Жаңалықтар

Дәрігерлер барлық құрметке лайық

ашық дереккөзі

Дәрігерлер барлық құрметке лайық

Бүгінде Қазақстан медицинасы замануи түрде дамыған мемлекеттердің бірі. Елімізде азаматтардың денсаулығын сақтау, ауырғандарды емдеу және сауықтыру жүйесі жан-жақты жетілген. Қазақстанға заманауи медицина келмей тұрған кезде елді халық емшілері емдеді. Бірақ ол емшілердің арнаулы білімі жоқ және жеке тәжірибе негізінде емдеуі тәуіптердің қатарын көбейтпеді. Сондықтан халық емшілері өте аз болды. Жалпы халықтың денсаулығын сақтау мәселесінде қаптаған проблемалардың шешілмеген күйде қалды. Осының кесірінен халықтың өсуі де тежелді. Маселен, әрбір қазақ әйелі орташа оннан астам бала тапқанымен соның жартысынан көбі кішкентай кезде шетінеп кететін. Патшалық Ресей кезінде Қазақстанда болған бірен-саран әскери дәрігерлер болды, бірақ оның өзі жергілікті халықты емдемеді. Демек, жалпы қазаққа пайдасын тигізген кәсіби медицина қызметкері қашан қазақтың өз ішінен шыққанша қазақ халқының денсаулығын сақтау мәселесіне бас ауыртқан ешкім болған жоқ. ХІХ ғасырда қазақ арасына түрлі әлеуметтік аурулар тарап, сапалы медициналық көмек болмаған кездерде қазақ халқы қынадай қырылды. Сол тұстағы оба індеті де қорғансыз қазақты қаусатып салды. Міне осы тұста қазақ халқынан алғашқы дәрігер шыққан екен. 1881 жылы Троицк гимназиясын бітірген Мұхаметжан Қарабаев сол жылы күзде Қазан университеті медицина факультетіне оқуға түскен. 1887 жылдың көктемінде Қазан университетін ойдағыдай бітіріп шыққасын Қазан қаласындағы ірі клиникаларда бір жылдай тәжірибеден өтеді. жұмыстар атқарады. Сөйтіп мол тәжірибе жинақтаған Қарабаев алғашында Орынбор қаласында қызметте болады. 1888 жылдың бас кезінде елге оралып, Қостанайда қалалық дәрігер болып қызметке орналасады.  Ал сол кезде он мыңдаған халқы бар Қостанай қаласында бар болғаны төрт орындық кішкентай ғана емхана болған. Адамдарға дәрігерлік көмек көрсетуді парыз санаған Мұхаметжан Қарабаев жаңа емхана аштыруға тырысады. Бірақ қарапайым халыққа жаны ашымайтын патшалық Ресейдің ұлықтары көмек беруге асықпайды. Сонда да жоғары жаққа үнемі хат жолдап, талап етуді тоқтатпайды. 1898 жылы Торғай облысында 12 дәргерлік пункт ұйымдастырылуы Қарабаевтың еңбегінің арқасы. Алғашқы қазақ дәрігері Қарабаев 1916 жылы Петроградқа шақырылып «Қызыл крест» ұйымын ұйымдастыруға қатысты. 1919-21 жылдары Қостанай аймағында сүзек, безгек, оба, шешек сияқты індет көп тараған кезде ол медициналық көмек ұйымдастырған. Торғай облысының Александровка, Арал, Новосемиозер, Шалқар аудандарында учаскелік дәрігер қызметін атқарған. Соңынан кеңестік кезеңде де өзінің дәрігерлік қызметін жалғастырған Мұхамеджан Қарабаев 1928 жылы Бурабай шипажайында қызмет етіп жүргенде қайтыс болды. Міне осы алғашқы қазақ дәрігерінің тағдырына қарап отырып, қазақ арасында дәстүрлі медицинаның келуі оңайға соқпағанын білуге болады. Қалай десекте, 1917 жылы құрылған Кеңес өкіметі Қазақстанда да талай нәрсенің жүзеге асуын тездетті. Соның бірі – медицина. Мәселен, 1921 жылы Қазақстан аумағында 7751 орындық 150 аурухана 87 дәрігерлік бөлімше болса, соның 27-сінде дәрігерлер құрамы толық болған. Сондай-ақ 221 амбулатория мен 394 фельдшерлік пункттер жұмыс істеген. Міне сол кезең үшін едәуір күш болған бұл дәрігерлік ресурс арқылы Қазақстанда медицина едәуір жеңіске жетті деуге болады. Мәселен, сол кезде ел арасына көп тарап, әлеуметтік дертке айналған безгек ауруы жеңуде қазақстандық медицина табысқа жетті. Кеңестік кезеңде Қазақстан медицинасы қарыштап дамыды. Үлкен қалалардан кішкене ауылдарға дейін денсалық сақтау мекемелері жұмыс істеп, медицинаның барлық саласында дәрігерлер көптеп дайындалды. Қазақтан шыққан дәрігерлердің аты, сол кездегі одақты былай қойғанда, әлемге танымал болды. Соның жарқын бір мысалы ретінде ғалым-эпидемиолог, медицина ғылымының докторы, Қазақстан Ғылым академиясының, КСРО Медицина ғылымдары академиясының корреспондент мүшесі, КСРО Медицина