Әзербайжандықтарға 5 шілдеге дейін үйден себепсіз шығуға тыйым салынды
Әзербайжандықтарға 5 шілдеге дейін үйден себепсіз шығуға тыйым салынды
Бүгіннен бастап Әзербайжанда карантин шаралары күшейтілді.
Trend агенттігінің хабарлауынша, елде коронавирус инфекциясының жылдам таралуының алдын алу мақсатында Баку, Сумгайыт, Гянджа, Лянкяран, Евлах, Масаллы, Джалилабад қалалары және Абшерон ауданында арнайы карантин режимі күшіне енді.
Әзербайжан министрлер кабинеті жанындағы Жедел штабтың хабарлауынша, тиісті қаулыға 19 маусым күні ел үкіметінің басшысы Әли Асадов қол қойған.
Арнайы карантин режимі аясында бүгінгі күннен бастап 5 шілдеге дейін Әзербайжанда ірі сауда орталықтары (азық-түлік дүкендері мен дәріханаларды есептемегенде), қоғамдық тамақтану нысандары, мұражайлар мен көрме залдары, шаштараз, сұлулық салондары, білім мекемелері (онлайн-емтихан, байқау, интервьюді санамағанда) жабылып, ашық ауада спорттық шаралар мен ойындар өткізу тыйым салынады.
Тұрғындар үйлерінен жедел медициналық жәрдем алу мақсатында, азық-түлік және қажетті заттар,дәрі-дәрмек сатып алу және банк, пошта және басқа қызмет түрлерін пайдалану, жақын туыстарының жерлеу рәсіміне қатысу үшін ғана шыға алады.
Соңғы дерек бойынша Әзербайжанда коронавирус жұқтырғандар саны 12,2 мыңнан асты. Індеттен 148 адам көз жұмды.