Бұлғақ бүгілткен Бразилия – қиын таңдау алдында тұр

Мешін жылының жазында әлемдік қауымдастықтың алаңы Латын Америкасы болғалы тұр. Оның бір себебі Бразилия президентінің басына төнген импичмент қаупі болса, екінші бір себеп – Рио-де-Жанейрода өтетін Жаздық олимпиадалық ойындар. Ғаламдық геосаясат калейдоскопындағы саусақпен санарлық әйел президенттердің бірі Дилма Русефтің тағдыры алдағы алты ай бойы қыл үстінде. Енді бір жарым айдан соң шымылдығы түрілуі тиіс Рио олимпидасының басына бұлт үйірілуге таяу. Бразилиядағы саяси-әкімшілік және экономикалық тұрақсыздықтың салдары осы. Бұл аз болса, елдегі эпидемиологиялық ахуал да мәз емес. Тұрғын халықтың саны бойынша да, жер көлемі бойынша да әлемдегі бесінші ірі ел Бразилия бүгінде жолайрықта тұр.

Ел сенімінен айрылған Дилма

Дилма Русефтің билігіне деген наразылық бір жылдан бері ас үйлердегі күңкілден көшедегі кастрөлдер шеруіне ұласып, енді міне, заң шығарушы органға дейін жетіп отыр.

Сәуір айының 17-сінде Бразилия Конгресінің төменгі палатасы президент Дилма Русефке импичмент жариялау туралы мәселені қарап, 367 депутат «Иә» деп дауыс беріп, 167 депутат қарсы шыққан. Осыдан соң импичмент мәселесін 12 мамырда жоғарғы палата – Сенат депутаттары дауысқа салды. Бұл жолы да Русефке наразылар саны басым түсті: қарсы дауыс 55 болғанда, президентті 22 сенатор ғана жақтаған. Осылайша, Сенаттың шешіміне сәйкес, Дилма Русеф алты айға өз қызметінен аласталды, осы уақыт ішінде ол өзінің кінәсіздігін дәлелдеуге құқылы. Президентке салық заңдылығын бұзған және бюджет дефицитін жасыру үшін мемлекеттік банктер қаражатын пайдаланған деп айып тағылды. Енді бұл іс алты ай бойы Сенатта қаралады.

Тергеу-тексеру амалдары аяқталған соң, Сенат қайтадан дауысқа салуы тиіс, сол кезде сенаторлардың үштен екісі импичментті қолдаса, онда Русеф қызметімен біржола қош айтысады. Ал импичмент жақтаушылар қарасы Сенаттың үштен екіден аз бөлігін қамтыса, онда Русеф президенттік құзыретін қайтарып алып, өкілеттік мерзімі біткенше қызметін атқара береді.

Осы орайда, Бразилиядағы саяси процестердің айырмасы көзге ұрды: саяси ойын мұнда көп қойылымды шоуға ұқсайды. Депутаттардың дауыс беру барысы ірі қалалардың көшелеріндегі экрандардан, телеарналардан тікелей эфир арқылы берілді. Дүйім жұрттың назары өздеріне ауған сәтті депутат мырзалар құр жіберген жоқ. Дауыс беру кезінде не болмады дейсіз: ән де айтылды, би де биленді, ұзақ монологтар мен өз даусын туысқандарына, тіпті балаларына «арнаған» жолдаулардың санынан жаңылуға болар. Депутаттар бір-біріне конфетти (түрлі-түсті қиқым қағаздан жасалған мерекелік шашу – авт.) шашып, бірін-бірі құшақтап, қарсыластарының бетіне түкіріп, саяси сайқымазақтың сан түрлі көрінісін қойды.

Парламент ғимаратында осындай шоу болып жатқан тұста, халық қарап қалмады. Басқасын былай қойғанда, Русефтің биліктен кетуін талап еткен қарапайым бразилиялықтардың кастрөл мен шойын табаларды қаңғырлатып, топтап көшеге шығуының өзі неге тұрады?

Ал Сенат депутаттары дауыс беру процесі алдында бойларын буған эмоциямен бөлісу үшін ұзын-сонар кезекке тұрған: 81 депутаттың 70-і сөз сөйлеп, әрқайсысы әріптестерін өз уәжіне иландыруға тырысты.

