады. Өйткені оның өзіне салынған миллиардтаған долларды қайтарып алудың ықтималдылығы өте төмен. Бізде инфрақұрылым дамымаған. Тасымалдау қымбатқа түседі. Қазақстанды Сингапурмен салыстыруға болмайды. Сингапурдың қатты дамып кеткен себебі оларда тасымалдаудың көбісі порт арқылы жүреді. Ал біз теңізге шыға алмаймыз. Каспий теңізі арқылы шектесетін елдерге бізде порт арқылы тасымалдауға мүмкіндік бар. Бірақ ол үшін өндірісті сол теңізге жақын жерден ашу керек.

Қытайда экономиканың барлық саласы ендігі толықтай дамыды. Қазір оларда ауыл шаруашылығын дамытуға жер қалмады. Ірі зауыттарды салуға экология нашар. Сол себепті енді технология саласын дамытып жатыр. Машина индустриясына көңіл бөлуде. Осылайша, экономиканы дамытудың жаңа механизмдерін ойластыруда. Юань төмендеген сайын, олардың тауарларының бағасы төмендеуде. Мұның біздегі отандық өндірушілерге зардабы тиеді. Девальвацияға ұшыраған сайын, Қытайдың тауары бәсекелестікке қабілетті болып тұр. Одан бөлек, біздің Ұлттық банк резервтік валюта ретінде Қытай юаньын қосқаны белгілі. Юань төмендеген сайын Ұлттық қордағы ақша төмендейді. Міне, осындай зардаптары бар. Бірақ мемлекеттік бағдарламаларды лайықты іске асырсақ, бұған төтеп беруге болады. Себебі экономиканы көтеретін негізгі фактор – ұлттық өнімді тұтыну.

Кезінде қытайдың экономист сарапшысы Генри Лю: «Мен Қазақстанды 1 жылдың ішінде бай қыла аламын» деген екен. Экономистің сөзінше, Қазақстан экономикасын көтерудің бірнеше тәсілі бар. Солардың бірі – елдегі мұнайды теңгемен сату. Нәтижесінде мемлекеттің долларға тәуелділігі төмендейді. Ол мұндай кеңесті кезінде Қытай үкіметіне бергенін, қытайлар қазіргі уақытта сыртқы сауданы төл валюталары – юаньмен жүргізуге көшіп жатқанын айтады. «Мен антиамерикандық емеспін» – дейді Генри Лю. Америкалықтар қазір мұнайларыңызды доллармен сатып алып жатыр. Егер «қара алтынды» теңгемен сатсаңыздар, олардың активтері сіздердің қолдарыңызға өтеді. Неліктен? Себебі олар мұнайдан бұрын сіздерден теңгені сатып алады. Ал теңгенің валюталық курсы Қазақстан Ұлттық банкінің қолында» депті. Генри Людің айтуынша, басқа мемлекеттер де Қазақстанның теңгесін сатып ала бастайды, өйткені теңге оларға мұнай сатып алу үшін керек. Осындай қадамдарға бару арқылы елдің ішкі дамуын, валюта нарығындағы позициясын нығайтуға болады. Ал егер теңге халыққа жетпей жатса, оны көп қылып эмиссиялауға (басып шығаруға) мемлекет құқылы, өйткені төлем жеткіліксіз болып жатса, америкалықтар да долларды басып шығара береді.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан

Динара Мыңжасарқызы

 

Back to top button