Көбейтұз зерттеуге зәру
Көбейтұз зерттеуге зәру
«Ерейментауда суы қызғылт түсті көл бар екен» дегенді ести сала, көруге асықтық. Жүз рет естігеннен, бір рет көрген артық демей ме? Көл атауы Көбейтұз екенін және оның түсі жылына бірнеше рет қызғылт реңге айналатынын білдік. Табиғаттың таңғажайып сұлулығын тамашалау мақсатында арнайы тур ұйымдастырушы компаниялардың біріне хабарласып, сенбі күні таңертең Көбейтұз көліне қарай жолға шығып кеттік.
Барар жеріміз қаладан алыс емес, Нұр-Сұлтан – Павлодар тасжолының бойында орналасқан. Ерейментаудан өткеннен кейін жолдың бойында «Қоржынкөл станциясы» деген тақтайша көрінеді. (Бұл – қаладан 176 шақырым жер). Осы жерден оңға бұрылып, түнел арқылы жолдың арғы бетінде орналасқан «Ақжол» кешеніне жеттік. Кешенге жеткенше әрлі-берлі толастамай жүріп жатқан көліктерді көріп, бүгін көлге келушілердің көп болатынын бағамдадық. «Ақжол» кешенінен оң жаққа шамамен 3 шақырым жүрген соң алыстан қызғылт көл көзге көрінді. Расында судың түсі ерекше. Қызғыл түске боялып жатқан көл көк аспанмен астасып, сары далаға ғажайып сұлулық беріп тұр.
Көл бір жылдың ішінде бірнеше рет осылай қызғылт түске боялады екен. Ең алғаш көлдің қызғыл түске боялуы былтыр жазда байқалған. Ғалымдар мұны тұзды суда тіршілік ететін дуанелла галофил бактерияларының көбеюімен түсіндіреді. Сонымен қатар қатты ыстық пен жауын-шашынның аз болуы шипалы судың ерекше түсін сақтап қалуға әсер еткен.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Көбейтұздың сұлулығын тамашалауға еліміздің әр өңірінен, сонымен қатар Ресейден де саяхатшылар келеді екен. Шетелдік туристердің қызығушылығын оятқан көлдің суы, оның құрамы, ақ-қызғыл түсті тұзының пайдасы сапалы зертханалық зерттеуді қажет етеді. Сонымен қатар көлдің табиғи сұлулығын сақтап қалу үшін көлге баратын жолға белгілер қойып, бірнеше әжетхана мен қоқыс контейнерлерін орнату керек-ақ. Көбейтұздың суы, тұзы мен батпағы расында адамға шипалы екені дәлелденсе, инфрақұрылымын қолға алатын кәсіпкерлер де табылып қалар.
Анықтама. Көлдің аты – Көбейтұз. Халық арасында қызғылт көл деген атауға ие. Суы тұзды. Аумағы 7 шаршы шақырымға жуық, ұзындығы – 3,5 км, ені – 3,1 км, ал жағалау бойының ұзындығы – 11 км. Жағалауы құмды, саздақты ойлы жазық. Су көп болған жылдары көл пішінін өзгертіп тұрады. Қараша-сәуір айлары аралығында қатып жатады. Көл жауын-шашын және жерасты суларымен толысады.