Әлемдегі қандастар: кеше, бүгін, ертең
Әлемдегі қандастар: кеше, бүгін, ертең
Тағдыр тәлкегіне түскен ұлт
XX ғасыр қазақ халқы үшін бейнеті зор ғасыр болды. Тарихи деректердің негізінде қазақ халқының саны кейінгі ғасырда қалай өзгергеніне назар аударайық. 1897 жылғы Ресей империясындағы санақ бойынша Қазақстанда 4 млн 333 мың халық тұрса, соның ішінде қазақтардың саны 3 млн 392 мың адам болып, жалпы халықтың 81,7%-ын құраған. Есепке 60 ұлт өкілі алынған. 1917 жылғы мәліметтер бойынша халық саны 6 млн 218 мың адам, қазақтар 3 млн 615 мың, яғни, үлесі 58 % кеміді. 1939 жылғы санақ бойынша Қазақстанда 6 530 мың адам тіркелген. Қазақ үшін ең ауыр кезең осы жылдар болды. 1920-1921 жылдардағы ашаршылықтан қырылып, қуғын мен тонаудан 1 млн 500 мыңнан астам адам жапа шекті. 1931-1933 аштықтан 2,1 млн адам қырылды. Екі зұлмат аштықтан 3 млн 600 мың қазағымызды жоғалттық. Қазақтың саны 2 млн 327 адамға кеміді. Жалпы халықтың ішінде алатын үлесі 37,8%-ға, яғни 1,6 есеге қысқарды. 1959 жылғы халық санағы бойынша Халық саны – 9 млн 309 мың адамды құрады. Қазақтар – 2 794 966, халықтың 29,85%-на дейін азайды. Республикадағы 100 адамның 29-ы ғана қазақ болды. Бұл өз елімізде! Ресми мәліметтерге сәйкес, Қазақстаннан майданға 1 млн 400 мыңдай адам аттанған. Ресейдің әскери деректеріне сенсек, 126 мыңға жуық қазақ жауынгері қаза тапқан. 1979 жылы халық саны 14 млн 684 мың адамға жетті. Қазақтың саны – 5 млн 289 мың болды. Бұл халықтың 36,02%-ы. Кеңес Одағында соңғы рет өткізілген 1989 жылғы санақта Қазақстанда 16 млн 464 мың адам өмір сүрген. Соның ішінде каракөз бауырларымыздың үлесі 39,69%-ы құрап, 6 млн 534 мың адам болды. 1897-1989 жылдардағы қазақ халқының жалпы халық санындағы үлесі, %. Бұл суреттен көргеніміздей қазақ халқы өз жерінде этникалық азшылыққа айналды. Бір ғасырдың ішінде екі империяның қол астында болып, революцияны, азаматтық соғысты, күштеп ұжымдастыруды, аштық зұлматын, қанды террорды және репрессияны, Ұлы Отан соғысын, тың игеруді басынан өткізді. Осы жылдары қазақ халқы өзінің санының жартысынан айрылды. Қаншама қазақ ағайын шетелге босып кетуге мәжбүр болды. Еліміздегі қазақ ағайынның да жағдайы мәз болмады. Мектептердің 30-%-ы ғана қазақ тілінде оқытты. Ұрпақтың мәңгүрттену қауіпі туындады.Қандастардың елге оралуы
Тәуелсіздіктің бірінші күнінен бастап ата жұртты аңсаған қандастарымыз елге орала бастады. Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен 1992 жылы 28 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Алматы қаласында дүние жүзі қазақтары өкілдерінің қатысуымен құрылтай өткізілді. Құрылтай қарсаңында қазақ ұлтының саны әлемде 10 млн.асқан болатын. Қазақ халқының ширек бөлігі шет мемлекеттерде тұрып жатты. Дүние Жүзі Қазақтарының Құрылтайына алыс және жақын шет елдерден делегаттар қатысты. Құрылтайға қатысушылар Түркістан, Ұлытау еліміздің ежелгі тарихи жерлерінде болып, ата жұртымен қауышты. Құрылтай күндері «Қазақтар: кеше, бүгін және ертең» деген тақырыпта ғылыми конференция ұйымдастырылды. Конференцияда Нұрсұлтан Назарбаев «Құшағымыз бауырларға айқара ашық» деген тақырыпта баяндама жасады. Осы конференцияда Дүние жүзі қазақтарының қауымдастығы құрылып, оның төрағасы болып Н.Назарбаев сайланды. Қауымдастыққа ұлт өмірін жан-жақты зерттеп, қазақтардың әлеуметтік-экономика мәдени, рухани тыныс-тіршілігіндегі мәселелерді шешу міндеттері жүктелді. Бұл құрылтай шет елде жүрген қазақтарға олардың артында арқа сүйер іргелі елі барын танытты. Елбасының бастамасымен Қазақстанға 1991-2019 жылдар аралығында 1 млн 100 мыңға жуық қандастарымыз оралды. Бұл 340 мыңға жуық отбасы. Елге оралған қандастарымыздың басым көпшілігі Өзбекстаннан келген 61,1 % , сонымен бірге Қытайдан – 13 %, Моңғолиядан – 11,4 %, Түркіменстаннан - 7 %, Ресейден – 3,7 % және басқа елдерден 3,8 % келген.