Жаңалықтар

Франциядағы қазақ бишісі: Еуропалықтарға бай тарихымызды би арқылы насихаттап жүрмін

ашық дереккөзі

Франциядағы қазақ бишісі: Еуропалықтарға бай тарихымызды би арқылы насихаттап жүрмін

Атыраулық Дана Мұса есімді қандасымыз қазір Франция астанасы Парижде көшпелі өркениетке қатысы бар балет түрін насихаттап жүр. Еуропаның талғампаз көрермендері үшін Дананың дара өнері әлі де таңсық. Түркіге ортақ тарихтағы қайраткер, батыр әйелдердің образын би арқылы көрермен назарына ұсынып жүрген қандасымызбен сұхбаттасып, өнер жайлы ой-пікірін білген едік.  – Дана, сізді әмбебап маман де­сек, қателеспеспіз. Режиссер, ба­лерина, хореограф, модель, пе­дагог… Тізе берсек, тіпті қолыңыз­дан келмейтін іс жоқ секілді. Десе де, жаныңызға жақыны қайсы?   – Жалпы, мен бала кезімнен биге қатты әуес болдым. Үйде, далада өзімше концерт қойып билейтінмін. Тіпті, тойда билеп, ақ­ша жинап алатынмын. Сосын би үйір­мелерінің табалдырығын тоздырдым. Ба­летке сол бала күннен басталған әуестік ақы­рында мамандығыма айналып, күні бүгін­ге дейін ынтықтырып келе жатыр. Сол се­бепті бірінші ретте мені балерина деп атаған дұрыс шығар. – Би өнеріне ден қойған сізді Атыраудан арман қуып Алматыға келгенде хореографиялық учи­лище секілді оқу орнында оқыған бо­лар деп ойлап өмірбаяныңызды оқы­сам, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында киноре­жиссер мамандығы бойынша білім алыпсыз. Қазіргі ұстанған ба­ғытыңызды бағамдай отыра,  би мен режиссураны біріктіру идея­сын студент кезіңізде-ақ ойлас­ты­рып қойғанға ұқсайсыз? – Дұрыс айтасыз. Биден бөлек, кино, видео, фото секілді визуалды құралдарға қатты қызығатынмын. Сосын қалың көпшілікке биді тек сахна арқылы емес, сонымен қатар кино, бейнебаян және сурет арқылы жеткізуді көздедім. Мұнымен қоса, камерадан тыс істелінетін жұмыстың барлығы да маған қызық. Десек те, бар ойым биде болды. Алматыға келгенде бірден «Салтанат» би ансамбліне жұмысқа кірдім. Сосын Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына кинорежиссура бөліміне оқуға түстім. Мұны оқи жүріп, жеке мектепте заманауи балеттің қыр-сырын үйрендім, бұған қоса, А.Селезнев атындағы Алматы Хореографиялық училищесінде қосымша курстар алып жүрдім. Акаде­мияны бітірген соң, магистратура бойынша Париж, Лондон, Нью-Йорк, Лос-Анджелес қалаларындағы оқу орындарына құжат тапсырдым, нәтижесінде төртеуінен де оқуға қабылдайтынын растайтын ұсыныс келді. Сөйтіп, Парижді таңдап, жиырма бір жасымда осы елге аяқ бастым. Бұл оқуым­нан бөлек, классикалық балеттен би мек­тебінде білім алып, сонымен қатар, ма­гистратура бойынша Сорбоннада екі жыл би факультетінде оқыдым. – Сөз арасында Қазақстанға тек кино түсіру немесе туысқан­да­рыңызды көріп, дидарласу мақ­сатында ғана келетініңізді түсін­дім. Десек те, әлем тамашалап жүр­ген спектакльдеріңізді Қазақ­станға келіп, бірде-бір рет сахна­ламапсыз. Бұл қалай болғаны? – Иә, осы он жыл ішінде ел жақтан ешкімнен ұсыныс түспеді, негізі өздері қызығушылық танытпаған соң, өзім де қолдау сұрамаппын. Былтыр осында гастрольмен келген