ғылымдары академиясының академигі, Қазақстанның және Қарақалпақ АКСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, медицина ғылымы саласында қазақтан шыққан тұңғыш профессор Ишанбай Қарақұловты (1909-1992) айтуға болады. Ол адамға малдан жұғатын аса қауіпті ауруларды эпидемиологиялық тұрғыдан зерттеп, жұғу жолдарын анықтады және оған қарсы қолданылатын кешенді шаралардың біртұтас жүйесін жасады. Мәселене, сарыптан сақтану мақсатында адам терісіне алдын ала вакцина егу әдісін тапты. Оның бұл әдісі қазіргі әлемге белгілі, барлық ел қолданатын тәсілге айналды. Ишанбай Қарақұлұлы ұзақ жылдар бойы Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшысы болды. Бұл қазақ медицинасы үшін абыройлы жетістікке айналды. Қазақтардың әлемдік медицина саласын дамытуға қосқан үлесі де атап айтуға тұрарлық. Мәселен, сол тұстағы Қазақстан Денсалық сақтау министрі Төрегелді Шармановтың бастамасымен 1978 жылы Дүниежүзілік денсаулық ұйымы (ДДҰ) мен ЮНИСЕФ-тің Халықаралық Алматы конференциясы өтіп, онда медицина санатының алғашқы жәрдемнің ұлттық жүйесін ұйымдастырудың ұстанымдары алғаш рет тұжырымдалған Алматы декларациясы қабылданды. Бұл декларация күні бүгінге дейін өз күшінде. КСРО тарағаннан кейін Қазақстанда денсаулық сақтау ұйымдары да қиындыққа ұшырады. Бұл саланың көптеген қызметтері жергілікті биліктің құзырына берілді. Тегін емдеу азайды. Көптеген медициналық мекемелер жабылды немесе жекеменшікке берілді. Бірақ соңынан экономикалық жағдай түзелгеннен кейін мемлекет денсаулық сақтау саласын толықтай өз қолына алды. Қазір қазақстандық медицина еліміз азаматтарының саулығын сақтау жолында толық әрі жан-жақты көмек көрсете алады. Көптеген ауруларды (мәселен, СПИД, қатерлі ісік, өкпе ауруы, қант диабеті, т.б.) мемлекет толықтай тегін емдейді. Кейбір шетелдерде емдейтін ауруларға арнайы квота беріп, азаматтардың сауығып кетуіне барлық жағдайды жасап отыр. Бұл мемлекеттік экономикалық әлеуетін көрсететін нәрсе. Тәуелсіздік кезеңінде Қазақстанда денсаулық сақтау саласында түрлі жобалар жасалып, олардың бәрі өз дәрежесінде іске асырылып келеді. Мәселен, 2011-2015 жылдарда «Саламатты Қазақстан», 2016-2019 жылдарда «Денсаулық» бағдарламалары жүзеге асырылды. Сондай-ақ, денсаулықты сақтау саласында Қазақстан АҚШ секілді алпауыт елдермен бірігіп үлкен жобалар жүргізді. Медицина саласында маңызды орын иелейтін сала дәрі-дәрмек мәселесі болса, оның 6 мыңнан аса түріне (оның он пайызы елімізде жасалады) елімізде жыл сайын 400 миллион доллар көлемінде қаржы жұмсалады. Бүгінде Қазақстанда Ресей, Германия, Франция, АҚШ секілді 100-ден аса елдердің фармацевтикалық компаниялары жұмыс істейді. Қазақстанда біліктілігі жоғары медицина қызметкерлерін дайындайтын онға жуық жоғары оқу орындары бар. Сонымен бірге көптеген медициналық ғылыми-зерттеу мекемелері жұмыс істейді. Қазақстан медицинасы биылғы жылы да үлкен сынақты бастан өткізіп отыр. Жержүзілік пандемияға айналған COVID-19 коронавирусының елімізге таралуы халқымыздың денсаулығына үлкен қатер төндіріп отыр. Дегенмен мемлекетіміз пандемияның таралуының алдын алу мәселесінде жан-жақты ойланып шешім қабылдап, еліміздің медицинасын осы іске толықтай жұмылдырды. Әзірге емі табылмаған коронавируспен күресуде қазақ медицинасы жақсы нәтиже көрсетіп отыр деуге болады. Үш айдан бері отбасына қайтпай, күндіз-түні ерлікпен еңбек етіп жатқан еліміздің дәрігерлері ел азаматтарын саулығын сақтаудағы жанкешті жұмысы бағалауға тұрарлық. Бүгінге дейін елімізде коронавирус жұқтырғандардың саны 17225-ке жетсе (оның сыртында 8845 симптомсыз ауру жұқтырандар бар), соның 10673-і  жазылып шықты. Қайтыс болғандар саны қазірше 118 адам. Көзге көрінбейтін жаумен айқасқандай, ауруға шалдыққандарды емдейтін арнайы дәрі-дәрмегі жоқ коронавируспен алысып жатқан қазақстандық медицина қызметкерлерінің қазіргі арпалысын қандай дәрежеде мадақтап, құрметтесе де жарасады.  

Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