Русефтің өзіне келсек, ол билікті өз қолымен бергісі жоқ. Шамасы жеткенше Парламенттегі импичментті тоқтатуға талпынды, бірақ Жоғарғы соттың шешімінен аса алмады. Импичмент жариялау процесі басталған соң да «Қызметтен кететін ойым жоқ» деп айбат шегумен болды. Бірақ Сенаттағы дауыс беру күніне дейін жеке заттарын көтеріп, президент кабинетін тастап шықты.

Президентке импичмент жариялау ісі Бразилия үшін таңсық емес. 1992 жылы билік басындағы Фернанду Колор ди Меллуге сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген айыппен импичмент жарияланған болатын.

Кезекті импичменттің алдында тұрған Дилма Русеф биліктен біржола кеткен жағдайда да Бразилияда саяси тұрақтылық орнауы екіталай. Себебі жаңадан құрылған үкіметке елдегі экономикалық рецессиямен күресуге тура келеді.

БИЛІК ДАҒДАРЫСЫ МЕН ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАҒДАРЫС

Сонымен, Дилма Русефті тақтан тайдыруға себеп болған не?

Әлбетте, ең әуелі экономикалық фактор еске түседі. Себебі экономикасы тұрақты дамыған мемлекетте билік басындағы президентке қарсы импичмент жариялаудың болжалдық мүмкіндігі өте аз. Тарихта бақуатты елдерде заңмен қаруланып, іс басындағы президентті қызметтен кетіру оқиғалары сирек болған. Ал экономикалық дағдарыс, жаппай жұмыссыздық, тұрғын халықтың әл-ауқатының күрт төмендеп кетуі, оған қоса сыбайлас жемқорлықтың өршуі – президенттік өкілеттілікке қарсы наразылықтың артуына басты себеп. Ал мұндай жағдайда президенттің ел басқару ісіндегі өрескел қателігі ашылып, сыбайлас жемқорлыққа қатысты ірі жанжал туындап жатса, онда басшыны заңмен қудалауға жол ашық деген сөз. Дилма Русефтің басындағы жағдай, қысқаша айтқанда, осындай. Бразилияның экономикалық тығырыққа тірелуі, елдің барлық деңгейдегі билік баспалдақтарын құрсаған парақорлық пен жемқорлық және халықтың наразылығы мен Парламентте қарсы күштің жұмылуы оның түбіне жететін түрі бар.

Бразилия әлем бойынша соя, ет, қант және кофе түрлері бойынша ең ірі экспортер саналады. Жүгері мен темір рудасының экспорты бойынша екінші орында. Бірақ ауыл шаруашылығының экспорттық мүмкіндіктері мен мол мұнай қорын елдің дамуына жұмсайтын кәсіби мемлекеттік билік жүйесін құра алмады.

Русефтің алдындағы президент Лула да Силваның басқаруындағы үкімет 2003 жылдан бері шикізат экспортынан түскен мол қаржымен елдің жыртығын жамаумен айналысты. Қара алтын мен кофенің бағасы аспандап, Қытаймен соя және темір рудасының саудасы қызып тұрған кезде Бразилияда 30 миллиондай орта табысты тап пайда болды. «Отбасы әмияны» деп аталған әлеуметтік жәрдемақы бағдарламасы Бразилиядағы ашаршылықты жоюға сеп болды. Мұны бір кезде «Бразилиялық ғажайып» деп дәріптеді. Бірақ солшылдар үкіметі Силваның кезінде болсын, кейінірек Русефтің кезінде болсын, ел экономикасын шикізат қамытынан құтқару үшін ештеңе тындырып жарытпады. Индустрияландыру бағдарламасы арманға айналып, елдің басқару жүйесі жемқорлыққа белшесінен батты. Ал мұнай мен кофенің әлемдік нарықтағы бағасы күрт арзандап, оған қоса Қытайдағы экономикалық өсім тежелгелі бері Бразилия негізгі табыс көзінен айрылды. Қазіргі таңда бұл елдегі инфляция 10 пайыз, жұмыссыздық деңгейі 12 пайыз шамасында.

Осылайша, Бразилия экономикасы былтырдан бері ауыр рецессияға ұшырады, елдің ұлттық валютасы – риал америкалық долларға қарағанда 2015 жылы 40 пайызға құнсызданған. 2010 жылы әлемдегі жетінші ірі экономика саналған ел бүгінде Латын Америкасындағы ең ірі рецессияға қалай ұрынғанын сезбей қалды. Соңғы он бес жылда тек экспортқа иек артқан мемлекеттік саясаттың «жемісі» осындай.

