Флойдтың өлімі: Ереуілдерден соң АҚШ-та балмұздақ атауы өзгерді
Флойдтың өлімі: Ереуілдерден соң АҚШ-та балмұздақ атауы өзгерді
АҚШ-тың атақты Dreyer's Grand Ice Cream компаниясы осыдан 99 жыл бұрын ойлап тапқан Eskimo Pie фирмалық балмұздағының атауын өзгертпек.
New York Post басылымының хабарлауынша, компанияның бұл шешіміне полиция қолынан қаза тапқан афроамерикалық Джордж Флойдтың өлімінен соң әлемнің бірнеше мемлекетін шарпыған наразылық акциялары себеп болған.
«Біз нәсілдік теңдік мәселесін шешуге септігімізді тигізуге тырысамыз. Бұл термин кемсітушілікті көрсететінін мойындаймыз», - делінген компанияның маркетинг жөніндегі директорының мәлімдемесінде.
Балмұздақ атауын өзгерткен компания енді өздерінің логотипі мен жарнамасын да ауыстырады.
Еске сала кетейік, 25 мамырда Миннеаполис қаласында Джордж Флойд есімді күдіктіні тұтқындау кезінде полицей оған тұншықтыру әдісін қолданып, аяғымен 9 минут бойы қылқындырған. Салдарынан күдікті ауруханаға жетпей көз жұмды.
Афроамерикалық Джордж Флойдтың өлімінен кейін Миннеаполис тұрғындары нәсілшілдік пен полицейлердің озбырлығына қарсы ереуілге шықты. Артынша наразылық акциялары елдің бүкіл аумағын шарпып, әлемнің түкпір-түкпірінде жалғасын тапты. Толқулар әлі күнге дейін басылар емес.
Флойдты өлтірген полицей Дерек Шовинге екінші дәрежедегі кісі өлтіру дерегі бойынша айып тағылды. Әуелде Шовинге үшінші дәрежедегі, яғни байқаусызда кісі өлтіру әрекеті бойынша айыпталған еді. Екінші дәрежедегі кісі өлтіру Америка заңнамаларында өзгелермен келісілмеген, бірақ қасақана кісі өлтіру, денсаулыққа қасақана зиянын тигізу, адам өміріне деген немқұрайлық әрекеті болып есептеледі.
Ал тұтқындау операциясы кезінде қызметте болған өзге үш полицей адам өлтіруге көмектесу және арандату дерегі бойынша айыпталуда.