Астана опера және балет театры жетекшісінің қасына барып, бір-екі минут әңгімеге тартқанмын. Ол кісі: «Сіз де балетпен айналысасыз ба?» деумен шектеліп, ақырында қолыма визит карточкасын ұстатты. Жалпы, өзімді Қазақстанда кеңінен таныту үшін Қазақстанның ірі телеарналарына немесе Youtube желісіндегі қазақтілді арналардың бірінде сұхбат берсем немесе бәлкім сіздің басылымыңыз арқылы да мені танып қалар, өнерімді керек етер деген үміттемін. Негізі елден сұраныс түсе қалған жағдайда, ішімде «пісіріп, қорытып» жүрген бірнеше жобам бар. Мұнымен қатар, репертуарымдағы бүкіл спектакльді көрсетсем деймін. Алматы, Нұр-Сұлтан және басқа ірі қалаларда хореограф ретінде жаңа спектакль қойғым келеді. Сосын Алматы мен Нұр-Сұлтаннан басқа қалаларда балетке кәсіби тұрғыда баулитын үйірме жоқ. Бұл өте өкінішті жайт. Себебі биге әуес қыз баланың мамандық таңдау құқығы шектеулі. Өзіңіз білесіз, көпшілігі алыс аймақтан Алматыға келе алмайды. Сол себепті алдағы уақытта өңірлерде кәсіби мектеп ашуға үлесімді қоссам деймін. Мұнда классикалық және этнобалетті ғана үйретіп қоймай, қыздарға дене мәдениетін, еркіндікті сезінуді үйретуді көздеймін. Айналып келгенде мұның барлығы қаржылай қолдауға келіп тіреледі. Жалпы, Францияда атқарып жатқан жұмысымның барлығын өзім істеймін, ешбір қолдаушым да, демеушім де жоқ. Десек те, бұл біздің елге бөтен емес өнер, өзіміздің кәдімгі көш­пелі мәдениетіміздің көрінісі. Мұны қолдау керек деп ойлаймын. Алдағы уақытта Қа­зақстан тарапынан мені қолдап жатса, қуанар едім. – Елшілік ұйымдастыратын шараларға қатысып жүрген бо­ларсыз. Сол уақытта олардың кө­мегіне жүгініп, елге барып спек­такль қою туралы ұсыныс айтпа­дыңыз ба? – Елшілік ұйымдастырған іс-шараларда бірнеше рет билегенім бар. Десек те, олар маған үлкен жобаға атсалысу туралы ұсыныс айта қоймады. Олар негізінен дәс­түрлі өнерді дәріптеуге баса мән береді. Жақында Екінші дүниежүзілік соғыс туралы жаңа спектакліме қаражат сұра­ғанмын. Алайда пандемияға байланысты бұл шаруа шешілмей қалды. Негізі мен он жылда бірінші рет олардан өз тарихымызға қатысы бар туындыны іске асыруға көмек сұрадым. Десек те, келер жылы көмектесер деген үміттемін. Сөз соңында оқырман­дарыңызға маңызды бір нәрсе айтып кетсем бола ма?! – Иә, айтыңыз. – Жалпы, адамның дене тұрқы  өте маңыз­ды. Діни ортада әйелдің денесін барынша бүркемелеп ұстауды уағыздайды. Сонымен қатар дінде би жоқ деген кереғар пікір бар.  Ал би тек мәдениеті жоғары елде қалыптасатын өнер түрі. Би – зайырлылық құралы, еркіндік белгісі. Ал зайырлылық Ата заңның бірінші бетінде жазылғандай, Тәуелсіздіктен кейінгі екінші құндылы­ғымыз. Осыдан-ақ би өнері қоғамның қалыптасуына орасан септігін тигізетінін ойлай беріңіз. Көпшілігі мұны дұрыс түсінбей жатады, десек те бұған үстірт қарамай, би өнерінің де әлеуеті мықты екенін біле жүрген жөн. Алдағы уақытта спектакльдерім мен киноларым Қазақ­станда көрсетілетін болса, бидің киесі, маңызын бірден байқайтын боласыздар деп үміттенемін.  

 Әңгімелескен

 Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