Мақтааралдықтарға көмек көрсетілді
Мақтааралдықтарға көмек көрсетілді
Түркістан облысының Мақтаарал ауданына Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин және Өзбекстан Республикасы Жизақ облысы кәсіподақтар кеңесінің төрағасы Нусуратулла Пардаев барды.
Екі тараптың келісімімен Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы (ҚРКФ) және Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясы (ӨКФ) тарапынан мамыр айының басында Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының бұзылуы салдарынан болған су тасқынынан зардап шеккен елді мекен тұрғындарына қайырымдылық көмек көрсетілді. Қазақстан және Өзбекстан делегациясы «Өргебас» және Фердоуси ауылдарына барып, су апаты зардабын жою барысындағы атқарылған жұмыстардың барысымен және Достық, Жеңіс, Жаңатұрмыс елді мекендеріндегі су тасқыны кесірінен баспанасыз қалған азаматтарға салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысымен танысты.
Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Мақтаарал ауданының тұрғындарына арнаған сөзінде Сардоба су қоймасында болған апаттың алғашқы күнінен бастап Қазақстан халқы су тасқынынан зардап шеккен елді мекен тұрғындарына қол ұшын созып, көмек бергенін жеткізді. Одан Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы да шет қалған жоқ. Кәсіподақ төрағасы «жылу дәстүрінің» ежелден келе жатқанын еске салды.
«Мұқтаж жанмен өз жылуымен бөлісу дәстүрі қазақ халқының қанында бар. Сондықтан да, біз осындамыз. Осындай қажетті іс-шараларды жедел түрде қарастырып, жүзеге асырған Президент пен Үкіметке өз ризашылығымды білдіргім келеді. Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясымен ортақ келісім бойынша Мақтаарал ауданы елді мекендері тұрғындарын қолдау мақсатында бірлесіп 66 миллион теңгенің көмегін көрсету туралы шешім қабылдадық. Біз төрт орта білім беретін мектептерге интерактивті компьютерлік сыныптардың толық жабдығын тапсырамыз», – деді
С.Дәулеталин.