Кейбір сарапшылар экономикалық ахуал салыстырмалы түрде жақсы болған кезде, халық сыбайлас жемқорлықты елемейді деген пікір айтады. Бразилияның басындағы жағдай осы пікірдің көрнекі мысалы болуға лайық. Парақорлықпен бұл елде ешкімді таң қалдыру мүмкін емес. Кез келген шендегі лауазым иесінің тірлігі сыбайлас жемқорлықпен біте қайнасқанына бразилиялықтар көнбістікпен көз жұма қарайды.

Бірақ «Автожуу» деп аталған қылмыстық іс бойынша жарияланған деректер көнбіс бразилиялықтардың ашу-ызасын тудырды. 2014 жылдан бері «Petrobras» компаниясына қатысты сыбайлас жемқорлыққа қатысты кең ауқымды қылмыстық тергеу жүргізілуде. Бұл іс бойынша белгілі топ-менеджерлер, мемлекеттік шенеуніктер, саясаткерлер мен банкирлердің аса қомақты көлемдегі парақорлық қылмыстары әшкере болды. Қазіргі сәтте бұл іс бойынша 4 миллиард долларға дейін жететін параның ізі бар делінеді. Кей деректерге қарағанда, тергеу-тексеру амалдары біткенше бұл сома 22 миллиард долларға дейін өсуі мүмкін. Бір таң қаларлығы, президентті кетіруге дауыс берген төменгі палата депутаттарының кем дегенде 60 пайызының және жаңа үкімет құрамындағы 11 шенеуніктің үстінен «Автожууға» байланысты қылмыстық тексеру жүргізіліп жатыр деген дерек бар. Бразилиялық масштабтағы сыбайлас жемқорлықтың шама-шарқын осыдан-ақ байқауға болады. Шындығында, бұл елде жемқорлық былығына батпаған шенеунікті не саясаткерді табу өте қиынға соғатын сыңайлы.

   Таққа мінген Мишел Темер

Бразилиядағы келесі президенттік сайлау 2018 жылдың қазан айында өтуі тиіс. Оған дейін бұл елдегі саяси ахуал әлі талай өзгерері анық. Қазір елдің билігі уақытша вице-президент Мишел Темердің қолына көшті.

Егер Русефке тағылған айыптар нақты айғақтармен дәлелденіп, Сенат оны қызметтен кетіруге шешім шығарар болса, онда алдағы бір жарым жыл бойы Бразилияның жаңа басшысы Мишел Темер болмақ. Ешқандай сайлаусыз, бірақ конституциялық жолмен президент болудың жолы осы.

75 жастағы заңгер Темер осы уақытқа дейін Дилма Русефтің оң қолы болған. 2010 жылдан бері Русефпен үкіметте қоян-қолтық жұмыс істеді, бірақ президентке деген наразылық күшейген сәттен бастап онымен арасы суып, ақыры наурыз айында Русефпен ат құйрығын үзіп тынған. Саяси ойынның ортасында жүрген Темер жақында өлеңдер жинағын басып шығарыпты. Бразилиялықтардың оның шығармашылығын қалай бағаларын кім білген, бірақ саяси одақтасын сатып кеткенін бетіне басатындар жетерлік.

Айтпақшы, «Автожуу» деп айдар тағылған атышулы сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық істе Мишел Темердің де аты аталады.

Темердің уақытша үкіметі көршілес және одақтас мемлекеттердің тарапынан мойындалуы қиынға түсетін түрі бар. Венесуэла, Куба, Эквадор, Боливия мен Никарагуа мемлекеттеріндегі ресми билік Бразилиядағы импичмент жариялау ісін «мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті» деп атады. Чили мен Уругвай да жаңа үкіметке оң қабақ білдіріп отырған жоқ. Тек Парагвай, Колумбия мен Аргентина басшылықтары Темер билігіне ашық қолдау білдіреді.

АҚШ әзірге ресми ұстанымын анық танытқан жоқ. Әйтсе де, Ақ үй Дилма Русефтің біржола қызметтен кетуін қолдайтыны аңғарылады.

Темердің ел ішіндегі рейтингісі 8 пайыздан аспайды деседі. Оның үстіне, халықаралық саясатта аты онша мәлім емес. Әйтсе де, бір жарым айдан соң басталатын Жазғы олимпиадалық ойындардың қалай өтетіні осы Темердің басқару біліктілігіне байланысты. Оның алдағы жазғы олимпиадалық ойындарды қай деңгейде өткізе алуы – елдегі саяси ойындардың нәтижесіне, сондай-ақ Русефтің және мемлекеттің тағдырына әсер етуі ықтимал.

