Apple АҚШ-тағы дүкендерін қайта жапты
Apple АҚШ-тағы дүкендерін қайта жапты
АҚШ-та коронавирустың таралуы өрши түскендіктен Apple компаниясы бірнеше дүкенін жабуға мәжбүр болды.
Компанияның Флорида, Аризона, Солтүстік Каролина және Оңтүстік Каролина сияқты штаттардағы 11 сауда орны жұмысын тоқтатады. Аталған штаттарда қатерлі вирус жұқтырғандар саны күрт көбейіп, эпидемиологиялық ахуал қиындаған.
Apple басшылығы наурыз айында Қытай елінен басқа мемлекеттердегі барлық дүкендерін жапқан еді. Жағдай тұрақталған соң өткен айдан бастап компания өз дүкендерін қайта ашуға кіріскен. Індет қайта өршіген соң АҚШ-бірқатар аймағында карантин қайта күшейтілуде. Ел билігі енгізген шектеу шараларына бағыну үшін Apple басшылығы компанияның сауда орындарын уақытша жапты.
Айта кетейік, Джонс Хопкинс университетінің соңғы дерегі бойынша АҚШ-та коронавирус жұқтырғандар саны 2,2 миллионнан асып жығылды. Індеттен 119 мыңнан аса науқас көз жұмды.
Ал әлем бойынша 8,8 миллионнан аса адам індетке шалдыққан. Қатерлі вирус құрбандарының жалпы саны – 464 895.