Коронавирус: Қырғызстан күрделі эпидемиологиялық ахуалға дайындалуда

Коронавирус: Қырғызстан күрделі эпидемиологиялық ахуалға дайындалуда

Коронавирус: Қырғызстан күрделі эпидемиологиялық ахуалға дайындалуда
ашық дереккөзі
Қырғызстан премьер-министрі Кубатбек Боронов коронавирус инфекциясына байланысты елде эпидемиологиялық ахуалдың нашарлап кету ықтималдылығына дайын болу қажеттігін мәлім етті, – деп жазды ҚазАқпарат «Кабар» агенттігіне сілтеме жасап. «COVID-19 пандемиясына байланысты ағымдағы әлеуметтік-экономикалық және эпидемиологиялық ахуал күрделене түсуде. Азаматтардың коронавирус инфекциясын жұқтыру оқиғалары күнделікті тіркеліп отыр. Әсіресе Бішкек пен Ош қалаларында, Шу облысында жағдай күрделі. Бұл ретте, өңірлерде жағдайды бақылау бойынша жұмыстар қажетті деңгейде жүргізілмей отыр. Қырғыз Республикасы қауіпсіздік кеңесінің отырысында атап өтілгендей, облыстардың басшылары өздеріне сеніп тапсырылған аумақтардағы эпидемиологиялық ахуалға тікелей жауапты», – деді Кубатбек Боронов. Қырғыз Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің шешімімен мемлекет аумағында тиісті эпидемиологиялық қадағалауды қамтамасыз ету тапсырылды. «Шешімде көрсетілген барлық тапсырма сапалы, толық көлемде және уақтылы орындалуы тиіс. Әрбір мемлекеттік орган және әрбір облыс күз-қыс кезеңіне кешенді дайындық шараларын іске асыруы қажет. Бұл, науқастар санының артуына медицина мекемелерінің дайын болуына, сондай-ақ экономикалық қызметтің түрлі бағыттарының жұмысына байланысты. Сонымен қатар COVID-19-бен сырқаттанудың артуына байланысты бірқатар шаралар қабылданады», – деді ол. Ақпаратқа сәйкес, Бішкек қаласында сенбі күні түстен кейін және жексенбіде күні бойы қоғамдық көлік қозғалысы тоқтайды. Сондай-ақ қоғамдық көліктің өңірлер арасында қатынауына тыйым салу қарастырылуда. Бұл ретте, такси, жеке көлік және жүк таситын автокөліктер кедергісіз қозғала бермек. Қырғызстан Үкіметінің басшысы әрбір азамат өзінің және жақынының денсаулығы үшін жауапты екенін қадап айтты.