ЖЕМҚОРЛЫҚ ЖӘНЕ ОЛИМПИАДА

Сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттің барлық салаларын шырмауықша шырмағаны соншалық, алдағы Жазғы олимпиада ойындарына арналған құрылыстардың сапасына кесірін тигізуде. Сәуір айында Афиныда олимпиада оты жағылған кезде Рио-де-Жанейроның тұсындағы жағалау бойымен салынған веложолақ құлап түсті. Құлап түсті деуімізге себеп, ұзындығы 50 метр болатын веложолақ 10 метр биіктікте құзтастарға іліне салынған екен, бірақ теңіз толқынының екпініне шыдамай қирап қалды. Апат болған жерде үш адам қаза тапты. Оның құрылысына бастапқы кезде 10 миллион доллар жұмсалады деп жоспарланған, бірақ веложолақ салынып біткенше, оның құрылыс шығыны тағы 30 пайызға өскен. Осы деректің өзі бразильдік жемқорлықтың Олимпиадалық нысандар құрылысына қалай әсер етіп жатқанын көрсетеді. Рио ойындарына арналған талай құрылыста талай адам көз жұмғанын жасыру мүмкін емес.

Халықаралық олимпиада комитеті Жазғы ойындарға арналған құрылыстар сапасы үшін жауапкершілікті кімнен талап етерін білмей дал. Оның үстіне, «жығылған үстіне жұдырық» дегендей, Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымына 150 мемлекеттің ғалымдары жақында «Масадан тарайтын зика вирусының таралу қаупі зор» деген хат жолдап, Олимпиаданы кейінге қалдыруды талап еткен. Мұның бәрі ел басындағы билік дағдарысына қосылғанда, Рио-2016 ойындарының басына бұлт үйірді. Шындығында, бұл ел олимпиадаға арналған құрылыстардың сапасын қадағалап, олардың дер шағында бітуіне жауап беретін, елдегі эпидемиологиялық жағдайды реттеп, шетелдік спортшылар мен туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ресми билікке зәру.

Осы күндері Халықаралық олимпиада комитетінің президенті Томас Бах Олимпиада нысандарының құрылысын өз көзімен көріп, дайындық барысын тексеру үшін 14 маусымда Бразилияға үш күндік ресми сапармен баратыны белгілі болды. Ол Мишел Темермен жүздесіп, елдегі саяси және экономикалық дағдарысты шешудің жайы туралы пікірлеседі. Осы жолы зика вирусының таралу қаупі де талқыланады. Шамасы, «Рио Олимпиадасы кейінге қалдырылуы мүмкін» деген мазмұндағы сыбыстар Бахтың сапарынан соң сап тыйылар. Бірақ саяси ойындардың түйіні әзір тарқатылар түрі көрінбейді.

P.S.  Дилма Русеф бұл жолғы импичмент оқиғасынан дін аман шықса да, оның президенттік дәуірі бір жарым жылдан соң біржола аяқталады. Ел конституциясына сәйкес, президенттікке қатарынан екі реттен артық сайлануға қақысы жоқ. Оның қызметін уақытша атқарып отырған Мишел Темердің ел ішіндегі және халықаралық қауымдастық алдындағы беделі күмән тудырады. Қазірдің өзінде жетпістің бесеуіне шыққан Темердің одан әрі президенттікке түсуі және сайлануы нанымсыз көрінеді. Ендеше, Бразилияда алдағы бір жылда президент болуға лайықты жаңа тұлға ортаға шығуы керек.

Соңғы онжылдықтағы экономикалық тұрақтылық көзден бұл-бұл ұшып, дағдарыс экономикадан – саяси басқаруға, одан әлеуметтік салаға көшіп, ел өмірінің барлық қатпарларын шарпыды. Әлеуметтік дағдарыс жаппай халықтық наразылыққа ұласпай тұрғанда, билік басына білікті әрі беделді басшы келсе, жағдай оңалуы мүмкін. Бұлғақ заманды көрген талай мемлекеттер сияқты, Бразилияның басындағы аласапыран – ел басқарудағы кемшіліктердің салдары.

 

Гүлбиғаш ОМАР

Ұлыбритания

Back to top button