Жаңалықтар

Бүкіл жұртымыз Елбасының денсаулығына алаңдаулы – Бауыржан Байбек

ашық дереккөзі

Бүкіл жұртымыз Елбасының денсаулығына алаңдаулы – Бауыржан Байбек

Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек коронавирусқа шалдыққан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.  "Өкінішке қарай, коронавирус індеті Тұңғыш Президентіміз, Елбасыға да жұққаны анықталды. Бұл хабар бәріміздің де жанымызды жабырқатты. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан бастап, бүкіл жұртымыз Елбасының денсаулығына алаңдап, тезірек сауығып кетуін тілеп жатыр. Өмірдің талай аумалы-төкпелі өткелдерінен сүрінбей өтіп, қабырғалы қалың елін өркениет өріне бастап келе жатқан Елбасының бұл сынақты да жеңіл еңсеретініне толық сенімдімін. Бұған менің ұзақ жылдар Елбасының қасында тығыз жұмыс істеп, тағылымын алып келе жатқан жан ретінде толық көзім жетеді", - деп жазды Б.Байбек Facebook парақшасында.  Сондай-ақ, Бауыржан Байбек Елбасының терең парасат пен асқақ рухтың ғана емес, мықты денсаулықтың да иесі екенін атап өтті. "Жұмыс кестесінің тығыздығына қарамастан, саламатты өмір салтын ұстанып, тұрақты түрде спортпен шұғылданғанына талай куә болдым. Елге тұтқа, жұртқа тірек бола білген кемеңгер басшымыздың тезірек сауығып кетуін тілеймін!", - делінген жазбада. Айта кетейік, бұған дейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың коронавирус жұқтырғанын хабарлағанбыз. ҚР Тұңғыш Президентінің баспасөз хатшысы Айдос Үкібайдың айтуынша, алаңдауға негіз жоқ. Нұрсұлтан Назарбаев қашықтан жұмыс істеуді жалғастыруда.